+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

27.06.2014 «АЙТУҒА ОҢАЙ», яғни даналық белгі

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Жанат АХМАДИ

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысының Құрметті азаматтары

Бұл мақала менің «Сынаптай сусыған жәһанда» деп аталатын ғұмырнамалық эссе кітабыма енгізіліп отырғандықтан, кітап талабына орай шағын көлемде жазылды. Соңғы жылдарда телеарнаның «Қазақстан» бағдарламасынан Бейсен Құранбек деген азамат жүргізетін «Айтуға оңай » хабарын көреміз. Бұл хабардың көтермейтін, таппайтын тақырыбы жоқ. Есте-түсте жоқ, ешкім ойламаған, әрі қазандай қайнап тұрған мәселелерді жерден шұқығандай іздеп тауып ақтарады.

«Кім жәбірлі болса, соның жақтасы бол» дегендей, бұл хабар әсіресе өмірдің өгейлігінде қалып, тәтті өмірден ащы қақпай көрген кем-кетіктің жоқтаушысы. Қозғайтын басқа салаларын қоя тұрғанда, ел ішінде есесіз күрмелген жарлы, зарлы бар ма, қай жерде көз жасы көл болып, ешқайда үні жетпей отырған шарасыздар бар ма, солардың етегі толған көз жасын құрғатуды ойлайды. Және соны өзінің кешірілмес борышындай санайтынына көзің жетеді. Бұған солардың ата-бабасы табыстап кеткендей. Бұрынғы үйім демей, «Елім» деп жылап өткен Төле, Қазыбек, Әйтекелер есіңе түседі. Аптасына бес рет жүргізілетін хабардың белшеден батқан дайындық тауқыметін бажайласаң, Бейсен Құранбек өз хабары дегенде жар-құлағы жастыққа тимей, сабылып жүретіні айдан анық. Кейде тіпті өз отбасын да ұмыта тұратын кездері болар. (Қоса кетер бір сөз,  Бейсен інімізбен ертеректе бір ғана жолыққаным болмаса, онымен тікелей таныстығым да онша емес екенін айта кетейін.) Кейде қыздары телефондап, хабарға шақырып қалады… Бірақ өзім бармай жүргенмін… Бұл ғана емес, осындай айтыс- тартысы көп басқа да бағдарламалар шақырғанда да, сылтауратып бармай қалатын кездерім жоқ емес. Себебі, аузыңдағы сөзіңді абыройыңа қарамай, іле жұлып әкетіп, өзінің әлдебір қойыртпағын тықпалай жөнелетін кейбір көбік езулерге әріптес болғанша, ешкімге мазақ болмай, үйіңде тыныш жатқаның артық. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, жұртқа көнбей, уәжге тұрмай отырып алатын туа қайсарлар жоқ емес.

Мәселен, «Айтуға оңай» да сирек те болса «ауру атаулының барлығын ән-өлеңмен, домбыра сарынымен ғана құлантаза жазып алуға болады» деп айды аспаннан бір-ақ шығаратын небір көкезу, қырттар кездесіп жатады. Қаладағы «Асмед» орталығының  директоры Жақсыбай Бижігітов және басқа білікті дәрігерлер жауаптасып көріп еді. Оларға да көнген жоқ. Қабағы қатып шаршаған жүргізуші Бейсен соның ғылымилығын сұрап көріп еді, оған да мардымды жауабы жоқ. Сонда гитара тектес, ерекшелеу домбырасы бар екен, шерткізіп көріп еді, даңғырлата жөнелді. Оған не бақсы емес, не сау емес адамның дауысы қосылды. Автор шіркін, шіміргер емес. Көрсетіп отырған қылығына сау адам ауырады. Сонда бұл «мұрның барда бір сіңбір» дегендей, телеарнадан бір көрініп қалу ма, не?! Олар неше қилы, сан түрлі. Елді түзетем деп отырған Бейсен болса, сондайлардың бар мыжғаулықтарына көніп, өзінің көргенді болмысымен қайыстай созылып, бірдеме шығармақ болып, жалықпай жауаптасатынын көргенде, мына жақта онымен жақтас болып, жаның күйіп отырасың.

…Ұлтым дегенде, оның асыл рухы дегенде Бейсеннің аяйтын жаны жоқ. «Қиқардың райына қарай іс қыл» дегендей, ерікті ауызға бөрікті бас сиып, әлгі қиқарлар уақытын алып жатқанда (екінің бірі «алтын уақытыңызды қиып» деп, сөзді орынсыз қор еткенше, «Айтуға оңайдың» уақытын алтынға бағалайық) Бейсен Құранбек кың етпей көнеді. «Төс болсаң төзе біл» демекші, Бейсен ініміз өзін шой балға астындағы темір төс орнында қабылдайды. Соның бәрінде, барлығында өзі өмір сүріп отырған қоғамы үшін, өз ұлты, қазақ елінің келешегі үшін Бейсен Құранбектің тамыры лыпылдап соғады. «Патриот-патриот» деп қолдан патриот жасап, жердегіні көктен іздеп жүрген жанпидалығымызды осы маңайдан іздесек қалай?.. Өйткені бұл өзге кейбір арналардағыдай, академикке дейін тайталаса, керілдесе сөйлегендерімен, сол сағаттағы шулағандары бойынша із-түссіз қала бермейді. Бұндағы ең ғажап үлгі – табыста, Бейсен Құранбек көмектесетін адамына алдын-ала сан түрлі шара ойлап, күні бұрын тыянақтап келетініне таңырқайсың. Адам мүшкілдігіне орай жеке адам керек пе, немесе соны шешетін билік орындары керек пе, тіпті дәйектеп, барлығына үлгеріп келетіні ғажап-ақ! Мүшкілдердің сол мүшкілдігі үшін Бейсен көзге көрініп келген Қызырдай дариды десек артық емес. Жә, бұл осымен сәл тұра тұрсын.

* * *

Осы арада қоса кетер бір түйткүл түйіншек бар… Үш қыз бірлесіп жүргізіп отыратын «Әйел бақыты» деген хабарда да, жоғарыда айтқанымыздай кей тұсы тіпті әуейі. Бір күні «Туыт серіктестігі» деген хабар болып жатты… Туытханада әйелі босанып жатқанда тілеуін тілеп, қарап тұратын «ақжүректер» бар екен! Әлгі «серіктес» (ой, шіркін-ай,  ә!) дегені сол екен. Елде жоқ «біртуар» еркектер жөнінде екен. «Есердің бір қылығы артық, жағасы жыртық» демекші, әйелінен шыбын жанын «аямайтын» бейбақтар жоқ емес екен. Сол арада студияға келгендерден сұрағанда да, және алдын-ала көшедегілермен пікір алмасқанда да, жақтастар табылмай қалған жоқ. Сорақы жері сол еді. Осының өзін үлгісіздік деп білуіміз керек.

Сол күнгі келген жеке-дара қонақ кейіпкер қызыл кофтасы жарасқан жап-жас келіншек болып шықты. Ол босанғанға дейінгі өзінің тату-тәтті күйеуін туытханаға қоймай, өтініп,  ертіп барыпты. Кереғар тағдырлары содан басталған. (Бұлар сияқты өзгелер де бар екені сол хабарда білініп жатты.) «Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе шұнақ күңнен тыйым» деген бар. Қақпай көрмеген пәле бар деп жасқанбайды. Тежеусіз, тыйым-тыйлаусыздығы байқалған мына келіншек содан кейін-ақ күйеуінің тастап кеткенін айтады. Ұлы сөзде ұят жоқ, шуына оралып, қан кетіп, жайрап жатқан әйелін көргенде, жаным-ау, қандай еркек мезі болмайды?.. Мына келін пақырдың үйіндегі бейбақ баламыз да сондай келеңсіз жағдайда болған. «Шыбын желіндегенді білмейді, лақтағанды біледі» дегендей, алғашқы баласын бақырып, туып жатқан әйеліне қарап тұрған. Содан кейін сол жерге зорлап апарған  әйеліне деген жиіркеніші басталған күйеуінен ажырап қалған жас келіншек шімірігер емес. Еркегін жазықты санап, оны осы студияда қиратқандай болып отыр. Дәл бір осы студиядағы жақтас келіншектер безіп кеткен еркегін қазір әкеп қосып беріп, бірге қайтаратындай. Тіпті көтеріп отырған тақырыптың өзі миллиондаған үлкен-кіші көрермендер алдында ыңғайсыздау сияқты ма, қалай? Заманымыз осы болған соң мына жақта ақсақалды ата, ақ бұрымды әже, ақ самайлы ана, иманжүзді әке, уылжыған қыз-келініміз бар, бәріміз, біз де бетіміз бүлк етпей, қарап отыруымызға тура келді.  Ау, жарандар! Бәріміз де анадан тудық. Әйел босанып, пайғамбарларды да тапқан. Бірақ ол Ана сол Ана құпиясы еді ғой. Аналар құпиясы сол өз қалпында сақталып қалуы керек еді ғой. Ананың, тек аналардың ортасында болатын жасырын жағдайына неге қол сұғасыңдар?! Ананың, аналардың өзі жеке қасиетіне жат көздің не керегі бар еді! Бұл деген екі жақ бірдей қорланатын, өте тыйым салынатын жағдай емес пе. Қазақ «ойсыз әйел дамбалы бүтін болса, қалағанынша отырады» деп, соның өзін үлгі еткен. Ащы сынға, әжуа-мысқылға алған. Әйелдер еркекке түзге отырғанын да көрсетпеген. Ашынып айтам, мен әлгі «серіктес» болғыштарды, соны қостағыш көр-кеуде еркектерді өз шешесінің туғанына қызықтап қарап тұрғандай, барынша намыссыз, ұяттан жұрдай, ез, қор, ынжық, тоғышар, кешще, мұндар, сүмелек, сілімтік еркекке жатқызар едім.

* * *

Негізгі тақырыпқа оралайын. Қазіргі біздің заманда кімдер жоқ?.. Бейсен Құранбектің болмысын солармен салғастырып қарауды жөн көремін. Мәселен, аспандағыны арбап, жердегіні жалмағысы келетін сұғанақтар да; басым бұлтқа тиер деп бұқпай, кесірім жұртқа тиер деп ықпай, білгенін істегісі келетін «сырты сопы, іші поқы» дейтін алаяқтар да; арқан бойы жердің тұсау бойы төтелігін тауып, дүмін креслоға тигізіп алатын, бірақ  обал-сауаптың не екенін білмейтін «сырты жібек, іші кебек» шенеуніктер де; «аспандағы құсты ұятқа қалдырған жердегі жем» демекші, жұлығынан май кешем деп, тобығынан қан кешіп, темір тордың ар жағына тоғытылып жатқан қорқаулар да; «көңілі кедейді ешнәрсемен байыта алмайсың» демекші, дүниесі басынан асып жатса да, көше алмастай баюдан өзгені көздемейтін, қойы мыңға жетсе, нәпсісі екі мыңға жететін көзі тоймас, қабы толмас тілемсек обырлар да; асқан өзімшілдіктен бұзақылыққа жетіп, өзгенің арын аяққа басатын кезеп-кәззаптар да; өзі биіктеп алған соң парақор мен пәлеқорды байытып, қағынғанға қанжар ұстататын қарақшы да жоқ емес.

Тіпті, ең бері болғанда Бейсенмен салғастырсақ, таудай байлығы да, кісілігі де өзінен аспайтын қайырымсыз байбатшалар аз емес. Қабат-қабат үй, қос-қос машина, қос-қос тағы бірдемелер кемерінен асып төгіледі. Кітап мүддесіне орай қысқартып айтқанда, Бейсен Құранбек басқарған «Айтуға оңай» бағдарламасы туралы тобықтай ой түйсек, дүниеге ұлт көзімен, адам көзімен қарамай, арысы ру көзімен, берісі отбасы көзімен қараудан аспайтын ұрықойын ұсақ мырзалар, қарақойын қарау мырзалар  «Айтуға оңай» тәрізді тұғыры берік алтын тұтқалардан үлгі алса дейміз. Әсіресе, оның жүргізушісі Бейсен Құранбектей ұлттық тұлғаларға бір қарап қойса дейміз.

Рас, адамда арман-мүдде әр түрлі. Ынжықтың арманы ит қасынғандай дыбыссыз болып аяқтайды. Болмағырдың арманы ит жүніне ілінген қыраудай үлбіреп тұрады. (Жоғалуға дайын.) Бері таман жылжысақ, «момынға алғыс та жоқ, қарғыс та жоқ» деген бар. Мен Бейсен інімізді олармен салғастырып отырған жоқпын. Азуын айға білеген, ақысын арыстаннан тілеген алпауыттармен қатар қойып отырмын

 

Хабарласу