+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

10.11.2015 ЕМ АЛУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН…

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Ғарифолла ЕСІМОВ

философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты

Ем – үзілмейтін үдеріс. Ем алудың да өзіндік мәдениеті бар. Өйткені кейбір науқастар жүйесіз ем қабылдаудың кесірінен ауруын асқындырып алып жатады. Осы тұрғыдан алғанда Жасан Зекейұлы – емдеу мен ем қабылдаудың мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосып келе жатқан шипагер. Айталық, алдына келген әрбір науқасқа емнің қалай жүрілетінін, қалай әсер ететінін тәптіштеп түсіндіріп отырғанының талай куәсі болдым. Өзіміз де сол тәртіппен емделдік. Басшының байыпты тәжірибесінің жемісі болса керек, бүгінде «Жас-Ай» орталығындағы ақ халатты абзал жандар мен солардан демеу күтіп келген науқастар да ем алу мәдениетін қалыптастыруда. Ежелден қалыптасқан қағида бойынша емшінің есімі, атақ-даңқы алдына келген науқастың сауығуы арқылы елге жария болмақ. Осы сөзімнің жарқын дәлелі Жасан Зекейұлының емшілік қызметі десек, артық айтқандық емес. Олай дейтініміз, Қазақстанның түкпір-түкпірінен естілген алғыс-мадақтарды айтпағанда, Жасан бүгінде дүниежүзілік деңгейге көтерілген өз ісінің маманы атанып отыр. Соның бір айқын дәлелі, жуырда Вена қаласының Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» атағы Жасанға тапсырылды. Бұл атақ жайдан-жай келе қалған жоқ. Таныс-білістіктің де бұған әсері болмады. Өйткені Вена университетінің қауымдастығы өздерінде қалыптасқан дәстүр бойынша, елімізде шығатын мерзімді баспасөздерді саралап, емделушілердің пікірін ескеріп, жалпы, халық арасында сауалнама жүргізу нәтижесінде Жасан Зекейұлын осы марапатқа лайық деп тауыпты. Менің білуімше, Қазақ елінен тұңғыш рет Вена университетінің Құрметті профессоры атанған жалғыз дәрігер – Жасан. Ер азаматтың табысқа жетуіне табанды мінезі мен таңдаған жолы ерекше әсер етеді екен. Мысалы, Жасан – өзінің еліне оралғаннан кейін әркімнің алдына барып қолын жайып жүрмей, я болмаса кейбір ағайындар секілді ананы айтып, мынаны айтып бір тобырға қосылмай, не болмаса жасықтық мінез танытып түңіліп, «қиын болды, бекер келген екенмін, Қытайға қайтсам ба екен» деген уайымға ешқандай ерік бермеген адам. Себебі оның бойында еліне, атамекеніне, халқына деген азаматтық сезімі, ыстық ықыласы, махаббаты ұшан-теңіз. Бұл текті атаның баласына ана сүтінен қанына сіңген ерекше қасиет болса керек. Менің және бір байқағаным, Жасан – қазақ тілінің тағдыры, болашағы туралы ойланып, ана тілінің абыройын асқақтатуға өз үлесін қосуды азаматтық борышы санаған жан. Ол – Қазақ елінен «алайын деп емес, берейін» деп келген азамат. Бұл – өте текті адамдардан шығатын ерекше қуат арнасы. «Еңбектің өнбегі бар» дейді атам қазақ. Сол қажырлы еңбегінің арқасында бұл күнде Жасан халықтың ұлына айналып отыр.

Ел үмітін ер ақтап жатса, ер атағын ел сақтайтыны ақиқат. Дегенмен Жасан Зекейұлының қолға алған абыройлы жұмысына Үкімет тарапынан қолдаулар болыңқырамай жатыр. Бірақ боламын деген жігіттің бетін қақпай, белін буатын ел емеспіз бе? Ертең-ақ Жасанның қалың халықты риза етерліктей үлкен орталық ашуына билік өз көмегін аямас. Өйткені алып Алматының аядай бір бұрышында ғана орын тепкен «Жас-Ай» орталығы санаулы жұртты ғана қабылдауға мүмкіндігі бар. Ал алыстан ат арытып келіп, бірнеше күн кезекте тұрып қалған жұрт қаншама?! Оны сол орталықта емделіп жүрген ел ағалары жақсы біледі. Енді сол азаматтар қол ұштарын созатын уақыт жетті. Бұл көмек Жасанның жеке басына соншалықты керек деп ойламаймын. Бірақ қалың жұртшылықтың көптен көкейінде жүрген мәселе екендігі ақиқат. Басы ауырып, балтыры сыздаған науқас қолайлы ортада қонымды ем қабылдағысы келеді. Оған шағын орталықтың мүмкіндігі аз. Сондықтан «Жас-Айға» қандай да бір көмек болып жатса, ол Жасанға емес, осы елдің сырқат адамдарына жасалынатын көмек деп қабылдауымыз қажет. Оның сауабы қаншалықты болатынын көзіқарақты жұрттың көңілі сезер.

Жасан – өзі де қолынан келгенінше халқынан жақсылығын аямайтын жомарт жан. Шын мәнінде, ер азамат отбасы, ошақ қасы болмай, үлкен жетістікке жетіп, еліне игілікті іс жасауы екіталай. Осы тұрғыдан келгенде Жасан – шекара аттап, өзін медет тұтып келген туыс-туғанына, ағайын жақындарына, ең бастысы, ел-жұртына қамқорлығын аямаған асыл текті, арда туған азамат. Мұны «тек өзім ғана болсам болды» дейтін пендешілік идеядан биік шынайы мәрттік деп түсіну керек. Оған қоса қазір меценаттық жұмыстармен айналысып жатыр. «Өмірді қорғау» қайырымдылық қорын құрып, соның аясында көптеген жұмыстар жасады. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі ақын қыз Эльмира Омарбекованың кітабының шығуына ұйытқы болып, Алматыдағы Ғалымдар үйінде «Қара жолға да қарыздар болмаған қыз» атты шығармашылық кешін өткізді. Қазір Эльмираның екінші кітабының шығуына да жәрдемдесіп жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері Отанымызға оралған қандастарымыз жайлы, олардың елге оралғаннан кейінгі күнкөрісі мен тіршілігі жайлы нақты деректерге құрылған шынайы шығармаларды іріктеу мақсатында былтыр күзде «Нұрлы көш» деген айдармен қаламгерлер арасында байқау да жариялады. Сол байқауда жүлде алған шығармаларды Жазушылар одағының 75 жылдығына тұспа-тұс Әдебиетшілер үйінде «Жыр жүректің жылуы» дейтін кеш өткізіп, белсенді авторларды марапаттады. Оның жан жомарттығының тағы бір белгісі – емделуге ақшасы жоқ, әлеуметтік қиыншылығы бар адамдарға тегін көмек жасағандығы. Жалпы, Жасанның қаражат жағынан асып кеткен еш жері жоқ. Жұмысын жаңа бастап жатыр. Соған қарамастан ол былтыр бір жылдың өзінде бес мың адамға тегін ем көрсетіп, ел-жұрттың шексіз алғысына ие болды.

Жасан Зекейұлының ершімді еңбектерінің тағы бір көрінісі – былтыр жарық көрген «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медициналық журналы. Ол туралы Жасан республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мына көрші Қытайда қазақ тілінде медициналық сауат беретін мерзімді баспасөздер шаш-етектен. Ал біздің Қазақ елінде қазақтілді медициналық басылымдар жоқтың қасы. Жалпы, экология бұзылып, ел денсаулығы нашарлаған қазіргі заманда халықтың медициналық сауатын арттыру жағы басты назарда болғаны жөн. Өйткені мемлекеттің гүлденіп-көркеюі, ең алдымен, сол ел азаматтарының денсаулығымен өлшенеді. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» деп көшеге сан жерден жазып қойғанымызбен, ұлтымызға қайткенде дені сау ұрпақ тәрбиелеуді, қайткенде денсаулығын жақсартуға болатынын үйретпесек, қалай болашағымыз нұрлы болмақ? Осы мақсат үдесінен шығу үшін биылғы экономикалық қыспаққа қарамастан журнал шығаруды қолға алдым. Құдайға шүкір, журнал оқырмандары хат жазып, хабарласып, сұрақтарын қойып, бізбен тығыз байланыс орнатты. Мұның өзі халықтың салауатты өмір салтына бір қадам жақындағанының куәсі», – деп ағынан жарылыпты. Иә, еліне қажетті дүниені уақытында жасаудан артық ер азаматта қандай бақыт болсын?!

Осындай оңды жұмыстар Жасанды қоғам қайраткеріне айналдырды. Ол елдің, жердің тағдырына қатысты мәселелерде шетте тұрып алып, тасада сөз айтпай, қалың жұртшылықтың алдында ашық пікір білдіріп, азаматтығын танытты. «Атың шықпаса жер өрте» деп кейбір азаматтардың шулатып жататыны бар. Бірақ Жасан ондай жолға түскен жоқ. Жақсы істерді жария етіп, нұрлы болашаққа сенім білдірді. Ол аталы сөзді тыңдап, абыройлы іс жасайтынын дәлелдеді. Яғни мына қоғамға не керектігін дұрыс бағамдап, ақылды, зерек адамның үлгісін көрсетті. Мен Жасанмен танысып, аға-бауыр болғаннан бері оның бойындағы көп дәрігерлер ойлана бермейтін қасиетті аңғардым. Жасан өз жұмысын шама-шарқынша көрсете біледі. Нарық заманының басты талабы да сол – жасаған жұмысыңды халыққа жеткізу. Олай істемесең іргелі іс жасадым дегеніңмен, ол тауарға айналмайды. Нарықтың екі заңы бар: кәсіби біліктілік және іскерлік. Мысалы, Жасанның бойындағы кәсіби біліктілікке ешкім күмән келтірмесе керек. Ол – өз ісінің маманы. Қытайдан алған атақ-марапаттарын енді, міне, Вена университеті де құптап отыр. Бұл да кәсібиліктің дәлелденуі. Ал іскерлікке келсек, «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін қағиданы ұстанған Жасан ол жағынан да кенде емес. Сондықтан да осындай орталық ашып, журнал шығарып, қызметкерлерді басқарып, алдына келген ел азматтарын қадірлеп, өзінің жан жомарттығын көрсетіп отыр. Жалпы, жаны жомарт адамның жолы үнемі ашық болады. Қазақ айтады: «Жапалақ басып жейді, сұңқар шашып жейді» деп. Жасан – сұңқар секілді шашып жейтін азамат.

Жасанның айрандай ұйыған тамаша отбасы бар. Төрт баланың анасы болып отырған Гүлия келініміз – ғылым кандидаты. Шеттерінен ақылды болып өсіп келе жатқан Ұлпан, Ақмарал, Баян, Нұрсұлтандардың болашағынан өз басым үлкен үміт күтемін. Кіші ұлға халықтың қалаулысы, асыл қасиетті Елбасының есімі тегін қойылмаса керек. Жүрекжарды ақ тілек деген осы… Жасанның алдында әлі талай асулар бар. Сол жолда ол талай жақсы азаматтармен, әртүрлі пиғылдағы адамдармен жолығады. Жалпы, менің ұғымымда, дүниеде жаман адам болмайды. Надан адам болады. Алла Тағала жер бетіне жаман адам жібермейді. Ясауи айтады: «Надандық – емі жоқ дерт» деп. Меніңше, надандықтан да айығуға болады. Өйткені Хакім Абай: «Наданды менсінбеуші ем, бірақ сол надандықтан өзіміз адамыз ба?» деген ойды бекер айтпаған. Пенде болған соң әрқайсымыздың бойымыздан кемшілік көрініп қалуы мүмкін. Менің айтпақшы болғаным – Жасан ендігі өмір жолында да жақсылардан үйренуін тоқтатпай, өмірдің кездесетін қиын-қыстауына ықпай, жаңа биікке көтеріле берсе, нұр үстіне нұр. Қазақтың ұғымында «бірінші байлық – денсаулық». Демек, Алла Тағала адамдарды қара жерге керемет бай қылып жіберді. Сондықтан сол бар дүниеміздің бағасын білейік. Ал қиюы көп өмірден жандарына дерт түсіріп алғандар болса, Жасаннан ем тапсын! Жасан сияқты жандар көбейе берсін! Жасан бауырыма ұзақ ғұмыр, қызметіне табыс, ақ ниетпен істеп жатқан жұмысы өзінің алдынан жарқырап шығар күн сияқты шуақты болсын деп тілеймін.

Хабарласу