+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.11.2015 Күн шығыс еліне сапар

Үстіміздегі жылы сәуірдің 5- жұлдызында Global ұлттық халықаралық конференциясының жапонияға шақыртуын тапсырып алдым. Global конференциясының ұйымдастыруымен, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының қолдауы арқылы Жапон елінің Токио қаласында өтетін жиналысқа менің де қатысуымды сұрапты. Бұл бағдарлама – медициналық мекемелерді тиімді басқарудың Жапониялық тәжірибесін көру, Жапония денсаулық сақтау орталықтарымен қатынас орнатуды көздейді. Көп ойланбай бірден жолға қамдандым. Өйткені барлық салаларда зор дамушылықтарға қол жеткізіп, медицина саласында да әлемнің көптеген елдерінен оқ бойы озық тұрған Жапон еліне барып кәсіптік тәжірибе алмасып  қайту мен үшін де таптырмас орай болатын. 

Мен Токиоға барар сапарымда жолай Түркияға ат басын бұруды жөн көрдім. Себебі түбі бір түрік елі, бізбен тілеулес, аталас халық. Ондағы үлкен-кіші, ағайын-достардың батасын алып, ақ ниетін естіп аттану көңілге тоқ, жанға медеу. Стамбулда мені Қожа Ахмет Яссауи атындағы колледждың директоры  әрі бірінші орынбасары Иса Қалқа бауырым күтіп алды. Мұнда осы оқу орынына арнаулы қонаққа келген  Түркия мемлекеттік «Қызыл Ай» қорының директорымен таныстық. Стамбулдық бұл құрметті достарға Алматыдан әдейі ала шыққан сәлемдемем – жылқының қазысынан дәм татқыздым. «Қызыл Ай» қорының директоры: «Шіркін! Қазақ халқының тағамы, қазы мен шүбәтына жетер ас қайда»,– деді шын ниетімен мақтап. Стамбулда 8 сағат аялдағасын кешкі рейс арқылы Жапонияға аттандық.

Жапония – аралдар елі. Төрт ірі және төрт мыңдай ұсақ аралдардан құралған теңіз жағалауына бай мемлекет. Теңіз жағалауының жалпы ұзындығы 30 мың км. Жапонияның шығысы Азияның Тынық мұхитқа тірелетін аралдарымен шектессе, батысында Жапон теңізі арқылы ҚХР, Корея және Ресей елдерімен, солтүстігіндеОхотск теңізімен, оңтүстігінде  Шығыс Қытай теңізі арқылы Тай-уаньмен шектесіп жатыр. Осынау сан мыңдаған аралдарды мекен ететін 125 мил жапан халықының жан басына шаққандағы айлық кірісі орта есеппен 3500-4000 доллар. Жапон үкіметінің халқына жасап отырған ең тиімді саясаттарының бірі кез келген жеке кәсіпкерлікпен шұғылданушы ел азаматына өсімсіз несие беру. Сол арқылы бизнесті өркендетіп,  елде әлеуметтік жағдайы төмен жік қалыптастырмау.

Халқының прасаттылығымен де, озық техникаларымен де, бай ұлттық мұраларымен де әлемді таң қалдырып отырған жапон елінің табиғаты жанға жайлы-ақ! Мұхиттың салқын да, шипалы ауасы жаныңды жадыратады. Біз Тұркиядан Жапонияға 13 сағатқа жуық ұшып, 18 сәуір күні түске қарай Токио әуежайына келіп қондық. Мұнда бізді конферанцияны ұйымдастырушылар алқасы мен Жапониядағы қазақ елшілігінің өкілдері күтіп алды. Жалпы, 4 мемлекеттен келген 35 адамнан құралған делегация мүшелерінің құрамында денсаулық сақтау саласының бұрынғы министрлері, жеке медицина орталықтарының басшылары, академик, дәрігерлермен қоса медицина саласының білгір ғалымдары да бар екен.

Алыстан ат арытып, әр тараптан жеткен меймандарды қонақжай жапон халқы теңіз жағалауындағы ең көркем аумақта орналасқан 32 қабаттық қонақ үйге жайғастырды.

Жапон елінің астанасы, әкімшілік, қаржылық, мәдени, өндіріс орталығы әрі әлемнің ең ірі көркем қалаларының бірі Токионың сәні де, салтанаты да жарасып-ақ тұр. Аспанға тік шаншылып, бой түзеген биік те, әсем ғимараттар мен аспалы көпірлері қаланың сәулетін онан ары әрлей түскендей. Токио – Хонсю аралының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Канто жазығында, Тынық мұхитындағы Токио шығанағының мүйісінде орналасқан қала. 13 миллионға жуық адам тұратын бұл астанада әр шаршы километраумаққа 5750 ге жуық адамнан тура келеді екен. Токио – сонымен қатар дүниежүзі елордалар арасындағы ең жоғарғы ішкі өнім шығаратын қала. Сондықтан болса керек қаладағы зат бағасы Орта Азия елдеріне қарағанда әлде қайда қымбат…

Сәуірдің 19- жұлдызы күні таңертең Токиодағы алғашқы кеңестегі сөзді медицина ғылымдарының докторы, Жапония емдеу орталықтары ассоциасының призденті Хиротоши Нишизава мырза бастады. Кеңеске Мемлекеттік медициналық сақтандыру компанияларының президенті, Жапон медициналық көмек сапасы жөніндегі бағдарлау департаментінің басшысы және Жапония денсаулық сақтау еңбек және әлеуметтік қамтамасыздандыру министірлігі, Жапония медициналық көмек сапасы жөніндегі ұйымдардың өкілдерімен қоса, барлық ауруханалардың бас дәрігерлері, ғалым, академиктер қатысты. Кеңесте халықаралық денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар Жапон медицинасының қазіргі хал-ахуалы, жеке медициналық орындар мен мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінің қарым-қатынасының ерекшеліктіктері тілге тиек етілді. Бүгінгі таңда 1 жасқа дейінгі сәбилердің шетінеуінің көбеюі әлем халықтарын алаңдатып отырған басты мәселеге. Өйткені экологиялық бұзылудың әсерінен және туыт кезіндегі асқынулардың салдарынан бір жасқа дейінгі нәрестелер жиі шетінейді. Соңғы кездері бұл жағдай Қазақстанда да назар аударар басты мәселенің біріне айналды. Жиналыста осы мәселелер бойынша  жапон медицинасының атқарып жатқан істері таныстырылды. Ана құрсағында жатып-ақ жүрек және талма дерттеріне шалдығып туу Қазақстанда экологиялық апатты аймақтарда өмірге келген сәбилерде жиі кездеседі. Бұдан сырт бұл дерттерге тұқым қуалаушылық та – басты себеп. Атомдық жарылыстардың зардабын әбден тартқан жапон халқының атом реакциясының адам ағзасына кері асерін жою жолындағы ғылыми жұмыстары айтарлықтай ілгерлеуге қол жеткізген. Атомдық жарылыстардың қасіретін қатар тартқан қос елдің ғалымдары мен медицина мамандарының осындай орайлы сәтте пікір алмасып, өзара тәжірибе қабылдауы, әрине, орынды. Жалпы, адам денсаулығын қорғап, сау денелі орта қалыптастыруда бұл елдің атқарып жатқан әр қадамы көңіл қуантарлық. Бұл күнде жапон халқының өмір сүру орташа жас шамасы 75-ке  жетіп, әлемнің алдыңғы қатарында тұр.

Келесі күні жапон елі Денсаулық сақатау министірлігінің арнаулы бастамашылығымен, техниканың ең соңғы жетістіктерін пайдалану арқылы салынып жатқан 30 қабаттық жаңа емхана мен «St.Luke`s International Hospital» медициналық зерттеу орталығының қызмет көрсету сапасымен таныстық. Мұнда қосымша Денсаулық сақтау жүйесіне арналған колледж жұмыс істейді. Бұл 13 қабаттық емдеу орталығының екі қабаты жердің астына орналасыпты. 250 дәрігер жылына 2500 ден аса науқас қабылдайды екен. Ал жаңадан салынып жатқан 30 қабаттық емхана, Токиода біз аралаған медициналық мекемелердің ішіндегі ең кереметі болды.  Мұнда операциялық үстелдердің барлығы автоматты орналасқан. Мейрібикелердің орынына электр күші арқылы жұмыс атқаратын жәшіктер пайдаланылады екен. Бұл техника Жапонның басқа да ауруханаларында бұрын да қолданылыпты. Енді жаңа орталықта бір тұтас пайдаланылуы керек. Мұндай озық техниканы пайдалану арқылы мейірбикелік жұмысқа кететін уақытты үнемдеп, осы арқылы адам күшін басқа мақсаттарда яғни зерттеу, ғылыми жұмыстармен айналысуға жұмсау көзделіпті.

Сәуірдің 21- жұлдызы түстен бұрын біз Жапон-Америка қос елдің бірігіп теңіз ортасына салдырған атақты «Tokyo Midtown Clinic»  ауруханасын араладық. Аурухана директоры Накага мырзаның айтуынша, бұл емдеу орынының ірге тасы ең алғаш 1908 жылы қаланған. 2007 жылы бір тұтас жөндеуден өтіп кемелдендірілген. Дүниежүзінің және жапон елінің ең жоғары техникасымен жабдықталған рак ауруын зерттеу және оның алдын алу орталығында күніне 1600 науқас қаралады екен. Бұл көрсеткішке қарап Токиода қатерлі ісік дертімен науқастанатын адамдардың тым көп екенін аңғаруға болады. ХХ ғасырдың басында Жапонияда рак дертімен ауыратындар көрсеткіші өте төмен болатын. Дүниежүзілік бірінші соғыстан кейін Жапонияда алғашқы рак ауруларын емдеу орталығы ашылды. 1963 жылдарға қарай жаңа ауруханалар, зерттеу институттары салына бастады. Жалпы, Жапон халқы дүниежүзілік екінші соғыстан кейін ғана медицина саласын дамытуды қолға алды. Қазір Жапон медицинасы әлемнің алдыңғы қатарында тұр. Tokyo Midtown Clinic орталығында бізді ең таңғалдырғаны жапон халқының ұлттық дәстүрінен сыр шертетін көрме бұрыштарының болуы. Осы арқылы шетелден келіп емделушілер Жапон халқының ұлттық мәдениетімен де таныса алады. Орталықтағы тағы бір қызықты жағдай – мұнда ертегі айтушы адамдардың орналастырылуы. Олардың мұндағы басты міндеті – күйзеліске ұшыраған, өмірден түңілген науқастар үшін қызықты ертегілер, әдемі әңгімелер айтып беру. Сол арқылы емделушілердің көңіл-күйін көтеру, өмір сүруге деген ынтасын арттыру екен.

Бұл күні түстен кейін біз Токио қалалық «Kato Ladies Clinic» Жасанды ұрықтандыру орталығына бас сұқтық. Қазір Жапонияда жас отбасылардың ұрпақ сүю көрсеткіші тым төмендеп кеткен. Техникалық жабдықтардың көп қолданылуына байланысты ми-жүйке аурулары, асқазан-ішек рак аурулары, балалардың паралич болуы, табиғи қан жүйесі бұзылу, белсіздік аурулары белең алған. Осыған орай құрылған гендік емдеу орталығында жылына ұрпақ сүюге зәру 20 мың адам емделелсе, мұның 30 пайызы сәтті өнім береді екен. Бұл – жапон елі жеткен ең жақсы көрсеткіш. Себебі дамыған батыс елдерінде адамдарды жасанды ұрықтандыру емі тек 10-15 пайыз ғана сәттілікпен  аяқталады…

Бұл елде мемлекеттік медициналық орталықтармен қатар, жеке емдеу орындары да айтарлықтай дамыған әрі оған барлық жағдай жасалған. Кәсіпкерлікпен айналысуға жапон азаматтары үшін мемлекет өсімсіз несие беріп отырғандықтан кез келген Жапондықтың кәсіпорынын барынша өркендетуге мүмкіндігі мол. Солардың бірі біз бас сұққан «Cameda» медициналық орталығы. Бұл орталықтың 350 жылдай тарихы бар екен. «Cameda» емдеу орталығы 1998 жылы Азиядағы «жылдың емдеу орталығы» атанса, 2000 жылы «ISO» сертификатын алып, 2009 жылы халықаралық стандартқа ие болған…

Мамандар мен конференция қонақтары бас қосқан бір реткі кеңесте мен Жапония медицина ғалымдарының тибеттік емге деген көзқарасын сұрадым. Олардың айтуынша тибеттік емге жапон халқының сұранысы күн сайын артып келеді. Сол себепті де білікті мамандар даярлау мақсатында Қытайға жыл сайын оқушы жіберіп тұрады екен. Жапондық дәрігерлер науқастардың тамыр соғысы мен ауру тарихына қарап диагноз қоюуда Орталық Азия дәрігерлерінің біліктілігіне мойындайды екен. Себебі қазір көптеген Жапондық жас дәрігерлер, мамандар техникаға барынша иек артуы себепті науқастардың ауру тарихына, тамыр соғысына қарап нақты диягноз қоюдан мүлдем хабарыз қалған. Олар мұндай диягноз айыру уақытты үнемдейтіндігін әрі анағұрлым ұтымды болатындығын, тек қана техникаға сенуден кей жағдайларда қателіктердің де болатындығын айтты. Олардың пайымдауынша техника дәрігерлердің біліктілігін шектейді.

Жалпы, Жапониядағы сапарымыз өте сәтті аяқталды. 15 медициналық ғылыми зерттеу орындарынан тыс көптеген ауруханаларды аралап, ондағы мамандармен тәжірибе алмасып, өзара пікірлестік. Тіпті кей күндері 3-4 емдеу орталықтарын аралауға тура келді. Бұдан сырт Токиодағы ұлттық мәдени орындарды да аралап, жапон халқының бай салт-дәстүрімен таныстық. Жапондықтар – ұлттық рух пен мәдениетке өте мән беретін халық. Осыған қарап кез келген мемлекет экономика мен әлеуметтік жағдайды көтеруден тыс, өзге елдерге ұлттық құндылықтарымен де бағалы екенін білуге болады.

Сәуірдің 24-і күні Токиолық әріптестермен қоштасып, Алматы бағытындағы ұшаққа отырдық.

Жасан Зекейұлы

Алматы – Стамбул – Токио – Алматы

Хабарласу