+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

03.12.2015 «Қазағымның бір кірпіші боп қалансам»

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

-Біздің Жылыой ауданына келген жолсапарыңыздың мақсатын айта отырыңыз.
-Мұнда сапарлап келген мақсатым – дүниежүзіндегі қазақ пір тұтатын Бекет ата басына зиярат ету. Бекет атаға зиярат еткенде алдымен Ақмешіттен бастау керек. Әулие ата-бабамыз туып-өскен, халықтың дін жағынан да, ағарту саласы жағынан да көзін ашуға, халықтың санасын оятуға зор еңбек сіңірген ғұламалы жер – осы Ақмешіт. Сол қасиетті жерге төтелей барып ниет етіп, мал шалдырып, Құран оқып, түнеп қайттық. Осы сапарға шығуыма Парламент Сенаты депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің ұсынысы себеп болды. Жеті-сегіздей адам бірге бардық, осылайша сауапты іс істеп, Жылқы жылын жақсы бастадық.

-Қытай елінен туған жерге оралған қандасымыздың бірі екенсіз.
-«Қытайды емдегенше, өз қазағымды емдейін» деп, еліме, жеріме қандай да болса бір кірпіш боп қалансам деп тәуелсіздік алған жылдары, яғни 1994 жылы көшіп келдік. Туған жерге оралған алғашқы қарлығаштардың біріміз. Сол кезде бар-жоғы жеті-ақ отбасы боп келдік.

-Медицина шығыста пайда болып, дамыған. Осы Шығыс медицинасы туралы, өзіңіз туралы айтсаңыз.
-Мен – Шығыс-тибет медицинасының аға зерттеуші дәрігері, медицина ғылымдарының докторымын. Қытайда жоғары білім беретін медициналық университетті тәмамдадым. 3 бірдей академияның академигімін. Олар: Халықаралық инемен емдеу академиясы, Шығармашылық академиясы және Ғарышты тану академиясы. Вена университетінің құрметті профессоры атағын алдым. Дүниежүзілік медицина ғылымына қосқан үлесі үшін берілетін халықаралық «Сократ» орденін тағып қайттым. Қазір елімізде үлкен екі клиникамыз жұмыс істейді.

-Шығыс-тибет медицинасының өзі емдеу саласы бойынша бөлінеді ғой. Сіз қай саласын меңгердіңіз?
-Ия, Шығыс-тибет медицинасы хирургиялық емдеу, терапиялық емдеу, инетерапиялық емдеу және шөппен емдеу болып бөлінеді. Мен кандидаттық жұмысымды хирургиялық асқынулар бойынша, ал докторлық диссертациямды ине терапиясы бойынша қорғадым. Хирургия және Шығыс-тибет ине терапиясы маманымын, білікті Шығыс медицина шөптерінің зерттеуші маманы болдым.

-Қызық, сырқатты «тамыр ұстау» арқылы айырып, диагноз да қояды екенсіз. Бұған заманауи ғылыми медицина «қалай қарайды»? Жалпы диагнозды лабораториялық зерттемелер, анализдер алу және басқа да әдіс-тәсілдер арқылы анықтайды емес пе?
-Осы сапарымда Жылыой ауданында болған жерлерімізде адамдардың тамырын ұстап, қандай сырқат түрімен ауыратынын айттым. 90-100 пайызы дәрігерлер қойған диагнозбен сәйкес болып жатты. Медициналық орталыққа келген пациенттің әуелі тамырын ұстаймын. Шығыс медицинасының немесе Аль-Фараби медицинасының қанаттас бір бөлігі деп айту керек – тамырды басу немесе тамыр ұстау арқылы аурудың ішкі жан өзгерісінің диагнозын білу бізден талап етіледі. Тамыр ұстап, ауруды анықтаған соң, керекті аппараттарға ғана түсіреміз. Барлық аппараттарға түгелдей түсіріп, сырқаттың ақшасын бекер шығындатпаймыз. Тамыр ұстау дегеніңіз осы үшін де қажет.

-Егер ауруды тамыр ұстау арқылы дәл анықтасаңыз, басқа аппараттарға түсірудің немесе лабораториялық анализдер алудың қаншалықты қажеті бар?
-Мен тамыр ұстағаннан кейін айтқанымның қаншалықты дұрыс-бұрыстығына науқастың сенімділігі болу үшін УЗИ-ге, қан анализге, тағы басқаларына жіберіп, салыстырамыз. Клиникамызда био-химиялық анализ, қан қысымын, несеп арқылы бүйректің қызметін анықтау, тағы басқаларын қолданғанда, тамыр ұстағанда анықталғандардан алшақтық болмайды. Жаңылыспаймын.

-Сіздің жоғары медициналық біліміңізге қосымша бойыңызда ерекше емшілік қабілетіңіз де бар болып тұр ғой?
-Егер менде ондай қабілет болмаса, мен жай ғана әдеттегі хирургтің бірі болып қалар едім. Өйткені мен алғашында Қытайдағы 27 ауданның орталығы – Іле облысындағы қалада үлкен клиникада жұмыс жасадым. Онда 800-1000-ға тарта дәрігер қызмет істейді. Мен жүрек, көкірек, ми отасын жасайтын хирург боп еңбек еттім. Сонда жүріп дәреже (категория) алдым, бөлім меңгерушілігіне өстім. Сол кезде менің Шығыс-тибет медицинасына келуіме әсер еткен, қызықтырған жетекшім, өзі хирург болса да 17 атасынан бермен қарай инетерапевт дәрігер болды. Сол маманның маған әсері көп болды. Қазір Қазақстандағы медициналық оқу жүйесіне әлі де Шығыс медицинасын енгізе алмай жатырмыз. Ал Шығыс-тибет медицинасы мен қазақтың халық медицинасының түбі бір. Бәріміз бір шығыс еліненбіз. Ата-бабаларымыз белі шойырылған адамды қойшының таяғымен «уату» деп аталатын ем жасап (қазіргі нүктелі массаж тәрізді), құлан-таза сауықтырған. Кейін қытайлар сол емді алтын ине түрінде қолдана бастады. Кейде 10 сағаттық операция жасау арқылы бір адамға ғана көмектесе аламыз. Ал енді қолыңыздың биотогы, биоэнергиясы арқылы күніге 200 адамды қабылдай аласыз. Біз аурулардың 80 пайызын скальпельсіз емдеуді қолға алдық. Өте болмайтын жағдайда ғана ота жасау керек, кесу керек, ал кескен жағдайда да оны қалпына келтіру өте қиын. Мысалы, әйелдердің миома, кисталарына, ерлердің аденома простатитіне ота жасап жатады. Біз оларды ота жасамай-ақ ине арқылы емдеп, қалпына келтіреміз. Бел грыжасы, бел омыртқасы жарықтарында 80 пайыздайына ота жасамаймыз, заң бойынша оларды 3-тен 5 жылға дейін операциясыз емдеп көру керек.

-Мысалы, жатыр миомасында ота жасауға тура келгенде оны отасыз да емдеуге бола ма?
-Бұл сырқат эндокриндік ауытқулар салдарынан пайда болады. Жатыр миомасын алдыртқанмен, ол қайтадан өседі. Ендеше, оның түпкі себебін, қайнар көзін анықтап, дәл ине қоятын болсаңыз, ол табиғи түрде тарап кетеді. Мәселен, бізге Бекішев деген кісінің әйелі осындай сырқатпен келді: кішкентай баланың басындай өскін бар екен, жатырын ота жасап алдыртып тастамай, 30 күн ине алды, нәтижесінде кейін УЗИ-ға түсіргенде бірде-бір өскін қалмай тарап кеткенін көрді. Мастопатияда да солай.
-Шығыс медицинасы мен Еуропа медицинасының арасындағы айырмашылық?
-Шығыс емі – біздің қазақтың дәстүрлі емімен біте қайнасып жатқандықтан қанымызға тез сіңіп, әсер ететін ем. Еуропа емінің шыққанына көп уақыт болған жоқ: кесіп тастайды, система қояды дегендей. Шығыс емінің пайда болғанына 5 ғасыр болды. Елбасымыз қазір кластерлік емдеуді жолға қою керек деп отыр, кластерлік емдеу жүйесіндегі бірден-бір сөз болатын методиканың бірі – осы Шығыс медицинасы.

-Қазір алтын инемен емдеуді екінің бірі қолға алды.
-«Дүмше молда дін бұзар» дегендей, оқыды ма, оқымады ма, тәжірибеден өтті ме, өтпеді ме, оны еш ойламай, халықтың қалтасын ғана қағуды ойлайтындар көбейіп кетті. Олар біздің ғылыми тұрғыда жүргізіп жатқан еңбегімізді зая кетіреді. Бұл туралы «Хабар» агенттігіне берген сұхбатымда да айттым. Базардың түбінде, шаң-тозаңның арасында немесе бәзбіреулер үйінде бала- шағасын шулатып қойып, ортасында сырқатқа ем жасап жатады. Бұл енді халықаралық санитарлық талаптарға да қайшы ғой. Инелер зарарсыздандырылуы, кварц шамдары қойылуы керек. Сырқаттың көңіл күйі еш нәрсеге алаңдамауы керек. Мен 3 түйір инемен «емдеген» емшіні де көрдім. Кеше келген бір бозбала дипломым бар деп анаған да, мынаған да ине шаншиды. Емінің сапасы болмаған соң, «Ау, шығыс еміне барып ине алдық қой, жазылған дәнеңесі жоқ» дейді ел.

-Ал сапа болу үшін не істеу керек?
-Ол үшін адамда қасиет болу керек. Қасиеті болса, ол каналдарды, нүктелерін табады, қай бағытта бұрау керек екенін сезеді. Қытайда миллиардтаған халық бола тұра тек 7-8 адамнан басқа адамға лицензия бермейді. Алдымен ол адамда қасиет бар ма, соны зерттейді. Ал бізде халық медицинасы орталығынан қағаз алады да, екінің бірі салады. Сертификатым бар деп кім болса, сол шаншиды, невропатологтар да ұра береді, тіптен терапевт те ине салады. Бұл жерде сапалы медицина болмай қалады. Гете: «Ағайындар, ауыра қалсаңдар, өз ұлтыңа, өз қаныңа емдел не өз ағайын-туысқаныңа емдел!»-деген екен. Кейде қытайлар да кеп «емдеп» кетеді. Өз басым оқыған, білімді қытай инетерапевтінің осы Қазақстанға келгенін көрмеппін. Уақытша келген емшіден не ақшаны, не заңды жауапкершілікті талап ете алмайсыз. Салық төлеп отырған, біздікіндей салып қойған клиникасы жоқ. Ел жағалап емдеп жүргендерден халықтың өзі де сақтануы керек. Бір компанияның бастығы осылайша Қытайдан емші әкеп, бүкіл ел одан «ем алған». Сол 3 тал инені ешбір стерилизациясыз анаған да, мынаған да шанши берген, бар білгені сол болған соң қайтсін?!

-Қазір жүйелік маркетинг деген пайда болды. Кез келген қолы бос адам опа-далаппен бірге емдік дәрілік қоспалар мен дәрумендерді қалағанынша сатып жүр. Оны адамдар дәрігердің рұқсатынсыз қалағанынша ішуде.
-Кеше Ақмешітте болғанымда шырақшы үйіндегі жеңгейдің тамырын ұстап, сырқатын 90 пайызға нақты айтып бердім. Сөйтсем, апай бір дорба әлгіндей дәрілік қоспаларды ішіп жүр екен. «Соны ішсем, басым айнала береді»,- дейді. Қарап көрсем, онсыз да қан қысымы жоғары адамның қанын қойылтатын қоспалар. «Мынаны іше берсеңіз, тіптен тамақтан қаласыз»,- дедім. Ол дәрілік қоспалардың бір «құдіреті»- ішкен адам оны ішпесе тұра алмайтындай, оған тәуелді боп қалады. Сонда мұндай қоспаларды сатумен жай ғана сантехник те, ауылда жұмыссыз отырған апашкалар да айналыса береді екен, шырағым.

-Қазақтың денсаулығын нығайтатын дәрумендер мен дәрілік қоспалар не сонда?
-Қазақтың табиғатына ет пен сүттен, қымыз бен шұбаттан артық дәрумен жоқ. Дүниежүзінің ғалымдары мойындап отыр: қай ұлт өзінің жерінде, өз ауасында өскен жеміс пен малды жеп қоректенсе, сол оның денсаулығына пайдалы. Осы сапарда бірге жүргенімізде Сәрсенбай Еңсегенов мынадай бір әңгіме айтты: бір ағайыны «Маған ет зиян, қан қысымым жоғары, етте холестерин көп» деп, төрт ай бойы ет жемеген. Ақырында әбден жүдеп, арықтап, жұмысына бара алмайтын жағдайға жеткен. Бір күні үйіне барса, туысы «Ух, ет жеп, сорпа ішіп, әлденіп, аман қалдым» деп отыр екен дейді. Ұлтымыздың тағамынан, ата- бабамыздан бермен қанымызға сіңіп кеткен тағамнан қашуға болмайды. Сіз жолға шықсаңыз, «Бисмилла» деген сөзді ұмытпаңыз, емделуге келгенде де осы сөзді айтып, емхананы оң аяқпен аттау керек. Тіптен сырқатқа дәрігер өз ана тілінде сөйлеп, мейірімін шашып тұрса, сол ем қонады. Ата-бабамыз қазақ тілінде тілдесті ғой, біз сол ақпаратпен (информация), адамды жалғастыратын 24 хромосоммен өмір сүріп келе жатырмыз. Ал қосымша тілді басқа елдермен ғылыми тәжірибе алмасу, дипломатиялық қарым-қатынас үшін пайдалану қажет. Тіптен болмаса, аудармашылар да бар ғой. Бірақ сол өзге ұлттың тіліне, діліне кетіп қалу – бұл өз генімізді сату.

-«Қазаққа вегетарианец болу тиімді емес» дейсіз ғой.
-Біз өте көшірімді (еліктегіш), жуас халықпыз ғой. Бірақ өзгенікін ойланып қабылдауымыз керек. Әсіресе мынау медицинада, тағамтану, киім кию үрдісінде өзіміздің қазақтың үрдісінен алшақтап кетпеуіміз керек. Мәселен, бұрын қазақта ешқашан система қойып, қанды сұйылтқан емес, сорпаға құртты салып ішкен. Қазіргі сыворотка дегеніміз – міне, осы құрттың сары суы. Соны таңертең аш қарынға ішсеңіз, қандағы холестерин азаяды. Ешкінің еті мен сүті емге аса пайдалы, тек оны ыстықтай ішкен дұрыс. Жылқы еті де солай.

-Қазақтың ұлттық болмысы жоғалып барады деп ойлайсыз ба?
-Қазақ бола тұра, сол қазақ болудан ұялатын, өз ұлтын төмен санайтындар бар.Соны көргенде «Осыны қолға алатын бұрынғы аталар қайда?» деп ойға батамын. Бұрын ақсақалдар отыратын әңгіме айтып, қолға су құйдыртып, жастарға тәрбие беріп, атқа шаптырып, сол аталар қайда екен деп кейде армандайсың. Тәуелсіздігімізді сақтап қалғымыз келсе, ата-бабамыздан бермен қарай келе жатқан, қанымызға сіңген ұлттық қасиеттерімізді сақтауымыз керек. Олар: ұлттық тағамымыз, тіліміз, дініміз.

-«Жас-ай» деген журналдарыңыз бар екен.
-Бұл – медициналық-ақпараттық журнал. 2008 жылдан бастап жарық көріп келеді. Қазір 5000 данамен республикамыздың түкпір-түкпіріне тарап отыр. Осы журнал арқылы халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, елдің денсаулығын жақсартуға үлес қоссақ па деген ойымыз бар.

-Қазақстанда дәрігер мамандар жетіспейді. Бұл біздің ұлтымыздың болашағы үшін, ұрпақтың денсаулығы үшін қауіп емес пе?
-Өте орынды сұрақ. Ия, республика бойынша 8000-дай маман жетіспейді деген дерек бар. Анау Америка мен Европаны мысалға алмай-ақ қояйық, мына іргедегі Қытай еліне қарайықшы. Мәселен, онда медицина университетіне кіру деген айға қол жеткізгенмен бірдей. Ата-анасы қуанады: «Менің ұлым дәрігерлік оқуға түсті» деп. Дәрігер – ол жақта аса беделді мамандық. Ал бізде, керісінше, «Дәрігер бүйтіп қойды, дәрігер ішіп қойды немесе дұрыс қарамай қойды» деп қит етсе, жамандап жаза береміз. Бізде елдің алғысына бөленген, талай жанды ажалдан арашалап алып қалған ақ халатты абзал жандар қаншама?! Данышпан дәрігерлер мен мейірбикелер жүр, солардың жақсы ісін неге үгіттемейміз? Күні кеше шыққан бір бозбала фонограммамен ән салса, соны қайта-қайта дәріптей береміз. Ол сізден де пайда табады атағын шығарып, тойдан да пайда табады, қалтасы толы – доллар. Ал нағыз майданда адам жаны үшін арпалысқан жандар тасада қалады. Есіңізде болсын, біз – майшам тәріздіміз. Халыққа беріп жатырмыз, мен күніге 50 адамды қабылдағаннан кейін, кешке шұбат ішіп, ет жеп әлденбесем, әлсіреп қаламын. Өйткені адамды емдегенде энергияңды бересің, ана адам алып кетеді. Майшам сияқты жанып жатырмыз қазір. Ал ана фонограммамен ән салатындар – майшам емес, электр лампасы тәрізді. Олар бермейді, қайта алады. Тамағы да жақсы: қазы-қартасын жейді, арағын ішеді, ха-ха-халап, одан артық , одан атақты адам жоқ. Дәрігерлерді аққа күйе жағып қаралау – біздің болашағымызға балта шабу. Тек Шығыс медицинасы ғана емес, жалпы медицинада жүрген азаматтарымызды дәріптей білсек. Ахмет Байтұрсынов деген ғұламаның «Біздің ақпарат саласында дәрігерлер еңбегіне 30 пайыз орын беріліп тұру керек» деп жазғанын оқығаным бар. Бір ай ауырса, адам тіптен баласына да керек болмай қалады. Сондай адамдарды аяп, қалтамнан ақша қалдырып, тіптен киімімді беріп кеткен кезім болды. Өйткені ол кезінде атағы дүрілдеген адам болатын.

-Қазір медициналық академияларда студенттерді 9 жылға дейін ұзақ уақыт оқытады. Оқу ақысы қымбат, ал соншама уақыт оқыған жас сонда қай кезде тәжірибе жинап, еңбек етеді? Сондықтан медициналық оқу орындарына көп адамның баласын оқытуға «жүрегі дауалай қоймайтыны» осы себептерден емес пе?
-Дұрыс айтасыз, сол 9 жыл бойы оқыған білімді 5 жылдың ішінде де беруге әбден болады. Дәрігерлік оқуға жастардың кез келгенін ала бермей, тек бойында ерекше емшілік қасиеті барларын алу керек. Мысалы, менің арғы ата-бабам әулие адам болған. Тамыр ұстау, емшілік қасиеттер маған сол кісіден дарыған.

-Гомеопатия дегенге қалай қарайсыз?
-Ол – түпкі нәтижесі қандай болатыны әлі дәлелденбеген емдеу әдісі. Гомеопатиядан толық айығып кетті деген сырқатты көрген жоқпын. Онымен емделгенде адамның иммунитетін көтеріп отыратын генін жоғалтып аласыз. Сіз басқаның көмегіне сүйеніп қаласыз да, өзіңіздің ағзаңыздың қорғаныштық қабілетін төмендетіп аласыз. Шығыс емінің бір артықшылығы – сіздің табиғи клеткаңызды, сіздің табиғи энергияңызды ашады ғой. Мәселен, жолдың бойында тас жатыр делік, Еуропа медицинасы сол тасты жаншып өтеді, бірақ машинесі зақымданады, өйткені Еуропа медицинасы көз алдарлық қана нәрсе жасап отыр, яғни организмге зорлық беріп отыр, ал Шығыс медицинасы мәшинені тоқтатып, алдымен жолда жатқан тасты алады. Организмнің бір жерін емдеп жатқанда енді бір жерін зақымдамау керек. Мен өзім – Еуропа медицинасы мен Шығыс медицинасын қосып оқығанмен де, Шығыс медицинасының артықшылықтарын зерттеп жүрген адаммын.

-Ендеше, Шығыс медицинасын қолданысқа енгізуге не кедергі?
-Кейде көз алдарында инсультті орнынан тұрғызып жатқанымызды көреді, бірақ невропатологтар ине терапиясын ал деп айтқысы келмейді, қызғанады. Инсульттан кейін 15 күннен кейін, қан тоқтағаннан кейін ағзаны қайта жандандыруға ине қою керек. Шетелде ол бұлжымас заң болып табылады. Ал екі-үш жылдан соң клетка қатып қалады. Бір апамыздың бармаған жері жоқ, инсульттің кесірінен тіл-ауызсыз қалған, сол кісі бізге кеп жазылды. Ол апай «Айтуға оңай» хабарына кеп осы жайттың бәрін өз аузымен айтып берді.

-Шығыс медицинасы бойынша ем алғысы келгендер сіздің клиникаға барып, қалаған уақытында емделе ала ма әрі оны қалтасы көтере ала ма?
-Әрине, Қытайға барып емделуге көп адамның мүмкіншілігі бола бермейді. Ал бізде де емделушілер көп болғандықтан кезекке тұруға тура келеді. Алдын ала телефонмен хабарласып, кезекке тұрады. Енді мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін ем көрсетеміз. «Нұр Отан» партиясы жанында әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған, содан рұқсат қағаз алып келеді. Жеке клиника болғандықтан, жұрттың бәрінің бірдей қалтасы көтермейді, алайда 5 қабатты емдеу орны іске қосылды, мемлекеттік квота алуға биыл жағдай туып қалуы мүмкін.

-Шәкірттеріңіз бар ма?
-Кезінде теледидардан да көрсетті, біз көзі мүлдем көрмейтін қазақтың 3 жас жігітін жұмысқа алдық. Олар Қытайдан келген маманнан арнайы массаж жасауды үйренді. Қазір клиникада 70 медициналық қызметкер жұмыс жасайды.

-Сұхбатымыздың басында туған жеріме бір кірпіш боп қалана алсам деген арманыңызды айтқан едіңіз. Кірпіш боп қалана алдыңыз ба?
-Біздің клиникаға емделушілер Қазақстанның барлық облыстарынан келеді, Түркиядан келеді, Австриядан келіп емделді. 280 жүре алмайтын мешел баланы тұрғыздым. 500-дей бала сүйе алмаған отбасыға нәрестелі болу қуанышын сыйладық. 400-дей инсульт алған жан ауруынан сауықты. Жаңа айтқан 400 адам – қазаққа өте керек адамдар, нақтырақ айтсақ, ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер. Жұмысбасты боп өз денсаулықтарына мән бермеген.Таза ауаға көп шыға бермейді. Бір емес, екі жерде жұмыс жасайды. Халыққа бергенінен бермегі көп, енді ғана жұмыс жасаймын деген 42 жастағы адам құлап қалса, не болмақ! Енді мемлекеттің атақ-абыройын көтеріп, өнерін, ғылымын дамытады деген адам құлап жатса, не болмақ! Мен үнемі айтып жүремін: -Менің байлығым – халқымның денсаулығы!

Сұхбаттасқан:
С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

 

Хабарласу