+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

04.03.2014 Тамшыдай жақсылық – таудай табыстың бастау бұлағы

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Адамның алғысын алған адамға Алла тағаланың мейірімі түсері хақ. Адамзаттың пайдасы үшін, қоғам қажетілігі үшін істелген қандай да бір шаруаның түбі жақсылыққа әкелері сөзсіз. Сол жақсылыққа масаттанбай, тояттанбай,  тоқмейілсінбей, игілікті ісін жалғастыратын болса, ол адамнан асқан бақытты һәм абыройлы (Алла алдында да, адам алдында да) жан болмас.  Өзінде бар мүмкіндікті өзгелердің қажетіне жаратып, ол үшін қарымтасын талап етпейтін пенденің жұлдызы жарық, жолы ашық болады. Бұл айтып отырғаным тарихтағы ғұламалардан қалған қағаз бетіндегі шындық болса, өз басым осы ақиқатты өмірден іздеп келемін.

 

Бір сәт өткенге көз жібердім… Атажұртқа алып ұшып келгелі 20 жыл сырғып өтіпті. Жастықтың жалыны кеудемде лапылдап, отанға деген махаббатым тамырымда тулап, қайрат-жігерім тасып тұрған кезімде атамекен топырағына қадам басыппын. Табанымда жатқан топырақ бойымдағы тасыған күшіме қайрат қосқан тәрізді. Елге, отанға деген ерекше сағыныш биік арманға жетеледі. Арманым: жаңадан құрылған жас мемлекеттің бір кірпіші болып қалану еді….

Енді ойлап қарасам, мені бүгінгі жетістікке сүйреп жеткізген жалғыз күш – сол бір асқақ арманым екен. Ол арманның алғашқы тағаны «Жас-Ай» медициналық орталығын ашудан бастап қалана бастады. Қазіргі жасап жатқан бар тірлігім – ұлы мақсат жолындағы арпалыс. Қаншама қиындық кездесті, қанша тер төктім. Есімде қалғаны, жанымда ылғи жаңғырып тұратыны – халыққа деген қызмет. Бұл күнде жанымдағы жақын адамдарға, достарыма «жақсылық жаса да, ұмытып кет» деп үнемі айтып отырамын.

Еліміз жаңадан егемендік алған өтпелі дәуірде көптеген білікті мамандарымыз, дипломын қалтасына салып базар аралап кетті. Ол кезде алып-сатарлардың дәурені жүріп тұрған болатын. Нарықтық заманның көшіне ілесеміз деп, бұрыннан келе жатқан біраз құндылықтарымыздан қол үзіп қалдық. Бұл үрдіс ғылымда да белең алды. Жұрттың көп сандысы ғылым жолында жүруден гөрі базарда бағын сынағанды жөн көрді. Міне, осындай өтпелі кезеңде менің ғылым жолымды жалғастыруыма ең бірінші – дәрігерлік мамандығыма деген терең сүйіспеншілігім, одан кейін, халықтың денсаулық жағдайына деген алаңдаушылығым себеп болды.  Затында, отанды қорғау, ұлтты сүю, ұлт болмысын жоғалтпау, тілді өшірмеу, дінді сақтау – әр адамның арқалауға тиісті, әрі, шын берілсе, жанын құрбан ететін қасиетті борышы саналса, енді ажалға араша түсу – әркімнің маңдайына жазыл­маған, еншісіне бұйырмаған әрі нәзік, әрі жауапты, теңдессіз өнер әрі абыройлы борыш…

«Ой да көп, уайым да көп, ойлай берсең. Ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең» деп Мұхтар Әуезовтің айтқаны айдай ақиқат. Ойсыз адамның хайуаннан еш айырмашылығы жоқ. Осыдан 20 жыл алдағы мені мазалған ой – денсаулық сақтау саласы еді. Халықтың шығыс медицинасы туралы түсінігі қалыптаса қоймаған. Ондай мүмкіндік те жоқ. Ал, шығыс медицинасы болса адамзат үшін аса керек. Табиғат пен адамның өзара үйлесімділік қарым-қатынасының табиғи тепе-теңдігі бұзылғандықтан, адамдардың қуат-күші кеміп, сырқатты жұқтырмау мен сақтану қабілеті (иммунитеті) әлсіреген қазіргі кезеңде батыстың дамыған медицинасының өзі аурудың сан-алуан түрлерін емдеуде шарасыздық танытуда. Дәл осы тығырыққа тірелген тұста – адамзат халық емшілігімен ұштасқан шығыс шипагерлігіне маңдай тіреп, еріксіз сүйенді.

Мұны өз басым жақсы түсін­дім. Қазақ елінде медицинаның осы саласын дамыту кезек күтірмейтін шаруа екеніне көзім жетті.

Бірақ, менің бұл ойымды жүзеге асыру оңайға түспейтіні анық еді. Қаржыдан бөлек көптеген мәселелер қордаланып тұрған болатын. Солардың ең өзектісі – тіл мәселесі. Бұл қиындықтар менің бірден білек сыбанып жұмысқа кірісуіме кедергі келтірді. Бір жыл дайындық курсынан өтіп, орыс тілін үйреніп, конкурс арқылы іргелі білім ордасы саналатын С.Асфандияров атындағы университеттің аспиранты болып шыға келдім.

А.Н.Сызғанов атындағы хи­рур­гиялық ғылыми-зерттеу орталығында Қазақстанда тұңғыш рет «Хирургиялық аурулардың және операциядан соң болатын асқынуларды Қытай методикасын қолдану арқылы алдын алу және емдеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Маған Алматыдағы №12 орталық ауруханасында операциядан кейінгі асқынуларда Шығыс-тибет тәсілімен емдеуге рұқсат етілді. 500 адамға тәжірибе жүргіздім. Оның оң нәтиже беретініне мамандардың көзі әбден жетті. Әдетте, науқастың анализдерін тексеріп, зерттеуге көп уақыт кетеді. Ал шығыс медицинасы бойынша тамыр ұстап, бірден емге кірісемін. Мұның ауыр науқастардың беті бері қарауына көп септігі тиді. Осылайша, отаныма шығыс медициасына деген сенімділікті алып келдім.

Қай істің болсын өнуіне 3 шарт керек. Әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек деген қағиданы өмірлік ұстанымым еттім.  Сөздің шындығына келер болсақ, «Жас-Ай» орталығы құрылды деген сөз бар мәселе шешілді деген емес, керісінше нағыз күрес енді басталды деген сөз еді. Шипа іздеп келген ауруларды емдеп жазып, ауруынан айықтырып, сонымен қатар, шығыс медицинасын халыққа таныстыру жұмыстары күтіп тұрды. Орталықтағы бар шаруа бір өзімнің қолыма қарап қалмас үшін, білікті дәрігерлер іздеп, оларды шығыс медицинасына тәрбиелеу керек болатын. Міне, осындай шаруалардың барлығы бір өзімнің мойныма жүк болып артылды. Әрине, қажу мен шаршаудан, әр түрлі қиыншылықтардан  «Осының барлығының керегі не?» деген ойлар келетін. Ондай пендешілік ойларды жеңіп отыратын жалғыз күш «мен елімнің қажетіне жараймын» деген жалғыз ауыз сөз болды.

Біздің орталықтың одан әр­мен серпін алуына  Елбасының «Қазақстан – 2050» Жолдауында «Еліміздегі жекеменшік медицина саласының дамуына жағдай жасау, жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз» деген сөзі бірден серпін берді.

Соған сәйкес «Жас-Ай» медицина орталығы 63 орынды аурухананы іске қосып, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген нау­қастардың жатып ем алуына толықтай жағдай жасап отыр.

Бүгінгі 5 қабаттан тұратын аурухананы салып, халыққа ұсынып тұрып ойға түйгенім осы болды. Егер мен сол 90-шы жылдары халқымызды ойламасам, қазір мұншалық дәрежеге көтеріле алмас едім. Сол кездегі біздің халыққа жасаған нәтижелі жұмыстарымыздың арқасында басқа да шығыс медицинасымен шұғылданатындарға жол ашылды.

Құранда «Егер сен Аллаға бір адым жақындасаң, Алла саған жүз адым жақындайды, егер Аллаға қарап жүрсең, Алла саған жүгіреді» деген аят бар. Ал қазақ «Құдайдан кейін халық» деп анық айтты. Бұдан «Егер халыққа бір адым жақындасаң, ол саған жүгіреді» деген тұжырым келіп шығады. Бұл тұжырым нағыз шындық. Ел үшін тамшыдай жақсылық жасаған адамды халық таудай табысқа жеткізеді және ешқашан ұмытпайды. Біздің қазіргі қоғамға осы қағиданы түсінетіндер көбейгені керек.

Жаңа ауруханы салғанда ең бірінші өзім емес, емделуге келген аурулар қуанды. «Сабылып, жататын жер іздеп, туыстарымызды мазаламайтын болдық. Жатып емделетін болғанымыз дұрыс болды» деген ризашылдық сөздерін естіп өзім шексіз қуанышқа кенелдім. Расында, біреуге үміт бағыштағаннан артық шаттық болмас.

Еліміз бойынша медициналық кластер жүйесі негізінде алғашқы­лардың бірі болып қызмет түрін көрсететін «Жас-Ай» медициналық орталығының  құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде орталықта жалпы саны 40 мыңнан астам науқасқа ем-дом жасалып, 7 мың адамға тегін ем көрсетілді. Көптеген инсульттан салданған адамдарды орнынан тұрғызып, мешел (ДЦП) балаларды ауруынан айықтырды. Одан бөлек 500-ге жуық отбасыға бала сүю бақытын сыйлап, ұлтымыздың демографиясына зор үлес қосып келеді.

Орталығымыз ұлттық мәдени шаралардың өтуіне, спортшылар мен жағдайы төмен отбасыларға қаржылай демеушілік жасап келеді. Соңғы 5 жыл бойы тұрмысы төмен отбасыдан шыққан бірнеше оқушыға еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орындарына оқу грантын бөліп келеді. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, жыл сайын «Мектепке барар жол» акциясы бойынша жүздеген қамқорсыз қалған балаларға көмек қолын созуда. Сондай-ақ, жақында ғана мүмкіндігі шектеулі, 3 бірдей зағип жандарға үміт отын сыйлап, орталығымыздан тұрақты жұмыс бердік. Олар қазір ел қатарлы айлық алып, өмірге деген құлшыныстары артып келеді.

Сондай-ақ, қазіргі сіздердің қол­дарыңыздағы «Жас-Ай» меди­циналық журналы еліміз бойынша медициналық тақырыпта қазақ тілінде шығатын бірден бір басылым екенін айта кеткім келеді. 5000 данамен журнал шығару біз үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені рас. Бірақ, бұл халық үшін аса қажет дүние. Журнал шығарудағы негізгі мақсатымыз аурухана есігін ашпаған жандар­дың және аурудың алдын алғысы келетін адамдарға өз денсаулығын қорғауға мүмкіндік туғызу.

Мінеки, қомақты жұмыстар атқарылып, үлкен белестерді бағындырған жылан жылымызды шығарып салып, жылқы жылынның босағасын жақсы бастамалармен аттадық. Өткен жылдағы ең үлкен жетістігіміз – жаңадан бой көтерген аурханамыз. Бұл ауруханамыздың есігі басы ауырып, балтыры сыз­даған кез-келген науқас үшін әрдайым ашық. Біз адамдарды қал­тасына қарап емес, ауруына қарап қабылдаймыз. Ауруханамызға жаңадан алдырған соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар біздің мүмкіншіліктерімізді кеңейте түспек. Сәйкесінше, емделушілерге қолайлы жағдай тудырмақ.

Құрметті қауым, сіздерге дәрігер ретіндегі тілегім: денсаулық Алланың берген аманаты. Біз сол аманатқа қиянат жасамай, өз ден­сау­лығы­мыз­ды өзіміз күтіп, ауырмайтын жол іздейік. Бар­шаларыңызға жылқы жылы береке-бірлік, бақыт пен байлық әкелсін! Отанымыз айрандай ұйыған тыныштығынан ажырамай, еліміз қуатты, Елбасымыз аман болсын! Баршаларыңызға мықты денсаулық тілеймін!

 

Жасан Зекейұлы,

 

Хабарласу