+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

16.10.2014 «Ұлытаудағы ұлағатты сұхбат, ұлт болып ұйысуға шақырады»

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтың тарихи астанасы болған Ұлытау жеріне барып, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол  магистральдарының тұсауын кесті. Соңынан, киелі Ұлытаудың бөктерінде, Әулиебұлақтың жағасында отырып, елдің кешегісі мен бүгіні және келешегі туралы керемет сұхбат берді. Бұл сұхбат жүрегі отан деп соққан әрбір азамат үшін әсерлі болғаны анық. Сұхбаттан алған ойымен бөлісу үшін «Жас-Ай» орталығының директоры, академик Жасан Зекейұлымен әңгімелескен едік.

 

 

– Елбасы Ұлытау өңіріне келіп, елдің көңілінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, «Мәңгілік ел» болу жолындағы мақсатты ойларымен бөлісті. Сізге, бұл сұхбат қалай әсер етті?

– Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын, тіпті, шығыстан тараған күн сәулесінің өзі шығыстан батысқа жету үшін 1 сағат уақыт жұмсайтын  байтақ даланың бірден бір иесі, талассыз қожасы – қазақ. Әлемге танылған, егемен елі бар, халқы сүйген және халқын сүйген Елбасысы бар қазағымның қазіргі бақытын Жаратқан ием көп көрмесін. Маған мұндай ой Елбасымыздың Ұлытауда берген ұлағатты сұхбатынан кейін туды.

Қазақтың тарихы мен тағдырынан, мәдениеті мен салт-дәстүрінен терең сусындаған Елбасымыздың сұхбатын оқып отырып, көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Алдымен, басшымыз қазақтың біртұтас болып қалыптасуы туралы тамаша айтып өтті. Расында, көшпенді халқымыздың тағдырынан терең хабардар елбасымыз, біздегі диалектің жоқ болу себебін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіріп өтті. Жаз жайлауға шығыс пен батыстан, оңтүстік пен солтүстіктен үдере көшкен ел Ұлытау өңірін жайлайды. Атырау мен Алтайдың арасына тарыдай шашырап кеткен қазақтың ең бір қызықты, сәнді-салтанатты шағы жайлаудағы үш айы болып есептеледі. Ұлытау баурайына барша халық жиналып, төсекте басы, төскейде малы қосылады. Осы кезде бір бірімен қыз алысып, қыз берісіп, туыс болып тарқасады. Бұл қазақ халқының рухани жақтан тұтастығын сақтап қалуға бірден бір ықпал еткен күш.

Шынында да, қазақтың ғасырларға жалғасқан соғыстардан, әр түрлі алапат апаттардан аман қалуының бірден бір себебі осында жатқан сияқты. Бұлтартпас тарихи дәйектерді алға тартуы арқылы Елбасымыз елдің бірлігін көксеген ұлы мұратын айқын аңғартты. Барлық қажыр-қайратын қазақтың қазақ болып қалу жолында жұмсап, ішкі-сыртқы күштерге дес бермей, қасқырдың күшінен, түлкінің айласынан аман өтіп, қазақ дейтін халықты ұлы бақытқа жетелеп келе жатқан ұлы тұлғаның Ұлытауда айтқан осынау сөздері алпыс екі тамырды тулатып, жүректерді мақтаныш сезіміне толтырды.

Сонымен бірге, Елбасымыз бұл сұхбатында жастарға үлкен сабақ беріп кетті. Отанды қалай сүю керектігін, отан үшін қалай тер төгуге болатынын байыппен баяндап, әрбір қазақтың жүрегін шымырлататындай ой қозғады. Мен сұхбатты тыңдап отырып, мына бір сөздерді жазып алдым. «Отан деген үлкен ұғым. Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан тарихыңды білген жөн болады. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек» деген Елбасының сөзі кез-келген қазақтың санасында сайрап тұру керек. Ат үстінде жүрген әрбір шенді азаматта дәл осындай рух болса, қазақтың болашағы нұрлы болары хақ. Бұл сөздер, тек Қазақстандағы қазақтардың ғана емес, әлемнің әр түкпірінде жүрген барша қазаққа айтылған үндеу деп білеміз.

Тәуелсіздік алғаннан бері, тарихи отанына 1 миллионға жуық қандасымыз оралды. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстандағы қазақтың саны небәрі 40 пайыз болса, қазір 65 пайыздан асып отыр. 20 жыл ішінде өскен 25 пайызда шеттен келген ағайындардың алатын үлесі көп. Бұл Елбасының қазақ үшін еткен үлкен ерлігі.

– Елбасы ел үшін аса маңызды сұхбатты Ұлытау төрінде беруінде қандай мән бар деп ойлайсыз?

– Елбасының қазақ үшін қасиетті жер саналатын Ұлытауға келуі, сол жерде ағынан жарылып, тебірене сұхбат беруі тегін емес. Қазақ тарихындағы орны бөлек, шоқтығы биік саналатын Ұлытауда көптеген тарихи шешімдер қабылданғаны белгілі. Осындай киелі жерде кеңінен көсіліп, халқына сыр шертуді, көреген басшы көптен ойластырып жүрсе керек. Тау табиғатының аясында қазақтың басшысы сұхбат беріп отырған кезде: «Біз осындай жайсаң халықпыз, біздің патшамыз да тау сияқты маңғаз, дала сияқты дархан» деп айғай салғың келеді.

Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ тарихы жайлы айтқан кезде тебіреніп тұрып сөйледі. Қазақтың кеше ғана пайда болған ұлт еместігін, мемлекеттігіміздің тарихы тереңнен бастау алатына тоқталып,  «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деп қадап айтты. Осы бір сөзді барлық ақпарат құралдарында қайталап айтып, жазып, елдігіміздің өткенін білмей, бүгінін көре алмай, дербестігімізді әлі де мойындағысы келмей жүргендердің құлағына құя беру керек.

– Қазіргі қоғамның, тіпті, бүкіл әлем алдындағы аса маңызды жайт – дін мәселесі. Осы туарсында да Елбасымыз барша жұртты сабырлық пен ілімнің сара жолына түсуге шақырды. Сіз не дейсіз?

– Иә, кемел басшымыз дүрмекке ілесіп, әртүрлі ағымға ілесіп кетудің қаупін ескертті. Дінді сәнге, уақытша қызығушылыққа айналдырмай, шынайы иманды болуға шақырды. Адамдардың арасындағы береке-бірлік, бауырмашылдық, отаншылдық деген сөздің өзі Құранда жазылғанын, адамдықтан айнымаған адамның ғана діннен алыстап кетпейтінін ескертті. Егер дін жолында дұрыс таңдау жасап, тура жолда жүрсек, діннің мемлекеттің дамуында, халықты ұйымдастыру жолында пайдасы ұшан-теңіз. Ал, керісінше болып, діннің жат ағымында кетсек, елдің ертеңіне төнетін қауіп осал емес екендігін аңғартты. Елбасымыз, халықтың діни сауатын ашу төңірегінде мемлекет тарапынан көптеген шаруалардың атқарылып жатқанын, мешіттер салынып, дәстүрлі дінімізді насихаттайтын мамандар оқытылып жатқанын айтты. Расында, әлемдегі соғыс оты тұтанып жатқан елдерді алып қарайтын болсақ, дін жағдайында өте сақ болуымыз керектігі еске түседі. Әсіресе, әрбір азамат дұрыс таңдау жасай білуі керек. Ол үшін көбірек оқу немесе көп оқыған ғалымдардан кеңес алуымыз тиіс.

– Сіз тек дәрігер ғана емес, ұлт руханиятына қатысты игілікті шаралардың демеушісі әрі тіл жанашырысыз. Медицинаны қазақ тілінде сөйлетуге күш салып жүрсіз. Елбасының тіл туралы айтқанынан не түйдіңіз?

– Елбасы елдің көңілінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді. Айталық, қазіргі ұлт жанашырларының, кез келген қазақ азаматтарның көкейінде жүрген мемлекеттік тілдің жағдайы туралы Елбасы көбірек тоқталды. Жыл сайын мектепті 100 мың оқушы бітірсе, олардың 80 мыңы қазақ мектептерінің түлегі екенін айтып, болашақ қазақтың пайдасына қарай шешіліп келе жатқанын айқындап айтты.

Қазақ халқы үшін қазіргі уақыттағы ең керегі – төзімділік. Өйткені, әрбір өткен күніміз қазақты алға жылжытып отыр. Қазақстандағы қазақтардың саны күн санап асып келе жатыр. Біздің көп болғанымыз жақсы. Мемлекетіміздегі барлық іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізілетінін, оған ешкім кедергі жасап жатқан жоқтығын Нұрсұлтан Әбішұлы қадап айтты. Ендігі мәселе, өзін қазақпын деп санайтын адамның ана тіліне деген сүйіспеншілігіне қатысты болып тұр. Әр қазақ кез келген жерде қазақша сөйлеуді, қазақша қызмет көрсетуді талап ететін болса, екі қазақ бір бірімен қазақша сөйлейтін болса, онда біздің тілдік мәселеміз түбірімен шешіледі. Бірақ, Елбасы айтқандай, қызба қандылыққа салмаумыз керек. Егер олай істейтін болсақ, шынында да, Украинаның аяғын құшумыз мүмкін. Айтыңызшы, тіл үшін мемлекет тарабынан барлық жағдай жасалынып тұр. Елбасынан нені талап етпекпіз? Ендігі мәселе, өзімізге талап қоя білуміз керек. Мейлі, дәрігер, мейлі физик, химик болсын егер қазақ болса өз мамандығын барынша қазақша жүргізуге тырысса болғаны. Шетел мен салыстырсақ Қазақстанның болашағы жарқын болып тұр. Елбасымыз айтқандай біз жас елміз. Елімізде жастар саны көп. Оның ішінде қазақ жастары көбейіп келеді. Расында да, болашақ біз үшін жұмыс жасауда.

– Елбасымыз Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіміз туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Сіздің Еуразиялық экономикалық одаққа деген көзқарасыңыз?

– Мен Еуразиялық экономикалық одаққа кіруді қолдаймын. Елбасымыз бұл туралы қаншама рет айтып өтті. Біздің одан басқа жолымыз жоқ. Егер бай-қуатты ел боламыз десек, осы жолды таңдаймыз. Еститін құлақ болса Елбасы бәрін ашық айтып, түсіндірді. Ал, оған күмән келтірушілерге Елбасының мына бір сөзі жауап болады деп ойлаймын: «Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек». Қашан да ойлы сөздерімен халқын оятататын осындай Көшбасшың болғаны үшін, Аллаға мың шүкірлік етесің.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Қазірет БЕРДІХАН

 

Хабарласу