Все на благо страны

Бәрі де ел игілігі үшін

     Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлының 50 жасқа толуына орай, 2017 жылы 15 қыркүйек Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада 7 бірдей кітаптың тұсаукесері болды. Шараны белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы жүргізді.

     Аталмыш басқосуға жазушы Жанат Ахмади, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов, Республикалық қоғамдық-саяси «Мұнайлы Астана» газетінің Бас редакторы Құттыкерей Смадияр, ақын Өтен Ахметов, Ораз Қауғабай, күйші, сазгер Шәміл Әбілтай, жазушы Үзбен Құрманбай, Әнші Құрманбек Әлімғазы, алаштанушы Айдын Ырысбекұлы, т.б. қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, әнші-күйшілер қатысты.

    Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан алқалы топ өз пікірлерімен бөлісіп, Ж. Зекейұлы ұлт руханиятына өзіндік үлесін қосып, Шығыс медицинасына қажырлы қайратын арнап келе жатқан тұлға екендігін баса айтты. Оның қазақ медицинасын зерттеу, кемелдендіру барысындағы елеулі еңбектері ел іші-сыртында оң бағасын алып, әртүрлі марапаттарға ие болып жатқанын жіліктеп айтып берді. Сырқатына ем іздеген жандарға, мұқтаж адамдарға емдеу-сауықтыру жағынан үлкен көмек жасап, жалпақ жұртқа атағы жайылып, алғыстарға бөленіп келе жатқаны да айтылмай қалған жоқ. 

    Тұсаукесерде «Акупунктура», «Бел омыртқа аурулары», «Денсаулық – сенің меншігің», «Жас-Ай» жылнамасы», «Зергер зейін зерек зерде» және Жасан Зекейұлы хақында сыр шертетін А. Ырысбекұлының «Тау тұлға», «Академиктың Семейге келуі» атты эссе жанрындағы ғылыми-публицистикалық кітаптар баспадан шықты. 

     Естеріңізге сала кетейін, Ж. Зекейұлының бұған дейін де өзі жазған және өзі туралы жазылған «Шығыс-Тибет шипагері», «Сөнбес сәуле», «Жарқырай бермек, Жасан әлемі!», «Киелі ғалымдар жинағы», «Тұнық бұлақ», «Ел мен Ер», «Ізгіліктің ізі бар», «Тектілік тегеуріні», «Тәуелсіздік – тағдыр сыйы», «Тәуелсіздік киесі», «Биобиблиографиялық жадынама», т.б. кітаптары баспадан шыққан болатын.  

    Шараның соңы Жасан Зекейұлының 50 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерей тоймен жалғасты. Астанадағы «Салтанат сарайы» тойханасында 300-дей адамға дастархан жайылып, елу жас иесіне ақ тілек айтылды. Сөйтіп Академик Жасан Зекейұлы ердің жасы – елу жасына есеп берді.