+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

25.05.2015 САБЫРЛЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚТЫҢ ПАТШАСЫ

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы
азақстан Республикасының азаматы ретінде тағы бір сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасайтыныма қуанамын. Қазақтың маңдайына тыныштықты жазып, өз еркімен, өзі сүйген басшысын Президент етіп сайлауға мүмкіндік берген Жаратушыға тәубе еттім.
Сайлау сайын әртүрлі жағдайлар туындап, түрлі қиындықтар орын алып жатқан қаншама мемлекеттер бар. Елдің басшысын тағайындау үшін, таққа таласып, өз ішінен бірнеше топқа бөлініп, ақыр аяғы өзгеге жем болған елді көрдік, өз еліне жексұрын болған ерді көрдік. Әркімнің қолшоқпарына айналған саяси күштердің ханталапайына түсіп, халқы босып, президенті қашып жатқандар да бар.

Соларға қарап, заманның мың құбылған өзгерісін болжап, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, елін ептілікпен басқарып, әр қадамын ақылмен басып, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, кемел саясат ұстанып келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына ризашылығымды білдіремін.

Оны қалай білдіремін?
Әрине, тағы да ел тізгінін қолына алып, халқын жарқын болашаққа бастай түссін деген үмітпен сайлауға қатысып, өз дауысымды Нұрсұлтан Назарбаевқа беремін. Бұл тек менің ғана емес, көптеген отандастарымыздың таңдауы.
Мен – дәрігермін. Күніне алдыма келген 50-60 адаммен тікелей тілдесіп, олардың ауруына ғана қарап қоймаймын, жүрегіне де үңілемін. Көңіл-күйіне көз жүгіртемін. Сырласамын. Олардың арасында қаланың ақ жағалы азаматтары мен ауылдың қарапайым тұрғындары бар. Әр түрлі саладан, әр түрлі жастағы адамдар келеді. Есептей беріңіз, күніне 50 адам болса, аптаның 6 күнінде 300 адам, айына 1200 адаммен бетпе-бет жүздесіп отырамын. Бұл дегеніміз, халықтың бел ортасында жүрмін деген сөз. Ел ішінде болып жатқан кез-келген өзгерістің халықтың көңіліне қалай әсер еткені, қалтасына қалай салмақ салғанын ең бірінші болып сезінетіндердің бірімін десем артық айтқандығым емес.
2008 жылдары болған үлкен дағдарыс кезінде көмек сұрап келетін, жеңілдікпен емделуге өтініш беретіндердің саны күрт артып кетті. Одан кейін сәл саябырлады. Сол бір дағдарыс дауылы қарапайым халыққа қалай әсер еткені әлі күнге көз алдымда тұр.
Тек ауыр жағдайларды емес, еліміз үшін оңтайлы болған күндерді де емделуге келген науқастардың қабағынан білемін. Мысалға, 2012 жылы Лондон олимпиадасынан еліміз 7 алтын алған кезде, жанын науқас меңдетіп тұрған емделушілердің жүзінде қуаныш нұры ойнап, еңсесі көтеріліп тұрған болатын. Есімде, Серік Сапиев ұлымыз алтын алған күннің ертесі қабылдауыма бір қария келді. Жүре алмай қалған. Балалары арбаға отырғызып алыпты. Әлгі ақсақал есіктен кіре бере, «Аманбысың, дәрігер балам! Жеңіс құтты болсын! Серіктің алтыны серпілтіп тастады. Ауруымның біразын ұмытып қалдым. Енді қалғанын сенің емің ұмыттырсын!» деп, жарқылдай күлді. Мемлекетіміздің жетістігі мен қиындығының халыққа қаншалықты әсер ететінен сол кезде тағы сезіндім.
Жұртшылықтың көксегіні не екенін болжап біліп, алаштың арман-мұратын жүрегімен сезініп, оны әлемдік деңгейде талдай білетін Елбасымызды қалай құрметтемеске? Қазағының жартысы қазақ тілін білмесе, «таза қазақпын» деп жүргендердің өзі жүз бен руға, қала мен ауылға бөлініп жатса, ол аз десеңіз, басқарып отырғаны көп ұлтты мемлекет болса, оңтүстік көршілер арқылы келетін діни ағым алқымнан алса, солтүстікте  кешегі кеңестік жүйедегі апанын аңсайтын аю азуын көрсетсе, шығыста миллиард қытай ентелеп тұрса, мемлекетті басқару қайдан оңай болсын? Басқарып қана қоймай, дамытып, әлемді аузына қаратып жатыр. Бұл ерлік емей немене? Қазақстанға президент болудың Назарбаевқа әкелген абыройынан гөрі, салған жүгі, артқан үміті ауыр болды. Ел басқарған 23 жылдың бір күнін алаңсыз өткізбеген шығар.
Елбасыны ойласам «әке» деген ұлы сөз ойыма оралады. Жаңа туған баласының барлық жағдайын жасап, баласы тәй-тәй басып жүре бастағанда әр қадамын аңдып, жылатып алмай, құлатып алмай бағып жүріп, сәл есейген албырт шағында ақылымен жол көрсетіп, жағыз ұлын өсіріп келе жатқан әке көз алдыма келеді. Жалғызы «жамандыққа ұшырамасын» деп, міне тағы бір қадам басқалы отыр. Енді ғана есейіп, оң-солын әлі танып үлгермеген жалғызы жат пиғылдылардың құрбаны болмас үшін тағы барын салмақ.
Бүгінде экономикамыз өркендеп, кәсіпорындар ашылып, жеке кәсіпкерлікке үлкен мүмкіншіліктер беріліп, жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасалып, халық денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп аңсап кеткен жұмақ мекен, алтын дәуір осы шығар деп ойлаймын.
Әр жыл сайын халыққа Жолдауын арнап, елін естен шығармай келе жатқан Елбасымыздың бар мақсаты халықтың әл ауқатын жақсарту, кешегі көшпендінің ұрпағы бүгінгі заманның да мықтысы болатынын дәлелдеп, жаңа қала соғып, жаңа белестерге шығып, Еуропаға кім екенін танытып, Азияға мықтылығын дәлелдеп, екі құрлықтың арасындағы алтын көпірге айналды. Керек десеңіз, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыттардың өзі әлемдік тыныштық үшін Қазақстанның тыныштығына мұқтаж екенін мойындап, сәл де болса бізге де тәуелділіктері бар екенін растады.
Елбасымыз тағы бір сөзінде «бала кезімнен мені сабырлық пен парасатылыққа баулыған қазақтың тәрбиесі» деген еді. Сол бір сабырлық пен парасаттылық қазір қазақтың мүддесіне жұмыс істеп тұрғанына куә болып отырмыз.
Бір-бірінің тәуелсіздігіне күмәнмен қарайтын мемлекеттер көбейіп тұрған шақта «Қазақ хандығының 550 жылдығы» туралы мемлекеттік деңгейдегі мерекені тойлау туралы ұсыныс тастаған Елбасымыз «бір оқпен екі қоян атты». Біріншіден, «қазақта мемлекет болмаған» деп сандырақтап жүрген жиіркенішті Жириновский сияқтылардың аузына құм құйды. Екіншіден, халқының еңсесін көтеріп тастады. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде мемлекеттігіміздің тарихы тереңнен бастау алатынына тоқталып: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық  дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз»  деп қадап айтты.
Ел президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлының сайлануы тек қазақтаың ғана мүдесі үшін емес, күллі түркі әлемінің мүддесі үшін де аса маңызды. Өйткені, Алтай мен Ақтеңіздің арасын алып жатқан алып түркі жұртшылығының ауызбіршілігін нығайту жолындағы күш-жігерін аямай, тың бастамалар мен ауқымды жоспарларын құрып келе жатқан күллі түркі халықтарының тегеурінді тұлғаларының бірі – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының абыройы аспандап тұр. Осындай бірегей тұлға болмайынша бір мақсат жолында бірігу қиын болмақ.
«Аш халықты тоқ қылсам, аз халықты көп қылсам» деген Назарбаев –қазақ жерін қоныс еткен, отан санаған әр ұлтқа ортақ жол көрсете білетін сарабдал саясаткер, әлем мойындаған тұлға.
Ең басты байлығымыз – тәуелсіздік. Біз қалай тәуелсіз боламыз, егер, зайырлы мемлекетіміз болмаса, әлем мойындаған шекарамыз болмаса және Алла мен халықтан басқа ешкімге тәуелсіз Президентіміз болмаса!
Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан деген жас мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, тұтас елдің тамырына қан жүргізіп, аз жылдың ішінде экономикасы қуатты, ішкі-сыртқы саясаты сарабдал, бейбіт елге айналдырды. Шетелдерде тарыдай шашырап жүрген бір миллион қазақты отанына алып келді. Елбасымыздың сын сағаттарда жасаған батыл қадамдары Қазақстанды әлемге танытты. Бүл күнде әлемнің барлық елі Қазақстан деген мемлекет барлығын, оның Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты Көшбасшысы бар екенін таниды һәм мойындайды.
Қазақстанның тұрақтылықпен дамып, алға қойған ұлы мақсаттарға жетуі үшін мен және менің отбасым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа дауыс береміз.
Академик – Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ

 

Хабарласу