+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

02.12.2015 Жасан Зекейұлының «ДАЛА мен ҚАЛА» газетіне берген сұхбаты

Жас–Ай шығыс-тибет медицина орталығы Алматы

«Малым – жанымның садағасы» деп денсаулығын байлықтан да бағалы санаған қазекем кейде қу тiршiлiктiң күйбеңiмен жан мен тән саулығын ұмыт қалдыратындығы да жаман-ақ. Дәрiгерге қаралуды кейiнге қалдырып, өздерiнше ем-дом жасап, дәрiханалардағы арзандау дәрiнi тұтынып жүре бередi. Уақыт пен ақшасын үнемдеймiн деп жүрiп-ақ бөренедей сұлап түскенде ғана «қап» деп жамбасын соғады. Дәрi атаулы негiзiнен асқазанның жауы. Пайдасы мен зияны астасып жататындығын дәрiгерлердiң өзi де мойындайды.

Науқас дәрiнiң күшiмен бiр дертiн емдеп бiткенше, сау жерiн қаузап, қоздырып алатындығы шындық. Зиянсыз дәрi шөптермен немесе ине салу арқылы емдейтiн Тибет медицинасын кеңiнен қолданып жүрген Халықаралық инетерапия академиясының мүшесi, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жоғары категориялы Қытай-Тибет медицинасының дәрiгерi, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығының бас директоры Жасан Зекейұлын әңгiмеге тартқан болатынбыз.

Жасан Зекейұлы – 1967 жылы Қытай Халық Республикасының Суар Тарбағатайда туылған. 1989 жылы ҚХР Шыңжан медициналық университетiн бiтiрген. Бұдан кейiн ол С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дiң №2 хирургиялық аурулар кафедрасында аспирантурада оқып, бiлiмiн жетiлдiре түседi. Аталмыш оқу орнын тәмамдағаннан кейiн қалалық Орталық клиникалық емханасында 1999 жылдан бастап, Шығыс медицинасын жете игерген инерефлексотерапевт болып еңбек етедi.

Еңбек жолын Iле орталық ауруханасынан бастап, Пекин, Тянжин қалаларында медициналық бiлiмiн тәжiрибемен ұштастырудан бастайды. Қытай елiнен «Жоғары категориялы дәрiгер» атағын алған ол 1997 жылы Алматы Медицина университетiнiң аспирантурасына қабылданып, профессор, академик Аман Жәмелұлының жетекшiлiгiмен «Хирургиялық аурулар және операциядан соң болатын асқынуларды Қытай методикасын қолдану арқылы алдын алу және емдеу» деген тақырыпта зерттеу еңбегiн жазды.

— Тибет медицинасын үйренуiңiзге не себеп болды?

— «Ажалға арашашы, жаралыға жебеушi» болуды бала кезiмнен мақсат тұттым. Жоғары бiлiмдi Қытайдан алып, Тибет мамандығын зерттеуiмнiң өзi осы ғылымға ден қоюма зор септiгiн тигiздi.

— Инемен емдеудiң ерекшелiгiне тоқталсаңыз.

— Дамыған деген еуропалық жолдармен шешiмiн таппаған ауруларды алтын ине салумен сауықтырып жiберуге болады. Тiптi рухани сырқат адамдардың өзi аз уақытта сауығып кетедi. Осы күндерi адамдардың пышаққа түсуi жиiлеуде. Мұны азайтудың бiрден-бiр жолы – ине салу. Оның ең басты ерекшелiгi де – табиғилығы. Әрiптестерiмнiң басым көпшiлiгi логикаға сүйенедi. Ал, бiзде бәрi нақты да, дәлелдi.

Алтын иненiң көмегiмен жүректен, бүйректен болатын қан қысымы, ағзаның шаршауы, қант диабетi, астма, зоб, бронхит, инфаркт, инсульттан кейiн тiлдiң, аяқ-қолдың жансыздығынан, дәрет жолдарын, ұйқысын қайта келтiру, ер адамдардың белсiздiгi, полиартрит, остеохондроз, шинохондроз, гастрит, асқазан аурулары, әйел адамда кездесетiн аурулар, невроз, жүрек-қан тамырлары, тiл шықпай қалу, ревматизм, паралич, эпилепсия, құлақтың шуылы, көздiң көру қуатының әлсiреуi, псориаз, жас балалардың төсек дәретiн тоқтату, миродермоз, нейродерматит, iшiмдiкке салыну, ұйқысыздық, киста, аллергия, гайморит сияқты ауру түрлерiн жазуға болады.

— Жасан аға, ине салу ғылымының негiзi қайда қаланған?

— Бұл жалпы Шығыс халықтарынан тарайды. Оны қытайлықтар саралап бiр жүйеге келтiрдi. Қытайға барлық жақсылықтың бәрiн жаба беруге де болмайды. өйткенi атаулы ғылым бiздiң ата-бабаларымыз қолданған халықтық емдеуiмен ұқсастығы да жоқ емес. Халқымыз арам қан алуды бұрыннан бiлген. Ежелгi ине қадаудың орнына ағаш таяқшалар жасап, сонымен аурудың осал әрi әсерлi тұсын тауып, жайлап ұрғылап жазуға жеткiзген. Жүйкесi жұқарған, қаны көтерiлiп ауырған адамдарға темiр айырларды қыздырып, соны денеге жақындатқан. Бұл жүйке жүйелерiне иненiң әсерiндей тiтiркендiрiп, емдеген. Бүгiнге дейiн дем салу (су бүрку) сияқты қазақи емдер жетерлiк.

Дегенмен де, Қытайда көне дәуiрден бастап көптеген еңбектер жазылған. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiн III ғасырда жарық көрген 18 томдық «Хуанды Нецузин», тiкелей емдеуге арналған 12 томдық «Оон Цзин» еңбектерi пайда болған. Одан кейiн 1026 жылы «Түн женбшу теньцзю»(қола адам нүктелерiнiң атласы) атты көлемдi еңбектiң орны айрықша. Ол кiтапта емдеуге бағытталған ине қою нүктелерi сипатталады. сол заманның белгiлi ғалымы Ван Вен-н адамның қолдан жасалған мүсiнiне емдеу барысын анықтай отырып, 600 инемен емдеу нүктелерiн түсiрiп кеткен.

Бұл нүктелер 12 сызық бойына (меридианаға) орналастырылған. Оның ойынша әр сызық адам денесiнiң перифериялық бөлiгiн iшкi ағзалармен байланыстырады. Мұндағы Чтенб-цзю тәсiлi ғасырлар бойы дамып, толықтырылуда. Қазiр зерттеушiлер арқасында 14 сызық, 700-ге жуық нүктелер анықталса, болашақта одан да көбейетiндiгi анық. Жоғарыда аталған кiтаптар үлкен сiлкiнiс тудырды. Ондағы көрсетiлген нүктелер күнi бүгiнге дейiн толассыз қолданыста келедi.

— Шығыста пайда болған дүниелер батыста қанат жаятыны аян. Мұның сыры неде?

— Технология батыста анағұрлым жақсы дамыған. Шындығында бiзде ондай мүмкiндiк жоқ. Сондықтан батыста «жаңалықтар» тасқыны көп. Медициналық техниканың көмегiмен ғалымдар адам өмiрiн ұзартуға бас қатыруда. Десек те, Тибет инесi рухани азып-тоза бастаған батысқа белшеден пайдасын тигiзiп жатыр. Ондағы нашақорлардың құлақ түбiне алтын иненi қондыру арқылы 90 пайыздық емдеу мүмкiндiгiне ие болып отыр. өз басым арақ-темекi және тағы басқа зиянды заттардан уланғандарды емдеуге жол аштым.

— Алтын иненiң құпиясын меңгеру оңайға түспейтiндiгiн естiдiк. Рас па?

— Iзденiс, еңбек өз алдына, ата-бабадан гендiк қасиеттi шарттылық етедi. Менiң үлкен ұстазым Қоң-Сың мырза ине салуды 15 атасынан берi кәсiп еткен әулеттен. Ол ине салудың ең қиын тұстары – көз жүйкелерiне, тiл, таңдай астына, ми жұлындары сияқты нәзiк нүктелерiне баулитын едi. Бiлгенiн аямай үйреткен ұстазыма өмiр бойы қарыздармын. Ине салу үшiн қажырлылықпен қатар, арнаулы оқып-бiлiп, iздену қажет. Тәжiрибе жинақтаудың маңызы айтпаса да түсiнiктi болар.

— Қазақстанда алтын ине терапиясының ғылыми негiзiн сiз салды дейдi…

— Мен мұнда иненiң адам ағзасына қатысты артықшылықтарын дәлелдедiм. Магниттiк ине болсын, жәй ине болсын операциядан кейiнгi асқыну түрлерiне қарсы қолдансаң кәдiмгi медицинадан гөрi тез жазылатындығын елге жеткiздiм. Бұрын операциядан кейiн адамның кесiлген жерi iрiңдеп, асқынып, екi аптадай қиналатын болса, алтын иненiң көмегiмен әлдеқайда тез емдеуге болатындығы жайлы диссертациямды Сызғанов атындағы медицина университетiнде қорғап шықтым. Iсiк, жара дегендердi иненiң күшiмен сылып тастауға болатындығын көрсеттiм.

Аурудың бұл түрлерiн емдегенiм үшiн, жаңалықтарым үшiн арнайы патент алуым керек едi. Қазақстанға алғаш келгенiмде алтын ине қоятын дәрiгер екенiмдi бiлгендер маған балгер-бақсыға қарағандай тосырқай қарайтын. Сондықтан ғалымдар алдына баратындай жағдай бола қалса, Қытайда дәлелденген еңбектерiммен баратынмын. Мен Батыс медицинасын Қытай, Тибет медицинасымен қатар оқыдым. Себебi, Қытайдағы әрбiр дәрiгер мамандығындағы студент сол елдiң ежелгi медицина тарихын бiлуге мiндеттелген едi. Медицина университетiнде 7 жылдық бiлiм беру бағдарламасының 2 жылында Қытай медицинасы курстарын бiтiру жүктелетiн.

— Медицина саласы бойынша Қытай мен Қазақстанның айырмашылықтарын саралап берсеңiз.

— Ондық пайызға шаққанда, мен ол жақта сегiз қытай, екi қазақты емдесем, бұл жерде керiсiнше, сегiз қазақ, екi орысты емдеймiн. Демек, осында жүрсем, өз елiме көбiрек пайдамның тиетiндiгiн түсiндiм. Құдайға шүкiр, инсульт алып, сал болып қалған адамдар орнынан тұрып кетiп жатыр. Мойнына бұршақ салып, құдайдан перзент сұрап жүрген әйелдер бала көтередi. Менiң жаныма бататыны Қазақстанда 14-15-тегi жап-жас қыздар дертке ерте бой алдырады екен. Ауру жастарға өш. Соқталдай-соқталдай азаматтар базарда арба итерiп, белдерi шойырылып келедi. Бұл жақта зейнетке шыққандар дертке тез шалдығатынын аңғардым.

Бұрын жұмыстың қызығымен еш нәрсеге мән бермей жүргендер, қолдары босаған соң, өздерiн керексiз сезiнiп, өз-өздерiнен қажып кететiн секiлдi. өздерiн бiр мақсатқа бағындырып, бiр iспен айналысуға, сол iсiнен қуаныш табуға, бүкiл жұлын-жүйкесiн соған бағыттауға шамасы келмей қалады. Баяғыда апаларымыз кесте тоқып, сырмақ сырып, алаша тоқып, аталарымыз ер-тұрман жасап, зергерлiкпен айналысып өз-өздерiн алдайтын.

Ал, Қытайда керiсiнше, 40-50-ден төмен жастағылардың ауырып дәрiгер алдына баруы некен-саяқ ұшырасады. Қытайлықтардың ауруға кiрiптар болуы өте сирек. Басқаларын айтпағанда, бiр Шыңжанның өзiнде денсаулық туралы 3 басылым бар, радио-телехабарларда тiптi есеп жоқ. Онда медицина турасында ақпарат көп. Салауатты өмiр салтын құру жақсы жолға қойылған. Кез келген жерде, көлiкте болсын, кезекте болсын денсаулық жайында радиолардан әлденелердi айтып жатқаны. Тыңдағың келсе де, келмесе де, сыңалап құлағына құяды.

— Күнiне шамамен қанша адам қабылдайсыз?

— Бiр күнде 45 адамдай қабылдаймыз. Кiсiлердi қабылдау уақытын олардың мүмкiндiктерiне қарай түзедiм.

— Осы күндерi аттап бассақ қаптаған инемен емдеу орталықтарын ұшыратамыз. Солардың бәрi жеткiлiктi деңгейде талапқа сай ма?

— Адам денсаулығы — адам тағдыры. Бұған салғырт қарау қылмыспен тең. Шынында, бас пайдасын көздеген кейбiр әрiптестерiм адам денсаулығына пайда табудың жолы ғана деп қарайтындығын талай байқап жүрмiн. Бiр жарым миллиард халқы бар Қытайдың өзiнде бiр жылда адам денесiндегi 600 нүктенi толық игерген сегiз-тоғыз адамға ғана ине салуға рұқсат бередi.

Тек ине қоюды бiлу аздық етедi, аурудың тамырлық өзгерiстерiн бақылай бiлу шарт. Қазақстанда инемен емдейтiн орталықтар жеткiлiктi. Ол орталықтарда жұмыс жасайтындардың бәрiн нағыз маман қатарына жатқызу қиын. Сондағылардың көпшiлiгi бiр-екi айлық немесе бiр жылдық курсты бiтiрiп, лицензиясын ала салып, адам емдеуге көшкендер. Бұл бiр.

Екiншiден, иненiң құдiретiмен үш-ақ күнде айығып кететiн жандарды, ауруханаларда операция жасап апталап ұстап әуре-сарсаңға түсiредi. Егер де бiздiң бақылауымыздағы емделушiде қатерлi iсiктiң ауыр түрлерiнiң белгiлерi қылаң берсе, оны бiр күн де ұстамаймыз, баруы тиiс ауруханаларға жөн сiлтеймiз.

Сол инемен емдеу орталықтарында қарапайым қызмет көрсету үлгiлерi дұрыс сақталмайды. Тазалық та жоқ. Ине бар жерде шаң-тозаң болмау керек. «Тамыры жарылып кетпесе болды», «Жүйкесiн өлтiрiп алмасам болды» деп иненi терiге немқұрайлы шаншып-шаншып алатындар қатары жиiлеуде. Бұл медицинаның бүге-шүгесiне дейiн зерттеп жүрген бiзге керi әсерiн тигiзiп жатыр.

— Қытайларды емдегенше қазағымды емдейiн деп шекара асып жеткенiңiздi айттыңыз…

— Қазақ ұлты ашаршылықты да, шапқыншылықты да көрген халық. Мұндағы қазақтардың тiлi шұбалаңқы болса да, өзге ұлт өкiлдерiмен араласып-құраласып кетiп жатса да, олардың қазақ ұлтын, мемлекетiн сақтап қалғанына қуанамын. Әйтпесе, шетелден келген қазақтар қайда барамыз? Ұлтшылдық сезiмi елiмiзде айтарлықтай дамып келе жатқандығының өзi үлкен жетiстiк. Еврейлер ұлтшылдық жөнiнен барлық ұлттарды он орап алады. Үйiнiң астында азық-түлiк дүкенi болғанына қарамастан, үш шақырым жердегi еврей дүкенiнен керегiн алады. Маған да қазақ ұлт өкiлдерi көп келедi. Мұның астарында өзiмiздiң бала ғой, түсiнедi, жеңiлiрек емдеп берер деген ой тұрғанын да сезiнем.

— Сiздiң инеңiз дәру болған ерекше оқиға айтып берсеңiз?

— Маған Атыраудан бiр кiсi келдi. Қан тамырлары жарылып, құлаған. өзi жергiлiктi ауруханасында жатқан. Бiрақ ол жақтан қалпына келмеген. Сол адамды 3-4 сеанс аралығында аяғынан тiк тұрғыздық. Ол: «Осы уақытқа дейiн, Еуропа медицинасының барлық тәсiлiн, лазер сәулесi дегеннiң бәрiнен өттiм. Бiрақ сен қолданатын табиғи емнен артық емес екен. Мен сенiң арқаңда жаңа туылғандай болдым» дедi.

Бiрде шашының 80 пайызы түсiп қалған адам келдi. Мамандығы әртiс екен. Үйде де, түзде де жасанды шаш киюге мәжбүр болады. Одан шаш терлеп, миға әсер етедi. Ол шашын қайта шығарып беруiн өтiндi. Дүниедегi сорақы қорлық осы екен. «Шашымды тарақпен тарар болсам армансызбын» дедi. Адам өзiнде жоқ нәрсенi армандайтынын сонда ұқтым. 40 күн бойына емделдi. Мидың «ұйықтап» қалған қан тамырларына қозғау салдық. Содан өз шашы өсе бастады. Шаштың қалындауы, түсуi iшкi ағзамен тiкелей байланысты. Негiзiнен оның бүйрек, бауыры ауырған. Сосын денесiне кезiнде инфекция кiргенiн, дәрiнi шектен тыс қолданғандығын анықтадым.

— Естуiмiзше, ине бiрден-бiр ем даритын жерi адамның табаны көрiнедi…

— «Ағаштың қурауы тамырымен, адамның қартаюы табанымен» деген қазақта керемет мақал бар. Адам баласының бүкiл мүшесi ағзамен тұтастай қосылып табанмен тығыз байланысқан. Қай жер ауырған болса, сол жердiң нүктесiн табаннан дәл тауып ине қойса немесе массаж жасаса ауырғаны сол заматта басылады. Қызмет атқарудан қалып, «ұйықтап» кеткен клеткасын ине салып «оятуға», яғни жансыз жерге жан бiтiруге болады.

— Иненi қайта-қайта салдырып дағдыға айналдырған зиян дейдi…

— Жалған айтады. Ине салдырудан ешқандай керi әсер болмайтындығы, көп қолданғаннан зиян шекпейтiндiгi ғылыммен дәлелденген. Американың өзiнде нашақорларды, iшкiштердi, тағы басқаларды құлақтың түбiне ине салу арқылы емдейтiнiн ескерсек, мұның адам ағзасына пайдасы болмаса, бармақтай да зияны жоқтығына көз жеткiземiз. Онда нашақорлықты иненiң күшiмен жою қолға алынған. Иненi құлақ тұсқа салу арқылы ауруын басқаруға және жаман әдеттерден жирендiруге әбден болады.

Бiр құлақтың өзiнде 500-ден астам нүктелердiң болатындығы бiздi бiраз жайдан хабардар еткендей. Қытайдағылар еш жерi ауырмағанына қарамастан, ағза жұмыстарын жақсарту үшiн, жұмысқа, тұрмысқа, өмiрге деген белсендiлiгiн ояту үшiн, есте сақтау қабiлетiн арттыру үшiн жылына мiндеттi түрде бiр-екi рет ине салғызып тұрады. Олар бұл медицинаның қыр-сырын құпия жағдайда ұстайды.

Өзге ұлттың адамдарына ашылып, бiлетiндерiн оңайлықпен жайып салмайды. Себебi, бұл – олардың медицинасының алтын бұлағы, қайнар-бастауы. Айтқан сыңай танытып, жеңiл-желпi, жалпақ жұртқа белгiлi жайттардың басын бiр шалып өтуi мүмкiн. Бiрақ өлiп кетсе де шындықты айтпайды.

 

Авторы: Әңгiмелескен, Арман ӘУБӘКІР

 

Хабарласу