+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

17.10.2011 Қалалықтардың жүйкесі жиі сыр береді

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Бұл клиникадан осы күнге дейін жеті мың отбасы тегін ем алған. Бас дәрігердің айтуынша, рактан өзге ауруға шипа іздеген жанның бәрі Қазақстанның қай түкпірінен болсын Алматының төріндегі «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық клиникасына келеді. Сондай-ақ, балалардың сал ауруы немесе ДЦП диагнозымен келген 400 баланың 80 пайызына иненің шипасы тиген.

Таза ауасыз тұншығып тұрған үлкен мегаполис тұрғындарына бүгінде тағы қандай ауру үйір? Қала тұрғындарына денсаулық жайында тегін ақпаратты қайда берген тиімді? Осындай сұрақтарды біз клиника басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫНА қойған едік.

 

 

ҚОҒАМ ЕРІКСІЗ МӘЖБҮР ЕТЕДІ

– Жасан Зекейұлы, шаһарымыз лас қалалардың көшін бастап келеді.Алматылықтардың денсаулығы қалай? Үлкен қаланың қарбалас өмірі денсаулыққа қарауға мұрша беріп жатыр ма?

– Қазір алматылықтар бір жұмыстан екінші жұмысқа жүгіріп жүреді. Тамақты уақытында ішу былай тұрсын, түрлі дене әрекеті, спорт, демалысқа олардың уақыты жоқ. Күні-түні демалыссыз жұмыс істеп, шаршаған адамның ең алдымен жүйкесі сыр береді. Яғни, нервтік жүйедегі аурулардың көбеюіне ауаның ластығымен қоса, қалалықтардың тұрмыс-салты да себеп болып отыр. Ұйқысыздық, жүйкенің шаршауы, есте сақтаудың нашарлауы, жасөспірімдер­дің ақыл-есінің жетілуінің баяулауы алматылықтар­дың арасынан шығып жатады. Біздің клиникаға рак ауруынан өзгенің бәрі келеді. Бронхы, белдің шойы­рылып қалуы, аяқ нервтерінің тартылып жүре алмай қалуы, хандроздың қысып, жүрекке қан бармай қалуы, түрлі себептегі көп уақыт бойына денсаулыққа берген заттардың әсерінен көздің көру қуатының әлсіреуі, қанда темірдің жетіспеуі, әлсіздік, тамақ іше алмай қалу, қуаттың төмендеуі, ауруға деген қарсылық­тың, яғни, иммунитеттің төмендеуі сынды шағымдармен көп адам келеді. Оның сыртында балалардың сал ауруы немесе ДЦП деген диагнозбен бізге келген 400-ден астам балаға көмек бере алдық. Солардың сексен пайы­зынан астамы жақсарды. «Сіздердің орталық жайлы газеттен оқып-білдік» деп «ақшамның» бір тұрақты оқырманы да осы орталықта емделді. Біздің көмегіміз тиген адамдардан естігендері бар, үздіксіз ем алуға сұраныспен келетін отбасы көп. Қалада семіздік ауруы да белең алып келеді. Артық салмақ қосып, бізге «себебін тауып беріңіздер» деп жүгінетіндер бар. Тері аурулары мазалайтын тұрғын­дар да көп. Одан қалса, таңнан кешке дейін қарба­лас­пен жүріп, ретсіз тамақтанып, асқазан-ішек жолдарын бүлдіріп алып, бізден көмек сұрап келетін жастар көбейіп келеді.

Қаламызда техникалардың көбеюі, адамдардың шоғырлануының жиілеуі, тұтынатын химиялық зат­тар­дың ортаны былғап, табиғатқа шығуы, табиғи ресурстардың бүлінуі, көліктен шығатын түтінмен қоса, жеке сектордағы үйлердің көбейіп, олардың моншасы немесе басқа да үйлерін жылытуға жағып жатқан заттарынан шыққан улы газдар қалалықтардың денсаулығына кері әсер етуде. Ұлт болып қалыптасқан кездегі заңды аумақтық қозғалыс шектеуге ұшырап қалды. Қазір сіз жаяу жүретін жер таппайсыз, ыңғай да жоқ. Кім болса да шыға қалып машинаға отырады, автобусқа мінеді. Атпен жүре алмайсыз, көшемен жүгіруді ойламай-ақ қою керек. Таулы, экологиясы таза жерге серуенге шығу да оңай емес. Бірі – адамның уақыты шектеулі. Екіншісі – өмір талабы осылай болып барады. Қанның таза болып, дұрыс жүруіне, қан айналысына кепілдік беретін – ауа. Сол оттегінің таза түрде өкпеге баруы тосқауылға ұшырап жатыр. Соның салдары өкпе-тыныс жолдарындағы ауруларды көбейтуде. Астма сынды аурулар жасарып келеді. Бұл – ащы шындық.

– «Қазағымды емдесем» деген арманыңызды жүзе­ге асырып келесіз. Жомарттығыңызға да жұрт риза. Қан­дай жандарға тегін көмек көрсетесіздер?

– «Осы клиника маған қажет, көмектеседі екен» деп келген жандарға біздің есігіміз әрдайым ашық. Клиникаға келген адамның уақытын жемей, ауруын асқындырып алмай, келгендегі ниетінен шығып, толыққанды диагнозын қойып, мүмкіндігінше, он күн ішінде айығып кетуі үшін біз жанталасамыз. Соның арқасында 45 мыңнан аса адамға қуаныш сыйлаппыз. Бірде-бір адамның жылап-сықтап немесе шағым айтып кеткенін көрген жоқпыз.

Бірде осы қаланың тұрғыны, автобус айдап, жеті баласын асырап жүрген жігіт инсульт алып, тіл-ауыз­сыз келді. Ол үйін кепілдікке қойып, автобусын не­сиеге алған екен. Ауруханада алғашқы көмек көр­сетіл­се де, науқастың аяқ-қолын жандандыра алмаған. Біздің клиникаға келген соң, бар мүмкіндігімізді аяған жоқпыз. «Бір Алладан қайтады» деп өскен қазақтың ұрпағымыз ғой. Ұжым болып көмектесейік деп шеш­тік. Қаржысын өзіміз бөліп, он күндік ем тағайындап, тіл-аузын қалпына келтірдік. Ал үшінші курс емнен кейін тұрып, жүріп кетті. Қазір автобусын айдап, қай­тадан қала тұрғындарына қызмет етіп жүр. Жыл сайын белгілі бір уақытта бала-шағасымен біздің клиникаға келіп, алғыстарын айтып жатады.

Мұндай мысалдар қаншама. Бұл жердегі басты нәрсе – өзгеге қолыңнан келгенше жақсылық жасап, жан жылуын беру. Адам күн сияқты өзінің айнала­сына нұрын шашып жүрсе, жолы әрқашан ашық болады. Өзге адамға қолұшын беру, пайдаңды тигізу мұсылмандықта бар дүние. Абай қазаққа «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жоқ па? Әр адам – Алла­ның құлы. Сондықтан біз әрқашан ешкімді шетке қақпауымыз керек. Осы күнге дейін емдеу барысында жеті мыңдай отбасына тегін көмек беріппіз. Біздің дәрігерлер ықылас білдіріп, алдына келген жанға қажет болса тегін көмектесетін жағдайлар біз үшін үйреншікті. Бұл – адамгершіліктің дәлелі. Нағыз іс сөз жүзінде болмауы керек, осылай іспен көрінуі керек деп есептеймін.

– Асқазан-ішек ауруларына шағым айтып келетін жастар көбейді дедіңіз. Шаһарымыздың әр бұрышына жайғасқан фастфудтың зиянын біле тұра, содан шықпайтын жастардың денсаулығы жөнінде не айтасыз?

– Фастфудтың зиянын бүкіл дүние жүзі біледі. Бірақ біздің жастарымыз оның кері ықпалын тереңінен түсіне бермейді. Қазақта «арзанның жілігі татымас» деген сөз бар. Ол тамақ арзан, әрі оңай дайындалатын­дықтан құны да арзан. Қалтаға да залал келтірмейді. Ең қауіптісі – тамақтың шала пісуі. Яғни, толыққанды пісіп, өзінің бабына жетпеген тағам адам организміне кері әсер етеді. Өйткені, организмнің тамақты қабылдауға тиіс өзінің бір функциясы бар. Шикі алма, шикі өрік берсе, жей алмайтыныңыз белгілі. Егер де жейтін болсаңыз, асқазаныңызға түскен соң тас болып батады. Сіңбейді. Себебі, организм қабылдамайды. Тағам да сондай. Біздің генімізде, қанымызда болмаған, бұрынғы ата-бабамызға тартып, ондай тамақты жеп көрмегенбіз. Бізге ең дұрысы, бір уақыт қаймақ жеп, сиырдың болсын, ешкінің болсын сүтін ішу, содан кейін қайнатпа сорпалар ішкен жөн. Ең қажеттісі – айранымыз бен қымызымыз. Өзіміздің қазы-қарта­мыз­ға, қолдан жасалған ірімшік, майымызға ештеңе жетпейді. Осы тағамдар әр жерде адамдардың қалтасы көтере алатын жағдайда беріліп тұрса, жағдай басқаша болар еді. Дегенмен, оларға студенттердің қолы жете бермейтіні тағы анық. Осындай тағам дайындайтын, сататын дүңгіршектердің бәрін жаһанданудың әсері деп айтқанға сеніп, ысырып тастады. Бұрын сап-сары жүгеріні суға қайнатып, апаларымыз мектеп оқушы­ларына әкеліп, арзанға сататын. Міне, осы жүгері дәруменге толы. Бірақ, бұл да студенттердің қолына жетпейді. Табылмайды. Тамақ ішу үшін бір-екі сағат көлікпен жүріп, кептелісте тұрмайды ғой. Сабағының жанында, жұмысының қасында не бар, соны жейді. Осы қоғам еріксіз сондай нәрселерді мәжбүр етіп қойған. Осыдан кейін қайтіп біз оларға «тамақты таңдап же» деп айта аламыз? Егер де университет басшылары сол оқу орнының жанынан ұлттық тағам­дар сататын бір бутик ашып, оның жарнамасын жақсылап жасаса, ішпейтін адам жоқ. Тіпті, сұраныс сіз бен біз ойлағаннан да жақсы болуы мүмкін. Өйткені, геніміз сондай тамақтарды қажет етіп тұр. Ал фастфуд жеп шыққаннан кейін жиырма минуттан соң қарныңыз қайта ашады. Тамақ ішкен құрлы болмай­сыз. Тәтті тағамды көп жейтін адамдар бар. Майлыны көп қолданады, майонез көп тұтынады жастар. Қазақ табиғи сүттен жасалған май жеген. Ал оның қажетсізін қымыз, қымыранменен денеден түсіріп отырған. Қазір тамақтан кейін барлық жерде айран, қымыз табылады деп айта алмаймыз. Осындай салдардан біздің ұлттық дәстүрлі тағамдануымыздың тепе-теңдігі бұзылды. Қанымызға жат нәрселерді көп қабылдағаннан кейін, ауру да көбейіп кетті.

Ең жаманы, адам өзінің денсаулығына мән бермейді. Неліктен Алла Тағала адамның жанын тәтті қылып жаратқан? Егер де жаның қиналмаса, адамдар өмір-бақи солай жер басып жүретін сияқты сезінеді. Деннің саулығына мән беріп, «қандай жағдайда мықты иммунитетпен жүремін» дегенді ақпарат көздерінен оқып-білуге тырысу керек.

 

Қоғамдық көлікте денсаулық, ұлттық дәстүр, тарихи ескерткіштер жайлы жеңіл ақпарат берілуі тиіс

– Шет ел тәжірибесінде денсаулықты күту мәсе­лесі қоғамдық көліктерде ұтымды пайдаланылады. Бір берген жарнаманы күнде айналдыратын Алматының қоғамдық көліктері осындай маңызды іске сұранып-ақ тұрған сияқты.

– Қоғамда көліктер ақпаратқа нағыз тиімді жер. Бірақ, ол мемлекет бақылауында болуы тиіс. Әйтпесе, ол жерге сектанттар кіріп, жас ұрпақтың ойын бұзатын арам ниетті үгіттер де айтылуы ғажап емес, жоқ нәрсені айтып, елдің қалтасын қағатын сауданың жұмысы да кіріп кетуі ықтимал. Мемлекет тарапынан жүргізілетін ортақ көлік болғандықтан, ондағы ақпарат та халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Шет ел тә­жіри­бесінен айтсам, ондағы қоғамдық көліктерде ден­саулық жөнінде жеңіл, адамға сіңімді, салауатты өмір салтын насихаттайтын ақпараттар беріледі. Мәселен, адамның ең жақсы ұйықтайтын кезі қай мезгіл, қай уақытта дене қимылын жасауға болады, қандай аурулардан қалай сақтануға болады, болмаса, мезгілге қарай қалай киінген жөн, қандай көңіл-күймен адам өнімді жұмыс істейді сынды сауалдарға пайдалы кеңестер беріледі. Халқымыздың дәстүрі, ата-бабадан келе жатқан қасиеті, абыз, ғұламалардың елді бірлікке, ынтымаққа шақырған өсиет сөздері, ғылым­ды үйрену­ге шақыру сынды маңызды мәселелер де осы ортада көрінуі керек. Қандай да бір мәселе шыға қалса, жаһандануға итеріп тастайтын болдық. Бізде ұлттық рух, ұлттық идея, дәстүр болмаса, жұтылып кететініміз шындық. Осы қоғамдық ортада қазақтың киіз үйі қай кезден бері келе жатыр, қазысы мен қартасы, қымыз­дың пайдасы, тарихи ескерткіштер жайлы айтылып отыруы керек. Күнделікті тұтынуды организм талап ететін өнімдер жайлы мағлұмат та айтылуы тиіс.

Тағы да шет ел тәжірибесі. Егер ақпарат денсау­лыққа қатысты болса, ол сол елдің мемлекеттік тілінде бергізіледі. Тіпті, арнайы денсаулық жөнінде оқуға уақыты жоқ адамдар үшін қоғамдық ортадағы сапалы ақпарат 40-50 пайызға білім береді. Қазір біздің ұшақтарда қыздар ұлттық киім киеді. Қағаз майлыққа дейін ұлттық стильде шығарылған. Күй тартылып жатады. Міне, біздің өзге де қоғамдық орындарға осы жетіспейді.

Клиникаңыздың төріне Елбасының портреті бейнеленген кілем іліпсіз. Мұндайды әрбір орталықтан көре бермейтініміз рас…

– Ешкімнің қолы жете бермейтін кілемді бірнеше жыл тоқытып, төрімізге ілгіздік. Біздің ата-бабалары­мыздың берген ұлттық тәрбиесі солай болды. Алды­мен өзіңнің Жаратушыңа сыйын деді. Одан кейін еліңді, шаңырағыңды ұстап отырған көсемге бой­ұсынуың керек. Содан соң ұстаздарың, ғұламалар, өзіңнен үлкен ақсақалдарды құрметтейсің. Елбасының кілемдегі портретін болашақтағы шәкірттеріме, келіп жатқан марғасқа зиялыларға, халыққа үлгі болсын деп ілгіздік. Патриотизмнің мұндай көріністерін дамыған Корея, АҚШ сынды елдерден көруге болады.

Негізінен, бұл клиникаға еліміздің алыс өңірлері­нен ат сабылтып келетін қазақ көп. Ал қалалық­тардың бірі білсе, екіншісі білмей жатады. Себебі, біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз, іс-қағаздары­мыздың бәрі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Тіпті, өз күшімізбен бес жылдан бері шығарып жатқан «Жас-Ай» журналы да қазақ тілінде. Мұның бәрі тағы да мемлекеттік тілді қолдау патриоттық сезімінен туындаған істің нәтижесі.

– «Денім сау болса екен» дейтін «Ақшамның» оқырмандарына дәрігерлік кеңесіңіз.

– Әр күнгі өмірлік ритміңізді тәртіпке салу керек. Яғни, сіз келсін-келмесін жоспарсыз қимыл емес, әр күнгі жұмысыңызды жоспарлай біліңіз. Жұмыс істей білген адам демала да білуі керек. Еңбек пен дем­алысты ұштастырып, рухани білім алуға ұмтылып, ауырмасаңыз да денсаулық жағдайын тексеріп беретін клиникаларға қаралып тұрған жөн. Жаяу жүру, велосипедпен қатынау сынды шараларды әдетке айналдырыңыз. Ақпарат деген халықтың көзі. Соның алдында жүрген әріптестерімнің көбі кейде өзіне мән бермей, ауырып қалып жатады. Ауырған адамда күш-қуат болмайды. Қарқыны ғана емес, қабілеті де нашар­лайды. Қабілеті төмен кадрлар көбейсе, мемлекеттің күші әлсірейді. Сондықтан, бәрі – деннің саулығына келіп тіреледі. Дені сау ұрпақ болса, алынбайтын қамал жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

Хабарласу