+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

30.06.2016 ӘРБІР МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕР ҚОҒАМДА МАҢЫЗДЫ РӨЛ АТҚАРАДЫ

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

 

Толыққанды медициналық көмек көрсету қағидаты кәсіби медициналық көмекті және емделушіге кәсіби көзқарасты, сапалы диагностикалау және емдеу жүргізу үшін денсаулық сақтаудың барлық мүмкіндігін қолдануды, профилактикалық шараларды және көмек көрсетуді көздейді. Адамның өмірі мен денсаулығы – басты, негізгі құндылықтар болып табылады. Ал, әділдік қағидаты зиян келтірмеуге бағытталады. Медицина қызметкерлерінің мәртебесіне, әлеуметтік жағдайына, мамандығына және сыртқы ахуалдарға қарамастан барлық емделушілерге бірдей қарау және бәріне бірдей көмек көрсету. Осы қағидат, сондай ақ, медициналық қызметкер қандай бір көмек көрсетсе де, оның әрекеттері емделушіге және өзге де тұлғаларға нұқсан келтірмеуі тиіс.

Медициналық этика үш негізгі бағыт бойынша тұлғаралық қарым-қатынастардың әртүрлі мәселелерін зерделейді және шешеді:

  • медициналық қызметкер – емделуші,
  • медициналық қызметкер – емделушінің туысқандары,
  • медициналық қызметкер – медициналық қызметкер.

 «Медициналық қызметкер-емделуші» арасындағы қарым-қатынастар. Медициналық қызметкер емделушімен сабырлы әрі ашық жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі, тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге тыйым салынады. Науқастарға «Сіз» деп және аты мен әкесінің атын атап сөйлескен жөн.

Науқастың жанында тұрып оның диагнозын, емдеу жоспарын талқылауға, палатадағы өзге де науқастардың денсаулығын әңгімелеуге тыйым салынады. Күрделі және ауырсындыратын емшараларды бастамас бұрын медициналық қызметкер осы ем-шаралардың мәнін, мағынасын және қажеттілігін түсінікті түрде науқасқа түсіндіруі және тыныштандыруы қажет.

«Медициналық қызметкер – емделушінің туысқандары (және жақындары)» арасындағы қарым-қатынастар.

Медициналық қызметкер ұстамдылықты, сабырлылықты, тыныштықты және әдептілікті сақтауы қажет. Күрделі науқастардың емшараларының дұрыс орындалу тәртібін түсіндіруі тиіс. Тек өз құзыреті шеңберінде сұхбаттасуы (науқастың сырқаты, болжамы жөнінде әңгімелемей, дәрігерге жолдау) тиіс. Қойылған сұрақтарға сабырлы жауап беруі қажет, күрделі науқаста дұрыс күте білу ережелерін шыдамдылықпен үйретуі тиіс. Емделуші мен оның туыстары немесе өзге де медицина қызметкерлері арасындағы кикілжің туындаған жағдайларда емделушінің мүддесі қорғалуы қажет.

«Медициналық қызметкер-медициналық қызметкер» ара­сындағы қарым-қатынастар.

Өзара сұхбаттасу кезінде дөрекі сөйлесуге тыйым салынады. Дәрігерлік тағайындаулар уақытында нақты, нақты және кәсіби орындалуы тиіс. Науқастың денсаулық жағдайындағы кенеттен болған өзгерістер туралы өзінен дәрежесі жоғары дәрігерге жедел хабар берілуі тиіс. Тағайындалған дәрігерлік емді қолдану барысында күмән туындаған жағдайда науқас жоқ уақытта, сыпайы түрде, осы жөнінде дәрігермен мән-жайды талқылауы қажет.

Медициналық қызметкердің барлығы лауазымы мен білім дейгейіне қарамастан, ем іздеп келген науқастардың да әлеуметтік жағдайына, қызмет-мансабына қарамастан жеке тұлғасын және ар-намысын сыйлай білуі керек.

Науқастың санасына дертінен айығатыны туралы сенімділікті парасаттылықпен түсіндіре алу да басты ерекшелік болып саналады.

Шешімдерді бірлесіп қабыл­дау яғни алқаластық негізінде қорытындыға келу, ұжымда ынты­мақтастық орнатып, медициналық қызметкерлердің бір-бірін қадірлеу, сыйлау жүйесі құрылса ондай орталықтың болашағы зор болмақ.

Әрбір қызметкер жеке басқа және ұжымдық әрекеттерге тек адалдық пен әділеттілікті ту етсе емделушілердің де назарында болып, жүрген жерлерінде айтып, жарнамалап отыратын нысанына айналады.

Нарықтық, кәсіпкерлік, бәсеке­лестік талаптарына сай тұрақты даму мен жетілу жоғары табыстарға қол жеткізу үшін білім мен біліктілік, барлық мүмкіншілік пен іс-тәжірибе ұжымның игілігіне бағытталса мұндай ұжымның халық алдында беделі тек өсе бермек.

Медициналық қызметкерлерге мынадай міндеттер жүктеледі:

  • өзінің кәсіптік білімін, біліктілік сапасын іскерлігін, ой-өрісін үздіксіз жетілдіру;
  • үнемі жоғарылатуға талпыну;
  • медициналық мекеменің жалпы қағидаттарына мүлтіксіз берілгендік;
  • өзінің біліктілігіне, лауазымына және қызметтік міндеттеріне сәйкес барлық мүмкіндіктерінің шеңберінде сапалы және қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін жалпы жауапкершілік, соның ішінде моральдық жауапкершілікті алу;
  • жынысына, жасына, ұлтына, нәсіліне, тұратын мекен-жайына, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси сенім-нанымдарына және басқа да медициналық емес факторларына қарамастан науқасқа орталықта бас дәрігер бекіткен медициналық ем-шараларына көмек көрсету;
  • медициналық орталықтың тазалығын сақтауға, өз әріптес­терінің, сонымен қатар өзінің қателеріне талдау жасау;
  • науқастардың денсаулығына залал келтіретін, біліктілігі төмен деңгейдегі әріптестерінің әр-түрлі іс-тәжірибесіне кедергі жасау;
  • өздері қызмет ететін орталықтың абыройын асқақтатуға, оның мүддесін қорғауға, атына кір келтіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу;
  • науқастардың құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу;
  • еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқаруға, ол үшін өзінің жұмыс уақытын тиімді пайдалану;
  • жұмысын жоғары кәсібилік деңгейде орындау үшін барлық күш-жігерін салуға, қойылған мақсаттарды тиімді және үнемді тәсілдермен шешуге, орталықтың мүлкіне ұқыпты қарауға және оны тиімді пайдалану;
  • өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде белгіленген киім нысанын сақтау;
  • медициналық қызметкер қоғамда маңызды рөл атқара отырып, қоғамдық шараларға, әсіресе, салауатты өмір салтын насихаттайтын шараларға да белсене қатысу;
  • қателік жібергенде немесе емдеу барысында күтілмеген ушығулар дамығанда медицина қызметкері науқасқа, тікелей басшысына, ол болмаған жағдайда өзі жұмыс істейтін орталықтың басшысына хабарлауға, және шұғыл түрде зиянды салдарды түзетуге бағытталған іс-әрекеттерге кірісу;
  • Кез келген емдеу әдісін таңдау барысында алдымен «Зиян келтіріп алма!» өсиетін басшылыққа алу.

 

Жанна ИМАНҚҰЛ,

Индира САЙЛАУҚЫЗЫ

 

Хабарласу