+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

18.08.2017 Eуропа сапары: Алматыдан Люцернге дейін...

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

(Еңбегі бардың өнбегі бар)

сұхбат

Құрметті ағайын, бүгін біз «Шалқар» радиосынан қазақ халқына сүйіншілі хабарды жеткізгелі отырмыз. Бағдарлама қонағы Жасан Зекейұлы жақында ғана ОКСФОРД АКАДЕМИЯЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ және МЕДИЦИНА САЛАСЫ БОЙЫНША ЕУРОПАЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АССОЦИАЦИЯНЫҢ ДОКТОРЫ ӘРІ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ атағына ие болды.

Жасан Зекейұлы, біз әрдайым өзіңіз басқарып отырған «Жас-Ай» медициналық орталығында болып жатқан жаңалықтарды алдымен бөлісіп, өзіңізбен сұхбат құрып отырамыз. Алайда бүгін қазақ халқына жеткізер сүйіншілі жаңалығыңыз ерекше сияқты. Бұл да болса бейнеттің зейнеті шығар...

– Дұрыс айтасыздар. Халқымыз «еңбегі бардың өнбегі бар» деп жатады

ғой. «Білегі жуан бірді, білімі мол мыңды» жығады демекші алғаш орталығыма сонау кәрі құрлықтан осы атақты алу туралы хабар келіп түскенде осы сезімде болдым. Қазақтың қарапайым қара баласына кілең ғылым мен білімнің қазанын қайнатып, сорпасын ішіп отырған Еуропа елдерінің ғалымдары ұсыныс айтқанда төбең көкке жеткендей болады екенсің.

 Қазір жаһандану үрдісі тым тез етек алып келеді. Кез келген қазақ баласы осы дауылға өз ұлтының қадір-қасиетін білу арқылы, сол үлт мүддесі үшін атқарған ғылыми істері мен жетістіктері арқылы қарсы тұра алғанда ғана жұтылып кетпейді деп білем. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің қатарына енеміз.

– Бұл ғылыми атақты Азияда алып отырған жалғыз адам сіз екенсіз. Жалпы олардың сізге назары қалай ауды?

– Бұл бір тамыр-таныс арқылы, болмаса өзге де төте жолдар іздеу арқылы қолға келе салған жеңіл-желпі атақ емес. Бұлай болуы мүмкін де емес. Жалпы, қандай халықаралық атаққа қол жеткізсеңіз де оның бәрі өз ұлтыңыздың ықыласты батасынан аспайды. Жаныңыз сүйіп атқарып жүрген кәсібіңізді одан ары дамытып, тіпті  кең көлемде өз халқыңызға қызмет ете алсаңыз да, қарапайым қара шал мен  ақ жаулықты әжелердің қол жайып берген батасы кез келген ғылыми атақтан жоғары екенін сезінесіз.

Алматыдан Швейцарияға ұшу үшін орта жолда Мәскеуде 8 сағат аялдадым. Сол кезде осы ойлар көкейге келді. Бұл жағдай тіпті де мол жауапкершілік пен еңбекті талап ететінін білдім.

Мен біздегі БАҚ саласының басшыларына алғыс айтқым келеді. Осы шара басталып жатқан кезде Швейцарияға барып «Хабар 24» арнасының тілшілері репортаж жасады. Елге келгесін әлі күнге дейін өзге де газет-журнал, радиоларда сұхбат беріп келемін.

Жалпы, бұл ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтің жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасы, сосын қазақ халқының ақ батасының нәтижесі деп білем. Өзіңіз білесіз батыс елдері Орта Азия төңірегінде болып жатқан жаңалықтарды жиі бақылап отырады ғой. «Жас-Ай» орталығы өз қызметі туралы халыққа үнемі есеп беріп отырады. Бұл үшін арнаулы сайт жұмыс жасап тұр, сосын «Жас-Ай» медициналық ақпараттық-ғылыми журналы екі ай сайын жарық көреді. Солардың барлығына бізде қанша адам емделді, оның ішінде қаншама адамдарға тегін ем жасалды, қарттарға, ардагерлерге, студенттерге, діни қызметкерлерге жеңілдіктер беретіндігіміз барлығы да дер кезінде жарияланып отырады. Соның нәтижесінде осы марапатқа лайықты болып саналдық. 

– Бұл сапарыңызда тек атақ алып ғана қоймай, әлемдік деңгейдегі білікті ғалымдармен ой бөлісіп, пікір алмасып қайтқан шығарсыз?

– Әрине, конференция екі күн бойы жалғасты. Көптеген ойлар ортаға салынды, жоспарлар айтылды, нәтижелі қорытындылар да жасалды. Атырау өңірінен шығатын «Мұнайлы Астана» атты газет осы сапарым жайлы сүйіншілі хабар жазыпты. Сол газеттің бас бетінде конференция тақырыбы мен ондағы көтерілген ойлар төңірегінде толық жазған екен. Мен радиодан қысқаша болса да айта кетейін...

2016 жылы "Жас-Ай" Шығыс-Тибет медицина орталығына Халық­аралық Европалық медициналық қауым­дастығының бірлескен бірлестігі жанынан ОКСФОРД, ЕМА ұйымдарымен қатар басқа да ұйымдардың қатысуымен "ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҮЗДІК КЛИНИКА ОРТАЛЫҒЫ" деген баға берілген болатын. Бұл № 022 сертификатымен екі медалі құжатымен қоса арнаулы түрде маған табысталды. Жоғарыда өздеріңізге айтқандай бізде қазірге дейін 70 мың адам емделсе, соның 80-90 пайызы ауруынан жазылыпты. Неше жүздеген отбасы бала сүю бақытына бөленді, ДЦП дертінен сауыққан балалардың саны да көп. Осы материалдарды біз арнаулы Халықаралық Европалық медициналық қауымдастығының сұруы бойынша жіберген болатынбыз. Олар 3 жыл көлемінде зерттеп, зерделеп осы атақты «Жас-Ай» медицина орталығына берсе, биыл оның басшысы маған «Үздік профессор» атағын беруді шешіпті.

Конференцияға әлемнің 45 елінен 300-ге жуық адам қатысты. Алғашқы күні түске дейін ХХІ ғасырда туындап отырған кейбір өзекті мәселелер төңірегінде баяндамалар оқылды. Мен әлемді алаңдатып отырған кейбір дерттердің жасарып келе жатқаны туралы баяндама жасадым. Оның ішінде қазір ересектермен қоса, балаларда да жиі кездесе бастаған нервтік аурулар, химиялық жолмен қатырылған тағамдар әсерінен болатын ақыл-ес  дамуының баяулауы сияқты көптеген ойлар ортаға тасталды. Өзіміз соңғы кездері айналысып жатқан «Адамды жасартуға бола ма?» дейтін тақырып бойынша, алып барған «Жасарту тұнбасының» және «Магниттік сағаттың» таныстырылымын жасадым.

– Еуропа медицина қауымдас­тығының президенті Винценсо Костиогланың баяндамасында сіз қозғаған тақырыптарда қозғалды ма, әлде әлемдік медицина басқа нәрсеге зәру ма екен?

– Тайвань елінен келген бір доктордың шәкірті Нобель сыйлығын алған екен. Сол жігіт бар, сіз айтып отырған Винценсо Костиогла бар бірнеше адам бір үстелде болдық. Тайвандық жігітпен қытай тілі арқылы Винценсо Костиогламен аз-кем әңгімеде болдым. Сосын «Хабар 24» арнасынан барған Жанат қарындасым да ағылшын тіліне жетік екен, сол арқылы да жақсы әңгімелестік.

Нобель сыйлығының екі иегері және Винценсо Костиогла уақыт шығарып маған тамыр ұстатты. Менің тамыр ұстау арқылы қойған диагнозым өздерінің компьютеріндегі диагнозбен бірдей шыққанда таңқалмасқа шаралары қалмады. Шығыс емінің тарихы батыстан әлдеқайда ұзақ екенін, әлемге машһүр Ибн Сина мен Әл-Фарабидей ғалымдардың ұрпағы екенімізді танып, біліп мойындап отыр. Алдағы жылдарда экономикалық даму жолына түскен Қазақстанға барлық мүмкіндіктерді қарастырып, инвестиция салатындықтарын жоспарлап қойды. Сосын барынша табиғи, таза дәрілерді жасауды Қазақстанмен бірлесіп іске асыру ойлары барын айтты.

Олар бізден 5 мыңға жуық дцп-дан жазылған баланы, тегін емделген 15 мың адамды, 4 мың адамның инсульттан тұрып кетуі, 1-2,5 см-ге дейінгі бел омыртқа жарығы бар адамдарды операциясыз орнына қойып беру, адамдарды жасартуға мүмкіндік беретін магниттік қол сағат қатарлы жетістіктерімізді сенсация ретінде қабылдап отыр. Бұл тек «Жас-Айдың» ғана медицинадағы жетістігі емес, әлемдік медицинаның ортақ нәтижесі, жаңалығы деп қаралды.

Алдағы уақытта көп ұзамай Еуропа ғалымдарының үлкен дайындықпен Қазақстанға келуі орын алары сөзсіз. Қазір медицинада телекөпір деген ұғым пайда болды. Соған мені қатыстыруға ұсыныс айтты. Яғни алыс жерден медициналық орталыққа жете алмайтын, жетіп болғанша өміріне қауіп төнуі мүмкін науқастарға, оған тік ұшақ та, өзге көлік құралдары да жетуге мүмкіндігі аз орындарға телефонның видеокамерасын қосу арқылы науқастың жағдайына қарап диагноз қойып беру, қандай ем қабылдауға кеңес айту. Бұл уақыт жағынан ұтымды әрі науқастың өмірін қауіптен құтқарып қалуға, қарапайым халық тегін диагноз қоюға мүмкіндік алады.

– Сіздер барған кезде біраз халық­аралық медициналық орталық­тардың ашылуына қатыстыңыздар, араладыңыздар. Өз елімізбен салыс­тырғанда қандай өзгешеліктер байқадыңыз?

– Ол жерде Гонконг, Дубай және батыс елдерінің бірнеше ірі  медициналық орталықтарының басшысы болды. Олардың сөзіне қарағанда Батыс медицинасы бірізділіктен жалыққан сыңайлы. Яғни барлығы компьютермен атқарылады. Адамның таза ақыл-ойы мен өмірлік тәжірбиесін негіз етіп, науқасқа тамыр арқылы, бетпе-бет отырып диагноз қоя алатын дәрігерлер жоқ. Тек компьютермен диагноз қою, сосын кесіп алып тастау, болмаса басқа мүше алмастыру т.б.

Бұл компьютер болмаған жерде көптеген дәрігерлер адам емдеуге, диагноз қоюға қауқарсыз деген сөз. Адамның табиғи ағзасын алып тастап орнына темірден болмаса басқа металдан салып беру қаншалықты тиімді? Шынын айтқанда ол темір алтын болса да бәрібір Жаратушы әуел баста өзіңізге аманатқа берген он екі мүшеңізге жетпейді. Сондықтан жиналыста көптеген ғалымдардың назары менің сөзіме ауды десем артық айтпаймын. Себебі менің емім – табиғи. Яғни, өліп қалған, болмаса зақымдалу арқылы қызметін тоқтатқан клеткаларды қайта жандандыру болмаса, өмірге қайта әкелу.

Осы барысты олар жапон аппараты арқылы бақылап отырды. Яғни ине қондырылған аймақтағы жасушалар инеге магниттік тітіркендіруді жалғағанда қайта тірілетіндігі анық көрінді. Бұл деген үлкен ғылыми жаңалық. Дерттенген ағзаны кесіп алып тастауға қарағанда бұл нағыз ем екен екенін өз көздерімен көріп мойындады. Бұл теорияны мен соңғы кезде шыққан екі медициналық кітабым «Бел омыртқа жарығы» мен «Акупунктураға» енгіздім. Бұл адамды жасартуға бола ма, деген сұраққа нақты жауап. Өмірлік тәжірибем негізінде туындаған ғылыми жаңалықтарымның бірі осы.

– Қазіргі медицина мен дәстүрлі медицинаның ортасында келе жатқан бітпейтін дау бар екенін білесіз. Халықаралық үлкен конферен­цияларға қатысып жүрсіз, әлемдік ғалымдармен пікір алмасасыз. Осы даудың соңына нүкте қояр кез бола ма?

– Негізі бәріміздің илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы. Медицина жалпыға ортақ ұғым. Оны «сенікі, менікі» деп бөлудің қажеті шамалы. Әр халық өзінің жасап жатқан ортасына қарай, салт-дәстүрі негізінде адам емдеуде өңірлік өзгешеліктер болады. Сол ұғым бүгінгі Батыс емі мен біз қолданып жүрген шығыс емі. Бірақ екі медицинаның да мақсаты бір. Ол – адам өмірін ажалдан арашалау. Бірақ әр халық өзінің ұзақ тарих бойы тәжірибесінен өткен емдік жүйесінен ажырамағаны жөн.

– Қазір Шығыс медицинасына батыс ғалымдарының жіті назар аударып отырғанының себебі неде деп ойлайсыз?

– Еуропаның ерекшелігі қазір әлемнің қай елінде медицина саласында қандай жетістік болып жатыр, бұл дәстүрлі медицинаның үздік нәтижесі ме, әлде жаңадан өмірге келген тың дүние ме, барлығын назардан тыс қалдырмайды екен. Жапон елінен, Америкадан, Африкадан да медицина саласының майталмандары келді. Түптеп келгенде көбі Батыс медицинасының қалыптасып қалған емдік тәсілін жетік білетіндер. Ал біздікі бұлардан бөлек өзгеше тәсіл.

Мен орталығыма қазақтың төрт кемшілігін іліп қойдым: «күншілдік», «жалқаулық», «рушылдық», «намыс­сыздық». Осы сияқты кем­шіліктерімізден арылғанда біз тіпті де дамып, әлемнің алдыңғы қатарынан көрінер едік. Конференцияда менің ғылыми еңбегіме баға берген ғалымдар «Сіздің мына ғылыми еңбектеріңі тіпті де мол зерттеу мен дәріптеуді қажет еді екен, өз еліңізде толық нәсихатталмапсыз» дегенді неше қайтара есіме салып отырды. Солар айтпақшы бәріміз біріміз үшін, біріміз мыңымыз үшін қызмет атқаратын жағдайға жетейік.

– Өзіңіз айтып отырсыз. Батыс ғалымдары көп қолдау көрсетіп отыр деп. Енді олар өздеріне қалуға, қызмет атқаруға ұсыныс айтқан жоқ па?

– Сөздің шынын айтсақ, бұл ұсыныс бар. Он жыл бойы ұсыныс берген тарап өз ойларынан қайтқан жоқ. Осы он жылы ішінде Халықаралық «Сократ» атындағы орденді берді, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры» атағын берді, «Жас-Ай» медициналық орталығын әлемдік үздік клиника деп таныды, міне тағы шақырды. Олар өздері назарына алған адамды үнемі бақылауда ұстап отырады. Түбі көздеген биіктерінен көргісі келеді. Ол үшін біздің мемлекеттен рұқсат сұрап, жолдама арқылы қабылдауды қажет етпейді. Тіпті Нобель сыйлығының тағайындалу тәртібі де солай. Жалпы халықтық көзқарасты негіз етеді. Бұлардың ұстанып отырғаны да осы принцип.

Сондықтан саясатқа, мемлекетке бағынбайтын үлкен ұйымдар, қорлар бізге де керек. Мен тек ғылыми атақтарды бағалау, анализ жасау жағын айтып отырмын. Ұсыныс айтушыларға көбіне «Маған ешқандай атақ та, орден де керек емес. Маған өз халқымның қолдауы мен ақ батасы керек» деп жауап қайтарып келемін.

Атажұртқа келіп елі үшін қызмет етіп жүрген санаулы азаматтардың бірісіз. Елге қызмет етсем деген арманыңыз орындалды ма?

– Бұл ізденісі, еңбегі бар адамға армандар орындалатын заман ғой. Ал мен үшін әлі мақсаттар көп. Арманым орындалды деп ойласам, ғылыми ізденістерімді баяғыда-ақ тоқтатқан болар едім. Өмірдің әр сәті – күрес. Толқындарға кемеңді қарсы қойып, желкеніңді кең жайып үздіксіз алға тарту кез келген пенденің міндеті болса керек.

Елбасымыз аман болсын, барлық құрмет сол кісіге, еңбегіміз халқымызға болсын!

 

Талант Арынғали,

Мұхтар Тұртайұлы

 

Хабарласу