+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Сау адам болғыңыз келсе, тегіңізді таныңыз…

Аурусыз ұзақ ғұмыр сүру – әр пенденің арманы. Ал денсаулықтың құпиясы неде: батыстық дәрі-дәрмекте ме, ұлттық ем-домда ма, тибеттік көне жазбаларда ма? Батыстық білім алумен қатар шығыстық инемен емдеу тәсілін жете меңгеріп, қазақтың ұлттық медицинасын зерттеген «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы «деннің саулығы – жанның саулығында» деп біледі.

Ораза – рухани байлыққа апаратын жол

- Шығыс медицинасы тән мен жан саулығын қатар қарастырады. Мәселен, Үндістаннан бастау алатын йогада рухани кемелдену мен дене шынықтыру бір арнаға түседі. Қытайда Кун Фу тәрізді шығыс жекпе-жек түрлерін осы елдің ежелгі философиясынан ажырату қиын. Шынымен деннің саулығы үшін рухани шынығу қажет пе?
- Барлық қиыншылықты, оның ішінде ауруды жеңуге рухани күш қатты әсер етеді. Егер бір нәрсеге деген сенім, қажыр-қайрат болмаса, онда жеңіске жету неғайбыл. Мәселен, қасиетті Рамазан айындағы Ораза – жан дүниенің байлығына, рухани шыдамдылыққа, табиғи салмақтылыққа апаратын бірден-бір жол. Табиғи түйсік пен ғарыштық энергия арқылы бұл заңдылық дүниеге әкелінген.
Оразаның денсаулыққа, дененің әрбір мүшесіне шарапаты мол. Бірақ Оразаны деннің саулығы үшін емес, Алланың ризашылығы үшін деп ұстаған жөн. Рамазан айы – пітір-садақа беріп, Аллаға құлшылық ететін ең бір қасиетті ай. Осы айда мешітке барып, садақа тастаумен шектелмей, әрбір мұсылман қолынан келгенше басқаға жәрдем беруі тиіс. Туған-туысының ішінде де қамқорлыққа зәру мүсәпір жан табылса, «осы айда Алланың ризашылығымен өз табысымнан сізге ұсынамын», – деп жәрдем берген жөн.
- Өздеріңіз ше? Ораза айында елге қандай көмек көрсете алдыңыздар?
- «Жас-ай» медицина орталығы Ораза айында ғана емес, жыл он екі ай мүгедектерді кезексіз қабылдап, жарымжан жандарға көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Бүгінгі күнге дейін тұрмысы төмен 5 мыңнан астам адам бізде тегін емделді. Осы ораза кезінде елге жәрдем ету мақсатында «Алматы» телеарнасы арнайы бағдарламаға шақырды. Сол кезде 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысып, екі тізесінен соққы алып, жүре алмай қалған қарындасымыздың бар екенін естідік. Содан екі дәрігер оның үйіне барып, хал жағдайын білдік. Ол өзі құлайын деп тұрған бір үйдің алақандай бөлмесінде тұрады екен. Емделу былай тұрсын, нанын әрең тауып жеп отыр. Бізді көріп қатты қуанды. Науқастың ауруын анықтап, бөле әпкесімен бірге өзіміздің пансионатқа орналастырдық. Өз ұжымымыз атынан олардың бірнеше жүз мың тұратын екі курс емін, тамағын, жататын жерін тегін ұйымдастырдық. Ол қазір: «Шіркін, үйімнің ішінде өз бетіммен жүріп-тұрсам!» деп Алладан тілеп отыр. Біз де соған шипа берсе екен деп тілейміз.
«Ауырмаған адамның Алламенен ісі жоқ». Алланы естен шығарған кезде айналамыздағы қамқорлыққа зәру жандарды да аңғармаймыз. Ораза айының қасиеті – сондай адамдарды еске салып, адам жоқшылықта, аштықта, сусыз жағдайда қандай қиыншылыққа тап болатынын көрсетеді. Сондықтан осы айда көп адам тәубесіне келіп, басқаларға көмек жасайды деп сенемін. Ораза ұстаған адам жиырма тоғыз күннің ішінде рухани шыңдалып, Алланың ризашылығы үшін ниетін жүзеге асырады. Осыдан кейін адам рухани жақтан өзін сергек сезіне бастайды.
- Ал тәні ше? Оразаның тәнге, денсаулыққа әсері бар ма?
- Ораза ең алдымен жүйке жүйесіне әсер етеді. Мәселен, аурудың асқынуына немесе басқа себептерге байланысты ашушаң күйге түскен адамдар ораза ұстаған кезде табиғи жолмен сабырлыққа келеді. Түскі уақытта тамақ ішілмей, денеге, оның ішінде асқазанға, ішекке салмақ түспегендіктен, адам өздігінен демалады. Мұндай адамның энергия көздері де тынығып, қайта қалыпқа келе бастайды.
Осы кезде қан қысымы ауруына апаратын қан айналысы жүйесінде қақ болып тұрып қалған холестериндер тамырлардан еркін түседі. Бұрынғылар айтқандай, «өз майын өзі жейді». Адам бойында көп жеңілдік пайда болады. Қан қысымы 20-30 пайызға дейін төмендейді. Жүрекке түсетін салмақ азаяды.
Бауыр – ішкен тамақты қорытып, қанға айналдырып отыратын мүше. Түскі тамақ ішілмегендіктен, осы айда не істейді? Өзінде қалған улы, химиялық заттарды, қалдықтарды шығаруға кіріседі. Өйткені оған тамақ қорыту туралы бұйрық берілген жоқ. Бауыр өзін-өзі тазартумен айналысады. Асқазан-ішектер демалыс алады.
Ораза ұстаған адамдар организмінде химиялық өзгеріс көбірек болады. Мәселен, асқазанның үштен бірі – газ, үштен бірі – сумен толтырылып тұрған кезде оны тамақпен нығыздап, қинаймыз. Ораза кезінде бұл болмағандықтан, организмдегі йондық ағылыстар көбейіп, қан құрамындағы натрий, хлор, мырыш, фосфор сияқты ағылыстар жылдамдатылады. Адамның ғарыштан, табиғаттан, жерден алатын энергиясы көбейеді. Тіпті химиялық өзгеріс арқылы жүректің ақауы байқалып, неврозға ұшырап, ұйықтай алмай жүргендер Ораза айында жазылып кеткен жағдайлар кездескен. Оразаның қасиеті – адамның бір жылдағы тазаруында. Тіпті он алты сағат бойы нәр татпай-ақ, Аллаға деген сенімділік пен шыдамдылықтың арқасында тіршілік жасай алатындығын білу адамға қосымша күш береді.
- Ораза айында Аллаға құлшылық еткісі келетін науқас адамдар не істей алады?
- Қатты ауырып тұрған кезінде ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Өйткені науқас адамның дертін жеңуі үшін иммунитетін күшейту керек болады. Бұл ішкен тағамы мен дәрілер арқылы жүзеге асады. Егер емдерін тоқтатса, ауруларын қайта асқындырып алуы мүмкін. Жол жүрген жолаушы да – мүсәпір. Ешкім оған үйінде қуатты тамақ даярлап, күтпейді. Сондықтан осы екі топтағы адамдарға ораза ұстамау кешіріледі. Егер науқас адам ауруынан айығып, келер жылы оразаға кіріссе, ауырған жылындағы олқылықтың орны толады.
«Қайғысыз қара суға семіреді»
- Соңғы кезде аурудың себебін адамның психикасынан, ойынан, жан дүниесінен іздеу үрдісі байқалады. Рухани кемістік тәнге әсер етіп, нақты бір ауру шақырады деген пікірге қалай қарайсыз? – Көңілі көтеріңкі, қайғы-мұңсыз, тұрмысы жайлы болса, ішкен тамақтан гөрі көңіл тоқтығы денге көбірек саулық әкеледі. «Қайғысыз қара суға семіреді» деген қазақ нақылы бар. Егер адам тұрып жатқан ортасына, жасап жатқан ісіне ризашылығы болса, әрбір мүшесі асқан бір ризашылықпен жұмыс істей бастайды. Тіпті ішкі сенімі мен күш-қуаты адамға серпіліс беріп, қатерлі ісік сияқты ауруларды жеңген оқиғалар бар. Ал өмір бақи күйзелу, көңіл толмау, қанағатсыздық, басқалармен үнемі өзін салыстыру, күндеу адам өмірін ұзартпайды.
Кейде сап-сау адам кенеттен ауруға шалдығады. Неге? Жағдайы да, жұмысы да бұрынғыдай емес пе? Мәселе – жақында ғана оның бір жақыны үлкен дәрежеге көтерілген немесе қомақты зат алған. Соны көрген әлгі азаматтың іші күйеді. «Оның қай жері менен артық? Мені неге осылар бағаламайды?» – деп, мазасыз күйге түседі. Күндеудің арты арам ойға жетелейді. Арам әрекеті айналып, өзіне соғады. «Қазған орына өзі түседі». Тіпті күншілдіктен жүрегі тоқтап қалатындар да бар. Бұл медицинада дәлелденген. Ал өмірді шынайы қуаныш санайтын, кеңпейіл, ақкөңіл адамдардың ұзақ өмір сүріп, ортада абыройлы болғанын көрдім. Тар ойлап, «менікі, менікі» дегендердің мардымай, өмірінің бір тұтам болып, өшкенін білемін. Біз емдеу мекемемізде «Қазақтың түбіне жететін үш сорлылығы» деп жазып іліп қойдық.
- Қандай сорлылықтар?
- Ең біріншісі – күншілдік. Басқа ұлттарда бұл мінез болғанымен, қазақтарда басым екенін байқадым. Екіншісі – жалқаулық. Мен Нарынқол, Ұзынағаш жақтағы ауылдарға жиі барамын. Сонда есік алдында сарқырап су ағып жатса да, бәрі өзбектің картобын күтіп отырады. Мәселен, Қытайда бос ұлтарақтай жер таппайсыз. Біз «мемлекет бағады» деп, дайын асқа үйреніп қалғанбыз. Үшіншісі – намыссыздық. Намысты қорғау, намысты қолдан бермеу ісі әзірге кемшін соғып тұр. Адам ауруын жеңу үшін де намыстануы керек. «Бұл – менің басымдағы қиыншылық қана емес. Мен неге оны жеңе алмаймын?!» деп жігерленуі тиіс. Осы түбімізге жететін үш кемістіктен арылуымыз керек.
- Адам ауырған кезде оның ішкі себептерін де іздестіруі керек қой?
- Ауру арқылы науқас осы өмірге риза еместігін білдіреді. Сондықтан аурудан толық айығу үшін сол адамның өміріне не жетпейтіндігін, рухани аурулардың не себептен шыққанын зерделеу керек. Кейбіреулер витаминдердің жетіспеуінен ауруға шалдығады. Мәселен, фосфор, кальций, темір заты жетіспесе, ондай адамдар тырысқақ, ашушаң келеді. Сондықтан әр адамның жағдайы әртүрлі.
- «Шаршамай жатып, демал, ауырмай жатып – емдел» деген қытайдың мақалы бар екен. Дені сау адам болудың басты шарттары бар ма?
- Сау адам болғыңыз келсе, тегіңізді таныңыз. Әр адам күш-қуатын, мінез-құлқын, қандай адам бола алатындығын, қандай ортада жүріп, қандай дос ұстай алатындығын, өзіне қандай кәсіп үйлесетіндігін білген абзал. Қазақ болса, қазақтың өмір сүру салтынан хабардар болып, қандай тамақ ішіп, қандай мінез-құлық, қасиеті болу керектігін түйсінген жөн. Сонда денеге де салмақ түспейді. Егер өмір бойы өзіне жат іспен айналысып, бөгде өмір сүру салтын ұстанса, денедегі энергия көзі, табиғаты ашылмай қалады. Іске қосылмаған ми клеткасы көбейіп, ол адамның дамуына нұқсан келтіреді. Осы тұрғыдан алғанда университеттерге түскен кезде студенттерді психологиялық тест арқылы оның табиғи бейімділігін анықтаған да дұрыс.
Ауру адамның өзін-өзі аяламағанынан туады. Бізде күтіну, тез емделу жолдарын білмей, жастарымыз ең бір қуатты шақтарында көз жұмып жатады. Мұны болдырмау үшін медициналық ағартушылық басылымдар керек. Біз осы мақсатта «Жас-Ай» деген журнал шығарып отырмыз. Көзі ашық халық болса, өзін-өзі қорғай алады. Жапонияда, Батыс елдерінде көп ауыратын адамды мәдениетсіз санайды. Себебі мәдениетті адам аурудың алдын алады. Өзін-өзі күтпеген адам басқаны да күте алмайды. Басқаға жәрдем беру үшін адамның өзінде мықты денсаулық пен қуат болуы керек.
- Сол қуат көзі қайда?
- Спортпен айналысу қажет. Президентіміз салауатты өмір салтына қолдау білдіріп отыр. Салауатты өмір салтын сақтаған жөн. Күнделікті бір уақытта тамақтанатын сияқты бір мезгіл жаяу серуендеу керек. Мен таңертең тауға шығып, кешқұрым тамақтан кейін жаяу жүремін. Егер тамақты сіңіріп, оның жүрек пен өкпеге қысымын азайтып, ұйықтаса, денеге қуат береді.
Адам миды көбірек жұмыс істетсе, соғұрлым көбірек өмір сүреді. Спортпен айналысқанда бұлшық еттер қалай өсіп, шыдамдылығын арттырса, ми да солай шыныға түседі. Қазір кітап оқу азайып кетті. Оқу ойлануға итермелейді. Әкеміз мектепте жүргенімізде көптеген романдар және ғылыми кеңестерді оқуға беретін. Оқып біткеннен кейін мазмұнын сұрайды. Оқу арқылы баланың логикалық қабілеті қалыптасады. Сонымен бірге «жігіт сегіз қырлы бір сырлы болуы керек». «Жігітке жеті өнер де аз». Мен төрт жасымнан гармонь тартып, домбыра шертіп, ән саламын. Тарихи романдарды бас алмай оқимын. Бұл әуестіктер көңілді өсіріп, адамгершілікті арттырады. Көңіл көтерілсе, дене де сергиді.
Тамырынан ажырамаған ұлт көп жасайды
- «Ауру астан», «Ас – адамның арқауы» дейді. Ауруға шалдығуда немесе одан айығуда тамақтың рөлі қандай?
- Өсімдік өсуі үшін оған тыңайтқыш салынып, мезгілімен суғарылып, жақсы ауа келіп, күн нұры төгілуі керек. Кейбіреуінің тамырына дәрі құйылады. Адам да өсімдік тәрізді. Оразадан басқа уақытта үш мезгіл тамақ ішіп, күн тәртібін сақтаған жөн. Қазір тамақтардың бірыңғай, біртекті болуы көп ауру тудыруда. Мәселен, ет-сорпа деп, тек ет жеп немесе сорпа іше беруге болмайды. Әр азықтың витаминдік қабілетін ескеріп, тамақтың сапасын жақсарту қажет. Ішін қампитып, қарын тойдыру жүрекке, асқазанға, бауырға, ішекке салмақ салады. Тойып тамақ ішудің арты күйзеліске әкеліп, ауру шақырады. Асқазанда түрлі жарақат пайда болады.
XXІ ғасырда экологияға байланысты адамдар әлсіреп кетті. Олар тез шаршап, жылдам сырқаттанады. Ауруға қарсылық қуаттары азайған. Мидың ойлауы да шектеліп барады. Жастар бірнеше жерде жұмыс істейді. Компьютердің, әрқилы техниканың зиянды әсері бар. Интернет, телеарналар арқылы берілетін апаттар мен қақтығыстар туралы ақпараттар сау адамды күйзелтеді. Ми таза демалатын жағдай жоқ.
- Қазір экологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты денеге қуат беріп, оны витаминдермен нәрлендіретін биологиялық белсенді қоспалар пайда болды. Олардың арасында тибеттік негізде өнім даярлайтын Тянь Ши, Хаппинес сияқты қытайлық компаниялар да бар. Осыларға сенуге бола ма?
- Олардың барлығымен бірдей таныс емеспін. Бұл өнімдерді Тағам институты зерттейтін шығар… Бірақ әр адамға өз жерінің дәмінен артық қуат беретін азық жоқ. Мәселен, жақында медицинасы жағынан әлемдегі ең озық елдердің бірі – Жапонияда болдым. Бұл елде ұзақ жасаушылар өте көп. Сонда осы елде жүріп, бір нәрсеге таңғалдым: қай жұмыс орнына, қай мейрамханаға, қай емханаға барсам да әр жерде ұлттық бұйымдар ілініп тұрады. Ұлттық киім киген даяшылар ұлттық тағамдар әкеледі. Ұлттық аспаптарынан күй төгіледі…
Содан жасы 90-нан асқан жапон дәрігерінен олардың ұзақ жасау сырын сұрадым. Сонда ол жапондар өз табиғатымен үйлесімді өмір сүретіндігін жеткізді. Бұл мемлекетте 99 пайыз жапондар тұрады. Олар тек өз тілінде сөйлейді, ата-бабасының өмір салтын жақсы біледі, ұлттық құндылықтарын қастерлейді. Яғни осының барлығы: теңіз табиғаты да, тамағы да, дәстүрі де, әні де, күйі де жапондарға жағады екен.
Бізде ана тілін, тарихын, дәстүрін білмейтін қазақтар бар. Олар өмірден ләззат алғысы келсе, орыс, ағылшын, қытай болып рахаттанады. Оны олардың организмі қабылдай ма?! Сондықтан қазақ ретінде қымыз, жаңа сойылған малдың таза сорпасын ішуіміз керек. Қазақ ретінде бәйгеге түсіп, көкпар шалып, ең құрығанда бәйгені тамашалау қажет. Қазақтың күйі мен дәстүрлі әнін тыңдап, жанымыз жай табуы тиіс. Ата-баба өмір сүрген жайлауларға, тауларға шығып тұру керек. Сонда жан дүниеміз шынымен рахат алады. Өйткені біздің геніміз соны қажет етеді. Жапон ғалымы да «өз тамырынан ажырамаған ұлт көп жасайды» деді.
- Онда қазақ ұлттық тағамдарының пайдасы жөнінде не айтар едіңіз?
- Дәстүрлі тағамдарға өзімізді де, балаларды да қайта үйретуіміз керек. Мәселен, сиырдың таза сүтін қазір ешкім ішпейді. Ал сүт қатерлі ісік клеткаларын өлтіреді. Ешкінің сүті – ем. Айранды жылы жерге жауып қойып, сары суын аталарымыз шалап деп ішкен. Сары су – бауырды тазалайтын таптырмайтын ем. Бауырдағы майлы суды, холестеринді азайтып, өт жолын тазалайды. Асқазан, бауыр ауруына шалдыққандарға, әлжуаз балаларға, темір жетіспегендерге, босанғаннан кейін әлсіреген әйелдерге жылқының сүтін береміз. Жылқының сүтін жылы таза сауылған күйінде ішсеңіз, дәріден артық үлкен ем. Арпаның тарысы мен бидайдың талқанын ораза кезінде ел таппай, шапқылап жүрсе, Қытай болса, талқанның түр-түрін шығарып жатыр. Неге осы азықтарымызды өзіміз өндірмейміз? Балаларға кәмпит жегізгенше талқан сияқты қуатты тамақ берген дұрыс. Әр үйдің дастарқанында арақ тұрғанша қымыз, қымыран, көже тұрсын.
Егер сол азықтарымызды әлемге таныта білсек, оны дүниежүзі халықтары да тұтынып, экономикамыз өседі. Ұлттық тауарлармен әлемді жаулап алуға болады. Кеңес уақытында он бес республиканы Қазақстан етпен қамтамасыз еткен. Қайда сол мал? Мал, егін шаруашылығы дамыса, соқталдай жігіттеріміз базарда арба сүйремей, бір үйір жылқысын алдына салып, қымызын ішіп, палуан болмас па еді?! Біздің табиғатымыз сондай тұрмысқа бейім ғой. Ауылды көтеріп, онда тұратындарға жағдай жасалса, халықтың барлығы ауылда қалар еді.

Тибет медицинасында қазақтың да үлесі бар
- Ал осы халық емінің қазіргі медицинада қолданылу деңгейі қандай? Дәрігерлерімізге осындай ұлттық емдеу тәсілдерін білу керек пе?
- Қытай медицинасында кез-келген нейрохирург инемен емдеуді меңгерген. Медицина университеттерінде студенттер басқа пәндермен бірге міндетті түрде 5-6 жыл бойы халықтық медицинаны оқиды. Кейін дәрігер болған кезде операциядан кейінгі асқынуларды сол ем жолдарымен реттеп алады. Бізде медициналық білім жүйесі сыңаржақ қалып отыр. Халық медицинасы медицина университетінде кемінде бір жарым жыл пән ретінде оқытылуы керек. Әр дәрігер өзіміздің тағамдарымызды, ем домдарымызды білуі тиіс. Сонда Еуропа медицинасы тоқтап қалған күнде өзіміздің емдерімізді пайдалана беретін боламыз. Мүмкін сол халықтық медицинаны оқығандар арасынан шөптерден дәрі жасайтын зауыт ашатын азаматтар шығатын шығар?!
Тибет медицинасының қалыптасуында да бір ұлттың ғана емес, шығыстағы барлық ұлттың, оның ішінде қазақтардың да үлесі бар. Мысалы, қойшылар белі ауырса, таяғымен, қамшының ұшымен, сүйектің басымен тізесінің астын ұрғылаған. Тізенің астындағы «зусани» деген нүктені ұрса, бел жазылады. Одан кейін уату деген ем қолданған. Яғни қолдың ұшымен нүктеге массаж жасаған. Арам қанды алу – қазақ халық медицинасында мәлім емдеу тәсілі. Еуропа медицинасында өліп бара жатқан адамды құтқарудың ең соңғы жолы ретінде қан алады екен. Жылқының өкпесіне, сойылған қара қойдың терісіне, түйенің шудасына орау – суық тигендерге ем болған. Төрт түлік малды, адыраспаннан жусанға дейінгі шөптің бәрін қазақ іске жаратқан. Мәселен, тұмауратқан кезде адыраспанды тұтатып, үйді аластаса, үйдің әр бұрышындағы керексіз микробтар өледі. Егер адыраспанды қайнатып, ыстық суға салып, табанға қойса, терлетіп, суықты айдайды. Қазақ айына бір рет үйлерін адыраспанмен аластап тұрған.
- Сіз хирургиядан ғылыми еңбек жаздыңыз. Бірақ неге емдеу жолы ретінде шығыс медицинасын таңдап алдыңыз?
- Кішкентай кезімнен тибет медицинасына қызықтым. Туыстарымның арасында қылтамақ, бауыр, қан қысымы, аяқ қол сырқырауы сияқты ауруларға шалдығып, жазылмағандар болды. Сол кезде: «Неліктен осылардың барлығын емдейтін бір ем жасамаймын?» деп ойландым. Кейін барлық науқасты емдеу үшін жан-жақты білімді, әмбебап дәрігер болу керектігін ұқтым. Осы тұрғыдан алғанда Тибет медицинасының мүмкіндігі зор. Ғылыми түрде денедегі нүктелер анықталып, зерттеліп, жазылған. Тіпті адам ауырмаса да, ине арқылы денеге қуат беруге болады. Халыққа қай жағынан көбірек көмек көрсете алсақ, сол бағытта жүру керек.
Қытайда түске дейін хирургияда жұмыс істесем, түстен кейін емханада адамдарды алтын инемен, шөппен емдедім. Алматыға келгенде де түске дейін аспирантурада оқып, түстен кейін Тибет медицинасымен айналыстым. Сонда хирургиядан гөрі ине емі арқылы елге көбірек көмек көрсететінімді түсіндім. Талай адамды өлім аузынан алып қалдым. Хирург ретінде 18-20 сағат бойы бір ғана адамды емдесем, тибеттік, шығыстық, қазақы еммен жүздеген адамды жазуға болады.
- Қазір кейбіреулер «басы ауырып, балтыры сыздаса» инеге жүгіреді. Ал Қытайда емханаға барған танысым ине салғысы келгенде, оған бұл емді қою үшін арнайы комиссия құру керектігін айтыпты. Ине салудың зиянды жақтары бар ма?
- Менің жетекшім – Қытайда жеті атасы ине салумен айналысқан 94 жастағы дәрігер. Бірақ содан бірде-бір рет » адам инеден өліп қалыпты» дегенді естімеппін. Көліктің моторын қуаттандырған тәрізді ине де адамның мүлгіп жатқан қуат көздерін оятады. Қатерлі ісік пен туберкулез ауруынан басқаның бәрін жаза алады.
Бірақ әркім инені науқастарға үйінде қойған кезде санитарлық талап сақталмайды. Содан ісіну, қан шығып кету жағдайы кездеседі. Сол себептен ине салу ісін сертификаттаған жөн. Сонда инемен арнайы комиссиядан өткен маман айналысатын болады. Алданып қалмау үшін мамандармен кеңесіп, мемлекеттік қағазы бар, санитарлық талабы сақталатын жерде емделген дұрыс.
Қазақстанда ине еміне деген қызығушылық күн санап артуда. Мәселен, біздің мекемеге кейбір науқастар шетелден келіп те ем қабылдап жатады. 40 мыңнан астам науқасқа ем жасадық. Күннен күнге артып отырған сұранысты ескере отырып, жақында Әл-Фараби даңғылының бойынан заманауи техникамен жабдықталған тағы бір емдеу орталығын аштық.
- Батыс медицинасында көптеген ауруларға «жазылмайды» деп үкім шығарылады. Ал шығыс медицинасы «жазылмайтын дерт жоқ» деп есептейді. Қайсысы дұрыс?
- Халықта: «Жазылмайтын дерт жоқ. Емшісіне кездессе…» деген сөз ежелден бар. Кез келген ауру дұрыс емдейтін емшісіне кездессе, ауруынан айығады. Бізге бір жолы үш рет операцияға түсіп, бір жақ аналық безінен толығымен, екінші жағының үштен екісінен айырылған Ботагөз деген әйел келді. Сонда да ерлі-зайыптылар тоғыз жыл бойы бала аңсаған. Барлық медициналық мекемелер мұның мүмкін еместігін айтқан. Осы жағдайда күдік – 99, үміт – 1 пайыз ғана болды. Әйелдің азғантай етеккірінің келетіндігі мен тамырындағы өзгерістерге қарап, кішкентай безінің гормондары әлі жұмыс істеп тұрғанын білдім. Екі курс ем алғаннан кейін ол жүкті болып, қазір бір ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Ауырған кездегі ең басты шарт – сенімді жоғалтпау.
- Әңгіменізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Айжан Көшкенова

Хабарласу