+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

28.06.2017 ТӨРТ ҚҰБЫЛАҢДЫ ТҮГЕНДЕ, ҚАЗАҚ!

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

    

 

 Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол - бір уыс топырағына дейін

қасиетті біздің Ұлы дала - Қазақ еліміз!

Нұрсұлтан Назарбаев

 

        Біз- Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен жаңашыл жолға түскен елміз.

         Биылғы Елордада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы соның айғағы іспетті. Құрылтай бағдарламасының негізі - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.

        Президент:«Рухани жаңғыру деген – бүкіл қазақтың жаңғыруы, бірлік деген – барша қазақтың бірлігі. Осы – негізгі мәселе. Біздің қол жеткен табысымыз – елдің ішіндегі тыныштық пен бірліктің арқасы» деген болатын.

        1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Құрылтай әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұхбат алаңы болып табылады. Мұндай құрылтай өткізу о баста Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Тарихқа зер салсақ, ежелден-ақ  біздің бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста немесе мемлекет жаңа бір белеске қадам басар шағында құрылтай шақырып, кеңес құрған.

      1992 жылы шаңырақ көтерген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының да содан бергі Төралқа Төрағасы – Елбасы. Осыған байланысты әлем қазақтарының құрылтайы Елбасының тікелей келісімімен өткізіледі.

       Биыл бас қалада жалауы үшінші мәрте көтерілген Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтті. Бұған дейінгі өткен  әр құрылтайдың өз ерекшелігі болды. Мәселен, бірінші құрылтай тәуелсіздік туын жаңа көтерген Алматыда ұйымдастырылды. Екінші құрылтай қасиетті Түркістан қаласында өтті. Үшінші, төртінші құрылтайлар елордамыз – Астана қаласында болды. Бұл құрылтайлардың бәріне де Елбасы арнайы қатысып, әлемдегі барлық қазақ халқына ортақ мақсат-міндеттер туралы ой бөлісіп, жүзеге асырылатын мәселелерді нақты белгілеп берді.

        ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы қандас бауырларымыз Атажұртының бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп әдейі ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде өткізіліп отырғанын айтты.

       «Жат елде дүниеге келсе де, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтардың біз үшін орны бөлек», – деген Елбасының пәрменімен қандастарымызды қолдау үшін «Отандастар» қоры құрылады. «Өздеріңіз білесіздер, 25 жылдың ішінде экономиканың өркендеп өсуіне байланысты, жүргізіліп отырған саясатқа байланысты біздің көп азаматымыз белгілі, бай адамдар болды, жұмыс істеп жатыр. Енді біз бай ел жасаймыз деп ұмтылып жатырмыз. Сондықтан мен бүгін солардың барлығына, Қазақстанда тұратын қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларды, шешендерді, барлығын үйімізге әкеп тығып тастағанда, құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзіміздің әр қазаққа неге солай жасамаймыз?! Қаны қазақ сол бизнесмендерге осы қорға әрқайсысы өз үлесін қосуға шақырамын» деді Президент.

      Құрылтайдың ең маңызды шарасы 23 маусым күні өтті. Құрылтай делегаттары бұл күні таңертең «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін құрылтай салтанатты түрде ашылды. Салтанатқа Елбасы қатысып, сөз сөйледі.

        Осы күннің екінші жартысында құрылтайға қатысушылар «ЭКСПО – 2017» көрмесін аралап, тамашалады.

       Сол күні мен кешкі сағат 19.15-те «Хабар-24» каналының тікелей эфиріндегі сұхбатқа арнайы шақырылып, аталмыш құрылтай жөнінде өзімнің қорытынды- сараптамалық пікірімді білдірген болатынмын.

 

Жүргізуші: (Аслан Қаженов)

Бүгінгі күннің басты жаңалықтарының бірі Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының V-ші құрылтайы болды. Дүниенің төрт бұрышынан жиналған қандастарымыз қажетті жобаларды талқылады, әртүрлі бастамалар көтерді және ең өзекті деген мәселелердің шешімін іздеді. Бүгінгі тікелей эфирде осы шараның басы-қасында жүрген медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жасан Зекейұлы.

 

  • Жасан Зекейұлы, биыл әлем қазақтары қазақ даласында

бесінші рет бас қосып отыр. Сіздіңше биылғы құрылтайдың ерекшелігі қандай?

  • Тәуелсіздік сарайында өткен биылғы әлем қазақтарының бесінші

бас қосуы өте жоғары деңгейде өтті.  Бұл алқалы жиынға алты құрлыққа жайылып кеткен 800 делегат пен қонақ қатысты, оның 350-і алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Бұл - ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.

       Қазір 5 миллион қазақ шетелдерде тұрып жатыр. Бүгінге дейін 1 миллион қандасымыз елге оралған. Арасында спортшы, әнші, ғалымдар бар. Олар демографиялық жағдайға үлкен үлес қосты. Қазақстанда 1-шілдеде халық саны 18 миллион болады деді Елбасы. Соның 70 пайызы қазақтар. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарын да ауыстырды. Бұл қызметті 13 жыл атқарған Талғат Мамашевтың орнына Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды. 

       Құрылтайда айтылған ұсыныстар да, шешімін тапқан мәселелер де көп болды. Соның бірі- көші-қон мәселесін жандандыру әрі көшіп келген қандастарымызға көмек көрсету мақсатында «Отандастар» қоры құрылды. Президентіміз аталмыш Қор жұмысына еліміздің іші-сыртына танымал байлар мен кәсіпкерлерді жұмылдыруға байланысты бірқатар тапсырмалар  берді:   

      «Әлемнің 40-тан астам еліне шашырап кеткен қазақтар бір тілде сөйлегенімен әртүрлі ұлттың жазуын пайдаланатындығы, соның салдарынан бір-бірімізді түсіну қиын екендігі ескеріліп, латын әліпбиіне көшу процесін жеделдету туралы және оны 2025 жылға дейін созудың қажеті жоқтығы, сондай-ақ, гуманитарлық бағыттағы ең үздік  100 оқулықты қазақ тілінде шығару керектігі де айтылды. Яғни, қандастарымыз қай елде тұрса да ең таңдаулы 100 оқулық арқылы ана тілінде сусындай алады деген сөз.

      Президент: «Өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қауымдастыққа, Үкіметке әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын дайындауды тапсырамын», деді.

       Елбасы білім мен ғылымды да назардан тыс қалдырған жоқ. Президент Үкіметке қандастарымызға білім саласында бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырды және қойы қоралас ауылы аралас көрші елдерде қазақ телеарналарының көрсетілуі қажеттігі айтылды.

       Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы өзекті мәселелерге орай, соған өз үлесімізді қосу мақсатында қазақ тілінде екі оқулық құрастырған болатынмын. Бұл Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жақында жарық көреді. Сол еңбектің бірі «Бел омыртқа жарығы» екіншісі «Акупунктура». Өздеріңіз білесіздер, қазақ тіліндегі медициналық басылымдар, соның ішінде шығыс емін негіз еткен оқулықтар біздегі жоғары оқу орындарында жетіспейді. Тіпті, жоқ десек те болады. Осы жағдайды ескеріп мен ұзақ жылдар жинақтаған тәжірибем негізінде, қолда бар материалдарды қайта қарап, осы еңбектерді құрастырдым. Біз жаңа жоғарыда айттық, латын әлібиіне көшуді жетелдету туралы. Бұл мәселедеде алдымен халық дайын болу керек, еліміздің зиялы қауымы алдымен осы іске білек сыбана кірісіп, бастамашы болғаны жөн. Сол себепті жақында шыққан «Тау тұлға» атты кітабымды үш тілде бастырдым. Латын әліпбиімен, кирлициа қазіргі қолданып жүрген, сосын орыс тілі. Сосын мен ұзақ жылдар халыққа Елбасымыздың «Салауатты өмір салтын ұстану» бағдарламасын нәсихаттап келем. Осы бағдарламаның өзекті ойы – халықтың денсаулығы. Сол үшін, ұлтымызға ауырмаудың жолын көрсету мақсатында «Жас-Ай» медициналық ғылыми-ақпараттық журналы 10 жылға жуық уақыт бойы тікелей менің қолдауыммен жарық көріп келеді. Енді осы журналдың біраз беттерін Елбасымыздың әлем қазақтарының v құрылтайында айтқан тапсырмасына сәйкес латын әліпбиіне көшіруді көздеп отырмын.

            Жалпы, ата жұртқа келген әрбір қазақ елінен не алам емес, не берем деп келетіні анық. Әркім өз кәсібінің төңірегінде отанына өлшеусіз үлес қоса алады деп ойлаймын. Малшы малын өсірсе, егінші егінін баптаса, ғалымдарымыз отандық ғылымның дамуына атсалысса бұдан асқан ұлес жоқ. Алыстан келген әрбір ағайын есебінен демографиямыз да өседі. Бұл –  ең үлкен ұлттық мәселе. Өз басым Қазақстанға алғаш келген күннен бастап, халыққа қалтқысыз қызмет еттім. Қалалық №12 емханада қызмет атқардым, арасында орыс тілінің курстарынан өтіп, ғылыми диссертациямды қорғадым. Кейін «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық мекемесінің негізін қаладым. Қазір бұл орталық Алматы мен Астанада қатар жұмыс істеп тұр. Қазір соның арқасында 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтыдым. Олардың 80 пайыздан астамы жергілікті қазақтар.

            Құрылтайдың үшінші күні күні таңертең шетелден келген құрылтай делегаттары бес топқа бөлініп, түрлі дөңгелек үстелдерге, яғни, секциялық мәжілістерге қатысты. Басқосуда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасауының ең өзекті мәселелері талқыланды. Алла қаласа ертең құрылтайдың бесінші секциясы денсаулық тақырыбына, яғни медициналық туризмге бағытталмақ. Бесінші секция- «Қазақстандағы денсаулық сақтау мәселелері және шетел қазақтары» деп аталады. Бұл мәжілісте атажұртқа жаңадан қоныс аударған оралмандарға денсаулық сақтау жөнінен нақты қандай көмек жасалатыны сөз болады. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп емделіп қайтуы, яғни, медициналық туризм мәселесі де айтылады. (Талқылауды Денсаулық сақтау министрлігі өткізеді).

       Әр дөңгелек үстелдегі көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар хаттама ретінде бір жүйеге түсіріледі. Міне, осы хаттамаларға сәйкес алдағы уақытта Қазақстан Үкіметінің шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі арнайы бағдарламасы, не тұжырымдасы жасалынатын болады. Осы жиында мен арнаулы баяндама жасаймын. Бұл жиынға алыс-жақын шетелден келген  және өзімізден 60 ғалым-дәрігер шақырылып отыр.  Біз әуелі бір Алланың қолдауымен, сосын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтің сарабдал саясатының арқасында төрт құбыламыз түгел, төрткүл дүние көз тіккен Қазақ еліне айналдық.

            – Көші-қон мәселесінде күрмеуік көп түйіндер жетерлік. Осы мәселелерді реттеуде біздің заңнамалық негізіміз қалай?

  • Өзіңіз білесіз, көші-қон мәселесі төңірегінде заңдарға бірнеше рет

өзгертулер мен толықтырулар жасалды. Соның арқасында ата жұртқа ағылған көш легі әлі толастаған жоқ. Ішінара кейбір кішігірім мәселелер болмаса жалпы, үлен жақтан барлығы да бір арнаға түсті. Шеттен келіп кәсіпкерлікпен айналысам десеңіз де, жоғары білім аламын десеңіз де барлық жағдай жасалған. Президентіміздің саясатының арқасында қазір елімізде шетелден келіп кәсіп көзін ашып жатқан мыңдаған азаматтарды көресіз. Олардың әрбірі аз болса 10 шақты, көбі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 

        -Жаңа медициналық туризм туралы айттыңыз. Мүмкін болса,

осы мәселе төңірегінде ойларыңызбен бөліссеңіз?

       -«Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Президент  Н.Назарбаев: «Қазақстан медициналық туризм бойынша жетекші еуразиялық орталыққа айналуы тиіс!» деген еді

      Өйткені, медициналық туризм-  экономикалық табыс көздерінің бірі болып табылады. Көптеген елдер медициналық туризм саласына елге адам тарту, сол арқылы елдің экономикасына оң ықпал ету көзі ретінде қарайды. Израил, тіпті Үндістанда медициналық туризмге жақсы көзқарас қалыптасқан. Олар өздерінің медицинасын өзге елдерге үнемі жарнамалап отырады. Сол арқылы елдеріне жыл сайын қыруар қаржы да тартады. Мұндай жұмыстарды біз де қолға алып, өз қаржымызға 2008 жылдан бері «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналын шығарып келеміз. Бұл да біздің тарапымыздан  Қазақстандағы «шығыс медицинасын» жарнамалаудың тиімді бір жүйесін қалыптастыру бағытында жасалынып жатқан қадамдардың бірі.

       Жалпы, медициналық туризм  дегеніміз– бұл азамат­тардың сапалы және қолжетімді ме­дициналық көмек іздеу мақсатында шетелге шығуы.

       Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы туризм мен денсаулық сақтау бағыты әлемнің анықтаушы салаларының бірі болмақ көрінеді. Себебі, әлем халқының қартаюына бай­ланысты медициналық және сауық­тыру туризмі одан әрі дами түспек екен. Ол үшін 4 қағида негізге алы­нып отыр:

1) Өзге елде емделу мен диагностика жасатудың арзан болуы;

2) Емханалардың заманауи медициналық технология­лармен қамтылуы;

3) Жоғары деңгейдегі медициналық көмек пен жақсы сервис;

4) Мезгілдік фактор.

        Енді, бұл мәселеге қатысты біздің елдегі  статистикалық мәліметтерге назар аударып көрейікші:

         2012-2013 жылдары  Медициналық туризм бойынша сапар шегушілер саны 750 мыңнан 3 миллион адам­­ға дейін өсіп, бұдан өзге елдер 1 миллиард доллар табыс тауыпты.

        2014 жылы Медициналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры Батырбек Әбділдиннің айтуынша, отандастарымыз шетелде емделу үшін 300 миллион евро жұмсапты.

         2015 жылы «Havard Medical International» ұйымы өткен жылы зерттей келе, «Қазақстандықтар шет мемлекеттерде емделу үшін жылына 200 миллион доллар қаражат жұмсайды» деген тұжырым жасапты.

         2016 жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша алматылықтардың  400 млн доллар көлемінде ақша шығарып шетелге барып   емделген.

        Бұл – сырт елге кеткен қаражат. Яғни, осынша ақша жыл сайын өзге елдің медицина саласына барып құйылады екен. Отандастарымыздың шетелдерде ем алу үшін жұмсаған бұл қыруар қаржысы туралы мәліметтің ар жағында үлкен мемлекеттік мәселе жатқанын ұмытпауымыз керек.

        Қазақстандықтар емделіп әрі демалып қайту үшін- Түркия, Малайзия, Корея және Греция елдеріне жиі барады. Яғни, ем алу мен дем алу үшін шетелдіктердің біздің елімізге шашқан ақшасынан гөрі, отандастарымыздың шетелге жұмсаған қаржысы көп деген сөз. Бұл еліміздегі ішкі туризм мен медициналық туризм саласының дамымай отырғанының шынайы көрінісі емес пе? Солайша біздер өзіміздің емес, шетелдің қазынасын толтыруға үлес қосып жатыр­мыз. Егер, бұл бетімізбен кете берсек, өз еліміздің медицинасы, экономикасы не болады?!

       Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елімізден шетелге еміне шипа іздеп кететін жандардың қатары артып барады.    

        Ал шетелдерде бұл мәселе шешімін қалай табуда дегенге келсек, мәселен, өз азаматтарының қаржысын өз экономикасына құйдыру үшін әлемнің  50-ден астам елі, атап айтқанда: Гер­мания, Израиль, Түркия, Үндістан, Син­гапур, Таиланд  және т.б. өз экономи­касын дамыту мақсатында медициналық туризм ту­ралы  «Ұлттық бағдарлама» да қабылдаған?!

      Бұл елдер нау­қастарға жо­ғары сапалы ем көрсету үшін меди­циналық инфра­құ­рылымының дамуына, инновациялық технологиялар, озық құрал-жабдықтармен қамтылған клиникалардың құрылысына миллион­даған қаржы құяды екен. Бұл елдердің мамандары үнемі әлемнің мықты деген универ­ситеттерінде білімін жетілдіріп отырады. Сондай-ақ, шетелдіктерді емдейтін емханалардың дәрігерлері бірнеше тілді меңгерген. Өйткені, медициналық қызметкерлердің бірнеше тілді меңгеруі біраз елдерде міндетті жұмыстардың біріне кіреді екен.

         Осыған орай, бізде де  медициналық туризмді дамыту үшін  «Ұлттық бағдарлама»-ны  тез арада әрі шұғыл түрде дайындауымыз қажет.

        Қазақстанда медициналық туризм нарығы, негізінен, Астана мен Алматы­да, сондай-ақ, халық саны көп басқа да қалаларда дамып келеді.

        Сондықтан да біздер екі бірдей мегаполис қала- Алматы мен Астанада өз жұмыстарымызды бастап, сонымен қатар, «Жас-Ай» ақпараттық журналын шығару  арқылы Қазақстандағы шығыс медицинасына жарнама жасай отырып, сырттан науқастар тартуға күш салып жатырмыз.  Мұның бәрі де еліміздің экономикасына қыруар кіріс келтіріп қана қоймай, медициналық туризм саласының дамуына үлес қосу үшін атқарылып жатқан игі шаралар деп біліңіздер.

         Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында «Денсаулық» деген мемлекеттік бағдарламасы да қабылданды. 3 жылға арналған бағдарламаны жүзеге асыру үшін, 945 423 757 теңге қарастырылған. Бастысы, бөлінген ақша дұрыс жұмсалса игі!

         Бұл жөнінде Дариға Назарбаева: «Мемлекет медицина және денсаулық сақтауға өте көп қаржы салды. Сондықтан, көршілес аймақтар – Ресей мен Қытай тәрізді бүгінгі таңда бізде де медициналық қызмет сапасын көтерудің орасан зор мүмкіндіктері бар. Бізге медициналық көмектің қолжетімділігіне, сондай-ақ, медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдар көп түседі. Жалпылай айтқанда, көңіл толмаушылық деңгейі жоғары екені байқалады. Бұл қос тарап­қа – дәрігерлер мен азаматтарға да тән болып отыр. Есесіне, шетелдің медицинасына құмарлық артып тұр. Сіздер де жақсы білесіздер, шетелдерде медициналық қызметті пайдаланатындар саны артып барады», – деген еді.

        Мәселен, қазір елімізге еніп, кең қолданыс тауып келе жатқан емнің бірі –  шығыс медицинасы. Мұнда батыстық дәрі-дәрмектен гөрі әртүрлі сырқат түрлерін инемен, банкамен, шөптік дәрі­лермен емдеу қолда­ны­лады. Бүгінде дертіне дауа іздеп,  шығыс медицинасына  жүгінетін адамдардың қатары да аз емес. Мысалы, Зиядан қажы Қожалы­мовтың айтуынша, Азия мемлекетте­рінің 75 пайызы  шығыс медицинасына жүгінеді. Өйткені, шөптік дәрілермен, қойдың, суырдың майымен емдеу сияқты халқымыздың түрлі емі жетіп артылады. Шыққан сүйекті де сынықшылар сала алады. Ендеше, бізге неге шығыстық емді наси­хатта­масқа және сол арқылы елімізге шет елдің қаржысын кіргізбеске?

      Қазіргі уақытта Азия елдері арасынан медици­налық туризм бойынша Қытай, Сингапур елдері көш бастап тұр. Сингапурға туристерден келетін қаржы­лық пайда өте жоғары деңгейде. Ал, бұл елде емделу өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен, АҚШ пен Германиядағы медициналық қызметтен – 40, Ұлыбританиядан 60 пайызға арзан көрінеді. Сондай-ақ, Сингапурдағы клиникалар әлемдегі ең үздік емдеу мекемелерінің қатарында.

       Бірақ, біз де қатардан қалып жатқан жоқпыз.  2016 жылы "Жас-Ай" Шығыс-Тибет медицина орталығына Халықаралық Еуропалық медициналық қауымдастығының, ОКСФОРД (Англия), EMA- және басқа да ұйымдардың бірлесуімен "Халықаралық үздік клиника" деген  атақ берілді. (Оның №022 сертификаты және екі медалі куәлігімен қоса салтанатты  түрде тапсырылды).

            Аталмыш сертификат "Medical Practice" атты медициналық- практикалық үлгілер саласындағы сертификациялау орталығында тіркелген және оған арнаулы номер беріліп, базаға енгізілген. Міне, сол база бойынша "Жас-Ай" медицина орталығы- "Әлемдегі үздік медицина орталығы" деп танылып отыр.

            "Жас-Ай" медицина орталығы өз қызметін бастағаннан бері қарай 70 000 науқасты ауруынан айықтырды, 10 000-нан астам адамға тегін медициналық көмек көрсетті, 5000 отбасына бала сүю бақытын сыйлады. Бүгінгі күні «Жас-Ай» медициналық орталығы шағын және орта бизнес өкілі ретінде 150 қызметкерін жұмыспен қамтып отыр. Орталықтың ашылғанына биыл 13 жыл болды. 

            Орталығымыз осы жылдар аралығында нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Республикамыздың әр облыстарынан "Жас-Ай" медицина орталығының филиалдарын ашу туралы тұрғындар тарапынан көптеген ұсыныстар түсті. Соның ішінде, Ақмола облысының Астана қаласы мен сол өңірге жақын облыс тұрғындарының сұранысын ескере отырып, былтыр  2016 жылы  Астана қаласы, "Встреча" мөлтекауданы, күйші Дина көшесі 37/1 мекенжайынан өз филиалымызды аштық. Бұл филиалда 25 медицина қызметкері жұмыс жасауда.       

         Міне, осылайша біздер Қазақстандағы 14 облыстың ішіндегі ең ірі екі облыс- Алматы мен Ақмола облыстарын қамтамасыз етіп отырмыз. Тіпті, соның өзінде де, басқа облыстардан келетіндердің ұсыныстары толастамай жатыр. Ол түсінікті де. Өйткені, жүріп-тұруы онсыз да ауыр жарымжан, науқас жандар үшін, келесі бір облысқа бару  – аса қиын.

        Ендігі кезекте, қалған 12 облыста да медициналық орталықтар ашуды көздеп, қазіргі күні соның дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Мақсатымыз: барлық облыс аумағында шығыс медицинасы орталықтарын ашу арқылы шет елден емделушілерді тартып, Қазақстан экономикасын көтеруге сәл де болса, үлес қосу.

            Әрине, аузымызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Біздің орталыққа Түркиядан, Швецариядан, Австриядан, Ресейден, Қырғызстаннан, Өбекстаннан  және Шыңжаң өлкесінен де (Қытай) науқастар келіп, өз ем-домын алып, ауруынан құлан таза  айығып, отбасы ошақ қастарына аман-есен оралып жатыр. Біздің медициналық орталықтың жүргізген статистикасы бойынша, шығыс медицинасына деген сұраныс өткен жылдармен салыстырғанда екі- үш есеге артып отыр. Оны бізге келіп емделген науқастардың жоғарыдағы санынан байқаған боларсыздар деп ойлаймын.

         Орталықтың емдеу  тәжірибесінде науқастарды инемен сауықтырудың заманауи тың әдістері мен амалдары жиі қолданылады. Бұл әдістерді қолданудың өзіндік әдістемелері де (методологиясы) бар. Орталықтағы ине терапиясының озық тәсілдері Ресей, Қытай, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттердегі жетекші мамандардың  да қолдауына ие болды. Қазіргі таңда олармен диагностика және емдеу ісі бойынша әріптестік қарым-қатынас орнаттық. 

         Ал, бүгінгі күндері Қазақстандағы медициналық туризмді дамытуға бірден-бір септігін тигізетін ең тиімді жол ‒ ол медициналық орталықтағы сервисті жақсарту жұмыстары болып табылады. Біздің екі клиникамызда да, осы бағыттағы жұмыстар жүргізілу үстінде.

  • Құрылтайға жиналған қандастарымыздың арасында денсаулық

саласының мамандары болды ма?

  • Әрине бар. Бұл құрылтайдың тағы бір ерекшелігі жастар көп. 80

пайызға жуық жас мамандар қазақ даласына ат басыны тіреді. Өзіңіз көргендей әлемнің 7-8 тілінде сайрап тұрған жалынды жастар сөз бастады. «Елге ел қосылса құт» деген бар, сол жас буындарға біз бастамашымыз. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болса керек. Өйткені, оларға бұрын келген біздің тәжірибеміз, еңбек жолымыз үлген өнеге.  Елбасымыздың көреген саясатының арқасында әлем қазақтары осымен бесінші рет бас қосты. Әр бас қосуда талай күрделі мәселелер шешімін тауып, қордалы ойлар ортаға салынды. Нәтижесінде, елге жас мамандар, білікті кәсіпкерлер ат басын бұрды. Ендігі тілегіміз Елбасымыз аман, еліміз тыныш болсын, төрт құбылаңды түгенде, қазақ!

        Сонымен, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деп айтқанда,  барша Алаш жұрты Астанадағы дүниежүзі қазақтарының кезекті  V-ші құрылтайының биік деңгейде өткеніне куә болды. Енді, Президентіміз жүктеген аталмыш тапсырмалар жемісті болады деген сенімдемін!

        Жасан Зекейұлы

«Жас-Ай» медициналық орталығының директоры,

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик


       

 

 

         

  

 

 

Хабарласу