+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Мен – Шығыс-тибет медицинасын, Шығыс-тибет медицинасы мені танытты

Жасан Зекейұлы, Халықаралық «Сократ» орденінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 

Мен – Шығыс-тибет медицинасын, Шығыс-тибет медицинасы мені танытты 

Хакім Абай 15-ші қарасөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – дейді. Биыл – Тәуелсіздігімізге 20 жыл. Басқасын айтпағанда, осы аралықта әр қазақ өз-өзіне қанша рет есеп берді екен?! Туған елінің өсіп-өркендеуіне, ел мен жердің егемендігіне, баянды болашағына қандай үлес қосты? Не істеді? Біздіңше, Алаш жұртының биылғы ең үлкен есебі осы есеп болуы тиіс.

1983 жылдары Қытайдағы медициналық университеттің емдеу факультетінде оқып жүргенімде бар күш-жігерімді ең алдымен қазағыма арнасам деп ойлаушы едім. Себебі айтпаса да түсінікті шығар. Миллиардтардың ішінде 100 адамды емдесең, ішінен екі-үш қазақты көресің не көрмейсің. Қазақтың денсаулығы жақсы деген сөз емес бұл. Тек күш-жігерің, қайрат-қуатыңның ең бірінші өз халқыңа жұмсалмағанына налисың. Тіпті университетте алған біліміңе қанағаттанбай, Пекин, Тиянжин сынды Қытайдың маңдайалды қалаларынан білім алып келуім кім үшін еді?! Еңбегім де бағаланбай қалған жоқ, 1995 жылы тибет медицинасындағы ерекше еңбегім үшін ҚХР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Жоғары білікті аға  зерттеуші-дәрігер»   атағы берілді.  Сол жылы  Халықаралық Алтын инемен емдеу  ғылыми-зерттеу қоғамының  мүшесі болдым. Денсаулық сақтау ісі бойынша Қытайдағы 100 үздік жас маманның бірі деп танылдым. Хирургия бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады.

Осындай еңбектерім бола тұра, ауылдан емделем деп келген ағайынға ақшаны аз жұмсап, нәтижелі емделулеріне кеңес бергенім үшін «ұлтшыл» да атандым. Қойшы, өзге елде сұлтан болғанның сиқы осы болды.

Содан 1996 жылы ғана аспан асты елінің барлық үлде мен бүлдесінен бас тартып, аттың басын атажұртқа бұрдым. Одан бері де, міне, 15 жылдан асыпты. Сол жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде орыс тілінен білім алдым. Ана тіліміздің қайнарынан қаншалықты қанып ішсек те, Қытай мемлекеті болғандықтан, Қытайда ханзу(қытай) тілін үйреніп едік. Ал қазақ елінде тұрып орыс тілін үйрену бізге оңайлық тудырған жоқ. Десек те, елге толыққанды еңбек ету үшін орыс тілін жақсы үйрену керек болды. Үйрендік. 1997 жылы аталған университеттің хирургиялық сырқат кафедрасының аспиранты атандым. 1999 жылы аспирантураны бітіріп, Алматы қаласының №12 клиникалық қалалық орталық ауруханасында Шығыс-тибет медицинасы бойынша аға дәрігер қызметін атқардым. 2004 жылы ғана Шығыс-тибет медицинасының жеке шаңырағын көтеріп, «Жас-Ай» орталығын құруға мүмкіндік туды.

Қазір 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, науқастар сұранысын толық өтеуге тырысып келеміз. Осы күнге дейін 50 мыңға жуық науқас қабылдап, оның 10 мыңнан астамына тегін ем көрсетілді. Мекеме қызметкерлерінің жомарттығы мұнымен шектелмей, ел алдында жүрген азаматтар мен халық қалаулыларына, жергілікті бизнес өкілдеріне де қолдау танытып отырдық. Ғарифолла Есім, Уәлихан Қалижан,  Әділ Ахметов, Мақсұт Нәрікбаев, Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, Мұхтар Шаханов,  Шерхан Мұртаза, Бекболат Тілеуханов, Ермек Серкебаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нартай Дүтбаев, Нұрлан Оразалин, Марфуға Айтқожина сынды ұлтын сүйген тұлғалар да біздің шипажайдан ем алып жатады. Осы күнге дейін орталығымыздың шағындығына байланысты науқастар сұранысын толық өтей алмай келгенбіз. Үлкен еңбектің арқасында ғана жақында жеке ғимаратқа қол жеткіздік. Дегенмен Қытайдың құпияға толы емшілік дәстүрін қазақ еліне жеткізу үшін әлі талай асулар бар. Шәкірт тәрбиелеу, оқулықтар шығару, ғылыми зерттеулер жасау жағы әлі де қолдау күтеді.

«Өмірді қорғау» қайырымдылық қоры аясында да көптеген игілікті шараларға мұрындық болдық. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, табиғи апаттан зардап шеккен Қызылағаш сынды ауылдарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қолымыздан келгенше көмек жасадық. Мүмкіндігі шектеулі ақын қарындасымыздың «Қара жолға қарыздар болмаған қыз» атты жыр кешін ұйымдастырып, кітап шығаруына ұйытқы болдық.

Біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі – «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина журналын шығаруымыз. Көрші Қытайда қазақ тілінде медициналық сауат беретін мерзімді баспасөздер шаш-етектен. Ал бізде мұндай басылымдар жоқтың қасы. Журнал жарық көрген 3 жылдан бері халыққа салауатты өмір салтын насихаттауда айтарлықтай жұмыстар жасап келеді.

Өз басым атажұртыма келген соң хирург мамандығымен қоса алған Шығыс-тибет емін қанат жайдырдым. Қазақстан жұртына бейтаныс болып келген мұндай ем түрін ең алғашқы болып жүйелі түрде қолданысқа енгізгендіктен  болар, халық мені Шығыс-тибет медицинасын тәуелсіз Қазақстанға тұңғыш әкелуші деп санайды. Бұл елімнің бір кем тұсын толтырайын деген асыл арманның нәтижесі еді. Бәрі де – тәуелсіздіктің арқасы. Бұл күнде «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығы дара емдеу ерекшелігімен Қазақстанның емдеу саласынан көрнекті орын алғандығы – менің еліме емдеу ісі арқылы қосып жатқан үлесім деп білемін. Дегенмен мемлекет болашағына тікелей қатысты әрбір жауапты сәтте «мен тек емшімін, басқа жұмысқа араласпаймын» деп қол қусырып, қарап қалмадым. Өзімнің азаматтық пікірімді білдіріп тұратынымды көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Айталық, кейбір пайда табуды көздеген топтардың сапасыз дәрілер мен біліксіз дәрігерлер арқылы Астанадан «Қытай емдеу орталығын» ашпақшы болған кезінде, төлқұжаттағы «қазақ» атауының көкпарға түскен уақытында еш тартынбастан азаматтық үнімді таныттым. Бұларды айтып отырғаным: тәуелсіздікті бәріміз қорғауға тиіспіз. Ол үшін Қазақ елінің әрбір қадамына жіті бақылау жасап отырғанымыз абзал.

Елге келгеннен кейінгі еңбектерім де елеусіз қалып жатқан жоқ. Бір ғана Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының өзі  әр жылы «Халық емшілігін дамытуға қосқан үздік үлесіңіз үшін», «Халық медицинасы мен рухани тәрбие қызметіне қосқан жеке үлесіңіз үшін», «Халықтың денсаулығын жақсартудағы емшілік қызметіндегі үздік жетістіктері мен нәтижелері үшін» деп аталатын әртүрлі Құрмет  грамоталарымен марапаттап келеді. 2007 жылы «Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атандым. 2008 жылы жыл сайынғы «Алтын Жүрек» сыйлығы табысталды. Тіпті «Жас-Ай» орталығының нәтижелі жұмыстары еліміздің іші-сыртында да біраз танымал болды.  2009 жылы Венадағы Халықаралық университеттің  «Құрметті профессоры» атансам, 2010 жылы Ресей Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері болдым. Міне, биыл  «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталдым. Еңбегіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына ілігіп, маған және менің ұжымыма арнайы Алғыс хат жариялап, атқарып жатқан қызметтерімізге ризашылығын білдірді.

Жеткен жетістіктерге марқайып, арқаны кеңге салу әдетімде жоқ. Жыл сайын Америка, Жапония, Еуропа мемлекеттері сынды дамыған елдердің медицина саласындағы жетістіктерімен танысу үшін арнайы іссапарларда боламын. Соның арқасында біраз тәжірибе жинап, халқыма заманауи медицинадан не қажет екенін бағамдап отырдым. Бір түйгенім, бізге іскерлік, нақты нәтижеге ұмтылыс жетіспейді. Кез келген елде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қалыптасып, даму кезеңі болатыны сөзсіз. Дегенмен Іскер Қазақстанды құру өз қолымызда екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн.

Шындығын айту керек, елімізде әлі де болса қағазбастылық басым. Сөз бен уәде көп. Нәтиже мен жұмыс аз. Мұндай көзбояушылықтар бізді алысқа апармайды. Сондықтан әр азаматтың нақты істің адамы болғаны жөн. Сонда ғана еліміз гүлденген, көркейген мемлекетке айналары сөзсіз. 

Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицина орталығының директоры, Халықаралық  инемен емдеу академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Вена Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі»,  Халықаралық «Сократ» орденінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Хабарласу