+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

25.05.2015 Денсаулықты тек денсаулық саласының мамандары қорғамайды

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы
Бүгінде ел ішінде алтын қолды дәрігер атанып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген академик Жасан Зекейұлы өз ісінің маманы ғана емес, ел тағдырына қатысты кез-келген шаруға бей-жай қарамайтын, уақыты жеткенше, шамасы келгенше қоғамға өз үлесін қосудан жалықпайтын қайраткер. Әр түрлі газет-журналдар, телеарналар мен радиолар Жасан Зекейұлын үнемі сұхбатқа шақырып, ғалымның ойларымен бөлісіп отырады. Жақында ғана Қазақстан телеарнасындағы «Сіз не дейсіз?» бағдарламасында сүбелі сұхбат берді.
- Жәке сіз, дертке дауа, жанға шипа сыйлайтын дәрігерсіз… Осы елімізге келгелі бері 500-ге жуық анаға бала сүю бақытын сыйлапсыз. Ардагерлерге көмектесіп тұрасыз. Өзіңіздің ашып отырған «Жас-Ай» медицина орталығына 10 жыл толған екен. Соған тоқтала кетсек…
- Иә, орталығымызда еліміздегі мен шетелдік азаматтарды қосқандағы саны 50 мың шақты емделген адамдар бар. Осы жақында ғана 10 жылдық мерейтойын тойлап өттік және «Жас-Ай» журналымыздың бес жылдығын атап өткен едік. Бір жағынан Президенттік
сайлауға орай елге жасаған сый болсын деп, КазГу-дегі студенттер сарайында ашық есікті концерт өткіздік және көптеген ғылыми талқылау шаралар өтті. Ал ардагерлерге келер болсақ, ардагерлерді ардақтау – біздің  орталығымыз ашылғалы бері жалғасын тауып келе жатқан ұстаным деуге болады. Отанымыздың тыныштығы мен Тәуелсіздігіміздің жемісі сол кісілердің жанкешті еңбектерінің арқасында деп, келешек жастарға үнемі тәрбие болсын деген оймен сабақтастырып отыруымыздың себебі де сонда. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай біз жалпы істеген жұмыстарымызды қорытындыладық. Қаншама жүздеген ардагерлерге тегін ем көрсетілді. Онан соң жыл сайын Жеңіс күніне орай ардагерлерімізді орталыққа шақырып, әрқайсысының өмірбаянын тыңдап, сырларымен бөлісеміз. Өмірге деген қызығушылығын арттыру үшін тегін емдеуге шақырып, оларға жағдай жасауды үнемі қолға алып отырамыз.
- Жәке, осы «Жас-Айда» жарнама жақсы деп  жатады. Журналдарыңыз  да шығып жатады.  Өзіңіз де  Журналистер Одағының мүшесісіз. Айтайын дегенім, мысалы үшін сырқаттың алдын алып емдеу керек қой.  Мысалға, баспасөз беттерінен оқыдым, рак, қылтамақ, бауыр ауруларының алдын алып емдесе, 100 мың теңгедей кетеді екен. Бірақ елімізде денсаулығын әркім қадірлеп, құрметтеп ұстайды. Шетелдерде  емдетеді. Елімізде квотамен Израильге, Германияға емделу үшін  жұмсалатын  ақша  25 млн. теңге  мөлшерінде. Сондай ауруларды емдегенде қаншалықты шығын шығады? Осындай шығындарды келтірмес үшін  ауруларды қалай алдын алуға болады?
- Біз көп жерде жарнама үшін қызмет етпейміз. Біздің журналымыздың мақсаты көптеген аурулардың алдын алу болып табылады. Дәрігер емес адамдардың  өздерін- өздері қалай қорғау керектігін оқып таныса алады. Қандай аурулардан қалай сақтану керектігі жайында оқып-білген жандардан орталығымызға көптеген алғыс хаттар легі келіп жатады. Екіншіден, қазақ тілінде шығарылатын еліміздегі бірден-бір журнал. Осы журналда қазақтың ұлттық сусындарының көптеген ауруларға ем болатындығы жарияланып тұрады. Өзіңіз жаңа айтып кеткендей, ана бақытына ие болған әйелдер осы журналды оқыған соң, жазылып кеткен адамдардың ине туралы пікірін оқып, өзінің де жазылып кететініне деген үміт пайда бола бастайды. ЭКО-ның көмегі тимеген кейбір жағдайларда бізге келіп, балалы болды. Жарнаманың бір пайдасы, эфирден, телеарналардан көріп, интернет арқылы біздің мекен-жайымызды тауып келіп жатқан адамдар бар. Жүре алмай жүрген мешел балалардың бізге келіп жазылып жатқаны қуанышты жағдай. Кейбір әлеуметтік жағдайы өте қиын отбасының сырқат балаларын тегін емдеп, сау адамдар қатарына қосқан жағдайларымыз да болды. Алыстан келген әрбір науқастың жазылып шығып, солардың бізге айтқан алғыстары біз үшін, дәрігер үшін медет. Сондықтан да дәрігерлерді «халықтың қорғаушысы» деп айтады.
- Қытай үкіметі жоғары  лауазымды азаматтардың, шенеуніктердің екі баладан көп балалы болуын талап ететін заң шығарды. Бұрындағыдай бір бала емес, бүгінде екі бала немесе одан көп бала тапса қызметінде жоғарылау болады дейді. Сырқат балалардың дүниеге келмеуі, жақсы ұрпақтың тәрбиеленуі бүгінгі таңда әлем алдында тұрған үлкен мәселенің бірі десек те болады. Сол мақсат бағдарламаға айналған секілді…
- Иә, Қытай мемлекеті –өзіндік тарихы бар үлкен держава болып саналады. Бұл қоғамның талабына сай, өмірдің өзі әкеліп тіреген мәселелер негізінен алынып отырған дүние. Яғни, 2000 жылға дейінгі тууды шектеудің нәтижесінде көптеген үкімет органдарда, ғылыми жұмыстарда ғалымдар, салауатты адамдардан болсын, солардың ішіндегі текті тұқымнан ұрпақ көру жағы ол жақтағы адамдар санаулы ғана. Заң талап еткен соң, жұмысынан айырылып қалатын болғандықтан, дүниеге келген сәбилері қыз болса да мақұл көріп отыра берді. Ал тіркеуі жоқ, мына қаладан ана қалаға көшіп жүрген азаматтардың әр жерге қалдырған ұрпақтары өкінішке орай көбінесе қоғамға зиянды әрекеттер жасап жатады. Ұрлық-зомбылықтың көбісі өмірден өз орнын таба алмағандардан туындайтыны сөзсіз. Сондықтан да, бұл мәселе кеңінен зерттелініп, кейінгі жылдарда ол жақта заң басқалай өзгертілген болатын. Яғни, мемлекетке өзін-өзі қоғамда дәлелдеген, небір қиыншылықтарға төтеп бере алатын патриот адамдар қажет. Сол себепті де, ғылым, спорт, мәдениет жағынан болсын әлемдік стандартта жарып шығатын ұрпақты сапаландыруды мақсат қылып отырған жайы бар. Сол үшін де оларға екіден, үштен бала сүюлеріне рұқсат беріп отырғаны рас.
- Бұрынғы уақытта халқымызда Алпысбай, Жетпісбай, тіпті, Сексенбайлар дүниеге келіп жатты. Қазіргі кезде тіпті, Елубайлар жоғалып барады, неліктен деп ойлайсыз?
- Біздің мына қазіргі жағдайдағы Қазақстанның өсуіне байланысты «Ғасырға бергісіз жетістіктер» деген үлкен мақалам «Ана тілі» газетіне жарияланған болатын. Қоғамымызда әр адамның өз-өзіне қарап, денсаулықтарын қадірлей білу жағы жетіспей отырғаны шындық. Денсаулықты тек қана денсаулық саласындағы адамдар қорғайды деген ойда жүр. Сондықтан, артық дүниелерге, қолжетімсіз нәрселерге қол жеткізгісі келетіндер бар. Екі жерде, үш жерде жұмыс істеулеріне тура келеді. Бірақ организм оны көтермейді. Мәселен, ауыр жұмыста істейтін құрылысшы бір жұмыстан шығып, кешке жақын екінші бір ауыр жұмысқа баратын болса, оның бүйрек қызметі,табанынан өткен суық, шаң-тозаң, дұрыс тамақтанбағаннан дәрумендердің жетіспеушілігінен еркектерде белсіздік пайда болады. Әйел болатын болса, аналық безінің жұмысына кедергілер келеді. Жақсы демалыс болмаған жерде ешқандай көңіл-күй болмайды. Содан барып бала көтеру, сапалы ұрпақты дүниеге әкелу жағы талапқа сай келе алмайтын болады. Сондықтан да біз, заңда айтылғандай салауатты өмір салтын үгіттеп отырмыз. Дем ала білмеген адамның еңбегі де өнімсіз болады деген сөз. Шығыс медицинасының негізгі талабы – адам ең алдымен өзін-өзі қорғай білуі керек. Яғни, олай болмаған жағдайда қоғамға да үлкен ауыртпалық әкеледі. Бір статисстиканы оқыдым, онда бір адамның бүйрегі ауырады, оны ауыстыруға да келмейді. Сол үшін оған үкімет ай сайын көп мөлшерде ақша жұмсап отырған жайы бар. Квота алып, мемлекетке қарап отырған бірталай адамдарымыз бар. Адамдарымыз өз денсаулығын күтіп, ауырмаған болса сырқаттардың күтіміне жұмсалатын қаржысы ауыл шаруашылығына, басқа да мемлекеттің дамуына жұмсалар еді ғой… Сондықтан сіз ауырмағаныңызды, салауатты өмір салтын ұстанғаныңызды да елге деген көмек деп ойлағаныңыз жөн. Шетелдерде ауырған адамды мәдениетсіз адам деп айтады. Қазақ өлуіне бір күн қалған уақытта емделуге келеді. Біз ондай білімсіздікке жеткізбей, алдын алып отыруымыз керекпіз. Жұмыстан шаршап шыққан соң ең болмаса, жақсы бір демалудың шараларын ұйымдастырып, спорт залдарына барып жаттығуға шамасы келмесе тіпті, жаяу жүріп, денені шынықтыруға болады ғой. Ол әркімнің өз қолындағы нәрселер. Жақсы лирикалық әндер тыңдап, дәрігерге жиі көрініп тұру керек.
- Көзім – жас, көңілім – қайғы, жаным – жалын…
Қайтем-ай, не істеймін мен, білмеймін достар?!.
Қан жұтып, бұл қасіреттен арылмадым,
Қай жаққа кетерімді білмеймін достар! – деген екен заманында, А.Яссауи. Бұл да депрессияның бір түрі ғой. Қазіргі таңда да бізде орын алып отырған сияқты көрінеді маған. Жұмыстан айырылып қалса, өзеннің суы тоқтап қалғандай күй кешіп жатқан адамдар бар. Бұлай болмаса да, бүкіл елдің жағдайы осындай деп көрсеткісі келетін азаматтар бар. Бірақ енді әлемде белең алып отырған соғыстар ошағы Ауғанстан, Сирия еліндегі адамдардың арманы біз секілді өмір сүру екен…
- Мен мысалы клиникамды ашқалы он жыл болды. Он жылда 50 мыңдай адамға көмек жасай алдым. 80 адамға жұмыс беріп отырмын. Жаңадан стационар аштым. Мұның бәрі саясаттың төңірегінде болып жатқан дүние. Саясатымыз оны қолдамаса, елге жасаймын  деген қызметіңізге қолдау берілмесе ешқандай нәтиже болмас еді. Менің ойымша, біз бай- қуатты, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда жасап жатырмыз. Соны көбісі біле бермейді. Менің Алматыға алғаш көшіп келгендегі жағдайымды қазіргі кезбенен салыстыруға келмейді. Бүгінде  жағдайы жоқ дегендердің өзінде бірден-екіден  көліктері бар. Мұның бәрі оған қайдан келді деп ойлайсыз?!. Бір жағынан өзің бай болып, айналаңдағы адамдар қиналып жүрсе  »баймын» деп жүргеніңнен не пайда?!. Жақсылығыңызды түсінетін, көңіліңізді көтеретін үзеңгілес адам болмаса өмірдің қызығының не керегі бар… Сондықтан ғұлама адамдардың өмірден түңіліп кеткен себептері содан болуы керек. Өзінің ақылын тыңдайтын, сөзін түсінетін орта таппады ғой олар. Біздің қоғамға да сол келе жатыр. Тек бір ауызбен сөйлеп, анаған бір, мынаған  бір мін тағып іс тындырмайды. Міне, осы адамдар іске кірісіп, жұмыс көзін табатын болса, қазіргі кезде елімізде мүмкіндіктер беріліп отыр. Сондықтан, ең алдымен еліміздегі жалқаулық пен намыссыздықты құрықтау керек. Еңбекті дұрыс жолға қоя білуіміз тиіс.
- Мемлекетімізде үлкендерді сыйлап, қарияларымызды ардақтайық деген үлкен бір бағдарлама жасап жатыр. Осы шетелдің қарияларына қарасаңыз, 80-90 жастарында елдерді аралап, тоқтамай шапқылап жүреді. Біздің қарияларымыз табиғи тағам жесе де, алпыс пен жетпістің шырмауынан шыға алмай жатыр. Қарттарымыздың жасын ұзарту үшін әлем елдеріндегі сияқты көрсеткішке қалай қол жетуімізге болады?
- Біз енді кешке дейін тек қана дәрумендер ішу керек деп айта алмаймыз. Меніңше, әрбір ұлт өзінің генінде бар ұлттық тағамдарымен тамақтануы қажет деп санаймын. Американың бір ғұламасы жақында ғана бір мақала жариялады. Сол мақалада тамақтану ережесінде табиғи өнімнің болғаны дұрыс деп айтылады. Көп адамдар менен сұрап жатады. Бір ақсақалдың асқазаны ауырады екен. Мен оған үш жыл бойы ашқарынға саумал ішіңіз дедім. Мен он жыл бойы қазақтың ұлттық тағамдарын үгіттеп жатырмын. ДЦП ауруымен емделуге келгендерге ине қоюмен бірге ешкінің сүтін беріңіз деп айтсақ, оның қатысы не деп айтатындар бар. Ешкінің сүті көп ауруларға табылмайтын ем, оның қуаттылығы – ананың сүтімен бірдей. Біздің қолымызда мал өсіруге болатын байтақ жерлеріміз бар. Осыны пайдаланып сүт тағамдарының  ұнтақ түрін шығаруға болады ғой. Биенің саумалына күнделікті қол жеткізе алмайтын адамдар бар. Ал оны ыстық күйінде сақтап, ұнтаққа айналдырып, жылы сумен ерітіп ішетін жағдайға келтіруге болады. Қазағымыздың құрт тағамы да азайып барады. Құрттың ішінде кальций, фосфор дәрумендері көп. Сондықтан әркім өзінің туған жеріне, ұлтына сай  тағамдануы қажет. Шетелден келген дәруменді ішіп, жазылып кетесіз деп айта алмаймын. Бұрынғы ата-бабаларымыздың ұзақ жасауының себебі, аттың үстінде жүріп, көкпар тартып, ел аралап жүріп қымыз ішіп, ағарған ішіп, жас малдың сорпасымен қуаттанып өмір сүрген болатын. Қазіргілер темекі шегеді, арақ ішеді. Болмаса, жол бойы кетіп бара жатып, жеңіл тамақтана салады. Осы жағдайлар адам баласын әлсіретіп жатыр. Әлсіреген адам орнынан тұрмай жата бергісі келеді. Үйінде жатып түрлі ақпараттар көріп, қызғаныш пайда болады. Осындай адамдардың өмірге деген қызығушылығын арттырып, қоғамдағы ұлттық тағамдардың қасиетін бағалау арқылы «Жас-Ай» журналымыз жұмыс жасап отыр бүгінгі таңда. Өзіміздің қазы-қартамызға жететін дәрумен жоқ.
Мен бір сапармен Жапонияға барғанымда, «сіздерде осы дәрі тегін емес пе?» деген болатын бір ғалым. Сөйтсем, туберкулез ауруына арналған дәрілері жылқының  жаясынан жасалған екен. Сосын, бір сырқатқа «қақырығың көп екен» деп бергені қазақтың құйрық майынан жасалған дәрі болып шықты. Біздің табиғи нәрселерден онсыз да айырылып бара жатқан заманымызда химиялық дәрілермен емделе берейік деп айта алмаймын. Сондықтан қаныңыз неге жақын, тәбетіңіз нені сұрап тұр сонымен қуаттаныңыз. Ең бастысы ұлтымыздың дәстүрінен ажырамағанымыз дұрыс.
- Кезінде Ресейдің Омск, Томск қалаларында әлеуметтік сараптамалар жасалынған екен. Сондағы қыздарға «Қандай жігітке тұрмысқа шығар едіңдер?» деп сұрақ қойғанда: «қазақтың батыр жігіттеріне тұрмысқа шығар едік» деген екен. Себебі, қазақтың жігіттері жігерлі, қайратты. Қазақтан бала тапсам,  менің де балам сондай көрікті, жігерлі, қайратты болар ма еді деген ойдан туған ғой… Сондықтан да біздің ұлт жасық емес.
- Мұның бәрін заманында ата-бабаларымыз дәлелдеп кеткен ғой. Бір батырымыз жүзден, мыңнан жауды жайпайтын болған. Дүниежүзілік екінші соғысы кезінің өзінде Р.Қошқарбаев ту тіккен, қыздарымыз Мәншүк пен Әлияның көрсеткен батырлықтары қандай! Бірақ, бүгінгі таңда батырлық деген басқаша ұғым болуы тиіс. Бүкіл әлемге «Қазақ – мықты халық» деп, жар сала беруге болмайды. Мемлекетімізді өсіру, ғылым мен техникада, медицинадан, мәдениеттен болсын жан-жақты мықтылығымызды көрсету заман талабы. Әлемдік жаһандануда қарсы тұра біліп, барлық қиындықтарға төзе білетін болсақ алдыңғы қатарда дамыған мемлекеттерге қосыларымыз сөзсіз. Сол себепті, ұлттық тағамдарымызға, ұлттық болмысымызға мемлекеттік тұрғыдан талаптар қойылатын болса, сақтап қалуымызға болады.
- Сіз қалай ойлайсыз, аралас некеден туған ұрпақ қандай болады?
- Менің ойымша, бұрынғы саясатта орыстарды қазаққа үйлендіру сияқты кері түсінік тудырған. Аралас ұлттан туған ұрпақтар ақылды болады деген… Қазіргі кезде қанның ешбір ұлтпен араласпай, туыстығы жоқ некеден туылған ұрпақтың зерек болатындығы дәлелденген. Ол бізде бұрыннан дәлелденген. Жеті атадан аспай үйлендірмеген. Ол кездері алыс шекарадағы ұлттармен үйлендіру мәселесі жердің кеңдігін иелену үшін орын алған болатын. Қазіргі кезде жеті атадан асып кеттік қой. Сондықтан да, Қытайдағы жерлестеріміз тек өзінің ұлтына ғана рұқсат береді. Ол дәстүрімізді, қанымызды сақтауға септігін тигізеді. Көбінше екі ұлттан үйленген адамдардың дәстүрінде сәйкестік болмағандықтан айырылысып кететін жағдайлар орын алып жатады. Жұлдызы бір болмайды. Ұлты бір болып, жұлдызы дұрыс келмейтін де жағдайлар бар. Басқа дамыған елдерде үйленбес бұрын жұлдызнамасына қарайды. Мұның бәрін тексере берсеңіз өте қызық. Ең бастысы – қазақ халқының ұрпағының сапалы болуы.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен:   Мақат САДЫҚ

 

Хабарласу