+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

11.05.2015 «Жас-Ай» медициналық орталығы – өміріміздің бір бөлшегі

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Ғылым күн санап дамып, технологиялар сәт сайын жаңарып жатқанменен, керісінше адам денсаулығы әлсіреп бара жатқандай көрінеді.Адам қоршаған ортаны игерген сайын табиғи баланс бұзылып, мұның салдарынан туындап жатқан экологиялық түрлі жағдайлар адам денсаулығын құртып жатыр. Бұрын атын естімеген ауруларды да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Емі жоқ аурулар көбейіп кетті. Ол аз болғандай, аты жаман аурулар жас талғамайтын болып алған. Қысқасы, адамның өмір сүру дағдысы жеңілдегенмен, денсаулыққа түсер салмақ ауырлап барады. Екінің бірі қан қысымына, жүрек дерттеріне, әр түрлі омыртқа ауруларына душар болған. Осындай қоғамда өмір сүріп жатқан әр адам үшін дәрігердің орны бөлек, қадірі ерекше. Дәрігер ғана болып қоймай, өз ісінің нағыз шебері, майталман маманы болса одан да үлкен құрметке ие болары анық…Міне осындай жақсы атқа ие болып, халық арасында «даңқты дәрігер», «дәуірдің дәруі», «алтын қолды азамат» болып аталып кеткен академик Жасан Зекейұлы туралы республикалық газет-журналдарда, телеарналар мен радиоларда айтылып, жазылып келеді. Біз бүгін Жасан Зекейұлының өзі емес, қалдырған ізі, яғни шәкірттері туралы тоқталмақпыз. Расында, «өз білгеніңді қажетіңе жаратпасаң, көп білгеніңнен не пайда?» деген бабалар нақылын санасына түйіп, «шәкіртсіз ғылымның тұл» екенін естен шығармаған Жасан Зекейұлы шәкірт тарбиелеп, өзінде барын өзгелермен бөлісіп келеді.   Бұл келешек ұрпаққа, болашаққа салған инвестиция деген сөз.

Біз, даңқты дәрігердің дарынды шәкірттері «Жас-Ай» медициналық орталығы Бас дәрігерінің орынбасарлары – Бибігүл Тұрсынәліқызы және Бибісара Қалиевамен сұхбаттастық:

– Қазір сіздер «Жас-Ай» медициналық орталығында бас дәрігердің орынбасарысыздар. Ал, осы орталыққа келгенге дейін қандай қызметте болдыңыз? Бұл орталыққа келуіңізге не түрткі болды?

Бибігүл Тұрсынәліқызы:

– Мен орталыққа келмес бұрын, қалалық №6 аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. «Жас-Ай» орталығына келу себебім, әпкемнің баласы қатты науқастанып осы орталыққа ертіп келдім. Емнің жақсы нәтижесін көрдім. Басқа да көптеген науқастардың жазылып шыққанын, ауыр дерттерінен айығып кетіп жатқандарына куә болдым. Олардың шығыс медицинасына, алтын инеге деген құрметін, Жасан Зекейұлына деген шексіз ризашылығын өз көзіммен көрдім. Өзім де денсаулығымды қуаттандыру мақсатында осы орталықтан ем алдым. Бұдан кейін менде шығыс-тибет медицинасына деген қызығушылық туды. Бұл ойымды Жасан Зекейұлы құптады. Осылайша, 2006 жылдан бастап орталықта жұмыс істеп жатырмын.

Бибісара Қалиева: – Осы орталыққа келгенге дейін №17 ауруханада учаскелік терапевт-дәрігер болып жұмыс істедім. Мұнда ине терапиясынан болатын эффектіні байқап, қызығушылықпен келдім. Алғашында қарапайым терапевт болып кірдім. Науқастарды ине терапиясына қалай қабылдау керек, қандай науқасты қабылдау керек және қандай науқастарға қалай ине қою жолдарын үйрендім. Біртіндеп ине терапиясын, Жасан Зекейұлының әдісі мен қыруар ине терапиясының материалдарын оқып үйреніп, жұмыс бастап кеттім.

– Қазақстандағы көпшілік қауым сияқты сіз үшін де алтын иненің, яғни шығыс медицинасының тылсым сыры көп болған шығар. Дәстүрлі медицинадан айырмашылығына тоқтала кетсеңіз?

Бибігүл Тұрсынәліқызы: – Дәстүрлі медицинаға қарағанда, шығыс медицинасы химиялық дәрі-дәрмексіз, жан каналдарына ине салу арқылы ішкі ағзалардың қызметін, қан айналымын жақсартады. Нервтерді ояту арқылы адам организмінің ауруға деген қарсылық қуатын көтереді. Химиялық дәрі-дәрмек бір жерді аурудан айықтырғанмен, тағы бір жеріңді зияндап жатады. Сонымен қатар, әдетте ауруханаларға емделуге келген науқасты алдымен бір дәрігер қарап тексереді, одан кейін әртүрлі анализдер алу үшін науқас әр есікке жүгіреді, аурудың түріне байланысты жеке-жеке дәрігерлер қарайды. Невропатолог, кардиолог, тағы басқа маман дәрігерлерге қаралуға тура келеді. Ал, шығыс медицинасына жүгінген науқас тікелей бір дәрігердің қарауында болады. Барлық жауапкершілік тек бір дәрігердің мойнында болады.

Бибісара Қалиева:

– Дәстүрлі медицинада науқас келген кезде, бірінші диагноз қоясың, одан кейін таблеткалар немесе екпелер арқылы консервативтік ем жүргізіп бастаймыз.  Бір науқасқа бір дәрі тағайындалғанда оның әсері болмауы мүмкін, сондықтан бір науқастың бір ауруы үшін бірнеше дәрі тағайындалады. Мұндай жағдайда науқастың қалтасы көтермей қалуы мүмкін, ал кейде аллергиясы болуы мүмкін. Сондықтан, бастапқы тағайындап таңдап алғандағы дәрілеріміз бен екпелеріміздің түрін өзгертуге тура келеді. Осылайша науқаста дәрігерге деген сенімсіздік пайда болады. Ал, ине терапиясында науқасқа қойылған диагноз бойынша нүктелерге ине қойыла бастайды. Бірінші күннен бастап нәтиже көре бастайсыз. Бұл жерде науқасқа «мына дәріні ауыстыр, басқа екпе саламыз» деп басын ауыртпастан, науқастың жағдайына қарап отырып нүктелерін ауыстырып отырасыз. Сол арқылы дәрігер эффекті алады. Консервативті емге қарағанда, ине терапиясының кері әсерін аз көресіз. Тіпті болмайды да. Және бір нүктеге ине қою арқылы бір ауруды емдеп қоймайсыз, бірнеше ауруды емдейсіз. Яғни бірнеше ауруды бір жолда емдеп шығуға болады.

– Сіздерде, ине терапиясынан бөлек, тағы қандай емдеу жолдары бар?

Бибігүл Тұрсынәліқызы: – Ине терапиясы Шығыс медицинасының өзегі болып табылады. Ал ем нәтижелі болу үшін сол инені дәрілік шөптермен қыздырамыз. Банкі қойылады. Табанға ине қоя алмағанымыз үшін, арнайы табан аппаратын қолданамыз.

Ол аппарат табан нүктелерінің белсенділігін арттырады. Сонымен қатар, нүктелі массаж қолданамыз. Қан қысымы жоғары, ұйқысыздық және тері аурулар кезінде қосымша қан алу процестерін қолданамыз. Одан бөлек булау процедурасын да бірге алып жүреміз. Бел омыртқа жарығы немесе мойын омыртқа жарығы кезінде бел созу және мойын созу аппараттарын қолданамыз. Осындай емдеу жолдарын ұштастырғаннан кейін біз жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеміз.

Бибісара Қалиева: – Көп адамдар ине терапиясы ол неврологиялық ауруларға ғана әсер етеді деп ойлайды. Өзімізде медициналық институтта оқыған кезде сондай түсінік қалыптасқан. Бұл түсініктің мүлде қате екеніне кейін көзім жетті. Ине терапиясының емдейтін аурларына – жүйке жүйесінің аурулары, асқазан-ішек жолдарының аурулары, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының аурулары, жүрек қантамыр аурулары, зәр шығару жолдарының аурулары, гинекологиялық аурулар және буын аурулар, т.б. жатады.  Ине терапиясының көрсеткіші өте ауқымды. Бастан аяққа дейін ем қолданылады. Тек қана, туберкулез және онкологиялық аурулардың жаңадан басталған сатысында ғана қойылмайды.

– Бас дәрігер Жасан Зекейұлы білікті басшы, талантты дәрігер ғана емес, бүгінде қазақ жұртына атағы кеңінен танылған қайраткер азамат. Дәрігерліктен бөлек, не үйрендіңіз?

Бибігүл Тұрсынәліқызы: – «Жас-Ай» деген аттың қалыптасып, орталықтың бүгінгі күнге жетуі Бас дәрігер Жасан Зекейұлының қажырлы еңбегінің арқасы. Менің ойымша, Жасан Зекейұлы мұндай жетістікке тек мықты дәрігер ғана болса жете алмас еді. Ол кісінің бойында ұлтына, отанына, кәсібіне деген терең сүйіспеншілік бар. Қандай қиындықты болса да жеңіп шығатын ерік-жігер бар. Барлық ісін халық алдындағы пайдасы үшін, Алла алдындағы сауабы үшін істейді. Халық үшін еңбек еткен адамды, халықтың төбесіне көтергені осы деп білем. Жұмыс барысында бізге, өмірден түйгендерін әңгімелеп айтып, қазақы қалпымыздан айнымауға, кішіпейіл болуға, ең бастысы барлық нәрсеге адал болуға шақырып отырады.

Бибісара Қалиева: – Жасан Зекейұлы елдің қуанышынан ләззат алатын адам. Алдына келген аурудың қалтасына емес, жүрегіне қарайды. Ақшасын емес, ең бірінші көңілін табады. Жұмысқа таңғы 9-да келіп, кешкі 9-10 да қайтып жүреді. Таңертең келіп түнде мынандай жазушының кітабын оқып бітірдім деп бізге қысқаша әңгімелеп береді. Ойлаңызшы, қандай еңбек? Тоқтаусыз ізденісте жүретін адам. Жасан Зекейұлының «болды, жетер» деген сөзін, масаттанғанын көрген емеспін. Үнемі еңбекпен, жаңа нәрселер ойлаумен жүреді. Бар білгенін бізден аяп қалмайды. Менің орнымды басатын сендерсіңдер деп үнемі айтып отырады. Тек дәрігер ғана емес, бастысы адам, қазақ болуға, мұсылман болуға жетелеп отырады.

– Биыл 10 жылдық мерейтой­ла­рыңызды атап өттіңіздер. Осы уақыт аралығында «Жас-Ай» медициналық орталығына сіз не бердіңіз, және орталық сізге не берді?

Бибігүл Тұрсынәліқызы: – «Жас-Ай» медициналық орталығынан менің алғаным көп, алатыным одан да көп деп ойлаймын. Өйткені, ине терапиясының бірнеше мың жылдық тарихы бар, адам организмінде мыңға жуық нүктелер бар. Олардың бәрін 5 жыл немесе 10 жылда үйреніп кете алмайсыз. Күнделкті ем жүргізу барысында біліміңді толықтырып отырасың. Қағаз жүзінде жаттап алып, қай нүктенің қай жерде орналасқанын білгеніңмен, тәжірибе жүзіндегі білімнің орны басқаша.

Бибісара Қалиева: – «Жас-Ай» медициналық орталығына менің бергенімнен алғаным көп. Осы орталыққа келіп шығыс медицинасының терең білімінен сусындап, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды үйрендім. Шынайы маман болудың екі шартын түсіндім. Білім мен адамгершілік. Күн сайын әртүрлі науқасқа ем жүргізіп, солардың ризашылықпен қараған жүздерінен рахат алып, алғыстарынан қуат аламын. «Жас-Ай» орталығы өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті.

– «Жас-Ай» медициналық орталығынан ем алып қайтқан адамдар, орталықтың қызмет көрсетуіне деген жылы лебіздерін білдіріп жатады. Мұның сыры неде?

Бибісара Қалиева: – Оның басты себебі, біздің бас дәрігер Жасан Зекейұлы тек дәрігерлерге ғана емес, мейірбикелерге, тағы да басқа қызметкерлерге адамгершілік қасиет туралы үнемі айтып отырады. Науқас адам бірінші Аллаға, содан кейін, дәрігерге сеніп, бар үмітін арқалап келеді. Алдыңа келген науқасты ең жақын адамыңдай мейіріммен қарсы алуды, жылы жүзбен, сыпайы сөзбен ғана қарым-қатынас жасауды үйретті.  «Келген жанның бәріне кішіпейілдікпен, мейіріммен қараңдар! Жанына демеу болыңдар! Бұл – сендердің міндеттерің» деп, үнемі айтып отырады.

Бибігүл Тұрсынәліқызы: «Мейлі, қолыңнан ештеңе келмесе де, жақсы сөзіңді аяма. Жақсы сөз – жарым ырыс. Біздің қазақ өлімді де жақсы сөздермен естірткен» деп үздіксіз айтып отырады. Науқасқа керегі ең біріншіден психологиялық көмек. Егер науқасты сол ауруынан жазылатынына сендіріп, үміт отын үрлей түсетін болсаңыз, шынында да, науқас ауруының 30 пайызынан жазылып кетеді. Әрі қарай ем қолдансаң, оның әсері де керемет болады. Бастысы дәрігер мен науқас арасында сенімділік. Бұл – медицинаның кілті десем де болады. Ал біздің орталықтың басшысы сол кілтпен талай батпандап жатып алған аурулардың бетін қайтарып келеді.

Сұхбаттасқан: Қазірет БЕРДІХАН

 

Хабарласу