+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

30.12.2012 Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі – атажұртына оралған бір миллион қазақ

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

Тәуелсіздік! Осы бір ғажайып сөз – тамырында қазақтық қаны бар кез-келген қазақ үшін қадірлі һәм қымбат. Әсіресе, шетелдегі қазақтар үшін егемендіктің қаншалық ыстық екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олардың біразы отанына оралды. Бірақ, құр келген жоқ. Атажұртына тап-таза сақталған ұлттық болмысын, сап алтындай салт-дәстүрін, телегей мұрасын, терең білімін, техниканың тетігін, кәсіптің қыр-сырын, шаруашылықтың алуан түрін ала келді. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тұрақтылығына, экономикалық өсуіне өлшеусіз үлес қосуда. Сол қандастардың көш басынан көрініп, елім деп егіліп жүрген тұлғалардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі м. ғ. докторы, профессор, академик, Вена Халықаралық Университетінің «Құрметті профессоры», Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау ісінің үздігі, Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері,  «Жас-Ай»  медициналық орталығының Бас директоры Жасан Зекейұлымен тәуелсіздік тақырыбына аз-кем әңгіме өрбіткен едік…

 

– Әуелі, өзіңізді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Рахмет! Осы орайда Тәуелсіздік күнімен барша отандастарымды мен де құттықтап өткім келеді. Бұл мереке қазақ халқының ең үлкен қуаныш күні, мақтаныш күні! Тәуелсіздік күні тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, жер бетіндегі қазақ біткеннің тақиясы аспанға атылған, ақ түйесінің қарны жарылған күн. Мен 20 жылдың алдындағы дәл осы күні шекараның аржағында радио қабылдағыштан, теледидардан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз аузынан «Қазақстан азат болды», «Біз бүгіннен бастап тәуелсіз қазақпыз» деген бір ауыз сөзді естіп, егіліп жылаған қарияларды, атына мініп «сүйіншілеп» шапқан азаматтарды, бөркін аспандатып лақтырған бозбаланы көргенмін. Миллиардтың астында тұрып дәл солай қуанған қазақтың бірі өзім болдым. Сондықтан да, Тәуелсіздік күні жер бетіндегі күллі қазақтың  мерекесі деп есептеймін.

– Жасан Зекейұлы, Сіздің білікті дәрігер екеніңізді біз түгілі шетел мойындап, Алаш алқалап, алтыннан алқасын тағып жатыр. Сөз жоқ, мамандығыңыздың майталманысыз. Бірақ, бүгінгі Жасан Зекейұлы тек дәрігер ғана емес, қайраткерлігімен, Атымтай азаматығымен ел аузында жүр. Жақында, өзіңіздің ұйтқы болуыңызбен шекара асып келген ағайындар басынқосты. Әңгімемізді осы жерден бастасақ…

– Иә, Қарашаның 29-жұлдызы күні Алматыдағы «Қазжол» сарайының «Алтын адам» залында «Жас-Ай» медициналық орталығының жанынан, менің және Аламаты Сауда- Өнеркәсіп палатасының төрағасы Мұхтархан Бияров мырзаның құрылтайшы болуымен құрылған «Ел Шуақ» қоғамдық қорының және «Қазақ радиосынан» таратыла бастаған «Бауырластар» бағдарламасының тұсауын кесіп, тұмылдырығын ағыттық.

Қордың негізгі мақсаты – еліміз егемендік алған жылдары отанына оралған қандастарымыздың атажұртында аянбай тер төгу, білім мен біліктілігін еркін жұмсау, нәтижелі жұмыс атқару мүмкіндіктерін кеңінен игеруге жол ашу. Сөйтіп, шекара асып келген қандастарымыздың отанына «не алам?» деп емес, «не берем?» деп келген рухы биік бауырларымыз екенін дәлелдеп, ұлтымыздың демографиялық мәселелерінің оң шешім табуына, саяси және әлеуметтік тұрақтылығына, мәдениеттің өркендеп, экономиканың дамуына үлес қосу.

– Бір басыңызға жетерлік атағыңыз бар. Шаруаларыңыз да шаш етектен. Қызығынан гөрі, шыжығы басым мұндай қоғамдық шаруаларды қолға алуға не түрткі болды?

Егер өмірдің барлығын байлықпен байланыстырып, атақпен шатастырып, мансаппен матастырып, қарынның қамын ғана ойлайтын болсақ біздің хайуаннан қай жеріміз артық. Біз ең бірінші Алланың құлы, ақыл-парасат иесіміз. Содан соң, тамыры терең тарихы бар, ана тілі бар, ата діні бар қазақ деген ұлтпыз ғой. Ұлтыңды сүймесең, еліңді ойламасаң ешкім емессің. Абайдың тілімен айтар болсам, қарным тоқ болғанымен, қайғым жоқ емес.

Жалпы, «Ел Шуақ» қоры мен «Бауырластар» бағдарламасы – бірнеше жылдан бергі ойымның жемісі. Егемендік алған жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Бар қазақтың, жалғыз отаны – Қазақстан» деп, күллі әлемге жар салды. Сол күннен бастап, миллионнан асатын қандасымыз отанына оралыпты. Бұл – үлкен жетістік. Егер маған «Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі қайсы?» деген сұрау қойылса, «атажұртына оралған бір миллион қазақ» деп, мақтанышпен айтар едім. Қазақ еліндегі қазақтардың үлесі 65 пайызға жетуінде 1 миллион қандастарымыздың да ұлес-салмағы бар.

Бірақ, сол жетістігімізді бұрмалап, тырнақ астынан кір іздеп, үй ішінен үй тіккісі келетіндер мен қазақтың көбейгенін қаламайтындар да табылды. Көшіп келген қандастар мен жергілікті халық арасына шоқ тастап, бір қазақты екіге болуге тырысқан суық пиғылды адамдардың кесірінен оралмандарға деген теріс көзқарас қалыптасты. Әрине, ел болған соң тектісі де, тентегі де болады. Көшіп келген қандастардың ішінде отбасының жағдайы үшін емес, отанның болашағы үшін келгендері қанша ма? Олардың ішінде, әлем таныған ғалымдар бар. Ал, нақты статистикаға сүйенсек 50 ғылым докторы, 250 ғылым кандидаты, 13 мың жоғары білімді азаматтар атамекеніне оралған. Сондай-ақ, әр саланың майталман мамандары, талантты ақын-жазушылар, тағлымды тарихшылар, бәсекеге қуатты кәсіпкерлер, әсіресе, ұлттық рухы үстем жастар бар.

Олардың тәуелсіз Қазақстанға қосып жатқан үлесі теріс ниетті адамдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Мені толғандыратыны осы. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын. Міне, осындай мазасыз ойлардың жетегінде қандастардың еңбегін насихаттап, бір атаның баласы, бір отанның азаматы екенімізді үгіттейтін арнаулы жобаны қолға алуды мақсат еттім. Менің бұл ұсынысыма Қазақ радиосының бас директоры Мақат Садық мырза үлкен қызығушылық танытып, қолдау көрсетті. Сөйтіп, «Бауырластар» бағдарламасы өмірге келді.

Қазақ радиосында таратылатын бұл бағдарлама қазірге дейін 11 рет тыңдарман жүрегіне жол тартты. Солардың қатарында медицина саласы бойынша өзім және басқа салалар бойынша Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Қайрат Құл-Мұхаммед, ақиық ақын Алмас Ахметбек сияқты атажұртқа келіп, абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтардың сұхбаты берілді. Бұл кісілердің еңбек жолы отанына оралған өзге қандастарымызға үлгі боларлық.

– «Ел Шуақ» пен «Бауырластар» бағдарламасының бірге құрылуының маңызы неде?

– Аты айтып тұрғандай «Ел Шуақ» қоғамдық қорының басты мақсаты –  елге шуақ шашу. Әсіресе, шекараның аржағында туылып, атажұртқа ат басын бұрған бауырларымыздың мәдени-экономикалық жағдайларына демеу болу. «Ел Шуақ» пен «Бауырластар» құстың қос қанаты сияқты. Бірі экономикалық жақтан, екіншісі ақпараттық жақтан қандас бауырларымызға демеу беру, сол арқылы, шетелде жүрген 5 миллион қандасымызды отанына деген сүйіспеншілігі мен үміт отын тұтандыру.

– «Ел Шуақ» қоағамдық қоры мен «Бауырластар» бағдарламасы арнайы ашылу салтанатын асығыстыққа салынбай, қорды қордаландырып, бағдарламаны аяғынан тұрғызып, бағытты айқындап алғаннан кейін барып, елге жария еттіңіз. Сіздің мұндай бастамаңыз халыққа жалған есеп беріп, қағаз жүзінде жұмыс жасап, «асатпай жатып құлдық, бұл не деген сұмдық» дегізіп жүрген  жауапсыз жандарға берген жауабыңыз болса керек…

– Дұрыс айтасыз. Қазір «қор» болып жүрген қор көп. Біздің бұл қорды құрғанымызға жарты жылдай уақыт болды. Осы күнге дейін осы қор арқылы көптеген игі шаралар өткіздік. Айталық, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде оқитын 3 студенттің 2012-2013 жылға арналған оқу қаражатын және шәкіртақысын төлеп бердік. Отбасы жақдайы төмен, оқуда озат оқитын бір студенттің 2 жылдық оқу қаражатын түгел аудардық. «Мектепкке барар жол» атты Республикалық шараға қатынасып, жағдайы төмен оқушылардың сумка алуына 150 мың теңге ақша аударды. Сондай-ақ, Таэквондо жаттықтырушысы Адай Марғұланның Вьетнамда өтетін халықаралық чемпионатқа баруы үшін, «Дінмұхаммед Қонаевтың 100 жылдығына» орай өткен республикалық шахмат жарысын өткізу үшін, ҚР Ұлттық спорт түрлері федерациясының бастауымен  өткен ережесіз жекпе-жектің республикалық шарасын қолдау үшін, Райымбек мешітіндегі медресегеде оқитын 40 баланың тұрмыстық қаражаты үшін, Үкілі Ыбырай әндерінен республикалық деңгейде концерт өткізу үшін «Ел Шуақ» қоғамдық қоры қаржылай көмек көрсетті. Бұл «Ел Шуақтың» жарты жылда бағындырған белестері. Бұл менің тікелей бастамамен болды. Енді, ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, осы қорды әлі де дамыта түсетін болсақ, қаншама таланттың көзін ашып, қаншама адамды ажалдан арашалап, қаншама жағдайы төмен отбасылардың түтінінің түзу ұшуына көмектесе алар едік.

Мысалға Түрік елін алаып қарайық. Қазақстандағы түрік университеттері мен мектептерінің саны ондап-жүздеп саналады. Солардың барлығын мемлекетің қаражатынан емес, қалтасы қалың түрік азаматтардың немесе жеке ұйымдардың қаржысымен жұмыс істеп жатыр. Көрдіңіз бе? Түрік бауырлар ақшаны қалай, қайда жұмсауды біледі. Құдайға шүкір, біздің елде де миллионерлер жоқ емес, бар. Бірақ, біздің көптеген байларымыз ақшаны теңіз жағасында қыдыруға, шетелдің қымбат көлігін жарыса сатып алуға, аса сәулетті саяжай алуға жұмсайды. Әрине, еңбекпен тапқан байлығыңды игілігіңе жұмса, дегенмен, халықты ұмытпа. Сол халық болмаса байлықтың да, басқаның да болмайтынын есіңнен шығар ма. Еліңнің нанын ғана емес, қамын да жей біл. Есін жиған ер еліне қарайды.

– Иә, есімізді жиып, етегімізді жинап ел болдық. Соның бір дәлелі ретінде, еліміз Тұңғыш Президент күнін бүкіл Қазақстан аумағында кең көлемде, айырықша салтанатпен атап өтті. Бұл мерекенің маңызы неде деп ойлайсыз?

Бұл күн – «өзіміздің мемлекетіміз, өзіміздің Президентіміз болсын» деп, кеудесін оққа тосқан Алаш алыптарының арманы орындалған күн. Бұл күн – өзгенің бодандығынан құтылып, қазаққа қазақ басшы болған күн. Міне, осындай, көптеген тарихи және рухани маңызы бар «Тұңғыш Президент күні» қазақ үшін ұлық мерекелердің бірі болып саналады.

Күнтізбенің қызылмен боялған әр күннің өз мағынасы бар. Бірақ, дәл осы күннің орны ерекше, мәртбесі биік. Өйткені, ең басты байлығымыз – тәуелсіздік. Біз қалай тәуелсіз боламыз, егер, зайырлы мемлекетіміз болмаса, әлем мойындаған шекарамыз болмаса және Алла мен халықтан басқа ешкімге тәуелсіз Президентіміз болмаса! Сондықтан бұл мереке дер кезінде заңдастырылып отыр деп санаймын. Тіпті, мемлекет бұл күнді арнаулы атап өтпеген күннің өзінде де әр қазақ осы күнді мәңгілік есінде сақтайды.

Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан деген жас мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, тұтас елдің тамырына қан жүргізіп, 20 жылдың ішінде экономикасы қуатты, ішкі-сыртқы саясаты сарабдал, бейбіт елге айналдырды. Шетелде жүрген бір миллион қазақты отанына алып келді. Елбасымыздың сын сағаттарда жасаған батыл қадамдары Қазақстанды әлемге танытты. Бүл күнде әлемнің барлық елі Қазасқтан деген мемлекет барлығын, Оның Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты Көшбасшысы бар екенін танйиды һәм мойындайды.

– Бір миллион қандасымыз келді деп қуанғанымызбен, әлі 5 миллион баурларымыз көк туымызға шекараның аржағынан көз жүгіртуге мәжбүр. Бұл көрсеткіш қуанудан гөрі, алаңдауға лайық емес пе?

Жоқ, біз қуанумыз керек. Бес саусақ ауызға бірдей симайды. Егемендік алған 20 жылдың ішінде 1 миллион қазақты көшіріп алып келіп, оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етіп, осыған байланысты туындаған көптеген әлеуметтік мәселелерді еңсеру алып империя қытайдың да, немістердің де, керек десеңіз, еврейлердің де қолынан келмейтін ерлік. Мысалы, қытай тәуелсіздік алғаннан кейін 40 жыл өткен соң барып, еңсесін көтерді. Ал, қазақ елі Нұрсұлтан Назарбаев сынды көшбасшысының арқасында әрі тәуелсіздіктің іргесін мықтап, әрі жергілікті 130 ұлттың ынтымағын сақтай отырып, шетелде жүрген 1 миллион қазақты бауырына басты. Бұл қазақ үшін тарихи жеңіс.

Рас, қазіргі уақытта көштің қарқыны сәл саябырлады. Бұл алаңдатарлық жайт. Өйткені шетелдегі қандастарымыздың ұлттық болмысынан айырылып қалу қауп төніп тұр. Бұл қатарда қытай қазақтарының жағдайы тіптен мүшкіл. Қазақ мектептері жабылып, жаппай қытайландыру саясаты жымысқылықпен жүргізілуде. Бірақ, қазақ көші мүлдем тоқтап ақалған жоқ. Көштің қазіргі жағдайын «дауыл алдындағы тыныштық» деп пайымдар едім. Мемлекет қазақ көшінің екінші толқынын бастауы тиіс.

– Сұхбатымыздың соңында қара ормандай қалың еліңізге қандай тілек айтасыз?

Қазағым өссін, өркендесін, ең бастысы, көбейсін дегім келеді. Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ, біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес. Ал, көптің қорқытатынын, тереңнің батыратынын айтқан тағы сол аз қазақ. Бірақ, біз аз емеспіз.  Әлемнің бар қазағын бір тудың астында жинайтын болсақ Қазақстанда қазақ тілі мен ата діннің мәселесі, тағы басқа да, күрмеуі қиын ұлттық мәселелер өздігінен шешімін табады. Басты шарт – бейбітшілік. Тәуелсіздігіміздің таңы шуақты, іргесі берік болсын!

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет! Ел үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!

 

Хабарласу