+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

31.08.2013 Киелі мұрамызға тағзым

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

«Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы, Әуезов аудандық филиалы «Киелі мұрамызға тағзым» акциясын ұйымдастырды. Республика көлемінде «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдау бөлімдерінің арасында өткен бәсекеде екі жыл қатарынан ең үздік филиал атанған Әуезов аудандық филиалы бұл жолы да билік партиясының ел партиясы екенін дәлелдеп қайтты.


Айтулы шараның мұқияттылықпен ойластырылғаны көрініп-ақ тұрды. Барлық қатысушылар алдын ала хабарландырылып, таңғы сағат 8:00-де Әуезов ауданының әкімдігі алдында жиналды. Жиналған топтың ішінде жастармен қоса, ұстаздар, әртүрлі мекеме басшылары, ғалымдар мен өнер адамдары да болды. Сағат 9 болғанда  «Нұр Отан» ХДП Әуезов аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бекқали Торғаев келіп:

 

– Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз бен мұражайларымыз ел тәуелсіздігінің басты белгісі. Кеңес заманында ел бастаған хандарымыз бен бар өмірін ат үстінде өткізіп, ел қорғаған батырларымыз жайында өте аз білуші едік. Ата-баба ерлігі санадан өше бастаған сәтте тәуелсіздік таңы атып, өшкеніміз қайта жанғаны анық. Өткен тарихымызбен қайта қауышып, батыр­ларымыздың ерлік пен өрлікке толы ерлік істерін кеңінен дәріптейтін күнге де қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдары Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің әр аймағында көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді тұрғызып, өткенге салауат айттық. Қазақ тарихының тамыры тым тереңде жатыр. Сондықтан біздер өткенімізді толықтай ой елегінен өткізіп болдық деп айтуға әлі ерте. Алда әлі талай дүниелерді терең зерттеп, тарихи тұрғыдан өз бағамызды беруіміз керек. Бұл мәселеге Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза Отан тарихын қайта зерделеуге қатысты мақаласында кең көлемді талдау жасағанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Алдағы уақытта тарихшы-ғалымдар зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізетініне сенімдімін. Осы ретте жас ұрпақтың бойына ата-баба рухын сіңіру үшін «Нұр Отан» партиясы республикалық деңгейде «Киелі мұрамызға тағзым» акциясын қолға алып, өткенімізге салауат айтуы өте орынды деп есептеймін. Әуезов аудандық партия филиалы да бұл істен шет қалмай Алматы қаласы іргесіндегі аудандардағы мұражайлар мен тарихи ескерткіштерге тәу етіп қайтуды жөн санап отырмыз, – деп, саяхатшыларға сәт сапар тіледі.

«Нұр Отан» ХДП Әуезов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров бастаған ауданның игі-жақсылары мен белсенділерінен құралған топ қаланың батысын бетке алып жолға шықтық. Қолымызға берілген бір күндік жоспар бойынша алғашқы сапарымыз Қаскелең қаласының кіреберісінде орналасқан Наурызбай батыр ескерткіші болды. Қаланың кептелісінен шығып, көздеген жерге жеткенше біраз уақыт керек еді. Ұйымдастырушылар бұл уақытты да ұтымды пайдаланған болып шықты. Саяхатшылар отырған үлкен автобустың ішін әнмен әуелетіп, күймен күмбірлететіп, жолаушылардың көңілін көтеріп, оларды бір-бірімен таныстырып отыратын өнерлі жастар да табылды. Мұқағалидың өлеңдерін бірінен соң бірі іліп әкетіп, Шәмшінің әндерін кезектесіп шырқап берді. Қаланың қарбалас жұмысынан шаршаған қауым бір серпіліп қалды. Автобустың ішінде емес, концерт залында отырғандай болып, дүркін-дүркін шапалақтар соғылып жатты. Көңіліміз ән-күймен шалқып отырып Қаскелеңге қалай келгенінімізді сезбей қалдық.

Қаскелеңге кіреберістегі төбенің үстінде, арғымақ мініп, қолына найзасын ұстап тұрған баһадүр Науырызбай батыр тұлғасы алыстан менмұндалап тұрды. Ерекше шеберлікпен жасалған бабамыздың ескерткішіне жақындап келіп, тағзым еттік. Сол жерде бізді күтіп тұрған Қарасай ауданының «Нұр Отан» ХДП өкілдері мен тарихшылары тарихи мұраны жан-жақты таныстырып жатты.

Батыр бабамыздың ерліктері туралы әңгімені сүйсіне тыңдап, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Қаскелең қаласындағы бұрынғы Абай атындағы мектеп-интернаттың ғимаратына қоныс тепкен Қарасай аудандық өлкетану мұражайына ат басын тіредік. Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы, мектептегі өмірі және үлкен саясатқа келу жолы туралы сыр шертетін деректі құжаттармен кеңінен таныстық. Бүгінгі Елбасымыздың оқушы кезінде отырып кеткен партасын көзбен көріп, қолмен ұстаған саяхатшылар ерекше әсерге бөленіп жатты. Мұражайдан көтеріңкі көңіл күймен шыққан академик, медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлы алған әсерімен бөлісті.

– Кешегі тарихын білмеген ұрпақтың болашағы жарқын болмайды. Біз бүгінгі сапарымыз арқылы өзіміздің сүйікті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын тереңірек тани түстік. Елбасымыздың қаймағы бұзылмаған қазақы ортада туылып-өсіп, нағыз елдің азаматы болып жетілу барысымен таныстық. Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасысы бар – біз бақытты елміз!

Бұдан кейін тарихи-мәдени саяхат Жамбыл ауданына бағыт алды. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен Қарасай батырдың ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Ақиық ақын мен даңқты батырдың рухына тағзым етіп, рухтанып шыққан көпшілік Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының мұражайына бет алды. Мұнда қазаққа ғана тән айтыс өнерінің көрнекті өкілі, жырдың пірі – Сүйінбай ақынның өмірі мен өнеріне тереңдей түстік. Тарих сахнасынан өшпестей орын алған Сүйінбай мен Қатаған айтысынан үзінді тыңдап, кәусар жырға шөл қандырдық. Қырғыздың ақынын жеңген бабамыздың жырларын тыңдап, қазақ тілінің құдіретіне, ана тіліміздің айшықтылығына бір мақтанып, марқайып қалдық.

Сөз сүлейінің мұражайынан көкірек сарайы ашылып, желпініп шыққан топ, өздері мінген автобусты жырмен тербете отырып, Жамбыл ауылынан бірақ шықты. Бір ғасыр жырлап өткен алып ақынның соңғы 7 жылын өткізген үйіне келдік. Көзі тірі кезінде қолданған тұрмыстық бұйымдарын сол қалпында сақтаған жауапты адамдарға ішімізден ризашылғымызды білдірдік. Қою шайды қаймақтап ішкен жез самаурыннан тартып, қасиетті қара домбырасы, қайқыбас төсегі, шығармашылық бөлмесі, шағын кітапханасы, тіпті, аса таяғына дейін өз көзімізбен көріп көңіліміз бірде босап, бірде марқайып жатты. Қазақ тарихындағы толық сақталған мұражайдың бірі осы болса керек. Тек, алып ақынның өзі ғана жоқ, қалғаны бәз-баяғысындай!

Бұл жердің ерекшелігі, мұнда қазақтың тағы бір  аты аңызға айналған тұлғасы, күйші, композитор Нұрғиса Тілендиев жатыр. Өсиеті бойынша өмірлік тұрағы етіп, Жамбыл атасының алма бағын таңдаған күйшінің құдіретіне бас идік. Анасының толғағы ат үстінде келіп, өмір есігін сайын далада ашып, кіндігін әулие шал кескен Нұрғиса атамыздың, ақырғы сапары да айрықша болған екен!

Іс-шараға қатысушылар Жамбыл ауылдық мәдениет үйінде бас қосып, акцияны қорытындылады. Салтанатты жиын барысында «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының қоғамдық-саяси жұмыстар жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Қайым-Мұнар Табеев пен партияның Әуезов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Сағатұлы осы акцияға қатысқан баспасөз өкілдерін журналистер күнімен құттықтап, оларға «Алғыс хат» пен ескерткіш сыйлықтарды табыстады. Ал Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің директоры Ермек Шаштайұлы Жамбыл Жабаев пен Сүйінбай Аронұлы­ның өлең-жырлары мен термелерін төкпелете орындап берді.

 

Хабарласу