+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

Тектілік

(ЖАСАН ағаға арналады)

 

Қасиеті дарыған бесігінде,

 

Ерлеріміз азайды осы күнде…

Ойласам тектілік пен өрлік жайлы,

Жасан ағам түседі есімізге.

Жетелеп жігерлі ұлын арман керуен,

Алыстап кіндік қаны тамған жерден.

«Үйде туып, түзде өсу – борышым» деп,

Қиырға тартты, білем, заңғар кеудең.

Еліктеп данышпан мен даналарға,

Жүк арттың «Ой» дейтұғын қара нарға.

Ғылымның  төрінен орын беріп,

Біліміне бас иді Канада да…

Өзгеден озып туған өнерменен,

Қазақты табыстырған көп елдермен.

Кешегі Мұстафа аға Шоқайлардың,

Бүгінгі нұр келбетін сенен көрем.

Жалғаған тектілігін алдыңғының,

Жүзінен тайдырмаған ардың нұрын.

Қазаққа керек сіздей БІРТУАР ҰЛ,

Жол ортаға тастамас  нардың жүгін!!!

Қазірет БЕРДІХАН

Шілде-тамыз 2011ж.

Алмас Қожабеков

«Жас-Ай»  ұжымына және Жасан балама алғыс хат

Жасымның ұлғайғанына қарамастан, бір күн болса да жарық дүниеде сергек, ауру-сырқаусыз жүргенге жетер не бар деп, соңғы кездері елдің алқауына жиі ілігіп жүрген «Жас-Ай» орталығына келіп бір курстың ем-домын алдым. Ертерек келгенде жақсы болады екен, кеш келдім. Алматының, Атыраудың емханаларында емделіп жүрдім. Жақында ғана балаларыма келгенде «Жас-Ай» журналын оқып, «бір күн емделіп көрейінші» деген ой келді. Денеме тас байлап қойғандай зіл батпан, белім қақсап ауырғанда аяғымды аттап жүре алмай, робот секілді қақшиып тұрып қалам, аяғымда ісік, құлағымнен белгісіз гуіл кетпейтін. Көп қиналдым. Қазір аяғымның ісігі тарап, белім икемге келді.

Менің айтайын дегенім, Жасан ұйымдастырған ұжым – болашағы бар ұжым. Жасан қазақ тілін қатты қадірлейтін жігіт, аурулардың тарихы қазақша толтырылады екен. Журналдарды оқығанымда «Аллаһ», «біссіміллә» сөздері бар. Осыған қарағанда Жасан киелі арқасы бар адам. 100 қытайды емдегенше, бір қазағымды емдейін деген арманыма жеттім дейді. Қаны таза, нағыз қазақ осы. Қазақ ұлтына жанашырлығы, бауырмалдығы ашық жарқын бет-жүзінен, келбетінен көрініп тұр емес пе! Ауруларды емдеуге құштарлығы, адамгершілігі мол адам. Білімі терең адам, сонда да одан әрі дамыту мақсатында мұхит асып, Америкаға, Еуропаға, Австрияға баруы, Жапонияға сапар шегуі – білген үстіне білу керек дегені. Алматы-Нью-Йорк-Бостон-Алматы сапары оңды болды. Жиырмадан астам елдің дөкейлері шақырылып, салынғанына 150 мың жыл болған мәрмәр сарайында қазақтың қоңыр үнімен ана тілінде баяндама жасағаны, бұл жігіттің алғырлығын, батылдығын көрсетті.

Түсінсе түсінер, түсінбесе мейлі деп, баяндаманы қазақша оқыды. Сол бойда баяндаманы орысша, ағылшынша аудармалап жатқан көрінеді. Міне, нағыз қазақ. Ал, бізде, арасында 1-2 орыс ұлты болса болды, орысша баяндаманы зуылдатады.

Бірде жаңалықтар қарап отыр едім, мәслихат жүріп жатыр, ол кезде Даниял Ахметов бар, баяндамашылар бәрі орысша сөйлеп тұр. Бір мезгілде залда бір орыс ұлты тұрды да, «а кто вам мешает на своем языке говорить» демесі бар ма? Бізде басылымдардың көбі орыс тілінде: 50% орыс тілі, 50% қазақ тілі, бұл не пәле?! Міне, дөкейлердің қылығы. Ұрпақтарын қалай тәрбиелеп отыр, бір Құдай білсін. Жасанға ризамын, қазақ тілді дамытуға құштар. Бүгінгі таңда емханалар бәсекелес жағдайда. Жасан бастаған емхананың озып шығарына мен куәмін. Өйткені, тынымсыз еңбек әрқашан алға басады.

Енді менің өтінішім: осы Шығыс-тибет медицина орталығы Атырауда ашылса екен. Себебі, қазір жастар да көбі аурушаң келеді. Менің үш балам Атыраудан келіп, ем-домын алып кетті.

Ұжымға, Жасанға! Қолдарың шипалы, еңбектерін жемісті, денсаулықтарың мықты болсын, жанұяларына бақыт тілеймін. Рамазан айында тілек қабыл болсын!

Құрмашева Роза  Хамитқызы

20.08.2011ж.

 

Асқазан ауруын емдейтін дәрілердің ерекшеліктері

Асқазан ауру көп ұшырайтын ауру белгілерінің бірі. Басты бейнесі қазан толмас жайсызданадаы немесе ауырады. Сонымен бірге кекіреді, запыран құсады, тамақтан кейін асқазан сыздайды. Т.б.

 

1)      Үнемі қолданылатын асқазан ауырғанды басатын дәрілер

1.      Алумин тотығының гидраты: қышқылға қарсы тұрады, шекті орынның қанын тыяды. Жараның бетін қорғайды, т.б. өнім беру қуаты ұзаққа созылады. Әдетте, асқазан жарасына, асқазан қышқылының тым көбеюіне және асқазан-ішек ауруларына қолданылады. Мұндай дәрілерді ұнтақтағаннан кейін ішсе өнімі жақсы болады. Тамақтанудан 15-30 минут бұрын әр ретте 1-3 таблеткадан әр күні 3 рет ішеді. Ұзын уақыт ішсе ішті қатырады.

2.      Үш кремни қышқылды магни: ішкен соң асқазанда желім сияқты зат қалыптастырып, асқазан қышқылын сіміріп алады да, жараның бетін қорғайды. Сонымен бірге, асқазан-ішектегі токсин, бактерия және газ сияқтыларды да сіміріп алып, асқазан жарасының сақаюына мүмкіндік жасайды. Әр реткі тамақтанудан ілгері 0,3-1 г –нан күніне 3 рет ішеді.

3.      Күрделі гастропин: бұл алумин тотығының гидраты, үш кремни қышқылды магни, итжидек сығындысы сияқты бірнеше түрлі дәрілерден құралған. Асқазан жарасы, асқазан қышқылының молаюы сияқты ауруларға ем болады, өнімі ұзаққа созылады. Асқазан ауырғанды басатын дәрі есептеледі. Тамақтанудан 15-30 минут ілгері ересектер әр ретте 2-4 таблеткадан, 5 жастағы балалар әр ретте жарты таблеткадан, ұнтақтаған соң қайнаған жылы сумен ішеді.

4.      Про-бантин: асқазанның ауырғанына өнімі біршама жақсы, асқазан және он екі елі ішек жарасының асқынуынан сақтайды. Тамақтанудан ілгері ересектер әр ретте 15-30 мг-нан, күніне 3 рет. Балалар әр күні бір килограм дене салмағына 2 мг-нан төртке бөліп ішеді. Ауызды кеберсіту, несепті азайту сияқты қосымша әсері болады, мұндай әсерлер дәрінің дозасы азайған соң өздігінен жоғалады.

5.      Симетидин: он екі елі ішек жарасына ем болатын жаңа дәрі. Ол асқазан қышқылының бөлінуін тежеп, ас қорыту жолындағы жарақаттың ауырғанын бәсейту арқылы жара бетінің сақаюына көмектеседі. Ересектер әр күні бір грамнан 4-ке бөліп ішеді(тамақтанарда немесе тамақтанғаннан кейін 0,2 грамнан, ұйықтар алдында 0,4 грамнан ішеді). 4-6 апта бір емдеу барысы болады.

 

Бала қалай тамақтануы керек?

 

Қазақстандағы балалардың жартысынан астамы суық тию мен созылмалы аурулармен ауырады. Аурулардың арасында бірінші орында – жұқпалы аурулар: жөтел, тұмау. Кейінгі орындарда – ішек-асқазан мен көз аурулары. Мамандардың айтуынша, бұған себеп – қазіргі экологиялық ортада өскен өнімдердің сапасыздығы мен ата-аналар қадағалауының жоқтығынан. Әсіресе, тамақтану жүйесінің болмауы.

Ата-ананың көз қуанышы – оның баласы. Баласын ержеткізіп, сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру – әрбір ана мен әкенің мақсаты. Осы мақсаттарды іске асыруда бала денсаулығының жағдайы аса үлкен рөл атқарады. Өйткені дені сау бала – елдің ертеңі. Алайда көбіміз балалардың тамақтануына жіті көңіл бөле бермейміз. Өзіміз жейтін тамақты балаларға береміз, дүкендерде өнімнің сапасына қарап жатпаймыз, тамақтану рационын білмейміз. Осының бәрі баланың денсаулығына, оның болашағына әсер етеді.

Ресей сарапшыларының айтуынша, баланың тамақтану  тәртібі кішкентай кезінен бастап-ақ бұзылады екен. Бізде әрбір үшінші баланың денсаулығы нашар. Оған себеп – дұрыс тамақтанбау. Уақыттың тығыздылығын сылтау ететін көптеген ата-ана осыған мән бермейді. Бұл – үлкен қателік. Баланың тамақтануына аса мұқияттылықпен қарау керек. Мәселен, сәби туылған сәттен бастап, ананың табиғи сүтімен қоректенгені дұрыс. Бірақ  кей жағдайларда ананың сүті құнарсыз болып, тіпті шықпауы мүмкін. Осы кездерде «табиғи тектес» деп аталып жүрген, құрғақ сүттер пайдалануда, бірақ оларды көп пайдалануды азайтқан жөн. Себебі онда ана сүтінде болатын дәрумендер аз, сондай-ақ құрғақ сүт бәрібір табиғи сүттің орнын толтыра алмайды. Оларды таңдағанда да аса мұқиятпен көру қажет. Қазіргі нарықта отандық өндірушілердің құрғақ сүттері сапалы болып саналады. Кішкентайынан (2-3 айлығынан) қанты бар тәттілермен еркелету  болашақта қант диатезін тудыруы мүмкін. Сондықтан одан аулақ болған абзал.

Баланың тұрақты тамақтану режимі қандай болу керек?

Жасы өскен сайын баланың энергетикалық қажеттілігі көбейеді, ағзаның қалыптасу кезеңдері басталады. Ересек  баланың тұрақты асы – ботқа болуы керек. Дәл осы кеңесті біздің педиатрлармен қатар, Ресей және Еуропаның дәрігерлері айтуда. Бүгінде таңертеңгі асты көптеген балалар ішпейді. Тәбеті жоқ деп ата-аналар да көңіл бөлмейді. Бұл да дұрыс емес. Бұл организмнің тепе-теңдігін сақтамайды. Сонымен қатар физикалық күшті әлсіретіп, ойлау қабілетіне кері әсер етеді. Ата-аналардың өздері таңертеңгісін ештеңе ішпей шықса, онда бала да тамақ ішу керектігіне сенбейді. Сондықтан жеке үлгінің өзі балалар үшін аса маңызды. Жанұямен бірге толық түрде ластанудың өзі бір өнеге. Ал күнделікті жеңіл-желпі тамақтану, бутербродтар, тәттілер мен лимонад сусыны соншалықты тойымды, пайдалы емес, керісінше, тәбетті құртады.

Күріш, бидай, тары, т.б. даярланатын ботқалар әрдайым құнарлы әрі өсу мен жетілуде аса үлкен орын алады. Онымен қоса, жұмыртқа, сүт өнімдерін де беруге болады. Таңертеңгі ас сүтпен, шай немесе какаомен ішіледі. Кейде таңертең тамақ немесе шай ішпесек, басымыз ауырып, әлсізденеміз. Сондықтан таңертеңгі астың да өз орны бар. Ол күнімізді сенімді, көңілді бастауымызға әмір етеді.

Ал түскі аста бірнеше тағам болғаны абзал: көже, сорпа, ет, балық секілді. Балық пен еттің гарниріне көкөністер, макарон салуға болады. Ал біздің түскі астарымыз көбінесе макарон өнімдері болып жүр. Одан да бас тарту керек. Себебі үнемі ұн тағамдарын пайдалану ағзадағы калорияны әрі холестерин мөлшерін көбейтеді. Түскі ас барлық тамақтанудың ішінде ең маңыздысы. Түскі ас тойымдылығымен және пайдалылығымен ерекшеленеді.

Түстікке (16:00 шамасында) печенье, құймақ, тоқаштар, зефир, мармелад ұсынуға болады. Кисель, айран, сусын ретінде беруге болады. Түстік түскі ас пен кешкі ас арасында жалғау болып табылады.

Кешкі ас – ең соңғы тамақтану кезі саналады. Одан кейін ештеңе жеуге болмайды. Өйткені одан кейін тамақ ішілсе, асқазан жүйесі бұзылады. Кешкі ас ыстық тағам болуы тиіс. Назар аударылуы керек тағы бір мәселе – тоя жемеу. Дәрігерлердің айтуынша, егер  тамаққа 60-70%-ға  тойдым дегенде, ауқаттануды аяқтау керек. Еуропада бұл шектеу аса кең таралған. Кешкі астан соң азын-аулақ бір нәрсе жей салу да жаман әдет. Ол асты асқазан қорыта алмауы мүмкін. Сөйтіп, қорытылмаған ас қалдықтары тасқа айналып, бауыр, өт, бүйректің жұмысын нашарлатады. Қарапайым рацион, тамақтану жүйесі осындай болу керек.

Оқушы тәуліктің 7-8 сағатын мектепте өткізеді. Барлық мектепте асхана болмайтындықтан, балаға тамақты арнайы ыдысқа салып беріп жібергеннен басқа амал жоқ. Бутерброд, фаст-фуд түрлерімен шектелмеуі керек. Салаттар мен омлеттерді қосу қажет. Есте сақтайтын нәрсе, бала күніне 5 уақыт тамақтануы керек! Оның үшеуі – ыстық тамақ. Осы айтқандарды қатаң сақтау арқылы баланың денін сау етуге болады. Үлкендерге қарағанда, балалардың энергетикалық қажеттіліктері басқа.Организмнің құрылыс материалы болып табылатын ақуыз етте, жұмыртқада, балықта және ірімшікте көп. Және де мұның бәрінің майлылығы төмен болуы тиіс. Ал тұздалған, қуырылған, жартылай пісірілген, қақталған тағамдарды көп бермеген абзал. Себебі олар асқазан мен ішектің қызметін бұзады. Сондай-ақ көп жағдайда аса пайдалы емес. Әр күн сайын бала үнемі сүт және сүт өнімдерін – айран, ірімшік, йогуртты ішіп отыруы қажет. Жоғарыда айтылғандар – әрбір ата-анаға баланы тамақтандыру жаднамасы. Қарапайым тәсілдермен баланың денсаулығын реттеуге болады.

Баланың дұрыс тамақтанбауының белгілері:

-         Көп салмақ тастау;

-         Аменорея (қалыпты етеккірдің болмауы);

-         Шаштың түсуі;

-         Психологиялық күйзелістер;

-         Әлсіздік, шаршаудың жоғары болуы;

-         Жиі жүрек қағу;

-         Терінің құрғақ болуы;

-         Іштің кебуі;

-         Тіс аурулары;

-         Ас қорытудың бұзылуы;

-         Тек бір тамақ түрін ғана пайдалану (мысалы, тәтті тағамдар).

Мұнымен қоса, көкөністер мен жемістерден даярланған шырын түрлері үнемі рационда табылуы керек. Себебі жаңа жемістер – ең негізгі дәрумен көздері. Ата-аналар балаларының тәбеті жоқтығына шағым айтады. Балаларыңыз жақсы тамақ ішуі үшін тамақ «ләззат» сыйлауы тиіс. Қырыққабат пен ботқаны көргендегі көңіл күй, тәтті тоқашты немесе тәтті әрі сырты көркем асты көргендегі көңіл күйге қарағанда басқаша болатыны анық. Балалар жақсы көркемделген және алуан түрлі тамақты ұнатады. Бастысы – тамақтану режимінің сақталуы. Егер бала асты жиі ішпей, тамақтану аралығы үлкен болса, онда оның ой мен дене қабілеттерінің тепе-теңдігі бұзылады. Ал тоя тамақ ішу жаман әдет болып қалыптасып, сөйтіп, тәбет нашарлап, ішектің созылуына апарады.

Балалар тағамын көбінде дүкендерден, т.б. азық-түлік орындарынан аламыз. Алайда  оның сапасына, шығарылу мерзіміне аса назар аудармаймыз. Содан болар, балалар уланып жатады, ауруларға ұшырап жатады. Көптеген ата-аналар дүкенде жаңа өнімдерді алудың орнына чипсы, кириешки сынды пайдасыз өнімдерді алады. Ол өнімдер сапалық стандартқа сай келмейтіндіктен, даярлану технологиясы бұзылғандықтан, денсаулыққа қиянат жасаудың қажеттілігі жоқ. Дүкендерден әрдайым сатып алынатын ұн тағамдары әр уақытта пайдалы емес. Олар көбінесе маргаринде дайындалады, сол себепті, организмге артық майлар жиналады. Сондықтан қолдан пісірілетін печеньеге немесе бөлішкеге ештеңе жетпейді. Сауда орындарында алуан түрлі рулеттер, кәмпит жинақтары, тәтті тоқаштар көп-ақ. Бірақ біз оны тәтті деп ала салғанымызбен, оның денсаулыққа кері әсерін білмейміз. Бұл тәттілердің құрамында қант пен ароматизаторлардың көлемі белгіленген нормадан асқан. Мысалы, дәрігерлер рулеттерді көп жеуге тыйым салды. Онда қант пен жасанды дәмдеуіштердің мөлшері көп.

Балаларды тәтті тағамдармен көп еркелетудің соңы қант ауруына әкелетінін ұмытпау қажет. Оның орнына витамині көп йогурт, жеміс-жидекті сатып алған дұрыс. Ескеретін тағы бір жайт, Қазақстан балаларының 80%-дан астамы тіс ауруларына шалдыққан. Бұған себеп – бір жағынан, тісті дұрыс тазаламау болса, екінші жағынан, баланың қоректенетін тамағынан. Тым тәтті, тым ащы әрі тұзды тағамдар ауыз қуысына жағымсыз әсер береді, кальцийді, тіске, сүйектерге қажет D дәруменін азайтады. Бұл стоматологиялық сырқатқа әкеледі. Осы себепті, барлық уақытта сақ, абай болған жөн.

 

Жүктілік кезіндегі терінің созылуы

Терінің созылуы – болашақ ананың әрқайсысында кездесетін проблема. Созылған теріден құтылудың да арнайы жолдары бар.

 

Тері керілгенде ақ немесе қызғылт жолақтар пайда болады. Бұл жолақтардың пайда болуы кортикостероид және прогестерон гормондарының көбеюіне байланысты.Коллагеннің синтезделуінің төмендеуі терінің серпімділігін азайтады, терінің беткі қабаты жұқарады. Денеге түскен салмақ ішкі жыртылуға және жалғастырғыш тіндердің ауысуына алып келуі мүмкін. Қан тамырлары созылған теріні қызғыт түсті етеді. Сосын сызық қызғылт немесе ақшыл түсті болады. Тамырлар кейіннен азайып сызық ақ түске айнала бастайды. Жалғастырушы тін күнге күйген кезде де түсін өзгертпейді.

Жүкті әйелдердің іші, мықыны, омырауы өзгеретіндіктен, дәл осы жерлерде тері созылу болады. Заманауи зерттеушілердің айтуынша терінің созылуы гормондық өзгеріске ғана байланысты емес, тұқымқуалайды. Терінің қалыңдығын қамтамасыз ететін коллагенді талшық пен созылмалылығын қамтамасыз ететін эластикалық талшық ген арқылы беріледі. Осы талшықтар көп болса, терінің созылуы азаяды. Терінің қалыпқа келуі денсаулыққа байланысты, кейбір әйелдер жүктілікті жоспарлаған сәттен бастап, күтім жасайды. Терінің созылуын емдегеннен болдырмаған жақсы. Бұл терінің терең зақымдалуы, сондықтан оны емдеу қиынға әрі қымбатқа түседі (ультрадыбыстық терапия, химиялық пилинг, лазерлік тегістеу, озонотерапия).

Жүктілік кезінде тері созылудың алдын алу шаралары:

  • Салмақты қалыпты ұстау, бірден салмақ қосуға жол бермеу;
  • Тамақтың минералдарға, А, Е, Д дәрумендеріне бай болуын қадағалау. Сүт тағамдарын көп тұтыну қажет. Жүкті әйелге ең керек дәруменнің бірі Е дәрумені (токоферол). Осы Е дәрумені жүктілік кезіндегі созылулардан қорғайды.
  • Босанғаннан кейін құрсақтың терісі мен бұлшық етіне түсетін салмақты азайту үшін арнайы бандаж кию;
  • Жүктілік және емізу кезінде көтеріп тұратын кеудеше кию;
  • Терінің тонусын сақтау үшін жиі-жиі ыстық, сосын суық сумен душ қабылдау керек;
  • Терісі жырылған жерлерді күнделікті бірнеше минут уқалау;
  • Дененің серпімділігін сақтау үшін спортпен шұғылдану (аэробика, жүгіріс);
  • Терінің созылған жерлеріне шөп (түймедақ, жөке ағашы, аскөк) қайнатпаларынан компресс жасау.

Егер алдын алу шаралары жасалмаса, тері созыла бастаса, уқалау арқылы ғана тоқтатуға болады. Уқалауға зәйтүн немесе эфир майын қолданған дұрыс. Эфир майын жожоба, бадам, кунжут, зәйтүн майларымен араластырған жөн. Неше түрлі майды (30 мл миндаль майы, 15 мл бидай өскінінің майы, 15 мл авокадо майы, бірнеше тамшы лаванда майы, сәбіздің ұрығы, қазтамақ, қырмызы, нерольді) араластырып, душтан соң жағуға болады. Бұл шара теріні ылғалдандырып, серпімділік сыйлайды.

Есіңізде болсын, цитрустық, фототоксиндік майларды күнге шығар алдында жағуға болмайды.

Балалардың церебральді сал ауруы

Елімізде сал ауруына шалдыққан мүгедек балалар саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Нақты айтсақ, Қазақстанда 44 574 мүгедек бала бар болса, соның ішінде 10000-нан астамына балалардың сал ауруы (ДЦП — детский церебральный паралич) диагнозы қойылған. Бұған экологияның ластануы, климаттың өзгеруі, дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы секілді түрлі факторлар әсер етіп отыр.

Балалардың сал ауруы – мидың зақымдануынан,қимыл-қозғалыстың бұзылуынан (салдану, бұлшықеттің әлсіздігі, қозғалыстың қалыпсыздығы) бала кезде пайда болатын ауру.Аталмыш ауруғашқояншық ұстамасы, психологиялық дамуында кемістіктер болады, қабылдауы мен үйренуі қиын. Кейбіреулерінің көзі көрмейді, естімейді, сөйлей алмайды.

Себептері

Балалардың сал ауруы туғанға дейін немесе туыт кезінде, одан кейін миына зақым келгенде пайда болады. Жүктілік кезіндегі инфекция, преэкламсия (кеш бастаған таксикоз), ана мен баланың қанының резус-факторы сәйкес келмеу, уақытына жетпей босану, нәрестенің тұншығуы, босану кезіндегі жарақат аурудың тууына себепші болуы мүмкін. Өте аз салмақпен туған сәбилердің осы ауруға ұшырау қаупі артады. Туыттан кейін миға зақым келсе, ми-бас сүйек жарақатына немесе менингит сияқты жұқпалы ауруға ұшыратуы ықтимал.

Нәрестенің немесе құрсақтағы сәбидің бас миының зақымдалуына 50 түрлі себеп әсер етеді, олардың барлығы жүктілік пен туыттың ауыр өтумен байланысты. Баланың жүйке жүйесі ана құрсағында жатқаннан бастап осы ауруға дайын болады. Балалардың церебральді сал ауруының нақты себебін анықтауда дәрігерлер бір емес, бірнеше себебін қарастырады. Солардың ең маңыздыларына тоқталайық.

- жүктілік кезіндегі әртүрлі жағдайлар, ұрыққа оттегінің жетіспеуі мидағы жасушалардың өлуіне алып келеді;

- туыт кезінде немесе туғаннан кейін ауа жетпеу, әсіресе мезгілінен бұрын босану, кесар тілігі арқылы босандыру;

- жатырдағы әртүрлі жұқпалы аурулар: оксоплазмоз, цитомегаловирус, қызылша және т.б.;

-жүктіліктің алғашқы мерзімінде жүйкеге әсер ететін тератогендік факторлар.

Босану кезінде физиологиялық процестер жүре бастайды. Толғақ жатырды босануға дайындайды, жатыр мойнын, яғни туыт жолын ашады. Баланың әдетте басы төмен қарап тұрады. Ана мен нәресте бірлескен түрде дайындалады. Бала жолдасы арқылы немесе кіндігі арқылы оттегімен қоректенеді. Сондықтан мезгілінен бұрын босану ана мен бала арасындағы үйлесімділікті бұзады да, туу барысын қиындатады. Табиғи жолмен босануға акушерлік кедергі жасаса, балаға қауіп төнеді.

Бала қағанағының суын ерте жарып жіберсе, толғақ кезінде баланың басы анасының жамбас сүйегінен жарақат алуы мүмкін. (Қалташадағы су баланың басы шығуға дайын болғанша амортизатор сияқты жұмыс істейді).

Бала туыт жолына дайын болмай тұрып, (жасанды жолмен) дәрілермен немесе басқа да шаралар арқылы босануды тездету де баланың миына зақым келтіруі мүмкін.

Түрлері

Балалардың сал ауруы қозғалыстың бұзылуына және таралуына байланысты бөлінеді.  Қозғалыс бұзылысының 5 түрі бар: 1) спастикалық – бұлшық ет тонусының артуы, қайталанған қозғалыс кезіндегі қиындық; 2) қимыл тұрақсыздығы – дененің үнемі өздігінен қозғалуы; 3) ебедейсіздік – баяу қозғалыстағы бұлшық еттерге қозғалыс кезінде қысымның келуі; 4) қимыл үйлесімсіздігі – жиі құлаудан тепе-теңдіктің бұзылуы; 5) қол-аяқтың дірілдеуі (қалтырау).Аурудың 85 пайызы спастикалық және атетиодтық түрде кездеседі. Белгісіне қарай былайша топталады: 1) қол-аяқтың салдануы (бір жақтың тартылуы), 2) дененің бір жағының толық салдануы, 3) екі жақты салдану (жоғарғы жақ немесе тұтастай төменгі жақ), 4) жартылай немесе толықтай қол-аяқтыңсалдануы.

Емдеу

Психикалық және дене жаттығулары арқылы невропотологиялық ақауды азайтуға болады. Бұлшық ет қызметін жақсарту үшін физиотерапия және еңбек терапиясын қолдану керек.Логопедиялық көмек және есту қабілетін түзетунауқастың тілін жаттықтырады(жетілдіреді). Бекіткіш және басқа ортопедиялық құрылғылар жүрісті жеңілдетеді, тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.Ақыл-ойы кем балалар өз мүмкіндігіне қарай оқу керек. Ұзақ уақыт емделуде арнайы бағдарламамен оқыту, психологиялық кеңес, қарым-қатынасты дамыту, кәсіптік оқытудың икемді жүйесі, демалу мен ойын-сауық ұйымдастыру. Сал ауруымен ауыратын науқас жан-жақты көмекті қажет етеді.

Құралай Омар

Тісті тазалау

Ауыз қуысы барлық індет пен уланудың негізгі көзі болып табылады. Ағзадағы індет шоғыры көбінесе тіс түбірінде немесе ауру тістің өзінде кездеседі.
Ауыздағы инфекция көптеген ішкі аурулардың тууына себепкер болуы мүмкін. Мәселен: буын қабынуы – артрит, жүректің ішкі қабының қабынуы – эндокардита, гипертония, көз, мұрын, құлақ қызметінің бұзылуына алып келеді. Бүйрек, жүрек, асқазан, ішек ауруларына соқтыруы мүмкін. Ағзаның бұзылуы мен жұқпалы ауруларға ұшырауын бәсеңдету үшін халық медицинасы тіс тазалаудың қарапайым әдістерін ұсынады.

Көптеген елдерде тіс щеткасының орнына ауызды қуыратын дәмі бар өсімдіктердің жұмсақ жерін пайдаланады. Алмұрт, жөке, апельсин ағаштарының өркені, балдыркөк, сәбіздің сабағы, қарақат, жидек, шетен ағашы, балқарағайдың жұмсақ бұтақтарынан арнайы таяқша жасайды. Таяқшаның ұзындығы 15-18 см, диаметрі 5-6 мм болу керек. Дайын болған таяқшаны суға салып, бір ұшын шайнап, шашақ жасау керек. 2-3 рет пайдаланғаннан кейін лақтырып тастаған абзал. Жақсы нәтиже беру үшін тіс ұнағын қолданады. Оған 10 пайыз ұнақталған ашудас қосуға болады. Егер таңертең және ұйықтар алдында бір бас сарымсақ жесеңіз, ағзаңыздағы микроб атаулы күшін жояды.

Тілді тазалау

Ауыз бен тіс сияқты тілді де жақсылып тазалап тұру керек. Эпителийдің жартылай бұзылған үлдірінің қалдықтары тілдің ұшына емес, түбіне жиналады. Йогтардың медицинасында оны тазалаудың бірнеше жолдары бар. Ең қиыны – көмекейдің түбіне саусақты тығу. Сұқ саусақ, ортаңғы және аты жоқ саусақты бірге көмекейге апарып, тілдің түбін жақсылап қырыңыз (шай қасықтың көмегімен де тазалауға болады). Бұдан кейін ауызды бірнеше рет таза сумен шаю керек. 1-2 минуттық тазалаудан кейін тілге өсімдік майын жағыңыз. Бұл шараны күніне екі рет таңертең, кешке жасау керек. Тамақтанып болған соң міндетті түрде ауызды шайған жөн. Диагноз қою барысында тіл денсаулықтан хабар беріп тұрады.

Көз күтімі

Ғалымдардың айтуынша, адам мәліметтің 70 пайызын көру арқылы алады екен. Ағзадағы қуаттың жартысы ойлауға, физиологиялық функция – ас қорыту, тыныс алу, бөліну, қозғалу сияқтыларға кетеді, ал қалған 50 пайыз көру қуатына кетеді.

Көз орталық жүйке жүйесінде орналасқан. Сондықтан көздің жай-күйі ең алдымен тамақтануға, бұлшық ет тонусы мен жүйке тұрақтылығына байланысты.Көз адамның айнасы. Көз жақсы көру үшін көзгигиенасын ғана сақтау жеткіліксіз, ой және дене тазалығын сақтау керек.

Көздің қырағылығын арттыру үшін көз тазалығына, жаттығуларға көңіл бөлген жөн. Ежелгі медицинада көз ауруларын емдеу, қырағылығын арттыруда Күн мен Айға айрықша мән берген. Күн сәулесі қанайналымды тездетіп, микробтарды өлтіріп, инфекцияны бейтараптандырады.

Күнге таң атқанда немесе батқанда қарау керек. Көзді үлкен қылып ашып, күнге көзден жас аққанша қарау керек. Көзі ауыратын адамдар күннің өзіне емес, бағытына, сәулесіне қарағаны жөн. Бірінші сеанстың ұзақтығы 1-2 минут, кейіннен 10 минутқа дейін жеткізуге болады.

Көру барысында бұлшық еттің бір бөлігіне үнемі салмақ түседі, ал кейбіреуі босаңсиды. Көзді дұрыс бағыттамау көздің көруін бұзады әрі түрлі көз ауруларына алып келеді. Ол үшін күнделікті мына жаттығуларды жасаған жөн.

1. Орталық тіреу. Көзді өзіңізден 48 см-дан алыс жердегі кішкентай затқа (майшамның жалыны, кішкене қара нүкте) бағыттаңыз. Көз әдеттегідей ашық. Кірпік қақпаңыз. Көзден жас аққанша сол затқа қараңыз. Өзіңізді өзіңіз қинамаңыз, жайлы болуы керек.

2. Мұрынға бағыттау. Денеңізді бос ұстаңыз. Мойынды тік ұстаңыз. Көзді мұрынға бағыттаңыз. Сеанстың ұзақтығы 1-2 минут, содан кейін көзді жұмып демалыңыз. 2-3 рет қайталаңыз.

3. Қасқа бағыттау. 1-2 минут аралығында көзді екі қастың ортасына бағыттау. Көзді жұмып, демалу. Бірнеше рет қайталау.

4. Оң иыққа бағыттау. Денені тік ұстап, көзді иық ұшына қарату. 1-2 минуттан соң демалыңыз.

5. Сол иыққа бағыттау. Бұл жаттығу алдыңғыға ұқсайды.
Әр жаттығуды жеке-жеке жасап үйренген соң, кешенді жаттығу ретінде айналысуға болады.

Жаттығудан соң бетті 3-4 секунд суық суға малып, көзді ашыңыз. Суық су көру мүшелерін жақсы әсер етеді. Бұлақтың, бастаудың, тұманың, сарқыраманың суымен жуған өте пайдалы.

Бауырды тазалау

Аурудың алдын алу үшін жылына 1 рет, ал емделу үшін 2 рет жасаған жөн.

Бірінші күн.Бауырды тазалауға дайындау. Таңертең клизма жасау. Күні бойы алма шырынын ғана ішу.

Екініші күн.Таңертең клизма жасап, сағат 19-ға дейін жаңа піскен алманың шырынын ішу керек. Сағат 19-дан бастап төсекке жатып, оң жаққа жылытқы қою қажет. Әр 15 минут сайын 3 ас қасық лимон шырыны мен 3 ас қасық зәйтүн майын ішеді. Екеуін ауыстыруға болмайды. 14-2-14 сағаттан кейін (5 сағаттан кейін де) лоқсу басталады. Холестерині бар қара-сұр ұйыған зат шығады. Дефекациядан кейін асқазанды 1,5 литр сумен шайған абзал.

Бүйректі тазалау

Бұл шараны қарбыз піскен уақытта бақшада жасаған дұрыс. Бір апта бойы қарбызбен, қара нанмен қоректену керек. Түнгі сағат 2 мен 3-тің арасы бүйректің биологиялық сағаты болып есептеледі. Сондықтан тас түсер алдында жылы сумен ванна қабылдау керек. Тоқтаусыз қарбыз жеу қажет. Осы кезде бүйрек астауы кеңіп, несеп жолы арқылы тас түседі. Егер тас ауырлықпен түссе, 2 таблетка но-шпа қабылдаңыз.

Лимфа мен қанды тазалау

 

Емшара 3 күнге созылады. 2 литр еріген қар суына 900 г. апельсин және 200 г лимон шырынын қосып, коктейль әзірлейміз. 1 ас қасық глаубер тұзын 100 г суға ерітіп, таңертең аш қарынға ішу керек. Сосын жарты сағат сайын коктейльден 100 грамнан ішкен жөн.

Құралай Омар

 

Тәтті және ащы бұрыштың емдік қасиеттері

Тәтті бұрыш жемістерінің құрамында дәрумендер, микроэлементтер, органикалық қышқылдар, ақуыздар мен майлар көп болғандықтан, гипо және авитаминозға, жалпы әлсіздікке, қан аздыққа, склерозға, жүрек, бауыр ауруларына, ағзадағы холестеринді шығаруға, тәбетті ашуға, ішілген тағамның сіңімділігіне әжептәуір септігін тигізеді.

Тәтті бұрыштың жемісіндегі шырын шашты және тырнақты нығайтады, көздің жас тармағының және майланған бездерінің жұмыстарын жақсартады. 1/2-1 стакан шырынға 1 ас қасық бал қосып, араластырып тамақтанардан 30 минут бұрын ішу керек.

Ащы бұрыш ең алдымен буын ауруларына, радикулитке, миозитке (суық тигеннен бұлшық еттердің қабынуы) жақсы көмектеседі. Ол үшін 1 стакан ащы бұрыш тұнбасына 2 стакан өсімдік майын қосамыз да, сырқырап, қақсаған буындарға таңып қоямыз.

Стаканның 4/1 бөлігіне ащы бұрыштың ұнтақтап салып, қалған 4/3 бөлігіне спирт немесе таза арақ құйып, тұнбаның әзірлеуге болады. Бұл тұнбаның 10-20 тамшысын тамақтанардың алдында ішсе, асқазан-ішектің ауруын емдейді, тәбетті ашады, асқазан сөлінің бөлінуін жақсартады.

Кейбір ғалымдардың айтуынша артық салмақтан арылу үшін ащы бұрыштан әзірленген тағамдарды көп тұтыну керек. Ол майлы жасушалардың бейтараптануына мүмкіндік жасайды.

Американың дәрігері Д.Джарвис есте сақтау қабілеті нашарлағанда, шаршағанда, әлсіздікте, тамаққа тәбет болмағанда сіңір тартылғанда, қол-аяқ жансызданғанда, буындар сырқырап ауырғанда, ұйқысыздықта ащы бұрыш пайдалы деген тұжырым жасаған.

Кейбір ғалымдардың мәліметтерінде европа халықтарына ас тұзының маңызы қандай болса, ыстық тропикалық аймақтағы халықтар үшін ащы бұрыштың маңызы сондай дейді.

Асқазан, ішек, бауыр, бүйрек ауруларында, асқазанның ойық жарасында, он екі сақиналы ішек, гастрит, холецистет ауруларында ащы бұрышты қолдануға болмайды.

Құралай Омар

 

Аурудың алғашқы белгілері

 

Бел ауруының белгісі

 

Бел ауруы – дербес ауру емес, бұл – тұтас денедегі көптеген аурулардың үнемі кезігетін белгілерінің бірі. Бел ауырған кезде нақты қандай дерттің әсерінен ауырғанын дөп басып айту қиын. Себебі ол бірнеше аурулардың қатар әсер етуінен ауыруы мүмкін. Мұндай жағдай емдеуге де, диагноз қоюға да қиындық туғызады. Сондықтан да Шығыс халықтарында «Науқастың белі ауырса, шипагердің басы ауырады» деген тәмсіл бар. Бел ауруы төмендегі дерттердің белгісі:

Бел бұлшық етінің зақымдалуы

Ұзақ уақыт үстелде отырып жұмыс істегенде, дене әрекетімен үздіксіз шұғылданып, тұруға уақыт болмайтындықтан, белдің бұлшық еттері біртіндеп солып, сіңірлердің созылу қуаты әлсіреп, белдің бұлшық еті зақымдалып, бел ауырады.

Ревматизм сипатты буын қабынуы және қан рагы

Бұл кезде бел үздіксіз ауырып, ауырған жері күйіп тұрады. Күн ыстық кездерде немесе жаңбырлы салқын сәттерде ауру сезімі күшейіп, аздаған дене әрекетін жасаса, басылғандай болады. Ал шұғыл сипатты ревматизм дерті көп кезігеді. Сонымен қатар ол кейбір клеткалардың молаюы мен қан аздық дертіне алып келеді. Соның әсерінен де бел ауырады. Қан рагы да белді ауыртады, сондықтан бел ауырған сәтте нақты қандай себептерге байланысты ауырып тұрғандығын дәрігердің көмегі арқылы мұқият тексерту керек.

Несеп жолына тас байлану мен инфекциялануы

Бұл жағдайда тек қана осы екі түрлі себептің нақты қайсысынан белдің ауырып тұрғанын дәрігердің тексеруі арқылы анықтату қажет. Сосын ем қолдануға болады.

Туберкулез дерті

Туберкулез ауруы да белдің ауруына алып келеді. Бұл жағдайда қызыл клетканың тұну мөлшерін тексерту арқылы білуге болады.

Бүйрек ауруы

Бұл дерт ауру сезімі несеп жолына қарай солқылдап, қатты ауыратындығымен  белгілі. Кіші дәреті қызғылт, лайлы немесе қанды болуы, бүйрекке су жиналу, бүйрек туберкулезі, бүйрек шумағының созылмалы қабынуы сияқты бүйрек ауруы бар науқастардың белі жиі ауырады.

Бел омыртқаның шодыраюы

Бел қатты ауырып әрі ауырған жері тұрақты болу, жатып-тұрғанда қолайсыз сезіну, бұрылуға кедергі келтіріп қатты ауру көп жағдайда сіңір созылудың әсерінен болады.

Түпкі жамбастың, жүйке жүйесінің ауруы

Бұл бел омыртқаның шодыраюынан болады. Әсіресе, 4-5 омыртқаның түбі қатты ауырып, қара санына дейін жетеді.

Жыныс мүшесі өспесі және қабынуы

Әйелдердің жыныс мүшесіне өспе шыққанда, сипаты және дәрежесі ұқсамаған бел ауруы пайда болады. Жатыр түбінің ұлпалары шат қуысы өспесінің қысымына ұшырап немесе қатерлі өспенің кесірінен жамбас сүйектің ішкі ұлпаларына қарай өткенде бел ауырады.

 

Өт қалтасы ауруы

Бұл кезде белдің оң жағы иыққа дейін сіресіп, үстіңгі құрсағы ауырады.

Сүйектің босауы

Бұл жағдайда әртүрлі бел ауруына алып келеді. Көп қабатты үйлерге баспалдақ арқылы шыққанда жанға батып ауырады.

Тұмау

Кейбір адамдарға тұмау тисе, белі ауырады. Бұл жағдай вирустың, уыттың бұлшық етті сыздатып ауыртуының әсері.

Белдің ашып ауруы

Бел ашып аурумен қатар кіші дәретке қан немесе белок араласып келсе, сулы ісік пайда болса және жоғары қан қысымы дертінің белгілері бірдей байқалса, бұл – бүйрек қабынудың немесе бүйректің жедел қабынуының белгісі. Мұндай жағдай көбінде бүйрек ұлпаларының қанталап ісуінен келіп шығады. Бұл кезде бүйрек ауруы асқынуы болатындықтан, белдің ашып ауруы айқын білінбейді. Ал бүйректің түбегі қабынғанда, несеп жолдарына тас байланғанда, сонымен қатар бүйрек өспесі сияқты аурулардың әсерінен бел қатты ашып ауырады.

Бел бұлшық еттері зақымдалғанда, бел ашып ауырады. Шат қуысы қабынуы сияқты көптеген әйелдер ауруынан да бел ашып ауырады. Сондықтан бел ашып ауырған сәттерде оған селқос қарауға болмайды.

Белдің ашып ауруы, тізесін баса алмау, буыны ұстамау, жантайып жатқанда ауру сезімі сәл басылғандай болу – созылмалы бүйрек ауруының әсері.

Бел ауруының себебін білу өте күрделі. Ол адамдардың ауру жағдайына, жынысына, жасына да қатысты. Белі ауырған науқас әрдайым жақсы демалуға көңіл бөлуі қажет,  пайдалы дене әрекеттерімен мейлінше көп айналысуы тиіс. Жұмыс барысында отырып, тұруға көңіл бөлгені жөн.

 

Қайыңтоз

Қайыңтоз – қайың ағашының қабығы. Мұның да емдік қасиеті бар.

Ем болатын аурулары

1. Ішектің жедел қабынуына қайың қабығынан белгілі мөлшерде алып 12 г. суға қайнатып ішеді.

2. Омырау безі мен тамақтың жедел қабынуына, өкпенің қабынуына, шиқанға 250 г. қайың қабығын 1 литр суға қайнатып, 500 грамдай қалғанда аздаған қант салады да, 25 мл-ден күніне екі рет ішеді.

3. Кеңірдекшенің созылмалы қабынуына 30 г. қайың қабығының белгілі мөлшерін суға қайнатып, суын екіге бөліп ішеді.

Емдеу мерзімі – 10 күн. Бірінші емдеу мерзімінде нәтижесі шамалы болса, екінші емдеу мерзімін қабылдау керек. Ем кезінде кейбір адамдардың аузы құрғап, жүректері айниды.

Қарағай шекілдеугі

Қарағай шекілдеуігі өсіп шығатын ағашты балқарағай деп атайды. Ол қызыл қарағай мен самырсынға қарағанда аласалау, бұтақтары ретсіздеу болады. Қылқан жапырағы қарағайдың жапырағына ұқсас келеді. Басында өсетін жемісінің үлкендігі жұдырықтай, бүршігінің ішіне тізіліп орналасады. Тамыз, қыркүйек айларында піскен кезінде шекілдеуігін қағып алады. Тұқымының сырты қызыл күрең, дәні ақ болады. Дәмі тәтті, майлы, жегенде бал татиды.

Ем болатын аурулары

Тамаққа тәбетті арттырады, жүректің қызметін күшейтеді, жыныстық қуатты арттырады. Сонымен қатар, асқазан, бауыр, бүйрек қызметін күшейтеді, ағзадағы бөгеттерді ашады. Қарағай шекілдеуігінің құрамында май, ақуыз тәрізді заттар болады.

Көкнәр

Көкнәр – көпжылдық шөптектес өсімдік. Биіктігі – 30-50 см. Өнбойы түкті, сындырсаң ақ түсті сұйықтық ағып шығады. Жапырақтары сабағының түп жағында топтасып өседі. Гүлі сары түсті, төрт жапырақшалары болады. Жемісі сопақтау, шар тәрізді, сырты түкті, кейде түксіз де болады. Тау беткейлерінде, шөпті жерлерде, өзен жағаларында өседі.

Жинау және өңдеу

Көкнәр жемісінің емдік қасиеті бар. Жемісті күзде жинап алып кептіреді.

Ем болатын аурулары

Жүйке әсерінен бас ауырғанда, етеккір шаншуына, асқазан ауруына, ұзақ уақыт жөтелу және депікпеге, іш өткенде, үлкен дәретке қан аралас келгенде, шауһат тоқтамағанда 6 грамнан суға қайнатып ішеді.

Пайдалану мөлшері: 3-6 г.

Жаңғақ

Жаңғақ жылы үйектерде өседі.

Жинау және өңдеу

Дәні, дән бөлгіші, көк қабығы, бұтағы дәрі болады.

Ем болатын аурулар

Жаңғақ бүйректі қуаттандырып, шауһатты күшейтеді. Өкпені тазартады.

1.      Дене әлсірегенде, бел қақсап ауырғанда, бас айналып, құлақ шыңылдағанда 600 г. жаңғақ дәні мен 300 г. әлбұршақты талқандап, балға араластырып, салмағы 9 грамнан оқ дәрі жасап, күніне 2 реттен ішеді.

2.      Созылмалы жөтелге 350 г. жаңғақ дәнін, 150 г. алтынтамырды қосып талқандап, балға араластырып 9 грамдық оқ дәрі жасап ішеді.

3.      Бүйрек қызметінің әлсіздігінен шауһат тоқтамағанда жаңғақ және убейзінің 7 дәнін балмен араластырып, жатар алдында шайнап жейді.

4.      Несеп жолына тас байланғанда, бір үлес жаңғақ дәніне, бір үлес күріш көже қосып, бірнеше күн ішеді.

5.      Несеп жиі келгенде жаңғақ дәнін пісіріп, жатар алдында жылы арақпен ішеді.

Пайдалану мөлшері: 9-15 г. Жаңғақтың құрамында ақуыз, май, қант, А, С, Е дәрумендері бар.

Жаңғақ жапырағы

Ем болатын аурулар

1. Ақ кір көп келгенде 10 жаңғақ жапырағы мен 2 жұмыртқаны суға қайнатады да, жұмыртқаны жейді.

2. Жаңғақ жапырағынан белгілі мөлшерде алып, суға қайнатып, қотырды жуады.

3. Белдің, аяқтың қақсап ауырғанына 60 г. жаңғақ жапырағы мен 3 жұмыртқаны суға бірге қайнатып, піскеннен кейін жұмыртқаның қабығын аршып тастап, өңі қоңыр түске өзгергенше қайта қайнатады. Жұмыртқадан күніне  үш рет 14 күн бойы жейді. Емдеу барысы – 14 күн.

 

Жаңғақ қабығы

Ем болатын аурулары

1.      Етеккір кірнесіне жаңғақтың 60 г. қатты қабығынан отқа күйдіріп, күлін талқандап ішеді.

2.      Жаңғақ қабығын қайнатып, қотыр, теміреткі үшін ішеді.

Жаңғақ бұтағы

1.      Лимфа туберкулезіне жаңғақтың жіңішке бұтағы мен аюбас тікеннен тең мөлшерде алып, суға қайнатып шай орнына ішеді.

2.      Жаңғақтың бұтақтарын қайнатып, қайнатпасымен шиқан мен сыздауықты жуады.

3.      Жатыр мойнының рагына да жаңғақ бұтағы қолданылады. Ол үшін жаңа жаңғақ бұтағынан 30 см. кесіп алып, 4 сағат қайнатады. Әр жолы 30 см. кесіп алып, 4 сағат қайнатады. Әр жолы екі жұмыртқаны күніне екі рет жеу керек.

Жаңғақ майы

Ем болатын аурулары

Жаңғақ майы дәнінен алынады.

1.      Құлақтың ішіне жара шығып ауырғанда, су аққанда жаңғақ дәнін жаншып, майын шығарып құлаққа жылыдай тамызады.

2.      Орта құлақ қабынғанда жаңғақ дәнін жаншып, майын шығарып 3 грамына биік пиян қосып құлақтың ішіне тамызады.

Пайдалану мөлшері: 9-18 г.

Борпылдақ саңырауқұлақ

Домалақ шар тәрізді, жаңадан өсіп шыққанда ақ түсті, сыртынан қарағанда

жылтыр келеді. Піскенде жеңіл тартады. Сыртқы қоңыр борпылдақ қабығы қағаздай жұқа болады, ішіндегі сары күрең түсті тозаңы жарылғанда түтін тәрізденіп шығады.

Бұл саңырауқұлақ орман арасында, тау беткейлерінде, елі көшкен жайлаудың жұрттарының маңайында, дымқыл жерлерде өседі.

Жинау және өңдеу

Күзде сыртындағы қабығы сарғыш күрең түске өзгергенде жинап алып сақтайды.

Ем болатын аурулары

1. Тік ішектен қан келгенде вазелин жағылған дәкеге борпылдақтан сеуіп, қан шыққан жерге басады.

2. Жараланып қан аққанда, жара аузына борпылдақты сеуіп, біраз басып тұрған соң, дәкемен таңып тастау керек.

3. Бадамша без қабынғанда борпылдақ саңырауқұлақтан 3 г., сары марал шөптен 6 г., қызыл миядан 6 г., жалбыздан 3 г., қоңырау гүлден 6 г. араластырып, қайнатып ішеді.

4. Табан мүйізделгенде борпылдақтан 3 г., иісті тамырдан 3 г., қызыл шыланнан 7 дана (қайнатып, дәнін алып тастау керек) қосып, оны езіп, қоймалжың дәрі жасап, мүйізгекке таңады.

5. Жұтқыншақ қабынғанда, дыбыс пердесі қабынып үн шықпай қалғанда борпылдақ саңырауқұлақ пен тазаланған сордан 3 грамға тиісті мөлшерде бал қосып араластырып, ауызға салады.

Пайдалану мөлшері: 1,5-3 г. борпылдақ саңырауқұлақтың құрамында фосфорлы натрий, гемнатий, тирозин бар.

 

1.Менің ұлым былтыр  жол-көлік апатына түсіп, жұлыннан жарақат алды. Қазір жағдайы   тым қиын. Емдеуге келер емес. Не істесем, кімге көрсетсем  болады?

Әбиболла,

Маңғыстау облысы

Жауабы: Сіздің ұлыңыздың көлік апатынан кейін болған жағдайларын жергілікті дәрігерлердің тексеру қағаздарын, МРТ немесе УЗИ қағаздарымен бірге журналда көрсетілген сайтқа немесе электронды поштаға (e-mail:zhasai_67@mail.ru,www.jasai.kz) жіберіңіз. Соған қарап ақыл-кеңес бере аламыз. Қысылып қалған жан каналдарын ашу үшін ине терапиясын қолдануға болады.

2.   Мен бірер жыл бұрын аяғымнан жарақаттанған болатынмын. Сол кезде тақымнан кірген темір тізеден бір-ақ шықты. Бірнеше рет операция жасаттық. Сол кезде жазылғандай болды. 7-8 ай өткеннен кейін тізем қайта ісіп, тізе буыны ауырып, аяғымды бастырмай қалды. Сөйтсем іріңді артритке айналыпты. Бірер жерге қаралғандай болдым. Бірақ тізем қақсағанын қоймады.

Санжар Сейіт

Арқалық қаласы

Жауабы: Созылмалы іріңді артритке операция жасап, іріңді тазалау керек. Ауру ошағын нақты анықтау маңызды. Аурудың аяққа беріліп, жанды қоярға жер тапқызбай қақсатқанына қарағанда әбден асқындырып алғансыздар. Бұрын емделген, қаралған мекемелеріңіздің берген медициналық анықтама қағаздарын, операцияның қорытындыларын бізге жіберіңіздер. Сол диагнозға қарап, нақты қандай ем жүргізу керектігін айтамыз.  Негізінінен буын ауруларына, тізенің қақсауына, жиналған тұзды тарқатуға,  нервтерді қалпына келтіруге Шығыс-тибет емінің көмегі  зор.

3.Құрметті Жасан аға!

Менің жасым биыл небәрі 22-ге толды. Сәби күнімде жұмсақ сүйек (мешел) дертімен ауырып, жазылғам. Осы уақытқа дейін денсаулығым еш сыр берген емес. Бірақ соңғы кездері өт ауруы деген жабысты. Өз уақытында тамақ ішпесем, өт жолдарым мазалайды. Бұдан басқа аяқ астынан басым ауыратынды және дене қызуым аяқ астынан себепсіз көтеріле беретін болды. Бұл көп жағдайда түнгі мезгілдерде қайталанып жүр. Тіпті 39℃-тан көтеріліп, есімнен танып қалған кездерім де болған. Бұл жағдайларға не себеп екенін білгім келеді?

Оразбек,

ХХХ жылдық ауылы

Жауабы: Жас кездегі жұмсақ сүйек (мешел) ауруы көбінесе қабырға, омыртқа  сүйектерінің өзгерістеріне байланысты болады, яғни қабырға омыртқа сүйектерінің өзгерісі  өттің тұрған орындарының қисаюына әкеліп соғуы мүмкін.  Сіздің өт қалтаңыз  тұрған жерінен қисайған немесе өзгеріске ұшыраған болуы мүмкін. Өт қалтасының қисаюы, тұрған орнынан жылжуы, зақымдануы ауру туғызады. Өт ауруы кезінде диета ұстап, ішетін астың құрамына мән берген жөн. Қуырылған майлы тамақтарды көп ішпегеніңіз абзал.  Оның орнына жақсы қайнаған сұйық тамақтарды ішкеніңіз дұрыс. Күнделікті ішетін асқа мән бермеу өт ауруы, өттің қабынуы, өтке тас байлану, тас жиналу, өттің ісінуі, қайырылып жүрмей қалуы сынды бірнеше ауруларға апарып соқтырады. Дер кезінде емдемесе, арты асқынып, өт қалтасын түгел алып тастауға дейін апарады. Өт ауруы асқазанға, он екі елі тоқ ішекке жетсе, адамның дене қызуын көтеріп, жайсыздандырады. Сізге берер кеңесім – жергілікті дәрігерлерге барып, өт жолдарыңызды тексертіңіз (УЗИ, түрлі анализдер, т.б.) Дәстүрлі медицина өкілдері еш нәрсе таппаған жағдайда Шығыс-Тибет еміне жүгінсеңіз болады. Шығыс-Тибет медицинасында тамыр ұстау арқылы, тіл өңезінің өзгерісіне байланысты диагноз қоямыз. Орталыққа келер ойыңыз болса, тіркеу бөліміне хабарласып, алдын ала жазылыңыз.

4.Айналайын Жасан балам!

Менің жасым биыл алпысты алқымдап қалды. Жас күнімнен бастап қазірге дейін мені қуық ауруы мазалап келеді. Қуығым қатты ашиды. Дәрігерлер алғашқы туытта суық тигізгенсіз деп отыр. Бірақ қанша емделсем де осы дерттен құтыла алмай қойдым. Қуықтың осы жасыма дейін ашып ауруы тоқтаған емес, қатты қиналамын. Бұл дертке не себеп, қалай жазылуға болады?

Есен,

Төңкеріс елді мекенінен

Жауабы: Суық тигізуден немесе туыттан кейін қалыпсыздық формада  болуының әсері зәр жолдарының  қысылуына әкеліп соқтырады. Дәрет сындырған кезде ашу, ауыру себептері сондықтан. Дәрет дұрыс жүрмесе адам қиналатыны белгілі. Сіз бүйрек, қуық жолдарына байланысты барлық анализдерді (несептік анализдер, компьютерлік тексеру, УЗИ, қуықта қабыну процесі бар-жоқтығын білу үшін қан талдауларын жасау) тапсырып, медициналық көрсеткішін бізге алып келсеңіз болады. Себебі анықталса, соған қарай сапалы ем жүргізуге келеді. Негізі туыт барысында қуықтағы нервтердің қысылып қалуына ине терапиясы, тибеттік шөптер жақсы көмек көрсетеді.

5.Құрметті «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығының бас дәрігері Жасан мырза!

Менің екі тобығым бірдей ісіп, аяғымды бастырмай жүр. Дәрігерлер «Подагра» деген диагноз қойды. Шығыс-Тибет медицинасы бұл кеселді  емдейді ме?

Қадиша,

Рудный  қаласы

Жауабы: Подагра – зат алмасу ауруы, ағзада зәр қышқылдарының көбеюіне байланысты туындайтын буындардың ісінуі. Шығыс-Тибет медицинасы бұл кеселді емдейді. Яғни нерв каналдарын ашу арқылы жиналған сұйықтықтардың жүруін және подаграға әсер беретін несеп қышқылының негізін төмендететін түрлі тибеттік шөптер беріледі,  ине тарапиясы тағайындалады. Арнаулы нүктелерге ине қойылады. Нәтижесінде буын ісіктері таралып, науқастың көңіл-күйі жақсарады. Ескерерлік жәйт – подаграны физиосәулелермен көп қыздыруға болмайды.

6.Ассалаумағалейкум, Жасан інім. Менің үшем немерем бар. Үшеуі де ер бала. Биыл төрт жасқа толады. Үшеуін де бір мезетте сүндетке отырғызсам деймін. Қай уақыт қолайлы екен? Сіз білікті хирург, жаңа тәсілмен сүндеттеудің хас шебері деп естідім. Сізге апарсам бола ма?

Арсен,
Алматы қаласы

Жауабы: Сүндет – мұсылмандық парыздың бірі әрі бастысы. Ислам діні бойынша, өзін мұсылман санайтын әр адам  Алла Тағаланың елшісі  Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға міндетті. Сүндеттеу – ер балалардың зәр шығару мүшесінің ұшындағы терісін хирургиялық жолмен алып тастау. Сүндетке аптап ыстықта емес, қоңырқай салқын кезде (көктем, күз, тіпті қыста) отырғызған жөн. Үшем немереңізді бір сәтте сүндетке отырғызғандарыңыз өздеріңізге жақсы. Ол үшін орталыққа алдын ала  хабарласып, тіркеліңіз. Үш баланы бірдей отырғызсаңыз, жеңілдік те жасалады. Сүндеттеудің жаңа әдісі дегеніміз – толық ұйықтатын дәрі (наркоз) бермей, жүйелік наркоз беріп, ұшын уқалап, бала ауырсынуды сезбейтіндей етіп жасау. Тибет шөбінің үгіндісін сеуіп, орнын тез жазуға болады.

7.Армысыздар.

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Ұят та болса айтайын, менің дертім «геморрой». Үлкен дәретке отыруым қиын. Ішім жиі қатады. Тоқ ішектің қызметі бұзылған дейді. Іш жүргізетін дәрілер, шәй ішемін. Бәрібір көмектеспейді. Кейбіреулер операция жасау керек дейді? Сіздер қандай кеңес бересіз?

Сейсен,

Шығыс Қазақстан облысы

Жауабы: Геморройды үш түрлі сатыға бөлеміз. Сіздікі қай сатысында екенін анықтау үшін «Жас-Ай» Шығыс-Тибет орталығына келіп, диагноз қойдырыңыз. Ортаңғы немесе үшінші сатысында болса, оны күйдіріп, жіппен қиып алып тастаған дұрыс болады. Ал бастапқы сатысында болса немесе екінші дәрежелі болса, тибеттік шөптер мен мазьдар арқылы, аурудың бетін қайтаруға болады.

 

Хабарласу