+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Жасан Зекейұлы, «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медициналық орталығының директоры:

Елге танымал емші, Халықара­лық инемен емдеу академиясының академигі, профессор Жасан Зекейұлы жақында ғана Халықаралық шығармашылық академиясының академигі атанды. Туған халқының тәнінің саулығына ғана емес, жанының саулығына алаңдап, азаматтық пікір айтып жүрген Жәкеңмен мемлекеттік тілдің қазіргі жайы туралы сұхбаттасқан едік. – Жәке, халқыңызға жасап жатқан еңбегіңіз үшін алып жатқан атақ-марапаттарыңыз құтты болсын! Сіз адам денсаулығы үшін күресіп жүрген жансыз. Жалпы, әрбір зиялы азаматты өзінің ана тілінің «денсаулығы» да алаңдатуға тиіс. Осы тұрғыдан тіліміздің қазіргі жайы туралы не айтасыз?
– Рахмет! Қазақстанда үш-ақ адам Халықаралық шығармашылық ака­демиясының академигі атанған­ды­ғын ескерсек, бұл менің еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Мұндай атақ-марапаттар еліне адал қызмет атқарған әрбір азаматқа лайық. Ал сіз айтқан «Тіл саулығына» келсек, бұл – мені әркез толғандырып жүрген, ұлттың, ел­дің ертеңі үшін маңызды мәселелер­дің бірі. Тіл мәселесін денсаулықтан бөле қарауға болмайды. Бұл пікірімді Жапонияға барғанда 90-ға келген медицина маманы да қостады. Жалпы, өмір заңдылығы бойынша өз тілі­мен сөйлеп, өз ұлтының табиғатын­да өмір сүрген, яғни өз болмысынан ажырамаған адам көп жасайды… Әдетте, «жапон халқы көп жасайды» деп жар салып жатамыз. Оның сыры олардың тағамдарының қуатында ғана емес, тілінің өркениеттілігінде де жатыр. Мысалы, жақында ғана Жапонияға барғанымда ондағы әрбір мейрамхана немесе қонақүй болсын – бәрінде «ұлттық бұрыш», яғни ұлттың салт-дәстүрін паш ететін орталықтар бар екеніне куә болдым. Бір халықтың болмысын көріп, көңіліңіз марқаяды. Ал оны күнде көріп жүрген жапон халқының өзі ұлттық құндылығынан қаншалықты қуат алады десеңізші!
– Сонда тілдің өзі денсаулыққа әсер ететін болғаны ғой…
– Әрине, ұзақ ғұмыр жасағысы кел­ген адам, тарихтан өшіп кеткісі келмейтін ұлт әрқашанда өз болмы­сымен өмір сүргені дұрыс. Мысалы, көлігіңіз сынса, оған басқа маши­наның доңғалағын салсаңыз немесе жасанды тіс салдырсаңыз, олардың ғұмыры ұзаққа бармайды. Сондықтан өзге ұлттың тілінде сөйлеп, өзге мәдениеттің жетегінде өмір сүру адам тұл­ғасының саламаттылығына әсер етері сөзсіз. Құдіретті Алла Тағала да бізді ұлт пен ұлысқа бекер бөлмесе керек…
– Жалпы, қазақ тілінің қазіргі жайы көңіліңізден шыға ма?
– Ешқандай алға басушылық жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қазақ тілінің болашағы жарқын. Тек соны ұғынатын сана кемшін. Сізге мына мысалды айтайын: Бір жолы алдыма Қытайдан келгеніне ұзақ болмаған бір бауырым келді. Өзі білімді жігіт екен. Қазақ, ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Сол жігіттің Алматыға алғаш келгендегі бір әңгімесі жаныма қатты батты. Бірде қызуы көтеріліп, ерекше ауырған соң түн ортасы болса да «Жедел жәрдем» шақыртыпты. Келген дәрігер бір ауыз қазақ тілін білмейтін орыс ұлтының өкілі екен. Сонымен не айтатыны бар. Ауруын түсіндіре алмай әбден қиналыпты. Сондағы маған айтқаны ғой: «Аға, Қазақ елінде тұрып, орыс тілін білмегендіктен өліп қала жаздадым» дейді. Рас, тіл – адамның ең басты қарым-қатынас құралы. Мемлекеттік тіл деген ұғым осындайда керек. Әр мемлекетте бір ортақ тіл болмаса, ол елдің халқы тіл табысып, бірлігін жарастыра алмайды. Ендеше, неге мемлекеттік тіл Қазақстан халқының ортақ тілі болмасқа. Мемлекеттік тілді білмеу ол азаматтың өз мемлекетін сыйламауы деп ұғынған жөн. Мысалы, жоғарыда айтқан дәрігер науқасқа шұғыл көмек көрсете алмағаны үшін жазалануы тиіс. Өйткені онда адамның өмірі таразыға түсіп тұр. Сондықтан Мемлекеттік тілді білуді әрбір қазақстандыққа міндеттеуіміз тиіс.
– Онсыз да міндеттелді емес пе?
– Жоқ. Құр сөзбен ештеңе шешіл­мейді. Мысалы, көлік жүргізушілерге қауіпсіздік белбеуін тағып жүру алғаш міндеттелгенде, «ол өзімнің ісім» деп кері тартушылар болды. Ал оның айып пұлын көбейтіп, заңмен бекіткен соң ғана қауіпсіздік белбеуін тақпайтын жүргізушісі жоқ қазіргі күнге жеттік. Ендеше, мемлекеттік тілді де міндеттеп қана қоймай, оның заңдық тұғырнамасын бекемдегеніміз жөн. Жалпы, қажеттілік болмаған жерде тіл дамымайды.
– Ол қандай қажеттілік?
– Мен алғаш Қазақстанға келгенде бір жыл орыс тілін үйренуіме тура келді. Өйткені орыс тілін білмесем, ғылыми жұмысымды қорғай алмайтын болдым. Материалдар да түгел дерлік орысша еді. Содан бері де 15 жыл өтіпті. Ғылым әлі де толыққанды қазақша сөйлей алмай келеді…
– Оған не кедергі?
– Бізде білімді ғалымдар, білікті басшылар бар. Ғылымды қазақ тілінде сөйлету үшін соларға жағдай жасауымыз керек. Қазіргі нарық заманында 20 000 теңге жалақы алатын ғылыми қыз­меткерден қандай жаңалық күте­сіз? Ол отбасын асырай ма, ғылыммен айналыса ма? Әрине, отбасын асырай­ды. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп айта­рым, ғылым қазақ тілінде сөйлемей, ті­ліміз ешқашан дамымайды. Мынау – ғы­лым ғасыры, ғылым заманы. Сондық­тан қазақ тіліндегі оқулықтардың жазылуын, ғылыми терминдердің жүйе­лі қалыптасуын мемлекет өз қолына алғаны жөн. Мысалы, Қытайда қазақ тілінде медициналық сауат беретін басылымдар көп. Онда халық емшілігі, шөп дәрілер, азықтықтардың қасиеті туралы мағлұматтар жетерлік. Яғни тіл халықтың қажетіне жарап тұр. Сондықтан да ондағы қазақ тілі әлі күнге өзге тілге бұйдасын ұстатпай келеді…
– Медицина маманы ретінде өз тарапыңыздан тіліміздің алға ілгері­леуіне қандай еңбек сіңірдіңіз?
– Кейбір мекемелерде бір орынға жиып алып, қазақ тілін үйретіп жатады. Меніңше, тіл үйренуші тілді қоғамнан, өмірден, күнделікті тұр­мыстан үйренуі қажет. Яғни қазақ еліндегі әр қазақ, әр мекеме қазақ тілінің қолданушысы болу керек. Менің ұстанымым осы. Яғни менің тарапымнан істеліп жатқан дүние – өз саламда қазақ тіліне қажеттілік тудыра білу. Мысалы, мен басшылық етіп отырған «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медициналық орталығы келушілерге 100 пайыз қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Тіркелу, диагноз қою, ауру тарихын жазу, емдеу жодарының барлығы тек қазақ тілінде жазылады. Өзім де алдыма келген әр науқасқа қазақ тілінде сөйлеймін. Тек түсінбей жатқандары болса ғана орыс тілін қолданамын. Бірақ бәрібір менің қазақ­тілді маман екендігімді көрген­нен кейін олар өзі-ақ мүмкіндіктің барынша қазақ тілінде сөйлейді. Кейде сол түсінбей келгендер бізде ем алған 10 күннің ішінде тәп-тәуір қазақша сөйлеп шығады. Өйткені біздегі қазақ­тілді орта оны солай істеуге «мәжбүр» етіп отыр. Науқас жақсы ем алу үшін болса да қазақ тілінде сөйлеуге тырысады. Кейбіреуіне тіпті «қазақ тілін ұмытқан нүктелеріңізге ине қоямын» деп қалжыңдап қоямын.
Біз шығарып отырған «Жас-Ай» журналында «Дәрі шөптен шы­ға­ды» деген айдар бар. Сондағы шөп атауларының барлығын біз тек қазақ тілінде беріп жүрміз. Өйткені сол шөп қажет болған адам оның қандай шөп екенін ізденіп, табатын болады. Ал біз керісінше тауып алуға қолайлы болсын деп ағылшынша немесе орысша атаумен берсек, онда біздің қазақ тілінің қадірі қайсы? Тіліміз қалай дамымақ? Емдеу барысында да медициналық терминдерді науқасқа қарапайымдастырып жеткізуге тырысамын. Мысалы, алтын ине (иглотерапия), жан каналы (меридиан), ауытқитын нүктелер, ауытқымайтын нүктелер, ауру басатын нүктелер, асқазан түгінің қырылуы сияқты қа­зақтың жалпақ тілімен науқасқа түсі­ніктірек етіп жеткізуді ойлаймын.
Жалпы, мемлекет бір ұлтты негіз етпей, баянды дамуға қол жеткізе алмайды. Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі өзге ұлт өкілдерін қазақ халқының төңірегіне топтастыру идеясы барлық қазақстандықтардың «құбыланамасы» болуы тиіс.

 

Әңгімелескен Біләл ӘБДІЛДА

Хабарласу