+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Оралмандар және олардың медициналық қызметті пайдалануындағы кейбір мәселелер

Оралмандар және олардың медициналық қызметті пайдалануындағы кейбір мәселелер

Тәуелсіздіктің 20 жылында елімізге оралған қандастарымыз бен олардың ұрпақтарының саны миллионға жетті. Бұл ресми дерек. Яғни еліміздегі он қазақтың біреуі оралман деген сөз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы Халыққа жолдаунда шетелден келетін қандастарымызға бөлінетін қаржы мен жасалатын қамқорлықтың көбейтілетінін айтады. Бірақ Елбасының «Қазақ көшін» атажұртқа бұрған сәлиқалы саясатының кей-кейде лайықты жалғасын таппай жататыны шындық. Оның бір дәлелі –оралман пробелмасының әлі де өзекті болып келе жатқандығында.

Алғаш Отанына ат басын бұрған ағайындарымызға көп жерде қолайлылық тудыратын «Қазақ куәлігі» беріуліші еді. Олар осы куәлікпен кез келген қызметті жеңілдікпен пайдалануға құқықты болған. Қазір ол құжат күшінен қалды. Оның орнына «Оралман куәлігі» берілетін болды. Біздің бұл мәселені тәптештеп сөз етіп отырғанымыз оралман ағайындардың медициналық қызметті пайдаланудағы мүмкіндіктерінің еріксіз шектелетінін айтқымыз келіп отыр. Яғни кез келген оралман жеке басын растайтын «Оралман куәлігі» болғанда ғана медициналық қызметтердің жеңілдетілген түрелерін пайдалана алады. Айталық, жедел жәрдем қызметі, тұрақты тіркелген орыны бойынша тегін медициналық көмек сияқтылар. Бірақ осы куәлікті алудың машақаты оралмандардың өзіне ғана аян. Биылғы жылы бұл мәселе тіпті де күрделене түсті.

Біріншіден,жаңа қабылданған «Көші-қон» туралы Заң бойынша оралмандар бұрын тұрған елінің азаматтығынан шығып келуі керек. Тіпті «Сотталмаған» деген анықтаманы да әкелу міндеттелген. Бұл кедергілер қандастарымыздың «Оралман куәлігін» алып, Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауға айтарлықтай тосалғы болып отыр. Онымен қоймай біз сөз етіп отырған тегін медициналық қызметті де «Оралман куәлігі» болмағандықтан пайдалануға құқығы жоқ.

Екіншіден, «Оралман куәлігі» бар азаматтардың, тіпті Қазақстан Республикасының азаматтығын алған ағайындардың алдынан шығатын тағы бір мәселе медициналық қызметтерді пайдаланудағы тіл мәселелсі. Мен бір сұхбатымда «Қазақстанда орысша білмесең өледі екенсің» деген оралман ағайынның сөзін мысалға келтіргем. Оны айтып отырғаным біздің елімізде жедел жәрдем қызметіндегі ақ халаттылардың мемлекеттік тілді білу деңгейі назарға алынбайды. Айталық, бір оралман хал үстінде жатып жедел жәрдем қызметіне жүгінсе, оған келген «құтқарушы» дәрігеріміз бір ауыз қазақ тілін білмейтұғын болса, сонда аурудың жағдайын қалай біліп, қалай ем көрсете алады. Жедел жәрдем қызметінің өзі аудармашы оңай табылмайтын тығыз-таяң уақытта, түн ортасында немесе жол үстінде қажет болатынын ескерсек бұл өте күрделі мәселе.

Үшіншіден, тағы да тіл мәселесі. Дәріханаға барып, дәрі алғанымызда оның нұсқаулығының көбінде орыс тілінде болатындығын бәріміз білеміз. Бұл оралман ағайындарға айтарлықтай қиындық тудырады. Өзі пайдаланғалы отырған шипашақтың қасиетін немесе кері әсерін білмесе қалай болғаны… Сондықтан мейлі қайдан әкелінседе Қазақстанда сатылатындықтан кез келген дәрінің нұсқаулығы мемлекеттік тілде болуы тиіс.

Төртіншіден, Қытай елінің сан қырлы шипагерлігін меңгерген қазақ мамандарын елге тарту, олардың құжаттарын рәсімдеуде жеңілдіктер қарастыру мәселесі. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында айтылған ойымен сабақтасып жатқан дүние. Сондықтан бұл мәселеге жай қарауға болмайды.

Бесіншіден, көп балалы, мүгедек оралмандардың да құқығы заңмен қадағаланып, олардың да Қазақстан азаматымен бірдей жеңілдіктерді пайдалануына жол ашу. Сол арқылы қандастарымыздың атажұртқа деген ықыласын арттыру.

Алтыншыдан,қазақтілді медициналық ақпаратты халыққа ұсынушы оралмандарға жан-жақтылы қолдау көрсету. Күнделікті Бұқаралық ақпарат құралдырынан көптеген оралман ағайындардың, мамандардың Қазақстан халқына қажетті құнды мағлұматтарды ұсынып жатқандығын көреміз. Біздің «Жас-Ай» журналының өзі осы мақсатқа үш жылдан бері халықты медициналық ақпараттармен сусындатып келеді. Бес мың данамен таралатын журналымыз бетінде көптеген халыққа қажетті мағлұматтарды беруге тырыстық. Тіпті шетелге барған сапарларымда біздің журнал туралы білетін ғалымдарды да кездестіріп тәнті болдым. Біздің бұл еңбегімізді ескеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен алғыс хат жариялады. Бұған да шүкір. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған жоқпыз. Яғни журнал таралымын тіпті де арттырып, халық қажетіне жарату кезек күттірмейтін іс. Сондықтан осы мәселеге де баса назар аударған жөн.

Жалпы, оралмандардың медициналық қызметті пайдаланудағы ең басты мәселесі – құжат мәселесі десек қателеспейміз. Сондықтан осы мәселеге жауап беретін әрқайсы құзырлы орган ақылдаса отырып, оралмандардың тегін медициналық қызметті пайдалануын қамтамасыз етуі тиіс. Ал ел медицинасын дамытуға үлес қосып жатқан оралман ағайындарға жан-жақтылы қолдау көрсету де кезек күттірмейтін келелі шаруа. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «оралмандардың табанына кірген шөгір, біздің маңдайымызға кірсін» деген Елбасымыздың ұлағатты сөзін басшылыққа алып, алыстан келген ағайынның басы ауырып, балтыры сыздағанда атажаұртындағы ақ халаттылардан қағажу көріп қалмауын әрқашан басты назарда ұстаған жөн.

Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығының директоры, Халықаралық  инемен емдеу академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Вена Халықаралық Университетінің «Құрметті профессоры», ҚР Денсалық сақтау ісінің үздігі,  Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері, медицина ғылымдарының докторы , профессор

Хабарласу