+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Көш басында – Нұрсұлтан!

Өз көшбасшысын жаңылмай таңдау – ел болашағы үшін ерекше маңызды мәселенің бірі. Алдағы 3 сәуір Еліміз үшін сол таңдаудың қайта бір сарапқа түсер мезгілі болмақ. Тарихтың таразысы алдыға тартылар осы бір бәсекелі бәйгеге өз пікірімді білдіруді азаматтық борышым деп санаймын. Тәулесіздік – санасы тәуелсіз адамдарға ғана қымбат құндылық десем артық айтқандық болмас. Қазақ халқы ежелден бүкіл болмысы еркін ел еді…Әлі де солай. Тек тарлан тарихтың алуан соқпағында Алаш жұрты «мың өліп, мың тірілді», бірақ алтын басын құлдықтың бұғауына қалдырған жоқ. Сол өршіл рухтың жемісі –бүгінгі тәуелсіз Қазақстан!

Қазақтың «ер елі үшін туады, елі үшін өледі» дейтін жазылмаған заңы бар. Бүгінгі бейбіт күнде бұл сөз ұлт үшін ұлағатты қызмет атқарған оғландарға айтылуға тиісті. Яғни Алаштың әр баласы елінің бүгіні мен ертеңіне өзіндік ой айтып, өзіндік үлес қоса алатын деңгейде болғанда ғана ел болашағы баянды болмақ.  Дәнішпан Шәкәрім «ойсыз, мисыз адамдар, жансыз өмір сүреді» дегенді тегін айтпаса керек. Мені ең алдымен алаңдататыны, қазақ атаулының әлі күнге тәуелсіз отанында басы қосылмай келе жатқаны. Алып империялардың сызған сызығы аға мен ініні, әке мен баланы шекараның екі жағында қалдырып еді… Дегенмен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлиқалы саясатының арқасында «қазақ көші» бар әлемді жалт қаратып атажұртына бет бұрды. Бұл туралы Елбасы «Еегемен Қазақстан» газетіне(1993 жылы 23 маусым)  берген «Уақыт жүктеген аманат бар» атты сұхбатында: «Сыртта жүрген қазақтар өз отанына оралса, ортамыз толса, басымыз көбейсе деген орынды сөз. Бұл тұтастыққа, елдікке апарары анық. Еліміздің тарихында былтыр бірінші рет қолымыз жетіп, тәуелсіз болғанымызды әлемге танытып, сыртта жүрген қандастарымызды кіндік жұртына жинадық. Бұл қазақтар үшін ғасырда бір болар оқиға. Шүкір» деп бауырлардың басы қосылып жатқанына шүкірлік білдірді. Сол «ұлы көштің» басында келіп, біз де қасиетті Қазақ елінің шаңырағын көтерісіп, уығын қадастық… Сондықтанда тәуелсіздікпен бірге өркендеп, бірге өскен ұрпақ қатарында кейбір қадау-қадау мәселелерге өз көзқарасымды білдіріп, олардың түйінін тарқатудағы Елбасының ерен еңбегін жазуды азаматтық парызым деп санадым. «Алдымен экономика, онан соң саясат» бағытын ұстанған көреген көшбасшымыздың елдің еңсесін көтеріп, әл-ауқатын арттырудағы ұшан теңіз еңбегі өз алдына. Оның бәрін бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкін емес. Мен тек үш мәселеге тоқталмақпын: Көші қон, тіл, медицина.

Әрине, жоғарыда тілге тиек еткен көші-қон мәселесі ешкімді де бейжай қалдырмаса керек. Әттеген-айы, атажұртта төс қағыстырған аға-бауырдың арасы әлі де қыл өтпестей жақындап, жел өтпестей беки алмай келеді. Сыпсың сөз бен қитұрқы түсініктер бір қазақты екіге бөлудың бар амал-айласын жасап бағуда. Оған да Елбасы өз «бағасын» берген. Аталмыш сұхбатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Басты байлық – атажұтта басымыздың қосылуы… Бауырына тартып, аяғынан тұрып кеткенше, алыстан келген ағайындарға жағдай жасауға болады ғой… Ал кейде керісінше, басқа емес, өзіміз бөлініп, бөлшектеніп, ренжіп, «қайдан келді», «бәленнен келген, түгеннен келген» деген сөз айтып, алалайтынымыз бар. Бұл жарамайды» деп көрегендік, көсемдік танытып, аталы сөзін айтқан. Ең басытысы, Елбасымыздың «қазақ көшін» атажұртқа бұрған әлемдік-тарихи маңызға ие ерекше шешімі өз жемісін берді. Ойламы үлкен, байламы биік дара тұлға азаматтар да ағайынның басын қосуға атсалысудан аянған емес. Жалпы, шетелдегі өз атақонысында отырған қазақты кеше кетіп, бүгін келетін келімсектердің қатарына қосудың қандай жөні бар? Олар да тілі мен дінінің амандығын тілеп, атамзаманнан тәуелсіздікті аңсап келді емес пе? Ендеше қазақ жерінің қай пұшпағы азат болса да еш қазаққа жат емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «қазақ көшінің» ата жұртқа бет бұруы қазақ тарихы үшін, тіпті, адамзат тарихы үшін айрықша орны бар аса маңызды қадам. Әрине, көш басында – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!

Қазақ тілінің қазіргі жайы де ойында сәулесі бар азаматты ойлантарлық жағдайда. Меніңше, ана тіліміздің абыройын асқақтату әр қазақтың өзіне байланысты. Ал, өз тіліне өшіккен қандастарымыздың Алла бетін оңғарсын дейміз. Дегенмен, мемлекеттік тіл мерейінің күн санап өсіп келе жатқанына көз жұмуға болмайды. Тек Елбасы айтқандай, «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін» түсінер сана кемшін болып тұр. Негізі, «Мемлекеттік тіл» туралы Заң қабылдаудың да еш артықтығы жоқ. Ол әрбір өркениетті мемлекетте болуға тиісті тұғырнама. Егер осылай кете берсек қазақ тілінде сөйлеуді халық бір-бірінен күтіп жүріп-ақ өз құндылықтарынан көз жазып қалары сөзсіз. Сондықтан, осы жүйесіз тірлігіміз иесіз тілге айналдырмасын десек ертерек қам қылғанымыз абзал. Қазіргі техника заманында тілдің ғылым тіліне айналуын да бір сәт назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Жалпы, тіл туралы салмақтың ең алдымен халыққа түсері сөзсіз. Халық қай тілге басымдық берсе басшысы да сол тілге бейімделеді. Бірақ Елбасының бір ерекшелігі басым көп бөлігі орыс тілінде сөйлеуге ыңғай танытатын бүгінгі біздің елдің ығына жығылмай ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің көсегесін көртуге жан-жақтылы қолдау танытып келеді. Өз тілінде шешен сөйлеуде де, көсем сөйлеуде де, әрине, көш басында – Нұрсұлтан Назарбаев тұр!

Қазақстанның емдеу ісі де мені көп ойландырады. Әр саланың да өзіне тән күйініші мен сүйініші болатыны шындық. Сондықтан еліміз медицинасын жоққа шығарудан аулақпын. Дегенмен, жақынғы уақытта  қабылданып, қолданысқа енген жаңа реформаны қолдаймын. Өйткені, бәсеке бар жерде ғана сапа болады. Оның үстіне Елбасының тікелей ықпалымен заманауи техникалармен жабдықталған, бәскеге қабілетті медициналық орталықтардың күн санап көбейіп келе жатқаны халықтың көз алдында. Елімізді толықтай отандық дәрі-дәрмекмен қамту жоспары да шындап қолға алынды. Тағы бір айта кетерлік мәселе – қазақ тілді медициналық оқулықтардың жетіспеушілігі.  Оның үстіне озық медицина жетістіктерін пайдалану да кезек күттірмейтін іс. Мысалы, біздің «Жас-Ай» орталығы ашылған алты жылдан бері 40 мыңнан астам науқастың дертіне шипа жасап, талай жанның үміт отын қайта жақса да мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Есесіне Елбасының әр жылғы жолдауын басшылыққа алып, мамандардың біліктілігін арттыруды, медициналық құралдардың жаңалануын дер шағында қолға алып отырмыз. Осы күнге дейін орталығымыздың шағындығына байланысты науқастар сұранысын толық өтей алмай келген едік. Үлкен еңбектің арқасында ғана жақында жеке ғимаратқа қол жеткіздік. Дегенмен, Қытайдың құпияға толы емшілік дәстүрін қазақ еліне жеткізу үшін әлі талай асулар бар. Шәкірт тәрбиелеу, оқулықтар шығару, ғылыми зерттеулер жасау жағы әлі де қолдау күтеді.

Бұларды айтып отырғаным, ел медицинасы тек озық емдеу дәстүрлерін сұрыптап алғанда ғана алға баспақ. Сондықтан мемлекет Елбасының «шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағдарламасын» негізге ала отырып, шынайы халық сұранысына ие болған емдеу жүйесіне қолдау көрсеткені жөн. Бұл уақыт талабы. Өз басым атажұртыма келген соң хирург мамандығымен қоса алған шығыс-тибет емін қанат жайдірдім. Бұл елімнің бір кем тұсын толтырайын деген асыл арманның нәтижесі еді. Олай дейтінім, мен әр қазақтың денінің сау болуына әу бастан өзімді борышты деп білгенмін. Жалпы, мен ғана емес бүкіл ел жетіп отырған жақсы жетістіктердің құпиясы Елбасының бейбітшілікті, тыныштықты ту еткен сара саясатының, баянды тәуелсіздіктің арқасы.

Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қазірге дейін, тіпті, бұдан кейінгі 20-30 жыл көлемі де жас Қазақстанның қалыптасып, даму кезеңі болатыны сөзсіз. Бұл әлемдік тәжірибе. Сондықтан Елбасымыз бар қазақтың басын қосуға мүмкіндік берген осы тұста көзі ашық, көкірегі ояу Алаштың әр баласы Қазақстанға бет алуы тиіс. Сол арқылы өз елінің әр қадамына тың серпін беріп, ұлт құндылықтарының қанат жаюына мүмкіндігінше үлес қосуы керек. Яғни кез келген қазақ көркейген, гүлденген, жаңа Қазақстанды қалыптастыру бақытынан құралақан қалмауы тиіс. Елбасымыз Нұрсұлтанның нұрлы жолы осыны көрсетеді. Ал сол жолдан адаспай асулардан асуларға жету үшін «Көшбасшы біреу, халық тіреу» болуы тиіс. Біз сол көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев деп білеміз! 

Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина орталығының директоры, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, Вена халықаралық университетінің құрметті профессоры, «Сократ» орденінің иегері.

Хабарласу