+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

29.11.2016 ҚОР БОЛМАЙДЫ ЖАҚСЫЛАРМЕН ЖАНАСҚАН...

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

ҚОР БОЛМАЙДЫ ЖАҚСЫЛАРМЕН ЖАНАСҚАН...

 

Үйіңді қонақ келетіндей,                                                                                                      

Ал жүрегіңді өлім келетіндей таза ұста!

(Халық даналығы

      ...Сары Арқаға сары ала күз келіп кетсе де, қара суықтың ызғарын  сезініп-ақ тұрмыз. Өз уақытынан сәл ертерек түсіп, әр жерден бір көрініп қалып жатқан алақанат қар сілемдері де алдағы болатын қатал қыстың хабаршысындай мен мұндалайды. Сонда да бүгінгі күннің жылылық тартар лебі көңілдерді  көтергісі келетіндей ерекше бір әсерге бөлеп тұр...

       Иә, табиғаттың ауа райы тәрізді өмір дегеннің де шуағы мен дауылы, қайғысы мен сауығы, жеңілі мен ауыры қатар алмасып жатады емес пе?. Оның  осы бір ауыспалы сәтіндегі мінездерімен күресіп жеңе білгендер де, жеңіліп, жетегінде кеткендер де баршылық. «Нағыз жігітте екі өнер болады: атқанда- жығады, айтқанда- ұғады!»  демекші, Жасан ағамыз болса, солардың алғашқысына қосылады.

        Әсілі байлыққа армандаумен, жастық шаққа боянумен, мықты денсаулыққа құр дәрі-дәрмекпен  жете алмайтынымызды баршамыз да білетін шығармыз. Тіпті, кез келген адамның сапалы білім алып, сапалы қызмет істеуі үшін де, міндетті түрде денсаулығы мықты болуы керек! (денсаулығы күшті адам- рухани да күшті адам). Міне, дәл осы ұлттың денсаулық сапасына әсер ететін мүмкіндігі өте жоғары мамандықты таңдап алып, адам өмірі үшін күрестің бел ортасында шып-пыр болып жүрген, сонымен қатар  Қазақстандағы Шығыс-Тибет медицинасының дамуына да қарлығаштың қанатымен су сепкендей еңбектеніп келе жатқан және оның тізгінің де нық ұстап отырған өз саласының аса білікті, көрнекті қайраткері Жәкеңнің (Жасан Зекейұлының) жұмыс бөлмесінің есігін қақпай кіріп келдім (өзімсінгенім болар). Ағамыз кең бөлменің ұзын үстеліне екі қолын тіреп, бірдемеге үңіліп-ақ қалған екен. Ол кісінің бар-ынта жігерімен алдына еңкейгені сонша, менің кіргенімді естімеді білем «Ассалаумұғалайкөөөм» деп едім, «Уағалайкуммәссалааам» деп мен жаққа оқыс бұрылды да, -ой, бауырым, мына сценариге беріліп кетіп, сенің келгеніңді сезбей де қалдым-ау, айыпқа бұйырма деп сыпайы ғана жымиды. Аман-саулықтан  соң, өзінің сұрақты төтесінен қоятын қашанғы дағдысына басып: «Келін қайда?» деді. Жәкең келіншегім- Сымбатты қызметке, мені осы шараға қатысуға арнайы шақырғаннан кейін, Семейден оны да ерте келген едім, екеуін жақсылап таныстырдым. Бұрыннан да мұраттас, мүдделес ағамыз бірден іске көшіп, қолымызға өте сапалы және мейлінше ұқыптылықпен жазылған сценариді  ұстатты да,  әрқайысымызға жеке-жеке тапсырмасын  беріп тастады. Сымбатқа БАҚ өкілдерін ертіп жүру бұйырса, маған құрметті қонақтарды қарсы алу міндеті жүктелді.

      Сонымен, ағымдағы жылдың 26 қазаны күні түскі сағат 12.00-де «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығының Астана қаласындағы филиалының  ресми ашылу салтанаты басталды. «Кілең жылмиған жүйрік, тайпалған жорға» дегендей, Астананың орталық көшелерінің бірі саналатын Күйші Дина көшесіндегі 37/1 үйде орын тепкен ғимаратта республика облыстарынан, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар, жергілікті зиялы қауым өкілдері бір-бірімен иін тіресе амандасып, өзара құтты болсын айтысып жатты. Осы сәтте «Жас-Айдың Әнұраны» орындалып, сәлден соң, ғимараттың қас бетіндегі кіре берісті қаумалаған жұрттың алдына  «Хабар» телеарнасының жүргізушісі Нұрсұлтан бауырымыз  шығып, бүгінгі ашылу салтанатының межелі уақыты таянғанын қуана жеткізді: «Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын ата-мекенде оқуға әрі қазақ елінде қызмет етуге шақырамын. Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанға Отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет» деген болатын. «Отан үшін жұмыс істеу- парыз»  екенін түсінген азаматтар Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, ата-баба жеріне оралып, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатыр. Солардың бірі де бірегейі, «Елім» деп елге келіп, алтын ине ұстаған алтын қолды шипагер  атанған, бүгінгі «Жас-Ай» медицина орталығының негізін қалаған, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Сократ» атындағы Орден иегері  Жасан Зекейұлын құрметпен ортамызға шақырамын» -деп, сөзін тәмәмдағаннан кейін, көпшіліктің қошеметімен халықтың алдына Жасан  Зекейұлы шықты да: «Керегесін кемеңгерлер кеңіткен Ел Ордамыз- Астана төрінде бүгінгі орталығымның ашылу салтанатына жиналған құрметті қауым, ағаларым, інілерім, әріптестерім, туысқандарым, қош келдіңіздер! Бұл орталығымыз- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына деген біздің тартуымыз болып табылады. Бұл орталықтың  ұлт денсаулығын жақсартуға үлес қосу мақсатында  ашылуы да ұжымыммен менің ғана емес, сондай-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған бүкіл  Қазақ Елінің бізге деген сенімі мен қолдауының арқасы дер едім. Қадірменді ағайын! Бүгінгі игі шараға қатысып отырған халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлерінің арасынан  «лента қию» рәсімін атқаруға Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісовті, Халықаралық Түркі Академиясының профессоры Әділ Ахметовті, қоғам қайраткері, Академик Ғарифолла Есімді, ҚР Парламент Сенатының депутаты, Комитет Төрағасы Серік Ақылбайды, Ұлттық Холдингке қарасты Кардиология орталығының директоры Серік Ақшолақовты, Парламенттің III-ші шақырылымының депутаты Бексұлтан Тұтқышевты және Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлын құрметпен ортаға шақыруға рұқсат етіңіздер!» деді.

         Лента қию рәсімі аяқталғаннан кейін, қадірлі қонақтарды орталықтың негізгі жұмыс істеу жүйесімен  таныстыруға жоғары санатты дәрігер-терапев Бибігүл Тұрсынәліқызы мен Бас мейірбике Гүлнұр Нұрсапаева және басқа да көмекші дәрігерлер шұғыл кірісіп кетті.

         Сонымен қатар, келген қонақтарға Жасан Зекейұлының ата-бабасының тарихымен өз өмірінен  алынып жазылған, көрнекті этнограф-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанат Ахмадидің «Тектіліктің тегеуіріні» атты романымен «Жас-Ай» медицина орталығының «Медиа» баспасөз қызметі құрастырған «Ізгіліктің ізі қалды...» деген жинағы  таратылды. Жәкеңнің жарық дүниеге келген сәтінен бастап, азамат болып қалыптасқанға дейінгі өмір белестерін арқау еткен  «Тектіліктің тегеуіріні» романының  тақырыбы да өте өтімді. Романда түр-тұрпаты, мінез-құлқы кеңінен ашылып, есімдері көп қайталанатын, қат-қабат оқиғалардың шетінде емес, дәл ортасында жүретін қызықты да көп қырлы кейіпкерлердің барлығы (Тоқтық би, Уәйіс зәңгі, Шәріпхан төре, Мәми төре, Мамырбек төре, Шиау Ли, Жамса ноян, Үкіржап зәңгі,Мәсели, Бек емші, Тұрсынбек, Қазез, Зекей, Шәрипа және т.б), әлбетте, өмірде болған адамдар. Роман тілі сонысымен де шынайы: өз мезгілінің күре тамырын тап басып ұстай біліп, оның тарихи оқиғаларын реалистік көзқараста бере алған. Кітаптың жазылу құрылымы логикалық жағынан жетілген, орнықты да тұтас және көпсөзділікке ұрынбаған шымыр да жинақы екен. Оқиға желісімен оқырманын жалықтырмай жетелеп отырады.  Бұдан Жанат ағамыздың қаламгерлік шеберлікті жан-жақты меңгергенін де байқаймыз! ( Алла сәтін салса, бұл романға әдеби талдау да жасалатын болады).

        Соңынан,  ұлттық тағамдардан дастархан мәзірі әзірленіп, келген жұртшылыққа ас берілді.

       Әрине, Астанада  екінің бірі мұндай орталық ашып, оның салтанатты рәсімінде қаймана қазағының сүт бетіне шыққан қаймағындай жақсы мен жайсаңының басын қосып жатқан жоқ. Алайда, ондай арқалы азаматтар арамызда жоқ емес, бар. Бірақ олар тым аз. Сондықтан да, бүгінгі жасалынып жатқан іс-шараның бәрі асқаннан немесе тасқаннан  атқарылып іс-шара емес, керісінше, қолында кәсібі бар әр азаматтың өз туған ұлтына қызмет етуі ғана деп түсінгендеріңіз абзал. Ол келешек ұрпаққа үлгі де! Артыңда жақсы із қалсын, ұрпақ-жұрағатың айтып жүрер іс қалсын, ал, артыңда із қалмаса дүние жалған демеуші ме еді, ақылдың қазына-көмбесіндей қарияларымыз.  Сол үшін де әрбір іскер жан  тұрғыластарынан оқ бойы оза шауып, ойын оңынан, шаруасын соңынан орамды атқаруға  да дағдыланып, өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге міндетті. Әйтпесе, қоғамның дамуының тежеле беретіндігі бесенеден белгілі жайт!

         Биылғы жылдың 3-6 қазаны аралығында  Түркияның Анкара қаласында 83 мемлекетінен жиналған 214, ал Түркияның өзінен 109 ғалым қатысқан  әлемдік деңгейдегі «Жаңа Түркияның білім және технологиялық даму стратегиясы» атты ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына Түркия Президенті Реджеп Ердоган өзі қатысып сөз сөйледі.  Ғылым мен технологияның өткені мен бүгіні, болашағы энергия өндіру мен басқару, НАНО технология, санды технология саясаты сияқты бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері сөз болды. Ал Қазақстан Республикасы атынан академик Жасан Зекейұлы баяндама жасап, өзінің тың идеялары мен ғылыми жаңалықтарымен таныстырды.  

         Иә, қалай дегенменде, бүгінгі Қазақстанның денсаулық жаршыларының бірі де бірегейі атанып жүрген Жәкең өзінің аталмыш саласының қыры мен сыры жайлы  ойын қысқаша былай деп түйіндейді: «Шығыс-Тибет  медицинасы дегенге, біздің байырғы қазақ медицинасы да кіреді.  Бұның түп қазығы-  қазақ  медицинасы мен шығыс елдеріндегі барлық халықтардың ортақ  қазыналық медицинасы болып табылады. Бұл медицинаның құдіреттілігі сонда, адамның сыртқы ағзасындағы нүктелер арқылы ішкі ағзаға ешқандай да ота жасамай-ақ, сол нүктеге бұйрық беру арқылы ішкі ағзаның  барлық ауруларын емдейді және де  адам денесіндегі энергия көздерін тауып та науқасты емдей алады әрі ағзаға еш зиян келтірмейді».

         Жалпы, Қазақ  және Шығыс-Тибет медицинасы дегенде тіліміздің ұшына  ұлттық медицинамыздың темірқазығы- «Шипагерлік баян» кітабының аты алдымен оралады.  Өйткені, бұл ұғым халыққа аса жат емес, өте таныс та. Бұған дейін біздің елде «Қазақ емшілігі», «Халық емшілігі» сияқты атаулармен халық арасындағы дәстүрлі емшілердің атадан балаға жеткен тәжірибесі негізінде диагноз қойылып, даладан жинап алынған өңделмеген шөп дәрілерімен, өңделмеген жануарлардың әртүрлі ағзаларымен емдеп келген болатын. Біздің бақытымызға орай, Қазақ Хандығының Әз-Жәнібек хан тұсындағы Орда емшісі болған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі табылып,  реттеліп жарыққа да шықты. Мұнда осы кезге дейін халық арасында кеңінен қолданылып келген қазақ емшілігіне қатысты емдеу, дәрі жасау, диагноз қою әдістері және шөп дәрілер мен жануарлар ағзасының рецептерін қалай дайындау керектігі жөнінде бүге-шігесіне дейін тәптіштеле жазылып, жинақталған. Ендігі кезекте, Өтейбойдақ бабамыздан біздерге мұраға қалған ұлттық медицинамызды өз тұғырына қондыру ғана қалды.  Қазіргі күн тәртібінде бұл сала бойынша қызмет істейтін мамандар тобын даярлау ісін жолға қойып, қалыптастыру міндеті тұр. Осы мақсатта мамандандырылған колледж және институт ашумен қатар, оның жанынан жаңа технология негізінде дәрі-дәрмек өндіретін  ғылыми-зертханалар жұмысын ұйымдастыру  барысы   да көзделуде. Десек те, бұл қайырлы істің басы басталып та жатыр. Нақтырақ айтқанда, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығы тек науқастарды емдеу-сауықтыру  ісімен ғана айналысып қоймай,  қосымша ғылыми зерттеулермен де тұрақты шұғылданып, жас ғалымдар легін дайындауға да    барынша қолдау көрсетіп  келеді. Иә, тынымсыз іздену, ілім-ғылымға үздіксіз ұмтылу, тәжірибе үйрену, жаңалыққа жарғаққұлақ болу, сонымен бірге, тың жоба,  сергек бастамаларға да жаңа серпін беру- адамзатты қашаннан да өркениетке жетелеп келе жатқаны ақиқат қой. 

        «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығы жарқын болашақта Елбасының Ұлт жоспары-  «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша қызметкерлерді жұмыспен қамтуды да мақсат етеді және әлемдік аренада еліміз жеткен жетістіктерді паш ететін «EXPO-2017» көрмесін қолдайды.  Бұл тұрғыдан алғанда «Жас-Айдың» мақсаты- айқын, ұстанымы- берік, жүрегі- адал, қызметі- халыққа!

       Бұл орталықтың  тағы бір саласы- 8 жылдан бері қарай өз қаржысына «Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналын да шығарып тұрады.   

       Аталы істің үдесінен кемел шығып, халықтың жүрегіне жақсылық нұрын ұялатқан, сөйтіп барып есімі мақаламның асыл өзегіне айналып кетіп отырған атпал азамат Жасан Зекейұлының 2004 жылы Алматыда тұңғыш рет құрған «Жас-Ай»  медицина орталығы  12 жыл бойына  халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.  Бұл оның атажұртқа келгендегі алғашқы жеңісі де, кейінгі құтты қадамдарының баспалдағы іспетті де, ертеңгі жеңістерінің көшбасшысы да, күш-қуат құйған демеушісі секілді де. Бәлкім, содан болар, енді міне, сол орталықтың филиалы Астанада да ашылды. Ал, Алматыдағы орталықтан осы жылдар ішінде 50 мыңнан астам науқас ем алып, сауығып кетті. Оның ішінде жағдайы жоқ жандардың 10 мыңдайы тегін ем-дом қабылдады. 3 500-дей отбасы орталықтан ем алып шыққаннан соң, бала сүю бақытына ие болды. Жазылмас дерт деген -«инсульт» алғандардың өздері де орнынан тұрып, қатарға қосылды және де ДЦП-ға шалдыққан мыңдаған балалардың ауыруынан құлан-таза айығып кетуіне де себепкер бола алды.            

         Ал жыл сайын қарттар үйіне қаржылай көмек беруді, бірлестік үрдіске айналдырған. Сол үшін де Жасан Зекейұлын «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» осы жылдың мамыр айында сексен бірінші кеңес мүшесі етіп сайлады. Қазыналы қарттарымыздың денсаулығын сақтауда, «Жас-Айдың» атқарар қызметі ерекше болып отыр. Сондай-ақ науқас балалар мен аналарға жеңілдіктері – өз алдына  бөлек әңгіме.

         Әйтеуір, қанша адамның меңдеген дертінің бетін қайтарып, өмірге оралуына өз септігін тигізіп жүрген абзал жан жайлы қандай мақтау айтсақ та жарасады  деп ойлаймын. Өйткені, біз жарық дүниеге әкелгені үшін- анамызға қарыздар болсақ, денсаулығымыз үшін- дәрігерге қарыздармыз! Ондайды тізе берсем, тілейтін тілек те көп, жаза берсем сарқылатын сия да көп тәрізді. Уақытпен санаспай, салмағы зор, жауабы мол міндеттерін мүлтіксіз атқара жүріп, бір емес, екі бірдей -Алматы мен Астана сияқты ірі қалада емдеу-сауықтыру орталығын салып, оны елінің денсаулығын жақсартуға арнап отырған Жәкеңдей ізгілікті, қасиеті мол аға, сыйлас досқа айтылар ақжарма құттықтаулардың да бұл шақта толастамасы анық.

       Әйтсе де, қара шаңырақтағы қалың жұртшылығы былай да білетін және адал ісі мен жақсы атағы халқының аузынан түспей жүрген Жәкеңнің қай тамаша қырын, қай табысын, қай қасиетін айтып тауысайын.  Ол кісімен жақын әңгімелесіп, жылы сырласа қалған әр адам, оның қоңыр дауысынан ыстық бауырмалдық пен айрықша ағалық қамқорлықты бірден сезінеді. Менің Жәкеңді танып-білгеннен бері ең тәнті болып, таң қалатыным да осы: тірі жанға зәредей зияны, өкпе-реніші, дау-дамайы, сәл де болса пендешілігі жоқ, аса көпшілдігі, ешкімді ренжітпейтін елгезектігі дер едім.

       Біз, Жасан ағамыз Ел Орда төріне жайғасып алып, өнімді еңбек етуде деп, ол кісінің ұлтымызға жасап жатқан жақсылығын алыс-жақынға таныта-тарата жүрейік!

      

 

Айдын Ырысбекұлы                                                                                                         

«Туған қалам-Cемейім» ҚҚ президенті,                                                                

Алаштанушы

Хабарласу