+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

01.12.2015 Алтын ине апта ішінде аяғынан тұрғызады

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Таңертең көзін тырнап аша салып таблеткаға қол созатын адамдар уыс-уыс дәрі ішуді әдетіне айналдырып алғанын аңдамай да қалып жатыр. Ал құрамында химиялық қоспасы бар дәрілер бір аурудан емдесе, жоқ ауруды қозғап шығаратыны белгілі. Аурудан қажып, дәрмені таусылған адам жанталасып ең соңғы мүмкіндіктерді іздей бастайды. Емшілерге сенбейтін, бақсы-құшнаштардан алпыс шақырым аулақ жүретіндер, неге екені белгісіз, Шығыс-Тибет медицинасы дегенде бұл емдеу тәсілін мойындайтынын білдіргендей үнсіз келісіп, иланып қалатыны бар. Тіпті Тибет медицинасын Қытай өзінің 5000 жылдық тарихы бар ұлттық медицинасының қатарына әлдеқашан қосып алған. Сонымен, Шығыс-Тибет медицинасы деген не? Ол қандай ауру түрлерін емдейді? Өркениетті елдердің өзі не себепті алтын ине салдыруға құлықты? Алтын иненің адамды аяғынан тұрғызатындай не құдіреті бар? Міне, осы мәселелер төңірегінде сонау СУАР-дың Тарбағатай өлкесінде туылып, Шыңжаң медициналық университетін бітіріп, Қытай елінің «жоғары категориялы маман» атағын алған хирург Жасан Зекейұлының айтары көп. Қазақстанға келгеніне он екі жыл болған Жасан алтын ине салудың қыр-сырын қоса меңгеріп, медицина ғылымынан кандидаттығын да қорғап, Алматы қаласынан «Жас-Ай» атты Шығыс-Тибет медициналық орталығын ашты. Бүгінде осы клиниканың бас директоры 

– Жасан, жұрттың аузының суы құрып айтатын Тибет медицинасының классикалық медицинадан қандай артықшылығы, нендей айырмашылығы бар осы? Емдеу тиімділігі неде? – Ағзадағы мүшелердің дұрыс жұмыс істеуі қан айналысы жүйесімен байланысты. Адам бойындағы 7-8 литр қан жүректің қуатты күшімен денеде айналып отырады. Шығыс-Тибет медицинасында қан жүйесін басқарып отыратын мерадиндар болады. Қазақша айтқанда – жан. Мерадиндар он төрт сызықтың бойымен жүріп отырғанда 695 ем нүктесін анықтайды. Шығыста тұнық тәжірибе негізінде дәлелденіп, емнің қайнар көзі ретінде сақталған. Ауруды қан жүйесінің сыртындағы мерадин арқылы іздеу тәсілі өте ескіден келе жатыр. Адам денесін пышақпен кесіп, ақтарып, шешімін таппаған ауруларды ине салып жазуға болады. Мен өзім де хирургпын, солай бола тұрса да, құры босқа адамды пышаққа түсіргенше, осындай жолмен сауықтыруға болатынын біліп, медицинаның осы тәсілін меңгеруге барынша ықылас қойдым. Бұл – тұтас ілім. Ішіне бойласаң, тереңіне тартатын қызығы мол иірім. Қытайлардың қазіргі орташа жасы – 71 жас. Қазақтарға қарағанда денсаулығы жақсы һәм ұзақ жасайды. Неге? Себебі бұлар осы емдеу тәсілін толық мойындайды. Бірақ бұл емдеу тәсілін қытай медицинасы деп айтуға болмайды. Асылы, бұл – шығыс медицинасы, ал шығыс деген соң оған жалғыз қытай ғана емес, біз де кіреміз. Бұл медицина Тибеттен, яғни тау халықтарынан келгенімен, қытай қолға алып, арнайы ғылыми академиялар ашып, дамытып, өзінің төл медицинасы сияқты тума тәсілі етіп алды.
– Алтын инені бір рет қабылдағаннан кейін қайта-қайта айналыса берудің қажеті жоқ деп жатады…
– Өтірік. Ине салдырудың кері әсері болмайтыны, адамның зиян шекпейтіні дәлелденген. Американың өзінде 80 пайыз нашақорларды осы әдіспен емдейді. Арақ пен темекіге үйірлікті де осы алтын иненің күшімен жоюға ден қойып келеді. Инені құлақтағы нүктелерге салу арқылы ауруын басқаруға және жаман әдеттен жирендіруге болады. Бір құлақтың өзінде 500-ден аса нүкте орналасқан. Мысалы, қытайлар еш жері ауырмаса да, жалпы ағза жұмысын жақсарту үшін, қуатын арттырып, жұмысқа, тұрмысқа, жалпы өмірге деген белсенділігін ояту үшін, есте ұстау қабілетін жақсарту үшін жылына бір-екі рет міндетті түрде ине салдырып тұрады. Қытайлар бұл медицинаның қыр-сырын өте құпия сақтайды. «Үйренемін» деп келген басқа ұлттардың адамдарына басын шұлғып, құлдық ұрып, ашық түрде үйрете бермейді. Өйткені бұл – олардың медицинасының алтын бұлағы, қайнар-бастауы ғой. Олар айтпайды. Айтса да жеңіл-желпі, жалпы жұртқа белгілі бірдеңелерді айтуы мүмкін. Ал осы емдеу тәсілін жеті атасынан бері түбіне түсіп зерттеп, тамырын ұстай салып, бар ауруының тарихын айтып беретін бірнеше толқынмен жалғасқан «тұқымға» кезігу тіпті де мүмкін емес. Алтын инені меңгеру үшін тектік қасиет негізгі шарт етіп қойылады. Менің ұстазым сол кезде жасы 90-нан асқан Қоң-Сың мырза ине салуды он бес атасынан бері зерттеп, кәсіп еткен әулеттен шыққан адам болатын.
– Он екі мүшенің амандығы мен алпыс екі тамырдың аттандай шауып-соғып тұрғанын біздің мынау бір жарым қарыс табанымыз айна секілді көрсетіп береді екен…
– Дұрыс айтасыз. «Ағаштың қурауы тамырымен, адамның қартаюы табанымен» деген әдемі бір мақал бар. Адамның бүкіл мүшесі ағзамен тұтастай қосылып табаннан көрініс тапқан. Қай жеріңіз ауырса, табаннан сол нүктені дәл тауып, ине қойсаңыз не массаж жасатсаңыз, ауырғаны дереу басыла қалады. Адамның қызмет атқарудан қалып, «ұйықтап» кеткен, бітеліп қалған клеткасын ине салып «оятуға», яғни жансыз жерге жан беріп, сырқаттанған органды сауықтыруға болады.
– Неге жай ине емес, алтын ине деп аталады?

– Емдеуге арналған иненің түрі өзгерек, оның құрамы да әр түрлі болады. Негізінен, пайдаланатынымыз – алтын не күміс ине. Ауруға екеуінің де әсері бірдей, бірақ алтын иненің әсері күміске қарағанда сәл де болса жылдамырақ. Алтын иненің құрамы тұтас алтыннан құйылмайды, 70 пайызы ғана алтын, қалған 15 пайызы тазаланған мыс, қалған 15-і тазаланбаған мыс. Алтын ине салдыру қаржы жағынан қысылып жүргендердің өзінің қалтасына сондай бір салмақ салмайды. Қызмет көрсету құны – 500 теңге, 5-10 мың теңгеге толық курс алып, айығып кетуге мүмкіндік бар. Израиль медицинасы, ресейлік емдеу орталықтары сияқты бас айналып, көз қарауытатын ақы сұрамаймыз.
– Сіз екі елдің де жетекші клиникаларында жұмыс істеп көрдіңіз. Кытай және қазақ пациенттеріңіздің психологиясынан ауруды қабылдауы, ауруға көзқарасы, оны өткеруі жағынан өзгешелік байқадыңыз ба?
– Егер ондық пайызға шаққанда, мен ол жақта сегіз қытай, екі қазақты емдесем, бұл жерде керісінше, сегіз қазақ, екі орысты емдеймін. Қазір шүкір, инсульт алып, сал болып қалған адамдар орнынан тұрып жатыр. Мойнына бұршақ салып, құдайдан перзент сұрап жүрген мұңлық әйелдер бала көтерді. Менің қынжылатыным, Қазақстанда адамдар әсіресе, әйелдер, әйел емес-ау, он екі де бір гүлі ашылмаған 14-15-тегі жап-жас қыздардан бастап дертке ертерек бой алдырады екен. Ауру жасарып кеткен. Қытайда керісінше, алдыңа келген адамның жасы 40-50-ден төмен болатыны некен-саяқ кездеседі. Жалпы, қытайлардың ауруға кіріптар болуы өте сирек. Бір шыңжаңның өзінде денсаулық туралы 3 бірдей басылым бар, радио-телехабарлардың есебі жоқ. Ақпарат көп, салауатты өмір салтын насихаттау өте жақсы жолға қойылған. Көлікте келе жатсаң да, кезекте тұрсаң да радио әлдебір ауру туралы, оның шығу тегі, емдеу тәсілі туралы саңқылдап айтады да жатады. Тыңдағың келмесе де амал жоқ, тыңдайсың. Бізде ше? Біздің клиникаға келетіндер кілең базарда арба итеріп белін шойырып алған жас жігіттер, мұғалімдер, ата-әжелеріміз. Бұл жақта зейнеткерлікке шыққан адам бірден ауруға ұшырай ма деп қалдым. Өйткені олар өздерін бір мақсатқа бағындырып, бір іспен айналысуға, сол ісінен қуаныш табуға, бүкіл жұлын-жүйкесін соған бағындыруға қауқары жетпейді. Зейнеткерлікке шыққан соң ешкімге керек еместей, ешнәрсе қолынан келмейтіндей өзін-өзі тастап жібереді. Тез сынады. Ал баяғыда апаларымыз сырмақ сырып, алаша тоқып, аталарымыз ер-тұрман жасап, зергерлікпен айналысып дегендей бүкіл жанын, жүйкесін әйтеуір бір іске бағыттайтын.
– Шығыс-Тибет медицинасының әсері күшті, қуаты мықты бола тұрып, бір қарама-қайшылыққа жол беріп алғандай. Қазір бір көшенің бойынан бірнеше инемен емдеу орталықтарын, тіпті құрып кеткенде, кабинеттерін ашып қойғанын көзіміз көріп жүр. Қытайлар құпиясын аша қоймайтын, Қазақстанның өзіне жаңадан ғана қадам жасап жатқан бұл медицинаны сонда кез келген адам меңгеріп алуына болатындай оңай болғаны ма? Оларға қаншалықты сенім артуға болады?
– Бұл сөздің жаны бар. Қазақстанда инемен емдейтін орталықтар аз емес. Сол орталықтарда жұмыс істейтіндердің бәрін нағыз мамандар қатарына жатқызу қиын. Олардың көпшілігі бір-екі айлық курсты не бір жылдық курсты бітіре салады да, лицензиясын алып, адам емдеуге шығады. Мысалы, бір жарым миллиард халқы бар Қытайдың өзінде бір жылда адам денесіндегі 600 мың нүктені толық игерген сегіз-тоғыз адамға ғана ине қоюға рұқсат береді. Ине қою аздық етеді. Оған қоса аурудың тамырлық өзгерісін білуі керек. Адам денсаулығы – адам тағдыры. Сондықтан да қатаң сұрыптаудан өтеді. Ал бізде екінің біріне рұқсат береді, екінің бірі ине қояды. Дұрыс па осы? Мен бір нәрсеге таңғаламын. Ине салып үш күнде жазып шығаруға болатын адамды, аурухана дәрігерлері апталап, айлап әуреге салады. Сол уақыт аралығында аурудың өзі де бір жақты болып қалады. Мысалы, қатерлі ісіктің ауыр түрлері болса, операция жасату керек болса, ондай пациенттерді біз бір күн де ұстамаймыз, қажетті ауруханаларға жөн сілтейміз. Қолынан келмесе, науқастың уақытын текке өлтірмей, жібере салу керек. Сол инемен емдеу орталықтарының көпшілігінде қарапайым қызмет көрсету үлгісі де жоқ. Тазалық сақталмайды. Ине қоятын жерде шаң-тозаң болмауы тиіс, айнадай жарқырап жатуы керек. Ауырған адамдармен санаспайды. «Тамыры жарылып кетпесе болды», «Нервісін өлтіріп алмасам болды» деп инені теріге шаншып-шаншып, ақшасын сыпырып алып жатқан алдамшылар көбейіп барады. Бұл осы медицинаны әбден зерттеп, бүге-шігесіне дейін білуге ұмтылыс танытып, шындап ден қойып жүрген біздерге залалын тигізеді әрі халықтың Шығыс медицинасына деген сенімінен айырады…

Айгүл Аханбайқызы
Айқын газеті
2010 жыл. қыркүйек айы

Хабарласу