+7 (727) 390-19-19
+7 (727) 302-15-40
+7 (777) 232-18-71
+7 (717) 242-20-42
+7 (777) 277-85-99

Алматы қаласы, Әл- Фараби даңғылы-Розыбакиев көшесі
(Витебскея көшесі №42), жаңа атауы Жетісу 83а

 

Астана қаласы, Куйши дина 37/1

Денсаулықтың сақшысы

Денсаулығы сыр берген адам әуелі Алланы аузына алып, сосын дәрігерлерге жүгіретіні анық. Еміне – шипа, дертіне дауа табылып жатса, ақ халаттыларға алғысын барынша жаудырады. Иә, «ақ халатты абзал жандар» деп айдар таққан алтын қолды кісілер қай кезде де құрметтеп, бас иіп өтуге лайықты. Тіпті адам анатомиясын жетік меңгерген,  жанды жегідей жеген сырқатты дөп басып таба білетін, білімі озық, қолы шипалы, кәсібінің шебері болған жандарды халық шын пейілімен еркелетіп, көкке көтеріп, төбелеріне қоя мақтап, мадақтап жатады. Ел ықыласына бөленген дәрігердің бірі – қазақ жеріндегі ине емінің  төресі, академик Жасан Зекейұлы. Ол – тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің медицина саласының өсіп-өркендеуіне, ғылымның жетілуіне, адам денсаулығының жақсаруына өзіндік үлес қосып келе жатқан бірегей тұлға. Оның сырт келбетінен ақжарқын, кеңпейіл, бауырмал жан екені айқын көрінеді. Сол қасиеттерінің арқасында  ағайын-туыс, жекжат-жұрат, дос-жарандары,  замандастары мен шәкірттері, еңбек еткен  ұжымы, жалпы, қазақ халқы  арасында сыйлы болып келеді.  Таңдаған кәсібіне деген адалдық, өз жұмысына деген ұқыптылық, науқастарына деген жанашырлық оның абыройын асқақтатып, арттыра түскендей. Жасан Зекейұлы қызметте, ұжымдастар арасында өзінің ізін жалғастырушы жас мамандарды әркез баулып, оларға білгенін үйретуден жалықпайтынын емге келіп жүрген сәтте үнемі байқап келемін.

 

Мен  бұл орталыққа  жүйке жүйелері, қан айналымының бұзылуы, қан қысымы, жалпы әлсіздік, жүрек, буын, қуық ауруларымен  келіп, екі курстық ем қабылдадым. Алған емнен кейін ауруымнан түбегейлі айыққандай болдым.  Іш құрылысы, асқазан-ішек жолдарының қызметі жақсарды, бауыр қызметі реттелді. Дәрігер есебінде Жасан Зекейұлының  алтын инені, адамның құрылымын терең меңгерген маман екендігін мойындаймын, құрметтеймін. Қазақстан Республикасының адамдарын емдеп, жазып, қатарға қосып, жекелеген аналарға сәбилі болуға ықпал етіп, дүниеге адам келіп, қуанышқа кенелгендерін көріп, өз отбасымыздың өрісі кеңейгендей бірге қуандық.  Осы еселі еңбектері үшін Жасан Зекейұлына айтар  алғысымыз шексіз. Оған зор денсаулық, басына амандық, қолына қуат  тілейміз. Бала-шағасының арасында қуанышқа бөленіп жүре берсін. Алдынан тек өзі секілді мейірбан адамдар кездесіп, жақсылық мәңгі жолдас болғай!

Құрметпен, Шоқан Молабекұлы

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы,

Саудакент ауылы

 

Көктеммен бірге аусыл да келді

Күн жылынып, төрт түліктің аузы көкке тигенімен, малдың арасында аусыл ауруы да қоза түседі. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын адамдар, жеке шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары бұл ауру туралы білгендері жөн.

 

Аусыл (ящур) — антропозооноз тобындағы өткір вирустық жұқпалы ауру (малдардың инфекциялық ауруы, онымен адамдар да ауырады). Инфекция жұқтырған мал не адамның ағзасы уланып, сұйықтықпен толтырылған көпіршіктер пайда болады. Арты жараға айналады, олар ерінде, ауыздың, жұтқыншақтың шырышты қабатында, сондай-ақ қол мен аяқтың саусақтары арасындағы теріде орналасады. Сондай-ақ  күлтілдеген жарақаттар малдың тұяқ үсті тері қабатында, желін үрпілерінде де болуы мүмкін. Кейін ол  жарылады, ор­нында ойық жаралар­ пайда болады. Аусыл қоздырғышы РНҚ-құрамды вирустар, оның көлемі 8-20 нм құрайды. Антигенді құрылымда 7 серотипке бөлінеді. ТМД аумағында әдетте «О» және «А» түріндегі вирустар кездеседі. Жалпы, аусыл әлемнің мал шаруашылығы дамыған елдерінің бәрінде кездеседі. Аусылдың қоздырғышы кептіруге немесе қатыруға, мұздатуға төзімді, бірақ 60 °C қайнатқан кезде, сондай-ақ ультракүлгін сәулесінен, кәдімгі химиялық заттармен залалсыздандырғаннан кейін  өліп қалады. Аусыл ауруына ірі қа­ра малдар, қой, ешкі,шошқа  бейім келеді. Вирустар мал ағзасына ас қорыту жүйесі ар­қылы, негізінен, ауыз қуысының кілегей қабаты арқылы, тұяқ үсті тері қабаты, желін терілері жә­не жұмсақ табан асты қабаты арқылы өтеді. Ау­ру мал қимылсыз тұрады, жем-шөп жемей, жағдайы нашарлайды.  Малдың ау­зы­нан үздіксіз со­зылмалы көбікті сі­лекей ағады. Індет ауру мал және вируспен залалдан­ған­ жем-шөп, жайылым, су, сабан, мал күтіміне пай­даланылатын құрал-жабдықтар арқылы таралады. Вирус сыртқы ортаға сүтпен, сілекеймен, қи-тезекпен, зәрмен шығады.

Вирус жануар бойында 15 тәулікке дейін дамуы мүмкін. Ауырған мал сүті тартылып, салмағын­ жоғал­та­ды. Буаздықтың соңғы айларында аналық мал көп ретте түсік тастайды немесе жаңа туған төл тез өлуі мүмкін, дер ке­­зінде емдемесе ауру соңы ақсақ болып қалу, же­ліні қабынып, беріштену, жүрек жұмысының ау­ытқуына ұласуы мүмкін.  Ауру асқынған жағдайда ірі қара малдың өзі  үш тәулікке жетпей өледі. Аусыл қоздырғышы малға жақындаған кез келген адамға жұғуы мүмкін, яғни терінің кішкентай жаралары, көздің, мұрынның және ауыздың шырышты қабаты арқылы ауру малдың сұйық бөлінулерімен жанасқан кезде, сондай-ақ шикі сүтті және басқа да термиялық жолмен өңделмеген ет-сүт өнімдерін тұтынған кезде жұғады. Мал індетінің адамға жұғу қаупі күшті болған жағдайда, ауру ошағында карантин жарияланып, аусыл жұққан үй жануарлары түгел өртеледі.

Індеттің  инкубациялық кезеңі – 2-10 күн.  Бастапқыда аурудың белгілері байқалмайды. Кейіннен кесел жұқтырған адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, денесі түршігеді, қалтырайды, дірілдейді.  Ауру 5-10 күнге созылады. Науқастың басы, белі, бұлшық еттері ауыра бастайды. 2-3 күн өткеннен кейін ернінде, тілінде, таңдайында ұсақ жаралар пайда болады. Адам ісінеді, әсіресе,  көздерінің үсті іседі, көздері қарығады ( конъюктивит), көзінен жас ағып, былшықтануы мүмкін. Сосын сырқат кісінің кеудесі, мойны, арқасы қызарып  кетеді. Жеңіл іші өтеді. Ауру адамның жүрегіне әсер етуі мүмкін, тіпті миокардитке алып келеді. Науқастың асқа тәбеті жоғалады, тамақ ішуі қиындайды, шайнай, жұтына алмайды, тек сұйық ас қана ішетін болады. Сөйлеуге мұршасы келмейді.  Өкінішке орай, мал індетін жұқтырған адамды арнайы емдейтін  дәрі-дәрмек жоқтың қасы. Бұл  ауруға қарсы адамдарды егу жұмыстары жүргізілмейді. Тек денеге шыққан жараларды марганцовканың және су текті қышқыл ерітіндісімен шаяды. Адам ағзасында судың мөлшері азайып кетпес үшін, сұйықтықты көп ішу керек. Ауру адамнан адамға берілмейді.

Емдеу:

Аусылмен ауырған адамды ең кемінде 14 күн ауруханаға жатқызады. Диета тағайындалады (жартылай сұйық немесе жеңіл қорытатын тағамдар ұсынылады, ас ішердің алдында науқасқа 0,1 г. анестезин беріледі), науқас сұйықтықты көп ішу керек. Кейде зонд арқылы тамақтандырады. Ең алдымен, ауыз қуысына күтім жасалады.  Бірінші күннен-ақ індетке қарсы  ем қолданылады. Ол үшін 0,25-0,5%-дық оксолин, 0,25-0,5%-дық флореналь, 0,25-0,5%-дық теброфен, 4%-дық гелиомицин, 0,25%-дық риодоксол, 50%-дық  интерферон және басқа да майлар (мазь) пайдаланылады. Сондай-ақ  лейкоцитарлы интерферон және 0,1-1%-дық РНК ерітінділері қолданылады. Препараттарды зақымданған  тері мен шырышты қабаттарға күніне 3-5 рет жағу керек. Жара тез жазылу үшін ультракүлгінді сәулелендіру және гелий-неон лазер жарығын, сондай-ақ «Левовинизоль», пантенол, «Винизоль»,  «Ливиан», т.б. аэрозоль препараттарды пайдалануға болады. Жағдайы тым ауырласа, уытсыздандыру терапиясы, жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартатын, ауырсынуды басатын, антигистаминді дәрі-дәрмектер мен дәрумендер беріледі.

Ал аусылмен ауырған малды емдегенде бір литр суға 1 грамм марган­цовка ерітіп, аузын шаяды. Инесіз шприцпен 5 грамм қара майды (деготь) тілінің асты мен үстіне күніне кем дегенде 2 рет тамызу керек, 2 күннен кейін күніне 1 рет тамызады. Ойық жа­ралар қабыршақтарымен қатайып жазылғаннан кейін, сондай-ақ аузын ашып, азық жеуге шамасы келмей тұрған мал еріндері жі­бігеннен кейін жануарлар жем-шөп жей бастайды.  Ауырып тұр­ған­ малға шөпті ыстық сумен жұмсартып, жемді де суға шылап, быламық­ етіп беру керек. Желіні зақымданғанда жиі-жиі абайлап сауып тастап, залалсыздандыру дәрілері қосылған майлармен майлау ке­рек. Ауру өте ауыр болған жағдайда жүрек жұ­мысын жақсартатын дәрілер салған дұрыс.

Аурудың алдын алу және сақтану жолдары:

1.             Сүтті міндетті түрде қайнатып, ет өнімдерін жақсылап пісіріп жеу керек, сондай-ақ майды тек қайнатылған кілегейден дайындау қажет;

2.             Аусылмен ауырған малмен жұмыс істегенде, емдегенде немесе сойып, терісін алғанда   арнайы киім, аяқ киім, резеңке қолғап киіп жасау керек;

3.             Тазалық, жеке бас гигиенасын сақтау маңызды;

4.             Малмен айналысқаннан кейін қолды қайта-қайта сабындап жуу керек;

5.             Үй жануарларын жұқпалы аурудан сақтау үшін жылдың төрт мезгілінде алдын алу шараларын жасап, қора-жайларды таза ұстаған жөн;

6.             Ауру белгісі байқалған сәтте дереу мал дәрігерлеріне  хабарласып, малды тексерту керек. Бүгінде мал дәрігерлері аусылды алғашқы күннен-ақ вирусқа қарсы емдеуге қауқарлы;

7.             Ауырған мал өнімін тұтынбау керек, сондай-ақ ақша табу мақсатында етті базарға апарып сатып жіберемін деген арам ниет пиғылдан аулақ болған жөн;

8. Мал ұстайтын қора-жайды зарарсыздандыру (дезинфекциялау),  карантин жариялау керек, жануарларды жаппай ектіру керек.

Жанна АБАЙҚЫЗЫ

 

Кене кесапатынан сақтаныңыздар!

 

Көктем келіп, табиғат  түлеп, тіршілік тамаша күйге енді. Ағаштар бүршік атып, айнала  ажарлана түсті. Сай-саладан су ағып, сан миллиондаған жәндіктерге жан бітті. Десек те, осы жәндіктер ішінде адам өміріне аса қауіп тудыратын зиянкестері де бар. Солардың бірі – кене энцефалиті.  Көпшілік кенеге жай жәндік ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес. Қансорғыштың уы бойға таралса, денеге дендеген дерттің қайтуы қиын. Тіпті адамды жантәсілім етуі мүмкін.  Сәуір, мамыр, маусым айлары – кенелердің белсенділігі артатын уақыт. Кенелердің белсенділігі ауа райына немесе тәулікке тәуелді емес, яғни кез келген сәтте шағуға бейім тұрады.Сондықтан көктем айларында аса сақ болған жөн.

Кене энцефалиті –  адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру. Энцефалит қоз­дырғышының көзі және оны таратушы кене болып табылады. Демек, адамға ауру кененің шағуы арқылы беріледі. Адам денесіне кене білдірмей еніп,  терінің жұмсақ жеріне жабысып, ауыртпай қанын сорады. Ауру кене адамды шақса, індет сілекеймен бірге ағзаға түсіп, онда у бөледі. Ол миға өте­ді де, ауру ағзада бірден тез тарай­ды. Науқастың миы мен жұлыны зақымдалады. Кене энцефалитінің инкубациялық кезеңі 1-2 апта, тіпті бір айға дейін созылады. Кене неғұрлым көбірек сорып жабысып тұрса, соғұрлым денеге вирус көп кіреді және ауру тез дамиды. Кене шаққан адамның  дене қызуы көтеріледі (38-40 градус), бұл қызба бір аптаға дейін сақталады. Сырқаттың басы ауырады немесе басы айналады. Лоқсып, құсады. Жүйке жүйесінде өзгерістер болуы мүмкін. Жарық пен шуға сезгіштік қасиеті артады. Мойны мен иық бөлігінде ауырсыну байқалады, бойы түршігеді.  Денесін жалпы әлсіздік билейді. Тілі күрмеледі, жұтқанда шашалады, жұта алмай қиналады. Науқастың ұйқысы келіп, еңсесі басылып тұрады, мазасызданады. Кей жағдайда белі ауырып, аяғы, балтыры сыздауы мүмкін. Кейде ауру жеңіл және білінбейтін түрде болуы мүмкін. Соның салдарынан ауруды асқындырып алатын кездер жиі кездеседі. Ауыр түрінде науқас ес-түсінен айырылады, денесі құрысып, аяқ-қолы сал (паралич) тартады, жансызданады. Соңы өліммен аяқталуы мүмкін (25 пайыз).  Паразиттік жолмен тіршілік ететін кенелердің 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Олар көптеген жұқпалы ауруларды таратуға да се­бепкер.

«Қырым қанды безгегі» — кененің шағуы арқылы адамдар арасында тарайтын өте қауіпті індеттердің бірі. Оның ғылыми атауы — «конго-қырым геморрагиялық қызбасы». Ауру алғаш рет 1944 жылы Қырымда (Украина) байқалса, оны тудыратын індет көзін 1945 жылы Қырымда вирусолог маман Михаил Чумаков ашты. Кейіннен «Қырым қызбасы» 1956 жылы Африканың Конго елінде де пайда болды. Екеуі де бірдей болғандықтан, «Конго-қырым» атауы содан шыққан. «Қырым қанды безгегін» жұқтырған науқас адамдар аса қауіпті. Өйткені кене сіле­кейі арқылы адам­ға жұққан вирустар қанда өте жылдам көбейеді. Қан жа­сушаларына жататын лейко­циттер мен тромбоциттердің саны күрт азаюы­на байланысты адам ағзасының ауруға тө­зімділігі жойылуы және қан тамырларының жарақаттануынан қанталау мен қан ағу белгілері байқалады. Осы аққан қандағы көкала қоздырғыштары аса қауіпті, адамға тері ар­қылы жылдам жұғады. Яғни «қырым геморрагиялық қызбасы» көкала ауруын тудырады. Оның сыртқы белгілері адам­ның улану түріндегідей бай­қа­лады. Демек, кене – көкала ауруының қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы және сақтаушысы.  Көкала – адамға кененің шағуы арқылы берілетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Көкала ауруының инкубациялық кезеңі 2 күннен – 2 аптаға дейін созылады. Ауру кене шаққаннан кейін 3-5 күнде біліне бастайды.  Науқастың дене қызуы көтеріледі (39-40′ градус). Ауру адам дел-сал болып, басы ауырады. Буындары жанды қоярға жер тапқызбай сырқырайды. Көзі мен тамағы қызарады, денесі бөртеді. Лоқсиды, құс­қысы келеді, іші өтеді, дене­сінде кө­герген, қанталаған дақтар бай­қалады. Бауы­ры мен көкбауыры ісініп, мұрнынан, асқазанынан немесе ішегінен, өкпеден, тістен, қызыл иектен,  жатырдан қан кетуі мүмкін. Үлкен дә­ретінде, зәрінде, құсығында қан қалдықтары байқалады. Жүрек соғуы жиі­леп, қан қысымы төмендейді. Көп жағдайда науқас қайтыс болады. Өйткені арнайы емдейтін вирусқа қарсы дәрі жоқ. Аурудың емі ауруханаларда жүргізіледі. Ескерерлік жайт – ауру науқастанған адамнан адамға жылдам жұғады. Науқаспен қарым-қатынаста болған жақындары, туыстары,  аурухана қызметкер­лері теріге қанды дарытпау шараларын қатаң сақтауы тиіс. Қолдарына резеңке қолғап киіп жүру керек. Науқасты жеке бөл­ме­де жатқызу керек. Бөл­мені, ыдыс-аяқты, аяқ киім мен сырт киімді, қолғапты, т.б. заттарды ауру қоздырғышының көзін жоятын залалсыздандырғыш заттармен  жуып тұру қажет. Ау­румен байланыста болған адамдар тізімге алынып, дәрігерлердің қадағалауында болуы қажет.

Кене энцефалитін дер кезінде дұ­рыс емдемесе, кенелік боррелиоз немесе  лайма ауруына ұласуы мүмкін. Лайма ауруы кезінде науқас қалтырап, дірілдейді, бұлшық еттері ауырады. Кененің жабысқан орнында қызару білінеді, уақыт өте келе оның көлемі  60 мм.-ге дейін ұлғая түседі.  Одан кейін неврологиялық (менингит, энцефалит, миелит) және жүрек аурулары (миокардит) өршиді.

Елімізде кенеге қар­сы егу жұмыстары жүргізіледі.  Вакцина 3 жас­тағы балалар мен ересектерге салынады. Яғни аурудың алдын алу үшін жылдың суық мезгілінен бастап үш кезеңдік егілу қажет. Бұл 99 пайыз қорғаныс береді.

Кенеден сақтану:

*Орманға, саябақтарға, тауға, жайылымға, көкорай шалғын жерлерге барған кезде немесе табиғат аясында демалған кезде міндетті түрде шалбар кию керек;

*Шалбардың балағын шұлық немесе етіктің ішіне, ал көйлектің етегін шалбарға салып кию керек.

*Көйлектің жағасын көтеріп, мойынды қымтау керек;

*Жеңі ұзын көйлек киіп, оны жақсылап түймелеу керек;

*Басқа міндетті түрде орамал таққан жөн;

*Жәндіктерді бойына жуытпайтын құралдарды (репеленттер) қолдануға болады. Оларды көйлектің жағасы мен жеңдеріне де жағып алған дұрыс. Оны дәрiханалар мен шаруашылық дүкендерден алуға болады;

*Киімдеріңізді жиі-жиі ашып, денеңізді тексеруді ұмытпаңыз;

*Кенені ешқашан қолмен сығып немесе басып өлтіруге болмайды. Оны өртеу керек;

*Серуендеп келгеннен кейін міндетті түрде өзіңіздің, бала-шағаңыздың үстін, киімдерін мұқият тексеріп көру қажет.

*Кене көбінесе бастың шашты бөлігіне, желке, қолтық асты мен шап аймағына жабысады. Сондықтан осы жерлерді дұрыстап қараған жөн;

* Денеңізден кене табылған жағдайда оның жабысқан жеріне  өсiмдiк майын тамызып, 15-30 минуттан кейiн еппен алып, отқа жағып жiберу керек. Кененiң шаққан орнын йод тұнбасымен немесе құрамында спиртi бар тұнбалармен сүрту керек, содан кейін қолды сабындап жуу керек;

* Кенені бас жағына жақынырақ қысқышпен қысыңыз немесе саусағыңызды таза дәкемен орап алып, оны теріге перпендикуляр күйде қатаң ұстап, мыжып алмауға тырысып, ақырындап бұраңыз;

*Есіңізде болсын, кенені бірден жұлып алуға болмайды;

*Шикі сүтті ішпеңіз. Сүтті қайнатқанда вирус өліп қалады;

* Өрістен келген малдардың үстінен, мал қорадан кенені көрсеңіз, оны қолғап киіп, теріп,  отқа жағыңыздар. Көктем, жаз мезгілдерінде малдарды керолин ерітіндісіне тоғытып алғанның пайдасы мол;

*Мал жайылымдары мен мал қораларын жылына 1 рет дельтаметрин немесе 0,5%-дық  хлорофоспен залалсыздандырып отыру қажет.

*Кене шаққан адамдар емханаға көрініп, 2 аптадай медициналық бақылауда болғаны жөн.

Ескерту: үстіңізден кене алсаңыз немесе кене шаққанын сезсеңіз, дереу дәрігер шақыртыңыз. Медициналық көмек шұғыл жасалған жағдайда ауру қауіптілік тудырмайды. Ал асқындырып алсаңыз, ауырған адамның мойын, қол бұлшық еттері жансызданып, сал немесе паралич ауруына шалдығады. Кейді арты қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.

Жанна АБАЙҚЫЗЫ

 

Қара шоколадтың пайдасы

Бұған дейін тіс жегісі пайда болуының бірден-бір себепкері болып есептеліп келген шоколад жөніндегі соңғы зерттеулер нәтижесі бұл жөніндегі көзқарасымыздың өзгеруіне әсер етуде. Сөйтсек, қалыпты мөлшерде пайдаланылған кәдімгі нағыз қара шоколадтың зиянынан  гөрі пайдасы басым екен. Азғана және аптасына екі реттен артық емес мөлшерде пайдалана білсек, шоколад жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуға септігін тигізіп, адамның интеллектуалдық деңгейін жоғарылатып, оған қуаныш гормонын сыйлайды екен. Сондай-ақ америкалық  биохимик- ғалымдар шоколадтың адамды стресстен арылтып, ашу-ызасын қалыпқа түсіріп, оның сабырлы да кеңпейіл болуына әсер ететінін айтса, Калифорния университетінің профессоры Карл Кин шоколадтың қан қысымына да оң ықпалын тигізіп, тромбтардың пайда болуына қарсы тұра алатынын анықтаған. Ал он сегіз жыл бойы зерттеу жүргізген Гарвард университетінің зерттеушілері шоколадтың адам өмірін ұзартуға да септігін тигізетінін дәлелдеген. Айта кету керек, бұл нәтижелер құрамында какао-бобтың 70 пайызы бар нағыз қара шоколадқа ғана қатысты.

 

Артық салмақтан арылудың француздық тәсілі

Француз диетологтары мынадай кеңес ұсынады: жаңадан түбімен жұлынған көк пияздың бір килограмын сатып алып, көк сабағын қырқып тастайсыз. Қалған түйіндерін 1 литр қайнаған ыстық суға салып, жарты сағат тұндырып қоясыз. Содан соң әр 2 сағат сайын бір стаканнан ішіп отырған абзал. Соңынан стакан түбінде қалған пияз түйіндеріне зәйтүн майын және лимон шырынын араластырып жеген жөн. Дайындалған пияз сусыны таусылса, жоғарыда айтылғандай қайта даярлап аласыз. Осылай бірнеше күн ішінде артық майдан арыласыз. Есте сақтайтын нәрсе, бұл тәсіл кезінде ұннан жасалған тамақ өнімдерін мүлде қолданбаған жөн.

Балаңыз аллергиядан аулақ болсын десеңіз…

Кішкентай балаларда диатез, аллергиялық аурулар қазірде жиі кездеседі. Соның әсерінен баланың денесіне әртүрлі қызарған бөртпелер шығады. Тағамнан болатын аллергия бүгінде әрбір үшінші балада кездеседі екен. Міне, сондай кезде баланың тағамына зер салып, қандай тағамдардың зиянды екенін білген жөн.

1.Сиыр сүті. Алғашқы алты айлықта баланың сиыр сүтіне аллергиясы жоғары болатындықтан, оны тек 4 жасына қарай ғана ішкізуге болады. Оған дейін ешкі сүтін берген жөн.

2.Жұмыртқаның ақ уызы. Әдетте суға жақсылап қайнатылған жұмыртқа аллергия туғызбайды. Тек оның сыртқы жұқа ақ қабығын (пленка) алып тастау керек. Сондай-ақ егу кезінде де аллергиясы бар балаларды байқау керек – өйткені қызылшаға, шошқамойын ауруына (свинка) , тұмауға қарсы вакциналар негізінен тауық эмбриондарының негізінде жасалады.

3.Балық  және уылдырық. Әсіресе, балаға тұздалған, кептірілген балықтарды және балық сорпасын бермеген жөн. Сондай-ақ балаға әртүрлі жапсырма маркаларды, желім арқылы жабысатын сурет-кітапшаларды бермеу, конверт бұрыштарымен ойнауға тыйым салу керек. Өйткені бұл желімдер балық сүйектерінен жасалады.

4.Жемістер.  Бұлардың ішіндегі нағыз аллергия тудыратын жемістер – алма, алмұрт, ішінде сүйегі бар жемістер, ананас, анар, киви, цитрустық жемістер. Үнемі түшкіріп, мұрны бітіп, көзі қызарып, аллергиядан азап шегетін балалардың көпшілігі  алманың гүлдеген кезінде ауыратындықтан, алманы қабылдай алмайды.

5.Жидектер.  Құлпынай, таңқурай, бүлдірген – ең аллергендік жидектер болып табылады. Алғаш бақшадан үзіп алынған 20 минуттың ішінде бұл жидектер қауіпсіз болуы мүмкін, одан соң біраз жатып қалған жидектерде аллергендер пайда бола бастайды.

6.Көкөністер. Шпинат, көкжелкен, сельдерей, қызанақ, бұршақтың түрлерін, фасоль, соя, үрмебұршақтарды аллергиясы бар балалардың тамағында аз қолданған жөн.

7.Жаңғақ пен шемішке. Балаларда грек жаңғағына, арахис, фундук, миндаль дәндеріне  және күнбағыс шемішкелеріне аллергия бірден және тез пайда болады.

Гемоглобинді көбейтемін десеңіз…

Кәдімгі сәбіздің адам ағзасына өте пайдалы екенін білсек те, мән бере бермейміз. Сәбіздің А дәруменіне (каротин) бай екенін айта кету керек. Адам ағзасындағы қаназдыққа (анемияға) қарсы, сондай-ақ күш-қуатыңызды көбейтіп, тәбетім ашылсын десеңіз, онда күнделікті ашқарынға 100 грамм сәбіз сөлін ішіп тұрыңыз. Сонымен қатар сәбіз – бауыр ауруына да таптырмайтын ем. Ол үшін сәбізді суға қайнатып немесе буға пісіріп жеу керек.

 

Дәрумендердің пайдасы

А  дәрумені көз және тері ауруларына пайдалы. Тіс, тырнақ, шаштың өсуіне жағдай жасайды. Бауырда, жұмыртқада, сүтте, ірімшікте, сәбізде, қарақатта, пиязда болады.

В1 дәрумені жүректің, жүйке жүйесінің, бұлшық еттің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Нанда, дәнді дақылдарда, бұршақтың барлық түрлерінде, фасольда болады.

В2 дәрумені жүйке жүйесінің қызметін реттейді. Бауырда, бүйректе, жұмыртқада, етте, сүтте болады.

В6 дәрумені қан айналымының, мидың қызметін бақылайды. Ашытқыда, етте, бұршақта, картопта, көк бұрышта көп кездеседі.

В12  дәрумені бауыр мен жүйке жүйесі қызметін реттеуде көмегі зор. Етте, сиырдың бауырында, жұмыртқаның сары уызында, балықта болады.

РР дәрумені мидың қызметін жақсартады. Жыныстық гормондарды синтездеуге қатысады. Сүтте, бауырда, жұмыртқа мен картопта болады.

С дәрумені жасушаның өзара байланысуына, тіс және дене сүйектерінің дамуына үлес қосады. Көбіне С дәрумені жұқпалы ауруларға қарсы қолданылады. Итмұрында, қара қарақатта, көк пиязда, тәтті бұрышта, капустада, лимонда көп болады.

Е дәрумені жүктілік кезінде жасушаны ескіріп кетуден сақтайды. Миокард инфарктін және жүрек инсульті қаупін жояды. Өсімдік майында, сүтте, жұмыртқада болады.

Фолий  қышқылы– екіқабат әйелдерге аса керекті дәрумен. Ол шарананың бойы мен денесінің өсуіне көп үлес қосады. Бауырда, ашытқыда, сәбізде, капустада, қызылшада, картопта болады.

Оқыңыз, қызық!

Сіздің сүйікті тағамыңыз сіздің мінез-құлқыңызды аша ала ма?

Италияның  диетологтары мен психологтарының бірлескен зерттеулерінің нәтижесі адамның мінез-құлқын оның тоңазытқышында тұрған тамақтарға қарап-ақ білуге болатындығын көрсетті. Мәселен:

А) Егер тоңазытқышыңызда үнемі сүт тағамдары тұратын болса, онда сіз ашық-жарқын,  шыншыл, қонақжай, сабырлы, жұмсақ мінезді, тәртіппен жүретін адамсыз.

Б) Егер тоңазытқышыңыз балық тағамдары мен теңіз өнімдеріне толы болса, онда сіз  дауласуға, талас-тартысқа бара бермейтін жайлы, тыныш адамсыз.

В) Егер тоңазытқышта ет өнімдері мол болса, онда сіз сөзсіз көшбасшылық қасиетке ие,  қатал да өктем мінезді адамсыз.

Г) Егер тоңазытқышыңыз жеміс-көкөністер мен вегетариандық тағамдардан қайысып тұрса, онда сіз тік мінезді, өз ұстанымыңыздан бір адым да артқа шегінбейтін адамсыз, соған қарамастан ызақорлық пен өктем мінезден аулақ жансыз.

Сондай-ақ зерттеушілердің айтуынша, адамның мұндай жеке психотиптік ерекшеліктерін диета үлгісін өзгерту арқылы жөндеуге болады, мысалы, етті көп жейтін адамның өктем мінезін оның рационына сүт тағамдары мен жеміс-жидектерді қосу арқылы жеңуге болады екен.

Дайындаған Ләйлә Темірбекқызы

 

Асқа тәбеті үдеу қай аурулардан дерек береді?

Кейбір адамдардың асқа тәбеті артып, тамақты қанша көп жесе де, денесіне шыр жұқпаса, ол мынадай аурулардың белгісі болуы мүмкін.

 

1.Бұл қалқанша без қызметінің үдеуінің әсерінен болуы мүмкін. Науқаста осы белгілермен қатар, шаршау, ыстыққа шыдай алмау, тез тебіреніп, әсерлену сияқты белгілері байқалады.

2.Қант диабеті  ауруының әсері. Бұл дертке шалдыққан адамдар шөлдеп тұрады, суды көп ішеді. Несебі көбейеді.

3.Қабыну, сыртқы жарақат, өспе сияқты аурулар адам миының орталық нерв жүйесін зақымдағаннан кейін, оның ас жеу қуатын тежей алмайтын етіп, асқа тәбеттің артық үдеуін туғызады.

4.Ілме құрт, қылқұрт аурулары барлар өте мешкей болады.

5.Инсулин секрециясының артуынан қандағы қант құрамы азайған адам ашқарақ болады. Бұл кезде асқа тәбеті әдеттегіден өзгеше болып, тамақты көп жегісі келіп тұрады. Бірақ семірмейді.  Бұдан сырт, асқа тәбеті арту косин күрделі ауруының тамақ сіңіруі нашарлау күрделі ауруының белгісі болуы мүмкін.

Асқа тәбеті тартпау кейбір аурулармен қатысты

1.Аяқастынан тамақ ішкісі келмей қалу, аузының дәмі кету, мұрны бітеліп, су ағу, тілінің ақ өңезі молаю – сіреспе тұмаудың белгісі.

2.Тәбеті тоқтау, астан жеру, майлы тамақ жесе іші өту – көкбауыр, асқазан қызметінің бұзылғанының белгісі.

3.Ас ішкісі келмеу және аузы кермек тату, майлы тамақ көрсе жүрегі айну – бауыр, өт ауруларының белгісі.

4.Тамақ жеген соң бір-екі сағаттан кейін, құрсағының жоғары бөлігі оң жақ иығына дейін солқылдап ауру – өт жолы ауруына шалдыққанның белгісі.

5.Тамақ жеген соң іші кебу, жүрегі айну, асқазаны ауыру, анда-санда іші қату немесе іші өту – асқазан төмендегендігінің белгісі.

6.Асқа тәбеті болмау – асқазан, ішек, бауыр,  өт, ұйқы безі ауруларының белгісі болудан сырт,  жүрек қуаты әлсіреу, несептен улану, өкпе туберкулезі сияқты аурулардың әсері боуы мүмкін.

7.Асқа мүлде тәбеті болмай қалу – асқазан қатерлі ісігінің әсері.

8.Тамақты тойып ішкен соң құрсағының жоғары жағы екі жақ жауырынына дейін созылып, кенет ауру, оған қоса жүрегі айну, құсу немесе денесі қызу – ұйқы безі жедел қабынуының белгісі.

9.Қарттар тамақ ішкен соң іші кеуіп, асқа тәбеті азайып, барған сайын арықтаса, бірден дәрігерге көріну қажет. Себебі бұл асқазан қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін.

Нәрестенің тым үлкен болуы неден?

Егер нәресте анасынан өте семіз болып туылса, анасы қант диабетіне шалдыққан болуы мүмкін. Қан диабетіне шалдыққан науқастардың қанында глюкозаның құрамы жоғары болып, ол бала жолдасы арқылы іштегі баланың денесіне өтіп, нәрестенің қаны глюкозаны толық пайдаланып, белок пен майдың қалыптасуын тездетіп, іштегі баланың өсуін тездететіндіктен, сәби үлкен болып туылады. Салмағы 4 кг.-нан артық бала сүйген ана, сөзсіз, қант диабетіне шалдыққан-шалдықпағанын тексерткені жөн. Мұнан тыс,  жыныс қызметі тосылған және жыныс мүшелері үнемі қышып тұратын әйел қант диабетіне шалдыққан болуы мүмкін…

 

Перилла

Бұл – біржылдық шөп тектес өсімдік. Биіктігі – 1-2 метр. Иісі аңқып тұрады. Сабағы қырлы әрі түкті, көпбұтақты болады. Жапырағы қарама-қарсы орналасқан, жұмыртқа формалы, жапырақ жиегі тісті, жапырақ беті сызықты жасыл, кейде қаралтқым  түсті болып келді. Гүл шоғыры қол басында немесе сабақ қолтығында өседі, жаңғақ тәрізді жемісі қарақоңыр түсті келеді.

 

Жинау және өңдеу:

Шөптің жер үстіндегі бөлігі, тұқымы, жапырағы, сабағы, бұтағы дәрі болады. Жер үсті бөлігін гүлі жаңа ашылған кезде орып алып, көне сабағын тастап, турап,  көлеңкеде кептіреді. Жемісі піскенде жинап, тұқымын алып кептіреді немесе азырақ қуырады. Дәмі ащы, усыз болады.

Ем болатын аурулары:

Шөптің жер үстіндегі бөлігі суықты қайтарады. Қақырықты шығарып, жөтелді тыяды, көңілді жадыратып, сарайды ашады. Асқазанның әрекетін күшейтіп, құсықты тоқтатады. Денені қуаттандырып, іштегі баланы тыныштандырады. Уытты қайтарып, жараны жазады. Тұқымы желді басып, демікпені тоқтатады, қақырықты азайтып, жөтелді тыяды. Жапырағы және сабағы дене қуатын күшейтеді.

1.      Тұмаудан сақтану үшін 6 г. перилла жапырағын суға қайнатып, шай орнына ішеді;

2.      Суық тұмауға (бас ауырса, тер шықпаса, тамаққа тәбет тартпаса) перилланың жапырағы мен сабақ бұтағынан 6 г. алып, піскен мандарин қабығынан 3 г., қызыл миядан 3 г. суға қайнатып ішеді;

3.      Тұмаудан болған жөтелге перилла жапырағынан, қоңыраугүлден, ащы өрік дәнінен 9 грамнан қосып, суға қайнатып ішеді;

4.      Жазда күн өтуден бас айналып, тамақ батпай, кеудесі қысылып , құсқысы келгендер перилла сабақ бұтағынан 9 г., пиннадан 9 г., лобы тұқымынан  9 г., піскен мандарин қабығынан 6 г. суға қайнатып ішеді;

5.      Құсып, жүрек айнығанда 6 г. сары маралдың өтін, 1 г. перилла жапырағын суға қайнатып ішеді;

6.      Жұмырқұртты түсіру үшін перилланың сабақ бұтағын талқандап, шекер қосып, 3 грамнан (балаларға аз мөлшерде) күнде кешкі тамақ алдында ішеді.

Пайдалану мөлшері: 4,5-9 г.

Пипер

Бұл өсімдік шайдәрі, сопақбұрыш деген атпен де белгілі.

Жинау және өңдеу:

Піскен кезде жемісін алып, араласқан бөгде заттарды алып тастап, сабағын қырқып,

електен өткізіп, жинап сақтайды. Кермек дәмді болады.

Ем болатын аурулары:

1.      Жұмыршаққа қара жел байланып, іш кепкенде , тамақ сіңбегенде пиперден 15 г., жұпар жаңғақ етінен 30 г., жемжемілден 15 г., араладан 30 г., қызыл миядан 15 г., қара андыздан 30 г. қосып талқандап, балмен араластырып, оқдәрі жасап (салмағы 9 г.), күніне үш рет ішеді;

2.      Қара желдің әсерінен іш өткенде 9 г. пиперге 250 г. сиыр сүтін қосып қайнатып, жарымы қалғанда ашқарынға ішеді;

3.      Асқазанның қорытуы әлсіреп, тамақ сіңбегенде, кіндік асты кеуіп мазасызданғанда пипер, арала, жемжеміл, әрқайсысынан 30 грамнан, фория мен қара бұрыштан 15 грамнан қосып талқандап, 9 грамнан қайнаған сумен тамақ алдында ішеді;

4.      Жүрек айнып, тамаққа тәбет тартпағанда аз мөлшердегі пиперді талқандап, 1,5 грамнан ішеді;

5.      Әйелдердің етеккірі мерзімінсіз келгенде аз мөлшердегі пипер мен уылдырықты араластырып, талқандап, 9 грамнан ішеді.

6.      Асқазанға ас батып сіңбегенде, асқазан қышқылы көбейгенде  пипер мен рауғаштан 30 грамнан талқандап, балмен араластырып, домалақ дәрі жасап (салмағы 9 г) ішеді;

7.      Тісті құрт жеп қақсағанда пипер мен қара бұрышты талқандап, парафинге араластырып, бидайдың үлкендігіндей етіп домалақтап, қақсаған тістің қуысына қояды;

8.      Бір жақ шеке ауырғанда аз мөлшердегі пиперді електен өткізіп талқандайды да,  сол жақ шеке ауырса (ауызға жылы су ұрттап тұрып)  – оң танауға,  оң жақ шеке ауырса – сол жақ танауға насыбайша атады.

Пайдалану мөлшері: 1,5-3 г.

 

Пияз

Пияз – екпе және жабайы болып екіге бөлінеді.

Ем болатын аурулары:

Бүйректі қуаттандырады, тәбетті арттырады, қантамырларындағы бөгеттерді ашады, несепті айдайды, уды қайтарады, ішті босатады.

1.      Нашар ауа мен лас судан уланғанда пиязды тамақпен қосып жегізсе, несепті айдайды, уды қайтарады, ішті босатады;

2.      Құтырған ит қауып уланғанда уланушыға пияздың суын сығып ішкізеді;

3.      Көз жасаурағанда, қышығанда пияздың суын сығып, көзге тамызады;

4.      Жұқпалы ауру таралған кезде пиязды иіскеп жүрсе, ауру жұқпайды;

5.      Құлақ естімегенде, гуілдегенде және құлақтың жарасына пияздың сығынды суын тамызады.

6.      Шаян, бүйі шаққанда пияздың сығынды суын тұзға, балға немесе мылтықтың қара дәрісіне араластырып таңса, сүйелді жоғалтады.

Пайдалану мөлшері: науқастың жағдайына байланысты.

Рауғаш

Рауғаш – көпжылдық шөп тектес өсімдік. Биіктігі – 30-100 см. Тамыры жуан, сырты күрең, іші сары түсті болады. Сабағындағы жапырақтары кішкене әрі кезектесіп орналасады. Жемісі домалақ, шеті қызғылт көк түсті, тұқымы үш қырлы болады.

Жинау және өңдеу:

Тамыры және сабағы дәрі болады. жер үсті бөлігі құрғағанда күзде қазып алынады. Сыртқы бұжыр қабығын алып тастап, шикі күйінде немесе қуырып пайдаланады. Дәмі кермек, усыз келеді.

Ем болатын аурулары:

1.      Асқазан, ішек жолдарының ыстығы көтеріліп, іш қатқанда, 10 г. рауғаш тамырын талқандап, күніне үш рет ішсе, іш жұмсарып, науқастың тамаққа деген тәбеті артады;

2.      Соқырішектің жедел қабынуына 12 г. рауғашты, 9 г. муданның тамыр қабығын, 12 г. шабдалы дәнін, 15 г. көк асқабақ тұқымын, 12 г. тазаланған сордақты (ең соңында қосылады), 9 г. аюбалдырғанды, 9 г. ақ шұғынықты, 15 г. бақбақты араластырып, суға қайнатып ішеді;

3.      Ішек қабынғанда, іш өткенде 15 г. рауғашты суға қайнатып ішеді;

4.      Қан түкіргенде, мұрыннан қан аққанда, 12 г. рауғаш пен 9 г. қарақоңыр жапырақты, маралшөпті суға қайнатып ішеді;

5.      Рауғаштың тамырын аз мөлшерде талқандап, оған жұмыртқаның ағын қосып, күйікке жағады;

6.      Рауғаштың аз мөлшеріне алмас суын қосып ішсе, ықылықты тыяды.

7.      Жөтелгенде, дем қысылғанда рауғашты жұмсақтап талқандап, оған бете дәнін қосып, домалақ дәрі жасап, тілдің астына салып, сөлін сорады;

8.      Тіс ауырғанда 60 г. шикі рауғашты 75%-дық спиртке бір ай шылайды да, сүзіп алып, мақтаны дәріге малып, ауырған тіске 5 минут қояды. Мұны күніне екі рет жасайды.

Пайдалану мөлшері: 3-12 г.

 

Сенна

Бұл – ыстық өңірлерде өсетін бұта тектес өсімдік.

Ем болатын аурулары:

1.      Тамақ қорыта алмаудан іш қатып, дәрет келмегенде 3 г. сеннаны, 1,5 г. шикі рауғашты, 1,5 г. сары ағашты, 1,8 г. қалампырды қайнаған суға салып, 2 сағат бұқтырады да, самасын сүзіп тастап, суды үшке бөліп ішеді;

2.      6 г. сеннаны қайнаған суға бұқтырып ішсе, ішті айдайды;

3.      Бел, жамбас ауруына (шонданай, жүйке ауырғанда) сеннадан, зәйтүн майынан 60 г. қосып қайнатады. Белгілі мөлшерде раушан гүлін 100-250 г. жаңа сауылған сүтке араластырып ішкізсе, ем болады.

Пайдалану мөлшері: қайнатып ішуге – 3-6 г.; талқандап ішуге – 1,5-3 г.

Даршын

Бұл – өсімдік даршын қабығы, дәм қабық деп те аталады. Даршынның ерекше қасиеті – тәтті, дәмді болады, денені қуаттандырады, асқазан-бауыр қызметін күшейтеді, жел-құзды айдайды. Сондай-ақ көздің көру қуаттын арттырады.

Әйелдедің жыныс мүшесін тазарту үшін 3-6 г. даршын қабығына ыстайды. Даршынның құрамында 1 пайыз даршын қабығы, ұшпа майы бар.

 

Өрік

Денедегі бөгеттерді ашады, ішек жолдарын жұмсартып, жөтелді басады, демікпені тоқтатып, өкпені дымқылдандырады. Толық пысқан тәтті өрікті белгілі мөлшерде жесе, ішті жұмсартады. Кептірілген немесе шыланған өріктің құрамында сахароза, деострен, инолин, крахмал, сондай-ақ алма қышқылы, жүзім қышқылы, А, С, дәрумендері бар

 

1. Сәлеметсіз бе, Жасан Зекейұлы. Менің қызым кішкентай кезінде тосыннан

болған отшашудан қорқып, тілі күрмеліп қалды. Қазір қызым бойжетіп қалды, бірақ  кекештеніп сөйлейді. Дұрыс сөйлеу үшін логопед жалдадым. Бірақ нәтижесі жоқ. Жалпы, мұны емдеуге бола ма?

Таңсық Тұлымова,

Батыс Қазақстан облысы

 

Жауабы: «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығына туабітті немесе жүре пайда болған, яғни тосын оқиғалардан қатты шошынып, соның салдарынан кекештеніп қалған балалар, тіпті ересек адамдар да  жиі келеді. Шығыс-тибет медицинасы арқылы біз ми тамырларындағы сөйлеу нүктесін, сөйлеу қызметін жақсартатын арнайы ем жасаймыз. Сондықтан балаңыздың ми каналдары мен нервтерін емдеу керек. 3 курстық ем қабылдағаннан кейін ми жүйесі қалпына келеді.

2. Құрметті Жасан мырза!  Мен, Гүлсана Берекеева, бес баланың анасымын. Екінші ұлым 2000 жылдан бері бірінші типті сусамыр (ИЗСД) ауруынан зардап шегеді. Қазір қалалық емханада есепте тұрмыз. Жасы – он бесте. Ішкі ағзалары өзгерістерге ұшырап, аяқтары ісініп, бастырмай ауырып жүр. Қант деңгейін қалыпта ұстау мүмкін емес. Бірде жоғарылап, бірде төмендеп кетеді. Денесін аздап жарақаттап алса болды, жазылуы қиын. Қолын аздап кесіп алса бітті, қан тоқтамайды. Сіз қандай ем ұсынасыз?

Жаңылсын,

Қостанай

Жауабы: Балаңыздың  қант диабетімен ауыруының негізгі себебін  ұйқы безі жүйесінің бұзылуынан деп қараған жөн. Арнайы емдеу  мекемелерінен өткен медициналық бүкіл тексеру құжаттарыңыз болса, бізге келіңіз. Бірінші санатты сусамыр болса, дәстүрлі медицина тағайындаған еммен бірге, ине терапиясы мен тибеттік шөптерді бірге қолданған дұрыс болады. Сонда қан құрамындағы қанттың мөлшері қалпына келуі мүмкін. Бұл ауруды бір жақты емес, жан-жақты емдеткен дұрыс. Аяқ буыны ісінген болса аяқ буынын, жүрек әлсіздігі болса жүрегін, көз әлсіздігі болса көзіне қатысты арнайы емдеу жүргізіп отырған дұрыс. Қолын кесіп алса жазылмауы, қан тоқтамауы, қан ұю процесінің нашарлауы – бауыр мен көкбауыр қызметінің бұзылуынан. Сондықтан бауыр мен көкбауыр қызметін жақсартып, қан ұю түйіршіктерінің жұмысын жақсарту керек.

3.Менің аяғым ауыр. Соңғы кездері бүйрегім сыр бере бастады. Дәрігерлерге қаралып, қажетті анализдерді тапсырып едім, «пиелонефрит» деген  диагноз қойып берді. Бұл жүктілікке қауіпті емес пе? Жүктіліктің алғашқы айларында ешқандай дәрі-дәрмек қолдануға болмайды дейді. Құрсақтағы бала денсаулығына зиян емес емдеу жолы бар ма?

Сәндігүл Ақжолова,

Алматы

Жауабы: Құрсақтағы балаға зияны жоқ бірден-бір ем – Шығыс-тибет медицинасы. Жүрек айну, токсикозды басатын, қаназдықты өзгертуге болатын, бүйрек қызметін жақсартып, бүйрек қабынуын қалпына келтіретін арнайы емдеу каналдары бар. Жүкті кезінде бұл емнің балаға кері әсері болмайды. Құрсақтағы шаранаға зияны жоқ тибеттік емдік шөптер беріледі. Біздің емдеу тәжірибемізде ауруынан айыққан жүкті әйелдер көп кезігеді. Жалпы, пиелонефриттің екі түрі болады: өткір және созылмалы. Негізінен, жүкті әйелдерде пиелонефрит оң жақ бүйрегінде жиі кездеседі. Бұл оң жақ аналық безінің көк тамырының кеңейіп, несеп жолына салмақ түсіруімен байланысты. Жүктіліктің алғашқы айларында ауырсынулар өткір болады, бүйрек шаншиды, бүріп ауырады. Ал созылмалы пиелонефрит кезінде сегізкөз аумағында сыздап, сырқырайды. Несеп құрамынан ақуыз анықталып, лейкоциттің көбейгені байқалса, дереу дәрігерлерге көрініңіз.

4. Мен жаңа босанған анамын. Бір айлық нәрестемнің іші жиі кеуіп, жылай береді. Сосын іші жиі қатады. Үлкен дәретке отыра алмай мазасызданады. Жылап, күшеніп, мазасызданған сайын кіндігі шығып кетеді. Кейбір данагөй қариялар мұндай жағдайда баланың кіндігін тиынмен бастырып қою керек десе, енді бірі  емшіге көрсет дейді.

Аяжан Аюпова

Жауабы: Баланың кіндігінің шығуы іштің көп қатқандығына байланысты. Іш қатуын балалар дәрігері, терапевт мамандарға  қаратып, себебін анықтау керек. Балаңыздың ішінің жиі кебуі өт жолдарының дұрыс болмауы, өттің қисаюы, ұйқы безінің бұзылуы, ішек жолдарының тосылуы сынды себептерден. Сондықтан жан-жақты зерттеу, себебін анықтау маңызды. Нәрестенің ағзасы, ішкі құрылысы өте нәзік. Сондықтан олар ересектер сияқты ішіп-жеген тағамды бірден сіңіре, қорыта алмайды. Мұның соңы іштің кебуіне әкеліп соғады. Жаңа туған сәбилер арасында мұндай жағдай жиі кездеседі. Оның алдын алу үшін баланың ішін жүргізу керек. Күнделікті аздап шай қасықпен қайнаған су беру керек. Сәбидің ішін күнделікті күнбағыс майымен сылап-сипап, массаж жасап тұру қажет. Ал сәбидің іші қатты кебетін болса, оған үтіктелген таза шүберекті жылытып басқан жөн. Бала үлкен дәретке отыра алмай қиналса, клизма жасауға болмайды. Себебі нәресте түрлі жұқпалы ауруларға шалдығуы мүмкін.  Емшек емген баланың іш кебуі көбіне анасының жеген тағамына да байланысты. Ал кіндігінің шығуы мүмкін «грыжа» шығар, сондықтан хирургтерге тексеруден өткізіп, кішірек тиынды мақтамен орап, түйінді таңып қойса болады. Бұл емді ата-бабамыз бұрын да қолданған. Дәрігерлерге қаратқан жөн, емшілерге апарамын деп асқындырып алмаңыз.

5. Құрметті Жасан Зекейұлы мырза! Менің жасым – 50-де. Тамақ ішсем болды, лоқсып құсамын. Қалтырап, дірілдеп ауырамын. Өтте тас бар. Өт жолым толып та кетіпті. Қай күні жарылып кетеді екен деген қауіппен жүрмін. Қазір диетадамын. Ағзамда дәрумендер қоры азайғанын сеземін. Күш-қуатым кеми бастады. Зат алмасу процесінің бұзылуына не әсер еткенін білмеймін. Дәрігерлер «өтті алдыру керек» дейді. Сіз не дейсіз?

Алмас Уәлиханұлы,

Ақмола облысы

Жауабы: Сіздің бауыр мен өт жолдарыңыздың зат алмасу процесі бұзылған. Жалпы,  қимыл-қозғалыстың аздығы, семіздік, дұрыс тамақтанбау, бауырдың қабынуы, асқазан-ішек жолдары ауруларынан, ішек ауруларынан зат алмасу процесі бұзылып, соның салдарынан өттің қозғалу қызметі нашарлайды, өтте тас пайда болады, өт қалтасы толып кетеді.  Ең біріншіден, өтіңіздегі тастың көлемі қанша болатынын зерттеулерге түсіп біліңіз. Егер өттің тасы көп болып, 1 см-ден асса, онда, сөз жоқ, өтті қалтасымен бірге алып тастау керек. Өтте тас болып, өт қалтасының қабынуы болған кезде адам қалтырап-дірілдейді. Өтте тастың көп болуы ішкен тамақты қорытпайды. Әлсіздікке алып барып соғады.  Қазір медицинада өтті ауыртпай, басқа ағзаға зиянын тигізбейтіндей етіп алатын жолдары көп. Операцияның сәтті өтуі білікті хирургтерге байланысты. Операциядан кейін науқас жақсы күтінуі, диета сақтауы абзал. Операциядан кейін асқынулар болмас үшін   біздің орталыққа келіп ем қабылдауыңызға болады. Біз күш-қуатты, иммунитетті арттыратын емдік дәрілер береміз. Ине терапиясы ас қорыту қызметін жақсартуға айтарлықтай септеседі.

6. Біз әке-шешеден ерте айырылып, ағайын-туыстарымыздың қолында ержеттік. Ата-ананың мейіріміне бөленбедік. Содан ба, білмеймін, 18 жасқа толған қарындасымның оң миында киста пайда болды. Ол жылдан-жылға өсуде.  Туған сіңлімнің  тағдырына алаңдаймын. Мұны операциясыз емдеуге бола ма?

Зылиха Жаймашуақ,

Солтүстік Қазақстан облысы

Жауабы: Егер әр УДЗ-ға (УЗИ) түскен сайын, мида кистаның өсуі байқалса, онда  ертерек ошағын тазалап, ісікті алдырып тастау керек. Әйтпесе ісік, өспелер үлкейіп, арты өкініш тудырады. Өмірмен ойнауға болмайды. Квота бойынша емдеу мекемелеріне арыз жазып, ми операциясын жасату керек. Біз операциядан кейін асқындырмау, қайта өспеу жолдарын қарастырамыз.

7.Армысыз, Жәке! Менің бауыр тұсымның мазалағанына біраз болды. Нақты диагноз: қан тамырларының ісігі (гемангиома). Емханалардың есігін қағып, табаным тозды. Ақ халаттылар «дәрі ішуге болмайды, ісік әбден үлкейіп өскенде операция жасап, алып тастаймыз» дейді.  Ультрадыбыстық зерттеуге ай сайын түсемін. Түскен сайын ісік көбеюде. Бауырдағы гемангиома ісігін отасыз емдеуге бола ма?

Мақсұт Әбезханұлы

Жауабы: Бауырдағы қан тамыр ісігінің жаңадан басталған түрі, ісік көлемі 3-5 см-ден аспаса, оны ағзасы көтеретін жағдайда тибеттік тәсілге сүйене отырып,  операциясыз, емдік шөптермен  емдеуге болады. Сіздің айтуыңызға қарағанда,  өспе көлемі үлкейіп кеткен. Бауырға өспе тарамай тұрғанда алдырып тастаған абзал. Операцияға барар алдында білікті мамандарды саралап алған жөн. Өйткені  операция дұрыс жасалмаса, қан тамыр ісігі тез қайталап өсе береді.

 

Хабарласу